Сыры мен мұңын ішіне бүккен Жаркентегі түрме де тозып кетті, енді бірер жылдан соң орны ғана қалады. Осындай көненің көзі, тарихтың сөзі бола алатын нысандар шекаралы аймақ – Алакөлде де жетіп, артылады.
Ел ішінде іргесі қаланғанына ғасырдан асқан ағаш мектептің бар екендігі, мұнда әлі күнге балалар оқитыны жайлы әңгіме айтылатын. Жыланды ауылдық округіне қарасты Көкжар ауылындағы көне білім ошағы туралы телеарналардан көрсетілген ақпаратты да көзіміз шалғаны бар. Ауылдағы толықтай аман сақталған бірден-бір көне ғимарат – Алакөл аудандық білім бөліміне қарасты Көкжар ауылдық мектебінің үйін жұрт «Ағаш мектеп» деп атайды. Ақыры оны көрудің сәті түсті. Білім ошағы орналасқан ғимарат ХІХ ғасырдың соңына таман ағаштан қиюластырып, салынған еңселі үйлердің бірі болып шықты. Оны қай көпестің салғызғаны, Қазан төңкерісінен кейін қандай мақсаттарға пайдаланылғаны жайлы нақты деректер жоқ. Ауылдың кіреберісіндегі жотада орналасқан, алыстан көзге шалынатын, үлкенді-кішілі бөлмелерден тұратын ескі нысан.
Мектептің құжатында бекітілген уақыты деген жерде: «1895–1932 жылы» деген екі түрлі цифр жазылған. Соған қарағанда, бұл ағаш үй 1895 жылы салынып, 1932 жылы мектеп ретінде пайдалануға берілген деуге болады.
– Мен 1950 жылдардың соңында осы мектепте оқыдым. Апам да «ағаш мектепте» білім алдым деп жүретін. Ол кісі 1990 жылдары сексеннің сеңгіріне келіп қайтыс болды. Біздің кезімізде ауылда 700-ден астам үй болды. Қазақтар аз еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа ауылдан 200-ге жуық адам майданға аттаныпты. Көбі оралмаған. Мектептегі сабақ орыс тілінде жүретін, – дейді ауыл тұрғыны Василий Мырзагелдинов.
Тәуелсіздіктен кейін ауылдағы өзге ұлт өкілдері өз елдеріне көшіп, Отанына оралған қазақтар қоныстана бастапты.
– 1997 жылы мектепке математика пәнінің мұғалімі болып келдім. Ол кезде мектепте 65 бала оқитын, – дейді ұстаз Гүлмира Әбжанова.
Барлығы 10 бөлмеден тұратын нысанда ауылдың бір ғасырдан асатын және жергілікті білім саласының жүз жылдық тарихы жатыр. Бүгінде мектепалды даярлығымен қоса 1-9 сынып аралығында 20 шақты бала оқиды. Оларға 16 мұғалім сабақ береді. Мектеп құрылысы кейінгі жылдары жаңғыртылғаны болмаса, сыртқы келбеті сол қалпында сақталған. Ауылда интернет желісі болмағандықтан білім ошағының кіреберісі мен үлкен бөлмесіне орнатылған бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді. Ұстаздар сыртқы әлеммен жұмыс телефоны арқылы ғана байланысады.
Қалай болғанда да, ғасырмен құрдас, тіпті одан да ұзақ тарихтан сыр шертетін осы бір сәулет ескерткішінің (солай атауға болады) тарихи мұраны қорғау мекемелерінің назарына ілінбей келе жатқандығы қынжылтады.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы