Сондай-ақ ол осы үдеріске әсер ететін мемлекет қабылдаған шешімдердің, құжаттар мен бағдарламалардың сапасына ерекше назар аударды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бизнеске үнемі көмектесіп, «қолынан жетектеп», қамқорлық танытып отыру керек пе? Мұндай парадигма қаншалықты дұрыс? Уақыт өте келе біз басқа бағытқа бет бұруымыз қажет. Ол қандай болуы мүмкін? Біз мемлекеттік органдар тарапынан барлық рәсімдерді нақты белгілеуіміз керек. Қаржыландыруға, белгілі бір ресурстарды беруге байланысты мәселелерді нақты көрсетуге тиіспіз. Жерді жалға беру, қандай да бір жеңілдіктер қарастыру, көмек немесе субсидиялар бөлу мәселелерінің бәрі ашық болуы қажет. Қазір цифрлық технология дәуірі. Бәрін көріп, тікелей байланыссыз бақылауға болады. Мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы қарым-қатынастың осындай жаңа парадигмасын қалыптастыру, соған ұмтылу аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері мемлекеттік бағдарламалардың, сондай-ақ, қабылданатын шешімдер мен құжаттардың сапасына да назар аударып, бұл бағыт қайта қарауды және пысықтауды талап ететінін атап өтті.
«Қазір біз бір заңды жылына кем дегенде бірнеше рет өзгертеміз. Осындай өзгеріске ұшырамаған заң бар ма? Бұл нені білдіреді? Бұл мемлекеттік шешімдердің сапасы мен олардың қалай дайындалғанын көрсетеді. Мемлекеттік бағдарламаларға да қатысты мәселе осындай. Былай қарағанда, көп қаржы бөлетін сияқтымыз. Бірақ нақты нәтижені көрмейміз. Мүмкін, бұл ретте асықпау керек шығар. Оның орнына қабылдайтын шешімді жан-жақты пысықтап, барлық мүдделі тараппен тыңғылықты талқылаған дұрыс болар. Осылайша, барлық пікірді ескеріп барып, қайта өзгертпейтіндей етіп қабылдау қажет. Сонда ғана тұрақтылық болады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған байланысты Сенат Төрағасы әріптестерін жаңа Салық кодексін барлық мәселені назарға ала отырып әзірлеуге шақырды.
«Бұл Кодекс бизнеспен айналысуға, оны кеңейтуге, шағыннан ортаға, ортадан ірі бизнеске көшуге ынталандыратын құжат болуы керек. Бізге бюрократия қажет емес. Мұнда есеп беру деген минимум деңгейде болуға тиіс. Онсыз да цифрлық дәуірде бәрі айқын көрініп тұрады», – деп Палата Спикері Сенатта өткен Үкімет сағатын қорытындылады.