Сөйлесе білген су ішер

Қазақстандағы өзен-сулар ағы­­нының орташа жылдық кө­лемі – 100 текше шақырым мөлшерінде. Дүниежүзілік банк бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 76 текше шақырымға төмендейді деп болжап отыр.

Демек, алдағы жеті жыл қата­­рынан су тапшы­лығы туындай бермек. Мамандар 2000-жылдары республи­кадағы су ре­сурстары  120 текше ша­қырым бол­ғанын айтады.

Суға келгенде көрші елдерге күніміз түсіп тұр. Өйткені Қазақстанның транс­ше­­каралық өзендерге тәуелділік коэф­­­фи­­­циенті 46%-дан жоғары. Бұл –үлкен көрсеткіш. Еліміздегі үлкен өзендер Ертіс пен Іле Қытайдан, Сырдария – Өз­­бек­станнан, Жайық – Ресейден, Шу мен Та­­­лас қырғыз жерінен ағып келеді. Яғни, жоғарыдағы 100 текше шақырым судың жартысына жуық көлемі сырттан жи­­налады.

СУ – САЯСАТ ҚҰРАЛЫ

БҰҰ 2014 жылғы баяндамасында әлем­де соңғы 50 жыл ішінде суға қатысты 507 жанжал тіркеліп, оның 21 әскери қақ­­­тығысқа дейін жеткені айтылыпты. Аз оқиға емес, әрине. Дегенмен тіршілік көзі үшін тоқтаусыз таластар жалғаса бермек. Әдетте Африка құрлығында, Таяу шы­­­ғыстағы қос өзен Тигр мен Еф­ратқа қа­тысты егестер іргелес жатқан мемле­кет­тер арасында жиі туындап жа­та­ды. Себебі жер бетіндегі судың 3%-ы ғана тұщы және бұл судың 2/3 бөлігінен астамы қар мен мұз­дан түзіледі. Жерасты суларына келсек, барлық тұщы судың 31%-ын құрайды екен.

Су тақырыбы соңғы жылдары Орта­лық Азиядағы бес мемлекеттің бас ауыр­тар проблемасына айналды. Таулы ай­мақ­тардағы мәңгілік мұздықтардың кө­бесі сөгіліп, көлемі кішірейе бастағалы бұл елдердің арасына алаң кірді. Алдағы отыз жыл ішінде Сырдария мен Әмуда­­рия өзендерінен келетін судың көлемі 15%-ға азаяды. Мұндай ұрымтал сәтті қалт жібер­мейтін сыртқы күштер су сая­­­са­­­тына сына қағып, алауыздық туды­рар жобаларға да дем бермек болған. Десе де, дәл қазіргі уақыт ондайға ыңғай берер емес. Оның үстіне, бауырлас бес мемле­­кет түйткілді мәселені бірлесе шешудің тиімділігіне ден қоя бастағандай. 

Қазақстан су тапшылығын дипло­­матиялық жолмен шешудің қамына кірісіп те кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған бір­неше Жолдауында жауырды жаба тоқы­май, су проблемасын шешуді мемлекет­­­тік сая­­саттың басым бағыты ретінде белгілеп бер­ді. Қазақстан Президенті был­тырдың өзінде Орталық Азиядағы су тапшылығы тақырыбын Орталық Азия мемлекеттері басшы­ларының IV кон­­суль­­­­­тативтік кездесуінде (21 шілде, Шол­­­­­пан-Ата), ШЫҰ-ға мүше мемле­­кет­тер Президент­­­терінің бас­­қосуында (16 қыр­күйек, Самарқан), БҰҰ Бас Ассамблеясының 77 сессиясында (20 қыр­күйек, Нью-Йорк) қозғады.

Биыл 1 қыркүйекте Президент Жар­лығымен Су ресурстары және ирри­гация министрлігі құрылды. Алдағы уа­қытта ведомство жанынан Орталық Азия ел­дерімен, ҚХР және РФ-мен су жөнін­­­дегі қарым-қатынас мәселелерімен айналы­сатын басқармалар құрылмақ. 

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ

Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру туралы келісімге келді. 14 қарашада Біш­кекте өткен келіссөздер қорытын­­дысы бойынша тараптар Талас өзеніндегі «Түй­те» каналы арқылы су беруді қалпы­на кел­тіру бойынша шешім қабылдады. Қазақстандық тарап су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейтуді ұсын­­ған. Бірлескен комиссияның келесі оты­ры­сы 14 желтоқсанда Алматыда өтпек. 

