Қазақтың қасиетті топырағы бі­легіне алпауыт күш дарыған не­бір батырды да, ауызымен құс тістеген небір шешенді де, тіліне Тәңір түкірген небір ақынды да жа­ратты. Соның ішінде – алдаспандай айбынды, абадандай азулы Дәулет Тұрлыхановтың жөні бір бөлек.
Дәулет Тұрлыханов : Спорт пен саясатта босаңсуға болмайды
4,995
оқылды

ХХ ғасырда қатарынан үш олимпиа­дада олжа салған – жалғыз қазақ спортшысы. Грек-рим күресінен қатарынан жеті рет КСРО чемпионы атағын қанжығасына байлаған балуанның он жылдан астам Кеңес Одағы сияқты алпауыт елдің құра­масында болуы да нағыз күрескер рухының көрінісі. Әлем чемпионы, бірнеше дүркін Еуропа чемпионы, екі мәрте Әлем кубогының жеңім­пазы, Азия ойындарының чем­пионы, үш дүркін Азия чемпионы бо­лған жан спорт жайында да, ел­дік мәселелерде де үнсіз қалған тұсы жоқ. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы­ның мүшесі Дәулет Болатұлымен бүгінгі әңгімеміз ұлттық құнды­лықтар төңірегінде өрбіді. 

– Дәулет мырза, қазақ «Бір бала әке­ден өте туады, біреуі жете туады, біреуі кете туады» дейді. Сіз өзіңізді қалай баға­лайсыз?

– Қазақта тектілікке бекер мән бер­мейді ғой! Тектілік те тек қуады. Өткен-кеткен тарихқа көз жүгіртсем, наға­шыларым жағынан бір атам 1937 жылы Еңбек Қызыл Туы орденін алып, құр­метке бөленіп жатса, өз аталарымның бірі сол жылдары халық жауы болып ай­далып кеткен екен. Екі адам – екі тағ­дыр. Екеуі де осал адамдар емес. Тереңірек үңілсек, арғы аталарым да белді, беделді кісілер болған екен. Тұр­лыхан атамның да әкесі кезінде Меккеге барып, қажы атанған. Мұндағы айт­пағым – «алма ағашынан алысқа түс­пейді». Әкеден өте тудық па, жете тудық па, ол жағын тап басып айта алмаймын. Бірақ әке-шешемізден озып кеттік, олардан асқан дәулетті болдық, олардан асқан танымал болдық деп есептеп, мастанып кеткен түгім жоқ. Егер де қандай да бір дәрежеге жетіп жатсақ, сол әкемнің арқасы, солар берген тәлім-тәрбиенің жемісі деп білемін. 

– «Алып – анадан» деген сөз бар. Анаңыз қандай адам еді?

– Анамыз сегіз ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, он құрсақ көтерген, көпбалалы алтын құрсақты Ана. Ұзақ жыл орта мектепте физика-математика пәнінен ұстаздық ете жүріп, он баланы қатардан қалдырмай өсіріп, жетілдірді. Кеңес заманында өмір сүрген барлық отба­сынан біздің де әулеттің ешқандай айыр­масы да, не артықшылығы болған жоқ. Адам есейіп, ес жиған сәтінде ар­тына бір қарайтын кездері болады емес пе? Сондай кездерде туған ауылға, қара шаңыраққа барамын. Ол – қазіргі Абай облысы, бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылы. Онда барған сайын өзіміз тұрған шаңырақты көрген кезде таңғаламын. Аядай ғана, екі бөлмесі, асханасы, ұзын дәлізі бар үйде тұрған екенбіз. Сол үйелмелі-сүйелмелі кіл бала-шаға ша­ғын екі бөлмеге қалай сыйып тұрғанбыз деген ой келеді. Бәріміз жерге төселген көрпе-төсекке қатар-қатар жатып ұйық­­тайтынбыз. Қазір ол үйдің қабыр­ғасына ескерткіш тақтайша ілінген. Ана­мыз елге еңбегі сіңген ұстаз бола­тын. Ұзақ жыл өмірін ұстаздыққа, бала­лар­ды бі­лім-нәрімен сусындатуға жұм­саған жан. Үлкен жиын-тойларда ақ батасын бе­ретін, ел алдында сыйы бар кісі болды. Өмірге бәріміз қонақ бол­ған­дықтан, біреуіміз ерте, біреуіміз кеш қайтып жатамыз. Анамыз 80 жастан өте өмірден озды. Анама өмірінің соңына дейін берген тәлім-тәрбиесіне, ұлағатты ұста­нымына, парасаттылығына разы болдым. 

