Қамбада қанша астық бар?
Министрдің айтуынша, осы жылы дақылдардағы орташа түсімділік гектарына 9,7 центнер болған екен.
«Бүгінде еліміздің барлық өңірінде астық жинау аяқталудың соңғы сатысында тұр. Облыс әкімдіктерінің берген деректері бойынша орташа өнімділігі 9,7 центнер/гектар бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы бидай», – деді министр.
Еліміздегі дәнді-дақылдар бөлінісінде бидай жиналатын алқап 13,4 млн гектарды құраған. Ал майлы дақылдар 1,9 млн гектар немесе 68%-ды көрсеткен, қазір 1,6 млн тонна майлы дақыл тұқымы жиналды. Оның ішінде күнбағыстың орташа өнімділігі 11,6 центнер/гектар болып, 747,5 мың тоннасы қамбаға бастырылған. Картоп болса 168,8 мың гектар аумақтан толығымен жиналып, 3,5 млн тоннаны құраған. Көкөніс дақылдарына келер болсақ, барлығы 162,4 мың гектар алқаптан жиналған түсім 4,3 млн тоннаға жеткен. Сарапшылардың сөзінше, бұл онша жаман көрсеткіш емес. Десе де, бұдан да мол өнім алуға мүмкіндік бар екенін жоққа шығара алмаймыз.
«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан биыл жалпы жиналған астық – 16,4 млн тонна. Бұл енді елімізді нан, ұн және макарон өнімдерімен қамтамасыз етуге толығымен жетеді. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық құйылды, оның ішінде 1,8 млн тонна – 3-сұрып астығы», – деді министр Айдарбек Сапаров отырыста берген есебінде.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі берген мәлімет бойынша, биыл фермерлер үшін оңай жыл болмағанын, негізгі астық егетін өңірлерде жауын-шашын толығымен 25 күнге созылған айтқан. Десе де, күздің соңы жақсы болғандықтан, шыққан астықтың барлығын шығын етпей қамбаға тасып үлгергенге ұқсаймыз.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қажетті қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Үкімет егіннің сапасына теріс әсер еткен қолайсыз ауа райы жағдайларының салдарын барынша азайту жөнінде шаралар қабылдады.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау Азық-түлік корпорациясы анықтаған лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына алдын ала төлем сомасына жүзеге асырылады.
Мемлекет бидайдың құнын түсірген жоқ
Форвардтық сатып алулар мен тауарлық несие бойынша шаруаларға айыппұл төлемей 1,05 немесе 5% коэффициенті бойынша 3-сұрыпты бидайды 4-сұрыпқа ауыстыру арқылы өз міндеттемелерін ақшалай қаражатпен орындауға мүмкіндік берілді. Міндеттемелерін орындай алмаған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге банктік сыйақылар арқылы қайтарымды тек 3% көлемінде өтей отырып, шартты орындау мерзімін бір жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылды. Мемлекеттің қолдауы бұл жолы диқандар үшін аса қолайлы болғаны да шын. Мұндай жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ауыл шаруашылығының дамуына, және қиын жағдайда тығырықтан шығуға тыныс беретіні тағы бар.
Құрғақшылықтан зардап шеккен еліміздегі 232 ауыл шаруашылығы туар өндірушілерге бүгінге дейін 1 млрд теңгеден астам қаржы төленді. Төтенше жағдайды жоюға Үкімет резервінен қосымша 3,7 млрд теңге бөлініп отыр.
Біздің астықты кім алады?
«Ақ Бидай – Терминал» АҚ арқылы 2023 жылдың соңғы айлары бойынша 121 мың тонна астық жөнелтілген. Жөнелтілген астықтың басым көпшілігі Иран Ислам Республикасы бағыты болып отыр. Биыл қазан айында экспорттаушылардан 2 000 тонна көлемінде астық жөнелтуге өтінімдер келіп түсті. Астық терминалы арқылы астық тиеудің 2023 жылға арналған жылдық жоспары 400 мың тоннаға дейін жеткізіледі деп көзделуде.
Кеше ғана Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҚХР 200 мың тонна астық жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойды. Қытайда өткен 6-шы халықаралық импорт көрмесі аясында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен C.P.Trading компаниясы арасында әріптестік меморандумына қол қойылды. Осылайша, қытайлықтар Қазақстаннан 200 мың тонна астық сатып алуға уағдаласып отыр.
Астықтың сапасы тым төмен
Дегенмен осы жылдың жазы аптап ыстық пен құрғақшылық болғаны шындық. Ал егін жинау науқаны бастала бере еліміздің барлық өңірінде жауын-шашын молайып, астық жинау жұмысына әжептәуір кедергі келтірді. Мамандардың мәлімдеуінше, осы күздің тұп-тура 25 күнінде толассыз жаңбыр болғанын жоғарыда айттық. Астық жинау уақытының мұнша үлкен кедергіге ұшырауы тәуелсіздік жылдардан бергі уақытта бірінші рет орын алып отыр. Шаруалар шаршап, министрлік мәніне бара алмай жатқанда Президент өзі пәрмен беріп, жағдайды біршама оң арнаға бұрған. Десе де, әупірімдеп жүріп орақ жүргізген диқандар бүгінде жұмысты аяқтаған. Айтылған қолайсыздықтардың салдарынан еліміз жоспардағыдан 6 млн тонна өнімді кем орғаны белгілі болды. Министр Айдарбек Сапаров жағдайға байланысты бидай сапасының да күрт төмендеп кеткенін баяндаған.
