Астанада «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсат­тарын іске асыру аясында сапалы білім беру жолдары» атты республикалық ғылыми конференция өтті.
Білім саласының басты мәселелерін талқылады
2,550
оқылды

Оған ғалымдар, профессорлар, білім саласындағы тәжі­рибелі мамандар, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері және ұстаздар қатысты.  

Жиын барысында «Білім-инновация» ХҚҚ оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі вице-президент Қуат Қожахметов: 

– Қазір әлем күрт өзгеріп әрі күрделі дамып келе жатыр. Жаһандық дамумен қатар жаһан­дық проблемалар туындауда. Экологиялық проблемалар, білім саласындағы теңсіздіктер артып, тіпті кей елдерде балалардың білім алуы шектелуде. Осыған орай БҰҰ 196 мемлекетті жинап, бұл мәселелерді қалай шешу керектігі жөнінде жиын өткізген болатын. Сол кезде 2030 жылға дейін шешімін табуға тиіс 17 мақсат белгіленген. Бұл мақсаттар «Тұрақты даму мақсаттары» деп аталады. Осы бағыттар бойынша 2030 жылға дейін қандай қадамдар жасауымыз керек, жаһандық проблемалар шеңберінде отандық білім саласында қандай мәселелер бар, оны қалай шешуге болады деген сұрақтар төңірегінде ой қозғау үшін еліміздегі осы сала мамандарын жинап отырмыз, – деді.

Бүгінде еліміздің білім беру саласында қордаланған проблема­лар көп. Әсіресе, ауыл мен қала мектептері арасында, тіпті қала мектептерінің өзінде білім беру сапасында, материалдық-базалық, инфрақұрылымдық жабдықтауда алшақтық айқын аңғарылады. Мектептерде әлі күнге дейін үш ауысымда оқу проблемасы шешімін тапқан жоқ. Оқушылар­дың мектепте 45 минут бойы алған білімін қосымша сабақтарға бару арқылы толықтыру мәселесі күн өткен сайын күрделеніп барады. Шындығында, мұндай проблема НЗМ, БИЛ және басқа да жекеменшік білім беретін мектептерде жоқ. Сәйкесінше, қарапайым мектептерде сапалы білімге қалай қол жеткізуге болады? Олардың оқу, білім беру сапасын жекеменшік мектептер деңгейіне көтеруге бола ма? Бұл сұрағымызға жауабын Білім сарапшыларының қазақ лигасы басшысы Гүлнар Әбішова былайша жеткізді:

– Қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы алшақ­тықты түсінуге болады. Ауыл мектептерінде материалдық база төмен, жақсы мұғалімдер қалада қалғысы келеді. Бізде сондай іріктелу бар. Мұның бәрі, бірін­шіден, менеджментке байла­ныс­ты. НЗМ пен БИЛ-дерде басқару жүйесі мықты жолға қо­йылған. Қарапайым мектептер­дің білім сапасын көтеру үшін басқару жүйесін дұрыстау керек. Талап қоя білу қажет. Материал­дық жағдай ғана емес, мұғалім­дердің балаларға білім беру методикасын өзгерту керек. Соңғы 10 жылда білім беру жүйесінде біраз реформа жасалды. Оған көп қаржы жұмсалды. Бірақ әлі мониторингтік талдау, есеп жасалған жоқ. Жаңартылған білім беру жүйесіне ауыстық, оның да көрсеткіштері анық емес. Білім жүйесіне жеке-жеке бақылау жүйесі болғанымен, ұлттық бақылау жүйесі қалып­таспаған, – деді сарапшы.

Ал тұрақты даму көрсеткіш­теріне қол жеткізу үшін елімізде кемі 17 бағытта БҰҰ бекіткен мақсаттар орындалуы керек. Қ.Қожахметовтің айтуынша, елімізде әлемнің тұрақты даму мақсаттарынан кейбір ұйымдар бейхабар. Сондықтан бұл та­қы­рыпты жиі-жиі көтеріп, мұғалім­дер, ата-аналар және оқушыларға жеткізу маңызды болмақ. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