– Өзіңіз де қазір ұл өсіріп, әке атан­ған, немере тәрбиелеп отырған атасыз. Ұрпақ тәрбиесінде өкінетін жайыңыз бар ма?

– Адам баласы мінсіз болған ба?! Әри­не, өкінетін сәттер болады. Деген­мен өткен күнді қайтып қайтара алмай­мыз ғой?! Спорттың арқасында Кеңес­тер Одағының құрама командасына мү­ше болдым. Ол жерде тәртіп қатаң бол­ды. Кішкене бір қателік жасасаң, бір сөз­бен айтқанда, құрамадан шет­те­ті­ле­сің. Гүлнар екеуміз үйленген күннің ер­­­те­сіне, тойдан кейін оқу-жаттығуларға шы­ғып кеткенімнің өзі көп жағдайдан ха­бар беретіндей. Көбіне сыртта жүре­міз. Спорттық жарыстарда жүрген кез­дері­мізде сәбилі болып жатамыз. Оның бәрінде Гүлнәрдің жанынан табыла алмадым. Өйткені жарысқа дайындық күні-түні өтіп жатады. Ол кезде талап қатаң, аяғыңды шалыс баса алмайсың. Бір жылда он екі ай болса, соның сегіз-тоғыз айы сыртта жүрдім. Үлкен қызым Динара дүниеге келгенде де, екінші балам Данияр туғанда да мен оқу-жаттығуларда едім. Кейін аға жат­тық­тырушы болдым. Онда да жарыстарға спорт­шыларды жеке жібере алмайсың, өзің бастап алып барып, бас-көз болуың ке­рек. Спортшы ретінде де, жаттық­тыру­­шы ретінде де көп уақытым сол сала­ға арналды. Қазір құдайға шүкір, ата болып, немере тәрбиелеп отырмыз. Бала­ларыма жеткізе алмаған уақытым­ды, бөле алмаған мейірімімді немере­ле­ріме арнап келемін. Уақытты кері қай­тару мүмкін емес, уақыт талабы сон­дай болды. Біз олимпте жүрген мүл­дем басқа кезең, басқа заман еді. 

– Балуан да бір батыр. «Батыр – аң­ғал» дейді халқымыз. Ал саясатта аңғал болуға бола ма?

– Саясатта босаңсуға уақыт та бол­май­ды. Спортта бозкілемге қалай дайын­далып, жігеріңді жанып шыға­сың, дәл сол секілді саясатта да салқын­қан­ды болу керек. Саясат аңғалдықты, бо­саң­суды кешірмейді. Бұл ретте спорт пен саясат ұқсас деуге болады. 

– Мәжіліс мінберінде жас ұрпақ тәр­биесіне қатысты бірнеше өзекті мәселе кө­тердіңіз. Жастарға көңіл тола ма?