Айта кетейік, Бішкекке бұл жолы ми­нистр ретінде барған Нұржан Нұржі­­гітов осы жазда құрғақшылықтан зардап шек­кен Жамбыл облысының әкімі болған. Қырғыздан келетін Талас пен Шу өзенде­рінде су күрт азайып, биыл об­лыстағы қант қызылшасы, пияз және басқа да көкөніс түрлері күйіп кетті. Өңір­­де табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізіліп, құр­­ғақшылықтан келген шы­ғын 3 млрд теңгеден асқаны айтылды. Осылай­ша, облыс басқарған кезде кет­­кен кемшілікті министр ретінде түзетудің реті келгендей. «Мұндай жағдайдың қай­та­­лануына жол бермеу үшін қырғыз әріп­тестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейн­­дерінде келесі ве­­гета­­­­циялық кезеңді дұ­рыс жоспарлау бойынша жұмысты ал­дын ала жасау өте маңызды», – деді министр Бішкектегі жиында.

Дегенмен биыл судың басында отыр­­ған айырқалпақты ағайынның өзі тап­­­шылық көрді. 2023 жылы 9 тамыздағы жағдайға сәйкес, Таластың бойындағы «Кировск» су қоймасындағы су көлемі 32,48 млн шаршы метр құраған. Былтыр бұл көрсеткіш 177,28 млн шаршы метр болғанын ескерсек, ресурс едәуір азайға­­нын байқауға болады.

СЫРДАРИЯНЫҢ БОЙЫНА СУ ЖҮГІРЕДІ

Қазақстан көршілес Өзбекстан, Тә­жікстан және Түрікменстан мемлекет­терімен де су жөнінде келісімге келді. Келісімге сай, келесі жылы 1 сәуірге де­йін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақы­рым су келіп түсуге тиіс. Ал «Дос­­тық» мем­лекетаралық каналымен 487 млн текше метр су алмақпыз. Бұл 2024 жылы Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде қа­жетті су көлемін жинақтауға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жі­беруге мүмкіндік береді.

2 қарашада Ташкентте өткен Мемле­­кетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 85-ші отырысында ОА елдері Сырдария мен Әмудария өзенде­рінен су алу лимиті көрсетілген хаттама­ларға қол қойды. Келесі отырыс 2024 жыл­­дың басында Қазақстанда өте­ді. Белгілі гидротехник ғалым Нариман Қыпшақбаев Орталық Азия мемлекеттері су саясатын сырттан ешкімді аралас­­тыр­май, өзара шешуге бет бұрғанынан үлкен жаңалық күтуге болатынын айтады. «Сыр­дария мен Әмудария – өте ертеден келе жатқан өзендер. Ежелгі тарихта бұл екі дария әйгілі қос өзен Тигр мен Эфрат өзенімен қатар айтылады. Мен ана жылы осы төрт ірі өзенге қатысты заңды тауып алдым, осыдан 550 жыл бұрын шыққан заң, 200 баптан тұрады. Демек, бұл өзендердің тіршілік үшін маңызы ертеден-ақ белгілі болған. Оның өзекті­лігі артпаса кеміген жоқ»,– дейді ғалым. 

ЕРТІС ПЕН ІЛЕ – СУЫ ӘНЕ, МІНЕ...

Шығыстағы алып көршіміз ҚХР Қа­зақстан арқылы тауарын тоқтаусыз жө­нелткенімен, суға келгенде сараңдық та­ны­туда. Қытай Ертіс пен Іленің басын буып, судың мол қорын алып қалуға ты­рысып жатыр. Мәселен, кейбір дерек көздерінде 500 мың гектардан астам жер суару үшін ҚХР Іле өзенінің бассейнінде 40-қа жуық су қоймасын, 250-ден астам су жинау құрылысын жүргізгені айтыла­ды. Кейінгі жылдары Іленің суы азайып, Қап­шағай мен Балқашқа да әсер ете бастаған. Мамандар Балқашқа Іле өзені арқылы қажетті су келмей қалса, ол да Арал­дың кебін киюі әбден мүмкін дейді. Іле­ден бөлек, Жетісудың өзге де ірілі-ұсақ­ты өзендері көлге құймай қалуда. Сон­дықтан бұл – дабыл қағатын мәселе.

