Біздің ел бұл олимпиадаға 2014 жылдан бері қатысып келеді. Әлемдік финалда үш күн бойы еліміздің жас робототехниктері Connecting the World («Әлемді біріктіреміз») тақырыбы аясында креативті инженерлік жұмыстарын таныстырды. Нәтижесінде, тұңғыш рет ел қоржыны 2 күміс, 4 қола медальмен толықты. Аталған робототехника олимпиадасына қатысушылар бұған дейін Тайланд, Малайзия және Германияда өткен сайыстарда елдің намысын қорғап, жүзден жүйрік шыққан.
Панамадағы білім бәйгесінде еліміздің атынан барған екі команда да жүлделі орындарға ие болды. Future Engineers санаты бойынша барған оқушылар күміс еншілесе, Robomission санаты бойынша бақ сынаған балғындар Қазақстанның қоржынын қола медальмен толықтырды.
Қазір роботехника – елімізде енді ғана қанатын жайып келе жатқан саланың бірі. Жыл санап оған қызығушылар саны да артып келеді, әсіресе мектеп оқушыларының арасында қызықты оқу пәні ретінде танымал.
– Бұл менің халықаралық сайысқа алғаш рет қатысуым. Бұған дейін мен көбінесе бағдарлама жазудан республикалық және халықаралық деңгейде онлайн форматта өткен сайыстарға, хакатондарға қатысып жүрдім. Ал кешегі олимпиада мен үшін өте қызық өтті. 80 мемлекеттің ең мықты робототехниктері бір сайыста, 4 категорияда жарысты. Біздің категориямызда 37 топ берілген мәселелерге өз шешімін ұсынды. Біз ұсынған жобамыздың аты – су логистикасының тиімділігін жақсарту үшін робот прототипін құрау. Біз шағын шкиф жүйесін қолданатын лего робот құрастырудан бастап, толығымен электроникадан жасалған, 5 айналу осінен тұратын робот-манипулятор құрдық. Олимпиадаға дайындық 6 айға созылды. Жарты жыл аралығында біз аптасына 20 сағаттан дайындалдық. Arduino, Esp32, Computer Vision, Server Programming, Forward Kinematics, Mechatronics бағыттарында өз бетімізбен білім алдық. Осылайша, дайындық сапалы өтті, – дейді Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әділет Аусарбеков.
Панама олимпиадасынан олжалы оралған оқушылардың бірі – Жанарыс Қаппаров.
– Мен осымен екінші рет халықаралық сайысқа қатысып отырмын. Осыдан бұрын Дортмундта болған олимпиадаға қатыстым. Осы сайыста өзімді еркін ұстадым, өйткені өзіме сенімді болдым. Роботехниканы түсіну үшін логикаң мықты болса болды, – дейді жарыс жүлдегері.
Жарыс жеңімпаздары роботтарды жобалау, инженерлік ғылымдар және басқа да инновациялық білім беру технологиялары саласындағы дарынды оқушылар екенін әлем алдында дәлелдеді.
Олимпиада қорытындысында медаль саны бойынша еліміздің жас дарындары екінші орынды иеленді. Сонымен қатар халықаралық сайыста АҚШ-тың, Қытайдың, Әзербайжанның әйгілі робототехника мектептері мен клубтарымен, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу үшін меморандумға қол қойылды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