Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері республика бойынша қызылшаның 13 103 жағдайы тіркелді, оның 14,1 пайызы (1 854 жағдайы) – ересектер арасында. Еліміздің 4 өңірінде (Шымкент қаласында – 2 283 жағдай, Алматы қаласында – 2 217, Жамбыл облысында – 1 605, Алматы облысында – 1215 жағдай) дерт дендеп тұр. Нақты көрсеткішке сәйкес, олардың 70 пайызы немесе 8 866 жағдай вакцинацияланбаған балаларға тиесілі. Оның ішінде вакцинациядан бас тарту себебінен – 5 286, медициналық қарсы көрсетілімдер – 1 555, егу жасына жетпеу – 1 930, өзге себептер 93 екенін айта кету керек. Яғни, министрлік қызылша инфекциясы халық арасындағы вакцинадан бас тартушылардың есебінен артып отырғанын алға тартады. Бірақ қазір қызылша ғана емес, А гепатитімен ауырғандар қатары да көбейіп барады. Пандемиядан кейін адамдардың иммунитеті әлсіреп кеткені де рас.
– Қазіргі уақытта қызылша ауруы әлемнің көптеген елінде тіркелуде. Қызылша бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға мынадай факторлар әсер етті: коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде жоспарлы егулерді өткізіп алу, медициналық қарсы көрсетілімдер, ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы, вакцинацияның зияны туралы жалған ақпараттың көптеп таралуы, нәтижесінде халықтың вакцинамен басқарылатын инфекцияларға сезімтал топтарының жинақталуы. Осы факторларға байланысты инфекцияның таралу қарқыны жоғарылайды және егу жасына жетпеген балаларда (яғни, 1 жасқа дейін) қызылшаның тіркелуі де өзекті болады, – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің редакцияға берген жауабында.
Иә, қызылша вирустық инфекция болғандықтан, иммундық жүйесі әлсіз адамдарға және балаларға тез жұғады. Ауа тамшылары арқылы жылдам тарайды. Өкінішке қарай, кейде асқынған дерттің соңы қайғылы аяқталатын жағдайлар да кездеседі. Оның қоздырғышы вирус екені бір ғасыр бұрын дәлелденген. Америкалық ғалымдар – Нобель сыйлығының лауреаты, вирусолог Джон Эндерс пен дәрігер Томас Пиблз қызылша инфекциясын зерттеп, 1954 жылы вирустың өзін алғаш рет бөліп алды. 1963 жылы Джон Эндерс өндіріп алған штамнан қызылшаға қарсы тұңғыш вакцина жасалады. Бірақ ол кезде оны жаппай қолдануға мүмкіндік болмаған. Тек бес жылдан кейін, яғни 1959 жылы америкалық микробиолог Моррис Хиллеман медицина тарихындағы ең сәтті саналған қызылшаға қарсы тағы бір вакцина жасады. Ал КСРО-да 1960 жылдары халық арасында жаппай иммундау жүргізудің арқасында дәрігерлер қызылша вирусын жеңді. Алайда уақыт өте келе бұл екпенің тұрақты иммунитет қалыптастыруға қауқарсыз екені анықталды. Кейін ғылыми ізденістердің арқасында қызылшаға қарсы екпенің құрамында қызылша, қызамық және паротитке қарсы аралас вакциналар шығарылды. Өйткені медицинада қызылша, қызамық және паротиттен сақтанудың жалғыз жолы – иммундау болып саналады.
Сонымен, дерттің алдын алу және таралуын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған жаппай иммундау қалай жүзеге аспақ? Әсіресе, ауру асқынып тұрған Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Ақмола және Атырау облыстарында жағдай қалай болып жатыр?
– Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау барысында бірінші кезекте 6 айдан 11 айға дейінгі балалар иммундауға жатады. Желтоқсаннан бастап қызылшаға қарсы егу статусына қарамастан 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларды, сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық екпелері жоқ медицина қызметкерлерін қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарлануда, – дейді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева.
