Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» деген сөзі бүгін де өзекті. Қазақ әйелдерінің ендігі тағдыры баршамызға тікелей байланысты», – деп мәселе көтерді. Халық қалаулысына хабарласып, депутаттық сауалына қатысты бірер сауал қойдық.
– Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамның үрейін ұшыратын өте өзекті проблемаға айналып барады. Қоғамға жария болып отырған әйелді ұру, тіпті өлтіре салу фактісінен тыс, жабулы күйінде қалып жатқан қаншама әлімжеттік оқиғалары бар. Сіз Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалыңызда «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттары дайындаған заң жобасы туралы айттыңыз. Құжатта нақты қандай тетіктер бойынша қатаң шаралар қарастырылады?
– Заң жобасында жалпы Қылмыстық кодеске, Әлеуметтік кодекске, Кәсіпкерлік кодекске, Еңбек кодексіне және бірқатар заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты түзетулер қарастырылып отыр. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тану, соған сәйкес жазаны қарастыру. Бүгінде зорлық-зомбылыққа әкімшілік жаза қолданылады. Жаза Әкімшілік кодекс аясында ғана қарастырылады. Егер біз үкіметтік емес ұйымдардың фактілеріне, зерттеулеріне сүйенетін болсақ, әкімшілік жаза дегеніміз, 2 сағаттан 3 тәулікке дейін қамау ғана. Яғни, бұл аталған проблеманы толыққанды шешуге мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан да Қылмыстық кодекске ұрып-соғуға, аңдуға, буллинг жасау секілді әлімжеттікке қатысты нақты қатаң шара енгізу керек. Бұған дейін бұл мәселелер қарастырылмаған еді. Жалпы, Қазақстанда соңғы жылдары отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Ал балаларға қатысты айтатын болсақ, біріншіден, балаларды жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салу, екіншіден, көпқабатты үйлерде арнайы құлпы бар терезе орнатуды міндеттеу. Бұл балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу үшін қажет. Үшіншіден, педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру. Басқа баламалы жазаны қабылдамау. Төртіншіден, бұған дейін педофилия үшін сотталған және өкінішке қарай, бостандыққа шығатындар үшін соттылығы жойылғанына қарамастан өмір бойына әкімшілік қадағалауды енгізу ұсынылады, осылайша олар үнемі құқық қорғау органдарының бақылауында болады. Бесіншіден, балаларға, ересектерге арналған барлық жабық интернаттық мекемелерге (балалар үйлері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаттар, қарттар үйлері және т.б.) күтпеген тексеру жүргізу нормасын енгізу. Алтыншыдан, қылмыстың алдын алу үшін оңалту немесе басқа да осыған ұқсас профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін қолайсыз әлеуметтік ортадағы және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарды ерте анықтау шаралары ұсынылды.
– Әйелдер мен балаларды нақты қорғайтын заң жобасына қажетті қорытынды түсініксіз себептермен әлі Мәжіліске енген жоқ деп айттыңыз. Себебін біле алдыңыз ба?
– Үкімет бұл ұсыныстарды қолдауы қажет. Заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс.
– Заң жобасы қабылданған жағдайда әйелдерді қолдау, оларға қол ұшын беру, заңның сапалы орындалуы секілді мәселелер қалай жүзеге аспақ?
– Заң жобасы қабылданған жағдайда оларға қол ұшын беру жоғарыда айтқан нормалар негізінде, алдымен – құқықтық мәдениет қалыптастыру, сонымен қатар әйелдің жәбірленуіне, балалар құқығының бұзылуына соқтырмайтындай қоғамның құқықбұзушылыққа төзімсіздігін қалыптастыру басты мақсат болып отыр. Сол кезде ғана қоғам қандай да бір мәселені ашық айтуға дағдыланады. Егер қоғамда құқықтық заңбұзушылыққа, адамның құқығын таптауға, жәбірлеуге төзбеушілік сияқты құқықтық мәдениет қалыптасатын болса, біз өз талаптарымызды жүзеге асыра аламыз. «Эберт» қорының және тағы да басқа үкіметтік емес ұйымдардың зерттеулерін көрдім. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың сотқа дейін жеткен арыз-шағымы 40 пайызды ғана қамтиды. Сол сотқа жеткен арыз-шағымдарға сәйкес жазаланушылардың 39 пайызына жүктелген әкімшілік жаза өте жеңіл.
Біз ұрып-соғуды да Қылмыстық кодекске енгізгуді ұсындық. Бұл заң қабылданғаннан кейін оның орындалуын қадағалауымыз керек. Жалпы қоғамда резонанстық оқиғалар болғаннан кейін қоғамның мәдениетін күшейтуіміз қажет. Жергілікті атқарушы билік органның және мемлекеттік орталық органның құзыреттілігін заң арқылы қарастырып отырмыз. Мұның барлығы мәселені кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Тағы бір үлкен мәселе – әйелді ұрғаннан кейін, яғни анасы таяқ жегенін көрген балаға қатысты құқықтық статус белгіленбеген және оған психологиялық көмек көрсету, реабилитациялық бағдарлама да әзірленбеген. Біз ұсынып отырған заң жобасында бұл мәселе қарастырылған. Жергілікті атқарушы билік органдарынан бөлек, мектептегі психологтардың жұмысын жетілдіру бәрі кешенді қарастырылғаннан кейін әйелдің өзі де көмек сұрай алады. Мұндағы бірінші мәселе – арызданып-шағымданғаннан кейін оны аяғына дейін шешу, екіншіден, көмек алуға толық қол жеткізу маңызды.
– Ал әйелдердің «ұят болады» немесе «не өзгереді» деген салғырттығынан көп мәселе сотқа жетпейтіні белгілі. Осы тұрғыда қандай шешімдер қабылдау керек? Әйелдердің өзіне жасалған әлімжеттіктің қылмыс екенін түсінуі, жасырмауы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Әрине, құқықтық сауаттылық, құқтық мәдениет оның ішінде адамның қадір-қасиетін құрметтейтін қоғамдық сана қалыптастыру және жастардың арасында құндылыққа негізделген білім беру, тәрбие беру, моральдық ұстаным бекіту, бұзақылыққа қарсы, заң үстемдігіне бойұсыну сияқты түсінік болуы керек. Мұның бәрі кешенді түрде жасалатын жұмыс. Заңды қатаңдату және қатаңдатылған заңның орындалуын қадағалау өзекті. Сондықтан бұл – тағдырлы мәселе. Алаш зиялыларының қазақ әйелінің ауыр тағдырын шешуге ұмтылған өсиетіне көңіл бөлуіміз және мектептен бастап қыздарымызды ағартушылыққа, білімге үндеуіміз қажет.
Біз ұсынған заңға қатысты пікірталас көп болады деп ойлаймын. Үкімет мүшелерінің арасында, қоғамда әртүрлі пікірлер, әртүрлі позициялар болуы мүмкін. Бірақ осыдан 100 жыл бұрын Алаш саяси элитасы да осы проблемаларға көңіл аударғанын ұмытпағанымыз жөн. Бұл – бүгінгі ер азаматтарымызға, әйелдерімізге тарихи тұрғыдан сабақ. Бүгінгі билік басындағы үкімет мүшелері де өздерінің позициясын білдіру арқылы азаматтық өресін танытады деген ойдамыз. Бұл мәселеде ешкім бейжай қалмауы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