Елімізде өткен жылы үшінші-төртінші сұрыптағы астық шамамен 90% болса, қазір элеваторларға жеткізілген астықтың алдын ала деректері бойынша, ұн дайындауға қажетті үшінші сұрып шамамен 35%. Төртінші сұрып 20%-дан асады. Дегенмен үшінші және төртінші сұрыптағы бидайлардан еш қорықпай қажетті ұн өнімдерін жасай беруге болады. Ал сапасы одан төмен болған жағдайда астық мал азығы резервіне жіберіледі. Демек, алдағы 2024 жылы да ұн бағасы төмендемейтін түрі бар. Қымбатшылық қарқын алса, астық өнімдері мен ұнды тағы да Ресейден тасымалдайтынымыз байқалып тұр. Бір өкініштісі, солтүстік көршімізден әкелініп жатқан астық пен ұнның дені заңсыз жолмен жеткізіледі екен.
Жоғарыдағы айтылған мәселелердің басын саралай келе, астық сапасының төмендігі мен өткен жылғы қамбадағы мол өнімнің түгесіле бастағаны салдарынан елімізде ұнның бағасы күрт өскен. Көтерілген ұн бағасының қайта төмендейтін түрі байқалмайды. Қара базардағы 50 келі 1- сұрыпты ұн бағасы осыдан 2 ай бұрын 8000 теңге болса бүгінде 15 мың теңгеден саудалануда.
Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен кеңес өткен. Отырыста ұн бағасын төмендетуге байланысты шаралар қабылдану үстінде екен. Бірақ ұнның тұрақты бағада қалар түрі жоқ.
Биылғы бидай жемге ғана жарай ма?
Осы жылы Ақмола облысында да егін түсімі жылдағыдан екі есе төмендеп кеткен. Былтыр астықты өңірден орташа өнімділігі гектарына 12 центнер болса, биыл 5-6 центнерге жетер-жетпес қана. 5 миллион гектардан астам алқапқа егілген екен. Жиналған астықтың ештеңеге жарамайтын түрі бар.
Өңірдегі «Каменка и Д» ЖШС басшысы білікті шаруа Алексей Джейранов толассыз жауған жауынның салдарынан орақ науқаны жылдағы уақыттан шамамен 20 күнге кешігіп қалғанын айтады. Ол биыл 17 мың гектар алқапқа егін еккен. Күні бүгінге дейін астықтың 50 пайызынан астамын ғана жинап алыпты. «Оған қоса, егіннің сапасы да айтарлықтай төмен», – дейді диқан.
«Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүргеніме 24 жылдай болды. Мұндай жағдайды осыған дейін көрмеппін. Әрине, бидайдың біразын жинып алдық. Бірақ оның сапасы тым төмен. Былай айтқанда, жемге ғана жарайды. Ал мұнша жемнің кімге керегі бар, оны білмеймін. Шығынға батып жатырмыз», – дейді. Шаруа алқаптарынан жиналған бидайдың келер жылы тіпті тұқым ретінде мүлдем жарамайтынын айтып налып отыр.
«Шопан ата» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаев болса, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында нағыз драмалық құбылыс жүріп жатқанын айтады.
«Менің болжамым бойынша, болып жатқан жағдайға байланысты жақын арада елдегі фермерлердің шамамен 25-30 пайызы жұмысын түгел тоқтатады. Оларды арзан ресейлік, түрікменстандық және басқа да импорттық өнімдер тұншықтырып жатыр, соның кесірінен ауылшаруашылық өндірушілеріміз өз өнімдерін сата алмауда. Фермерлер несиелік құлдыққа түсіп, өз міндеттемелерін өтей алмай отыр», – дейді ол.
Оның болжамының қаншалықты дәлелі бар екенін білмейміз, дегенмен дәл осы астық пен тұқым шаруашылығына байланысты елімізде бірталай мәселе барға ұқсайды. Ел шаруалары мен Үкімет құрғақшылыққа төзімді тұқым іздеп әуре болып кеткен шақта биыл аяқасты жаңбыр молайып, ылғалға төзімді астық сорты қат бола қалды. Енді ғалымдар мен шаруаларға және билікке сорттың мұндай түрі де аса қажет. Ел болып тұқымының ылғалға төзімді түрін іздеп кеттік.
«Тұқым шаруашылығына қауіп төніп тұр. Солтүстік өңірлерде Ресейден келген тұқым өндірушілердің шағымдарына толы. Қостанай облысындағы әріптестерімнен Ресей Федерациясында 20 жыл бұрын өндірілген «Омская 36» және «Омская 18» бидай сорттарын пайдаланғаны үшін 20 миллион теңге гонорар өндірілді. Жауапкер олардан бұл тұқымдардың бір грамын да сатып алмаған, бірақ өндірушілер тұқымға зияткерлік меншік құқығын талап етіп отыр», – деді Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының (ШОС) басқарма төрағасы Дамир Қалдыбаев.
Демек, келесі жылы біз астық тұқымы өзімізде болмай, бар болғанда да жетпей қалса, көршімізге алақан жаярымыз сөзсіз. Ал сұрап алған тұқымның қайтарымы сан есе болып кетер болса, биылғы астық пен ұн мәселесі келер жылы да туындап шыға келмесіне кім кепіл?!
Бердібек ҚАБАЙ