– Иә, қазір қарасам, ел ағасы жа­сын­да екенмін. Сегізінші шақырылым­дағы Мәжіліс депутатымын, әрі сонда Ха­лықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып қызмет етіп жүрмін. Комитет биыл өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Халық­аралық сыртқы саясатқа қатысты, қор­ғаныс, қауіпсіздік саласына қатысты заң жобаларына атсалысып жатырмыз. Көп­­теген қабылданып жатқан заң жо­ба­ларына өзімнің ұсыныс-пікірлерімді қостым. Соның ішінде электронды те­­мекі, вейптерге тыйым салу туралы мә­селе де бар. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі де оның зиян екенін жиі ай­тады. Вейптердің мектеп жасындағы ба­лалардың арасында көптеп қолда­нылуы, кең етек алуы – қауіпті құбылыс. Мұның арты темекіге тәуелділікті ту­дырады. Бұл өнімді бірнеше елде сатуға тыйым салынған. Біз де тыйым салуы­мыз керек. Екіншіден, синтетикалық есірт­кілер де қоғамда өзекті мәселе ту­­­­ды­рып отыр. Жуырда Үкіметтің қо­ры­­тындысы келді. Біздің ұсыныстары­мыз қолдау тауыпты. Енді осындай син­те­­тикалық есірткіні сатып таратқан­дарға да, оны тұтынғандарға да қатаң жаза қолданылатын болады. Ата-ана­лардың көзімен қарайтын болсақ, ба­ласы осы бір зиянды өнімді тұтынса, он­да оны жоғалтқанмен тең. Себебі бұл зиян­ды өнімді тұтынған жанның жа­зылуы екіталай. Біржола тәуелді болып қа­лады. Жас ұрпақты осындай зиянды әре­кеттерден бүгін қорғамасақ, кейін кеш болуы мүмкін. Ертең оның салдары да ауыр болмақ. Біз ертеңгі болашақты бүгін қалыптастырамыз. Ертеңгі бола­ша­ғымыз деп жастарды танимыз. Ал ол жастарымыз жасампаз, білімді, ден­саулығы мықты болуы қажет. Мен де­путаттық мандатымда осы жастар тәр­биесіне аса көп көңіл бөлетінім содан. Осындай зиянды әрекеттерге наразы болып, белсенді бола бастағанымнан ба, соңғы кездері маған қарсы шабуыл­дар да көбейді. Соның ішінде ақпарат­тық шабуыл үдеп кетті. Оны өздеріңіз де естіп-білген боларсыздар. Мен тура­лы, балаларым туралы ақпараттар дүр­кін-дүркін әлеуметтік желілерге, сайт­тарға жиі шығып кетті. Осы уақытқа дейін қа­сықтап жинаған абыройымды бір күн­де төгіп тастауға мүдделі біреулер бар сияқ­ты. Осындай шабуылдардың се­бе­бі – өзім атсалысқан, мәселе қы­лып кө­терген «вейптердің» артында тұр­­ған жандар болуы мүмкін. Себебі жаңа­ғы аталған зиянды өнімдерден түсе­тін қаржыларда есеп жоқ. Ол – үл­кен биз­нес. Олардың заңмен тыйым салынуы өз кезегінде бизнестеріне кері әсер ететін болғандықтан, осындай ақ­парат­тық шабуылдарға кірісетін тәріз-ді. 

– Кез келген мемлекет ұлттық құн­дылықтары арқылы ерекшеленеді. Сіз үшін қандай құндылық маңызды?

– Ұлттық құндылықтардың ауқымы кең. Оның ішіне бұрынғы ата-баба­ларымыздан келе жатқан салт-дәстүр­леріміз, тәлім-тәрбиеміз, мәдениетіміз, менталитетіміз, ұлттық кодымыз, отан­сүйгіштігіміз барлығы кіреді. Мен жуыр­­да Сербия мемлекетінде болдым. Сон­да бір таңғалғаным – ол елде отан­сүйгіштікке, ұлттық идеологияға қатты мән беретіні. Тіпті, жарнамаларында «Біз сербиялықтармыз, біз өз мемлеке­тіміз үшін жауаптымыз» деген жалынды ұран­дар тұрады. Бізге осындай отан­сүй­гіштікке, ұлтты сүюге баулитын идео­логия жетіспейді. Керек болса, күн­де­лікті берілетін жарнамаларға да осындай идеологияны енгізуіміз қажет. Тәрбие жұмыстарымен айналысуымыз керек. Мысалы, біз кезінде құрама ко­мандада кеш­кі сағат 21.30-дарда спорт­шылар­дың қолындағы телефондарын алып қоя­тын едік. Себебі ауыр жаттығу­лар­дан кейін спортшылар келесі күнге жат­тығуларға күш жинап, ұйықтап де­ма­лып, дайын болуы керек. Әйтпесе, спортшылар түнімен телефон қарап, ұйқы режимін бұзып, келесі жаттығуға шар­шап келеді. Әлеуметтік желілер адам­дардың уақытын ұрлап жатыр. Мүм­кін, осы әлеуметтік желілерді де дұ­рыс жағынан пайдаланатын тәрбие құ­ра­лына айналдыруымыз керек шы­ғар. 