Ал Астананың бас санитариялық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, елордада қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес деп бағалануда. Биыл ең алғашқы жағдай наурыз айында тіркелді және осы кезеңнен бастап қызылшаға күдікті 1 318 жағдай анықталып, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 955 жағдай (72,5%) тіркелді. 10 қарашадағы көрсеткішке сәйкес, Астана бойынша қызылша ауруы 580 науқаста расталды, оның ішінде ересектер арасында 16,9 пайыз немесе 98 адам, ал 15-19 жастағы 35 жасөспірім (6%) қызылша жұқтырған. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 447 жағдай тіркеліп, яғни 77 пайызды құраған. Оның ішінде ең көп жағдай төрт жасқа дейінгі балаларға тиесілі, яғни 359 жағдай немесе 61,9 пайыз.
– Қызылша – өте жұқпалы ауру және жағдайлар ұйымдасқан ұжымда, оның ішінде мектепке дейінгі балалар ұйымдарында, мектептерде, жоғары оқу орындарында жиі тіркеледі, әсіресе вакцина алмаған балалар арасында басым. Мәселен, ұйымдасқан ұжымдарда: 58 МДҰ-да 96 расталған жағдай, оның ішінде 2 балабақшада 9 жағдай, 3 балабақшада 3 жағдай, қалғандарында бір жағдай тіркелді. Қызылша жұқтырған 96 науқастың 91-і немесе 95 пайызы – екпе алмаған балалар. 34 мектепте 48 расталған жағдай, оның ішінде 5 мектепте 2-ден 5 жағдайға дейін, қалғандарында бір жағдай тіркелді. Мектеп оқушыларының 85 пайызы немесе 41-інде вакцинация болған жоқ. 4 жоғары оқу орны арасында 24 жағдай тіркелді, – дейді Сархат Бейсенова.
Дегенмен халық арасында вакцина салдыруға қатысты сұрақ көп. Бірі қызылшаға қарсы иммундауды қаламаса, кейбірі екіұшты, күмәнді ойда жүр. Сондықтан халыққа түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізудің маңызы зор. Халық қызылша ауруының қаншалықты қауіпті екенінен бейхабар. Мәселен, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, қызылша ми қабығының қабынуы (энцефалит – 1-4%), өкпе қабынуы (пневмония – 1-6%), құлақ қабынуы (отит – 7-9%) сияқты асқынулармен қатар жүретіндіктен қауіпті саналады. Сондай-ақ аурудың өлімге әкелетінін (3-6%) ескере отырып, ата-аналар балаларының денсаулығына мұқият болуы керек. Ауру асқынып кетпес үшін дерт пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгінген абзал. Вакцинацияны уақытылы алу аурудың алдын алуға, ауруды жеңілдетуге, сонымен қатар қызылшаның ауыр түрімен ауыру қаупін төмендетуде пайдасы зор.
Әлемдік тәжірибеде вакцинадан бас тартқан адамдарға міндетті түрде шара қолдану қарастырылған. Мәселен, Германияда науқас екпе салдырмау салдарынан ауруханаға түссе, оның сақтандыру картасы жарамсыз болады. Мұнда ауруханаға жатып емделудің бағасы тым қымбат. Оны көп адамның қалтасы көтере бермейді. Немістердің мұндай қадамға не себепті барғанын зерделегенімізде, бұл мемлекет Еуропада қызылшамен ауырғандардың қатары тым артқандықтан 2019 жылы осындай әдіспен ауруды асқындырмауды мықтап қолға алған екен. Егер ата-ана баласына екпе салдырмаса, 2 500 еуро айыппұл төлейді. Италияда баласына екпе салғызудан бас тартқан ата-анаға 500 евроға жуық айыппұл белгіленген. Алты жасқа дейін екпе салынбаған баланы балабақша қабылдамайды. Тіпті, мектепке бару-бармауы да вакцина алуына қатысты шешіледі екен.
Сала мамандарының айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратқан дерекке сәйкес, 2000 жылдан бері вакциналау әлем бойынша қызылшадан қайтыс болу көрсеткішін 80 пайызға төмендеткен. Сондықтан өмір сапасын жақсарту үшін екпеден бас тартуға болмайды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