– Бұл үйге көшіп келгенімізге бір ай толды. Бұрын 55 шаршы метрлі екі бөлмеде тұрдық. Содан кейін осы төрт бөлмелі үйге көштік. 160 шаршы метр болады. Үйдің жөндеу жұмыстарына бес айға жуық уақыт кетті. Сол аралықта пәтерден пәтерге көшіп жүрдік, – дейді “Жұлдызды шаңырақ” бағдарламасына сұхбат берген актер.
Сонымен қатар ол болашақта жер үй салып, құда күткісі келетінін де айтып қалды.
– Ұлым 16-ға толады. 5-6 жылдан кейін құда күтетініміз анық. Соған дейін жер үй салуды ойлап жүрмін. Өзіміз де әкемізден қалған үйде тұрып жатқанымыз жоқ. Балаларымыз да біздің үйде тұрмай, бөлек жоспар құрса қарсы болмаймыз. Келіншегіміз екеумізге 3-4 бөлмелі жер үй жарайды, – дейді актер.
Актердің жаңа қонысы өте қымбат ықшамауданда орналасқаны белгілі болды.
– Әл-Фарабидің жоғары жағынан алдық. Өте қымбат жер. Біз тұрғын үй кешені салынып жатқанда алып қойдық. Осы жылдың наурыз айында пайдалануға берілгенде таза әрлеуде алдық. Ал дизайнын өзіміз жасадық. Біз көшкен жылы көрші тұрғын үй кешені салынып жатты. Ол терезеден көрінетін тауды жауып тастады. Үйіміз сегізінші қабатта тұр еді, “он екінші қабатқа көтерейікші” дегенімізде: “25 миллион теңге төлеп, кез келген қабаттан ала беріңіздер”, – деді, сонда әр қабатқа 5 миллион теңгеден қосып тұр. Өте көп шығын кеткесін, ол сумманы тауып бере алмадық. Осы қабатқа да қанағат. Бұл үйдің нақты бағасы – 93 миллион теңге. Құрылысына 50 миллион теңге кетті, – дейді актердің жұбайы.
Бұған дейін актер жаңа үйіне 150 млн теңге кеткені туралы айтқан еді.
Айта кетейік, актер Қайрат Әділгерейдің Болат Назарбаевтың тойын жүргізіп, 50 мың доллар алды деген ақпарат тараған еді. Алайда әзілкеш бұл ақпаратты растамады.