– Спорттағы жаттығу денені шың­дай­ды. Өмірге қалай жаттықтыңыз: ал­дан­ған, арбалған тұсыңыз болды ма, қиын­дық­тардан қалай шықтыңыз?

– Спортқа келер болсақ, кезінде Сеул олимпиадасында алты кездесу өт­кіз­сем, төртеуін таза жеңіп, финалға шық­тым. Сол кезде мен қарсыласымнан бө­лек төрешілердің де маған қарсы жұ­мыс істегенін білмедім. Ол кезде жас едік, аңғал едік. Геннадий есімді жат­тық­тырушыма: «Геннадий Андреевич, сіз маған неге төрешілердің де қарсы әре­кет ететінін айтпағансыз?» деп рен­жі­генім бар. Сосын кейінірек 1992 жы­лы Барселонада олимпиадаға ТМД мем­­лекеттер арасында іріктеу жары­с­та­ры кезінде де сондай бір жағдай бол­ды. Жарыс басталардан бір күн бұрын Қаратай Тұрысов ағамыз мені іздеп тауып алып: «Дәулет, ертең жарыстың ашылуы. Еліміздің Туын сен алып шы­ғасың» деп ұсыныс білдірді. Мен сонда: «Аға, менде ертесіне салмақ өлшеу рә­сімі болады, жеребе тартылмақ. Жарыс­қа дайындалуым керек» дегенімде, аға­мыз: «Дәулет, сен қазақсың ғой. Ту­ды сен алып шықпағанда, кім алып шы­­­ғады?» деп намысымды жанып жі­бер­ді. Ақыры келісіп, Туды көтеріп шық­тым. Ерекше бір сезім болды. Көңіл толқыды. Барселона ыстық, ста­дион ылғалды, салқын. Ашылу салта­на­тынан соң түнгі сағат екі-үштерде олимпиада қалашы­ғына келдік. Сосын қонақүйіме келіп, суға түсіп ұйықтап қалдым. Таңертең ерте тұрғызып, сал­мақ өлшеуге алып кетті. Сосын жеребе тартылып, қарсы­ласым поляк екені анық­талды. Оның алдында жеңіп жүр­ген қарсыласымнан сол жартылай фи­налда жеңілдім. Екінші, үшінші орынға та­лас кезінде швед балуанымен шығып жең­ген сә­тімде менде ешқандай қуа­ныш сезімі, көңіл күй болмады. Сол кез­де біраз жұрт «Дәулет, сенің алтынға деген үмітің әл­сіреп қалатын болды» деп жанашырлық сөздерін айтты. Со­сын олимпиададан екінші орын алып қайт­қанымда да үш айдай ауырып, жа­тып қалдым. Уайымға баттым. Өз-өзімнен «неге ұтылдым, қалай ұтыл­дым?» деп сұраумен болдым. Екі олим­пиада да алтын алуға бір ғана қадам жет­пей қалды. Екеуінде де 2.1 есебімен жеңіл­дім. Соның уайымы әлі күнге кет­пейді. Қазір ерте жатып, ерте тұрамын. Әдет болып кеткен. Сол бір өкініштің се­бебінен болса керек. Кейін аға жат­тық­тырушы болдық. Жарыстарға бала­лар­ды апару үшін қаражат болмай қал­ған кезде қаражатты өзіміз іздеп, де­меушілер қарастырып, өз күшімізбен барып жүрген кездер де болды. Сол уа­қыттарда 5 әлем чемпионын, 1 олим­пиада чемпионын, 20-дан астам Азия ойын­дарының чемпиондарын тәр­бие­ледім. Жоғары кеңеске сайландық. Өзім де әрі депутат болып, әрі аға жат­тық­тыру­шы болып жүріп, Азия чем­пионы бол­дым. Жоғары кеңеске сай­ланған ке­зім­де менде бір өкініш қалып кетті. Серік­болсын Әбділдин ағамызбен сай­лауға түсіп, мен жеңіске жеттім. Сонда жас болдық па, сол кезде дұрыс бағам­да­­­мадық па, ағамызға: «Аға, бұл сіздің жо­лыңыз» деп жолымды беруім керек еді. Себебі ағамыз өте білімдар, сауатты, кә­нігі саясаткер, мемлекет қайраткері бо­латын. Соған қазір қатты өкінемін. 

