Бұл туралы әнші Мақпал Жүнісова Instagram парақшасында жазды. Әнші марқұм күйеуіне жантебірентерлік жазба арнап, оған деген сағынышын жеткізді.
"Бүгін Зәкеңнің өмірден озған күні, топырағыңыз торқа болсын. 11 қарашада түнгі 11:30-да "Әсет Бейсеуов марқұмның осы әнін рояльда сүйемелдеп айтшы" деп өтінгеніңізде соңғы рет тыңдап отырғаныңызды сезбедім", – деп жазды әнші.
Сонымен қатар Мақпал Жүнісова марқұмды еске алып келген жақындарына Заманбек Нұрқаділовтің бөлмесін көрсеткен.
"Зәкең отырған орындығы, ойнаған бильярды, жатқан төсегі бәрі қаз-қалпында сақталып тұр. Зәкеннің дүниесін мүлдем қолданып жатқан жоқпыз. Бәрі сол қалпында қалды. Ол кісінің алған барлық затын сақтап отырмыз. Осы үйге 2001 жылы кіргенбіз. 2002 жылы Мерейді бауырымызға бастық. Осы үйді Мерейдікі деп атаған. "Мерейді осы үйден ұзатамын" дейтін", – деді Жүнісова.