Қарағандыда «АрселорМиттал Теміртаудың» Костенко шахтасында апаттан 46 шахтер қаза тапты.
«АрселорМиттал Теміртаудың» шахтасындағы апаттан аман қалған 10 адамның жағдайы белгілі болды
Фото: yandex.kz
967
оқылды

Костенко шахтасындағы апаттан зардап шеккен 10 адам ауруханада емделіп  жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.

«10 зардап шеккен адам ауруханада емделіп жатыр. Олардың жағдайы орташа және жеңіл дәрежеде. Зардап шеккендерге қажетті медициналық ем-дом көрсетіліп жатыр», – деді әкім. 

46 кеншінің өмірін қиған Костенко шахтасын әлі де иеленіп отырған «АрселорМиттал Теміртау» кеншілерге қанша төлейтінін айтты.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директорының бұйрығымен 1 қазаннан 27 қазанға дейінгі кезең үшін шахта жұмысшыларының еңбекақысы жоспар 100% орындалғандай төленеді. Ал жұмыс тоқтатылған 28 қазаннан 31 қазанға дейінгі кезең үшін еңбекақы орташа жалақы мөлшерінде жүргізіледі.

Басқа құрылымдық бөлімшелерге бекітілген қызметкерлерге еңбекақы атқарған жұмысына сай төленеді. Бірақ еңбекақы олардың негізгі жұмыс орнындағы орташа жалақысынан төмен болмайды.

Бұл 28 қазаннан бастап «Костенко» АҚ шахтасында кәсіпорынның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуден басқа, келесі ескертуге дейін барлық жұмыс түрінің тоқтатылуына байланысты жасалды.

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы қайғылы оқиға 28 қазанға қараған түні болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты. Ал шыға алмаған кеншінің барлығы – 46 адам қаза тапты.

Бұған дейін Костенко шахтасында қаза тапқан 46-кеншінің денесін шахтадан жер бетіне шығарғанын жазған болатынбыз.