Қара күз оңтүстік өңір шаруалары үшін нағыз қайнаған еңбектің шыңырауына жететін қарбалас уақыт. Олай дейтініміз – ала жаздай тырбанып еңбек етіп, табан ақы, маңдай терін төгіп баққан малы мен еккен егінінің жемісін көретін кез. Тап осы мезгілде шаруалар қырман салып, мол өнімін жинап, семіз малын пұлдап пайдаға кенеледі. Қазір қамбаларын астыққа толтырып, қыс қамына дайындық басталып та кеткен.
Қашанда тынымсыз еңбекпен көпке үлгі болып жүретін түркістандық шаруалар үшін биыл айтарлықтай жақсы жыл болды деп айтуға болады. Айталық, Түркістан облысында ауыл шаруашылығында, жалпы өнім көлемі 802,6 млрд теңгені құрап, республика бойынша 1 орынға шықты. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 127,3 млрд теңгеге, нақты көлем индексі 103 пайызға жеткізіледі деп күтіліп отыр. Бұл туралы жыл сайын оңтүстік жұртшылығы асыға күтетін «Алтын күз–2023» мерекелік іс-шарасында белгілі болды.
Облыс орталығы Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Алтын күз–2023» шарасында жәрмеңке өткізіліп, тұрғындарға арзан бағада азық-түлік өнімдері саудаланса, көпшілікке мемлекеттік бағдарламалар арқылы алынған ауыл шаруашылығы техникалары, облыс өндірушілерінің өнімдері және өзге де жетістіктер көрмесі ұсынылды.
Еңбегімен дараланған өңір жұртшылығы ақ түйенің қарны ақтарылғандай болған бұл күнді жаз бойы еткен еңбегінің жемісін көріп, мәре-сәре болып қуанышпен қарсы алды.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, еңбек адамдарына құрмет көрсетті. Ол алдымен жәрмеңке мен көрмені тамашалап, «Тұран су» мекемесіне 15 заманауи экскаваторды табыс етті. Одан кейін «Конгресс холл» кешенінде өткен жиында ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек озаттарын құттықтап, марапаттар табысталды.
– Сіздерді жыл сайынғы тұрақты дәстүрімізге айналған «Алтын күз» салтанатты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облыстың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Осы салада жалпы өнім көлемін ұлғайту бойынша республикада алғашқы орынға шықтық. Ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялар 2 есеге дейін артты. Ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған алқап өткен жылдан 9 мың гектарға ұлғайды. Көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна өнім жиналды. Мал шаруашылығы көрсеткіштерінің өсімі 5 пайыздық деңгейде қамтамасыз етілді. Ет экспорты бойынша облыс республикада көш басында келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайызы біздің өңірдің үлесінде. Биыл біз жылыжайларды көмірмен қамту мәселесін реттедік. «Тұран су» кәсіпорнының жұмысын жүйелеп, техникасын жаңартып, су нысандарын қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқара білдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруды тапсырды. Біз қайта өңдеу, өнімдерді сақтау, су үнемдеу технологиясын енгізу, «Ауыл аманаты» жобасын сәтті жүзеге асыру бағытында жұмысты күшейтеміз. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке мен бірлік тiлеймiн! – деді Дархан Амангелдіұлы.
Ауылшаруашылық саласының әлеуетін көтеру және инновациялық тәсілдерді де қолдану қажетін сөз еткен өңір басшысы жүн және тері өнімдерінің қазіргі жағдайына да тоқталды.
«Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор, бірақ қолда бар мүмкіндіктер әлі де толық пайдаланылмай отырғандығын атап өтті. Саланы тек инновациялық амал-тәсілдермен ғана табысқа жеткізетіндігіне ерекше тоқталды.
Осыған орай, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде шешімін табуға қажетті өзекті мәселелер жеткілікті. Оның ішінде қайта өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Қазір облыста өндірілген жеміс-көкөніс, ет, сүт өнімдерінің қайта өңдеу көлемі 20-25 пайыздан аспайды.
Ал тері, жүн өнімдерін өңдеу саласы тоқырауда десек те болады. Біз осы саланы жаңғырту, жаңа инвесторлар тарту есебінен өңдеу көлемін 70 пайызға жеткізуіміз қажет», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өңірдегі атқарылған жұмыстардан алда атқарылар міндеттердің ауқымы мен жауапкершілігі өте жоғары екенін жеткізді.
Облыс әкімі мерекелік жиынға ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері, мамандары мен ардагерлері жиналғанын ескере отырып, осы ауқымды шараларды бірлесіп атқаруға шақырды.
Мерекелік шарада облыс басшысы бір топ азаматты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен бірге облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген аудан, қала әкімдерін марапаттады. Бірінші орынды 9 айда 53,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, агроөнеркәсіптік кешенінің негізгі капиталына 8,4 млрд теңге, тамақ өндірісіне 2.3 млрд теңге инвестиция тартып, көш бастаған Қазығұрт ауданы әкімдігі жеңіп алды. Екінші орын Жетісай ауданының еңбеккерлеріне бұйырса, үшінші орынға Сайрам ауданы лайық деп танылды.
Жиында облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне де құрмет көрсетілді. Ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерінің құрметіне мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Айдар Тұрғамбек, «Заман» тобы және Түркістандағы «Конгресс холдың» Jana lep әншілері мен өңірдегі танымал би топтары өнер көрсетті.
Айта кетейік, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызын құрайды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйвері. Биыл егістікті әртараптандыру нәтижесінде масақты дақылдар 10 мың гектарға артып, 273,4 мың гектарға орналастырылды, 493 мың тонна өнім жиналды. Малазықтық дақылдар 2 мың гектарға артып, 223,7 мың гектарды құрады, 5 млн тонна мал азығы дайындалды. Мақта саласын кешенді дамыту мақсатында Түркістан облысының мақта-тоқыма кластарын құру жобасы әзірленді. Облыста су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап 34 мың гектарды құрайды. Оның ішінде тамшылатып суғару технологиясы 23 мың гектарға, жаңбырлатып суғару технологиясы 10 мың гектарға орналастырылған.
Облыстың агроөнеркәсіптік кешен саласында биыл 16,7 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде 22 жоба іске асырылып, 14,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Тоғыз айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 82,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 145,9 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 250,3 млн АҚШ долларын құрап, 1,4 есеге артты.
Тельман БЕЙСЕН