Қиналған тұсым спортта жүргенде көп болған шығар. Бірақ оның бәріне қайта оралғым келмейді. Бір нәрсе ақи­қат: мен мұның бәріне оңай жеткен жоқпын. Менің жеңісім мен сәттілік­терімнің артында маңдай терім мен тынымсыз еңбегім жатыр. 

– Қоғам дағдарыста тұрғандай: қалай жаңарамыз, қандай қағида ұстанамыз, қайтсек мықты мемлекет құрамыз?

– Рас, 30 жылдық егемендік жылда­рын­да бірқатар жұмыс атқарылды. Дегенмен атқарылмаған, атқарылуға тиіс жұмыстар да шаш етектен. Қарап отыр­сақ, барлық салада кемшіліктер мен сын көтермейтін мәселелер бар. Ма­ман тапшылығы, интернет желі­лерінің толық тартылмауы, жол сапасы­ның төмендігі деген секілді әлі толық жүйеленбеген жұмыс өте көп. Қоғам қазір дағдарыс алдында тұр. Оған әлем­дегі геосаяси жағдайлар мен халық­аралық қақтығыстардың да салқыны тиеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір қиын­дықтан алып шығарына кәміл сене­міз. Себебі ол кісі қаншама жылдық тәжі­рибесі бар, сыртқы саясаттағы дипломаттық білімі бар кісі. Прези­ден­тіміздің жыл сайын жолданатын Жол­дау­лары мен құрылтайларда, жиын-отырыстарда айтқан сөздері жерде қалмай, сөзден іске көшуіміз керек. Біз де соған өз үлесімізді аянбай қосуға дайын­быз. Мысалы, қазір еліміздегі ауылдың жағдайы көңіл көншітпейді. Ондағы жол сапасы мен интернет желісінің жетіспеуі де бұған дәлел. Ауылдағы жастардың қалаға көшіп кетуі, ауылда тұрақтамауы – мұның бір айғағы. Біз осы ретте ауылдың жағдайын барынша жақсартуымыз қажет. Бүгінде ауылда қарапайым жұмысшылардан бастап, мұғалім, дәрігер сияқты ма­мандар жетіспейді. Жастар жұмыстан кейін бір сәт көңіл серпілтетін ойын-сауық орталықтарын да ашуымыз қа­жет. Спортқа көңіл бөлінуі керек. Айта берсек, шешімін табуға тиіс мәселелер жетерлік. Мұның барлығына жүйелі жұ­мыс пен елге деген ерен сүйіспен­ші­лік, еңбекқорлық қажет. Әрбір азамат елі үшін өз саласында аянбай, қажырлы еңбек етсе, алынбайтын асу, бағындыр­майтын белес болмайды деп ойлаймын. Мұндай қиын кезеңде бірлігіміз де бе­кем болуы қажет. Біз алмайтын қа­мал, бағындырмайтын белес жоқ. Бастысы, жастарымыздың бойындағы отансүй­гіш­тік, елдік рух өшпесін деп тілейміз. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі келешек. Келе­шегіміз аман болсын, қайратты болсын, рухты болсын! Заман кінәлі деп жата­мыз, заманды емес, әрқайсысымыз өзі­­мізді түзесек, дұрыс қоғам қалып­тастыра аламыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілейік!

– Уақытыңызды бөліп, салиқалы сұх­бат бергеніңіз үшін алғысымызды біл­діреміз.

Сұхбаттасқан 

Анарыс АҚЫЛМАН