Шығыстан келетін екінші ұлы өзен – Ертіс. Оның Қазақстанға өтер тұсының өзінде, яғни ҚХР аумағында 9 шаршы шақырым су қалыптасады. Ал Қазақстан­ға қарай өткен соң үлкен-кішілі көздер­ден 20 шаршы шақырым су жиналады. Алайда Қытайда жиналатын су көлемі негізінен өз ішінде қалып қояды. «Қы­тай­­да су қоймасы мен су сақтайтын орын өте көп. Бір ғана «Қара Ертіс – Қарамай» каналы арқылы жылына 2 шаршы шақы­рымдай су алып отыр. Бұл – үлкен кө­лем. Ертістің аяғында Ресей отыр, сон­­дық­­тан бұл мәсе­ле­ні үш мемлекеттің мүд­­­­де­­­­сіне сай шешу қажет. 1992 жылы Хельсинкиде қабыл­данған Трансшека­­­ралық өзен-суларды пайдалану жөніндегі конвенцияға сәйкес, әр мемлекет өз тер­ри­ториясынан өтетін өзен суының 50%-ға дейін пайда­­лануға құқылы. Біз де осы құжатқа сүйе­­нуі­­міз қажет»,– дейді Нари­ман Қыпшақ­баев

ҚХР-мен су жөніндегі қатынаста Үкі­­­­мет те қарап отырған жоқ. Қазір Ақ­қа­­ба және Қарақаба өзендерін бұру жо­басын әзірлеп жатыр. Басын таудан алып ағатын бұл асау өзендер Марқакөлдің шығысын­дағы шекараны бойлай ағып, Қытай жеріндегі Қара Ертіске құяды. Яғни, басы бізде, аяғы көршіде жатқан су көздері. Аталған жоба бойынша осы өзендердің суы тоннел арқылы бері бұ­рылмақ. Жобаның құны – 1 млрд доллар. Нәтижелі жүзеге асса, бұл да дәтке қуат. Неге десеңіз, Ертістің бойын­­­да Өскемен, Се­мей, Пав­ло­дар қалалары тұр. Үкі­меттің Ертістен Қарағандыға су жеткізіп тұрған Сәтбаев каналы арқылы Астанаға су алатын да жоспары бар. Яғни, ауыл-аймақтағы халықты қоса алғанда, төрт миллион қазақстандық ішіп, пай­дала­нады.

«ЖАЙЫҚ ДЕГЕН ЖАНДЫ СУ»

Кейінгі бірнеше жыл қатарынан Жа­йық өзенінде де су тартылып барады. Ақ­­жайықтың суы азайғалы Каспийдің жағасынан су қашты. Ресейден келетін бұл өзеннің де басы буылған. РФ «Ири­клинск» су қоймасы арқылы Жайықтың мол суын ұстап қалып отыр. Орынбор облысындағы су қоймасына 3,3 шаршы шақырым су жиналады екен. Әдетте су­дың басында отырған мемлекеттер ре­сур­­­­сын бұлдайды. Десе де, Қазақстан соншалықты «су аяғы – құрдым» дейтін­­­дей құрғап отырған ел емес. Біздің елдің аумағынан шығып көршіге баратын да өзен-сулар жетерлік. Мысалы, Ертіс, Есіл және Тобылдан Ресей шекарасына жыл сайын 36 шақырым текше су бара­ды. Ал Жайықтан келетін су көлемі – 8 шақырым текше. Парламент Мәжілісі­нің депутаты, «АМАNАТ» партиясы фрак­циясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов қазір Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объекті­лерінің қатарына қосу, кеме жүретін су жолдарында тереңдету жұмыстарын жүр­гізу сынды өзіміздің қолда тұрған мәселелер шешімін таппай отыр. «Біз Жайық өзеніне қатысты Үкімет шеше алатын мәселелерді бірнеше мәрте кө­тер­дік. Бүгінде өзеннің сағасы бітеліп қалғандықтан, балық шаруашылығы субъектілері қиындықтарға тап болуда. Оны тазалап, аршуды шешуге болады ғой. Сонымен қатар Жайық өзенін ерек­ше мемлекеттік маңызы бар су объекті­лерінің қатарына қосу қажет, өйткені ол қоршаған орта мен өңір экономикасына басым әсер етеді», – дейді депутат. 

Сырттан келетін су мәселесі шешіл­генімен, ел ішіндегі жүйелі проблемалар да жетерлік. Ол – суды үнемсіз пайдала­нып, ысырап қылу. Президент биылғы Жолдауында «Суды үнемдейтін техно­логия­ларды енгізу процесі өте баяу жүріп жатқанын айтып сынады. Қазіргі сәтте Су ресурстары және ирригация министр­­­лігі Түркістан және Қызылорда облыста­рында Сырдария өзеніндегі суды есепке алу жүйе­лерін автоматтандыру жоспарын әзірлеп жатыр. Кейін ақпараттық си­туациялық орталық базасында бірың­ғай диспетчерлік пункт жасақталмақ. Биыл 41 гидротехникалық құрылыс рекон­струк­циядан өтті. Шардара су қойма­сында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүр­гізілуде. «Аталған іс-шаралар еліміз­дің су ресурстарын үнемдеп, тиімді бас­қа­ру жұмыстарының бастамасы ғана», – деп атап көрсеткен министрлік мә­­­­лімде­­месінде.

Бауыржан БАЗАР