Астана қаласы «Мансап» орталығының басшысы Бағила Сайлаубекқызының айтуынша, қазір халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту және қоғамдық өмірге тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау комитетінің деректері бойынша Астана қаласында еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар 11 860 адам тіркелген. «Биылғы жылдың басынан бері 1 951 мүгедек Халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінді. 1 254 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 261 адам тұрақты жұмысқа тұрса, қоғамдық жұмыстарға – 332 адам, «Жастар тәжірибесі» арқылы – 31 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 8 адам және алғашқы жұмыс орны бойынша 10 адам жұмыс істейді», – деді Б.Сайлаубекқызы.
Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа дайындайтын орталықтар бар. Соның бірі – «Dos» Тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектігі бар жандарға білім берумен қатар оларды жұмыспен де қамтиды. 2006 жылы ашылған орталық ерекше қажеттілігі бар жандардың белсенді өмір салтына оралуына және өз күш-жігеріне сенім ұялатуға жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Тағдыр тәлкегіне түскен жандарға бағыт-бағдар берген дұрыс. Бұл туралы «Dos» Тәуелсіз өмір» орталығының директоры Ардақ Отарбаев алдымен олар қоғамда өзін-өзі ұстауды үйрену керегін айтты.
– Қазір мүгедектігі бар адамдардың көбі үйден шықпай, көпшілікпен араласа алмайды. Біз сондай жандармен жұмыс істейміз. Көп жағдайда топпен барып, жалғыздыққа үйренген ерекше жандарды қоғамға бейімдейміз. Арбаға таңылғандар өзін қоғамнан тыс қалдық деп санап, жұмыс істеу мен білім алу маңызды емес деп ойлайды. Олар тіпті жоғары білімі болса да, жұмысқа қабылдамайды деп өзін шектейді. Біздің ортамызға келіп жұмыс істей алатынын, білім барлық адамға қолжетімді екенін ұғады. Мұндай ойлармен шектелмес үшін біз Dos ortopedia ұйымын құрдық. Ұйымда 21 мүгедектігі бар қызметкер бар. Олардың 19-ы – арбаға таңылғандар. Бұлар орталық ашылғаннан бері жұмыс бабында, – деді ол.
Орталықта мүгедектігі бар адамдардың эмоционалды, әлеуметтік, физикалық және интеллектуалдық әлеуетін дамыту және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Ұйым басшысының айтуынша, қазір орталықта мүгедектігі бар адамдар да өздеріне қажетті жұмыспен айналысады.
Біріншіден, Dos-Art бөлімінде өнерпаздардың бойындағы талантын оятып, шабытын одан әрі қамшылайтын білікті мамандар жұмыс істейді. Осындай маман иелерінің шәкірттері аймақта, республика көлемінде болатын мерекелік іс-шараларда өнер көрсетіп, түрлі жарыс жобаларында жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Одан бөлек, қыздарға арналған тоқыма тоқу, сурет салу, саз балшықтан мүсін жасау шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Соның негізінде жұмыс істегісі келгендердің әрқайсысы бүгін өз ісінің маманына айналған. Соның арқасында, мүмкіншілігінің шектеулігіне қарамастан, қоғамға пайдалы болғысы келетін, жұмыс істеуге қабілетті жандар бос уақытта өзіне ұнайтын шаруамен айналысып, нәпақа табуға мүмкіндік алған.
Екіншіден, орталықта мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық сауаттылық мамандары белсенді қызмет атқарып келеді. Орталықта 16 жас пен 50 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі адамдар сабақ алады, қатыса алмаған жағдайда оларға қашықтықтан білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Заман көшінен қалыс қалмау үшін ІТ саласын үйренгендер қоғамда өзін еркін сезініп, басқалармен тең дәрежеде өмір сүру мүмкіндігіне ие болып отыр.
Үшіншіден, орталық қызметкерлері мүгедектігі бар жандардың қажеттілігін қанағаттандыра алатындай арбалар жасаумен айналысады. «Мүгедектерге арналған арбаны сезінген адам ғана істей алады» деген маман жас балалар мен ересектерге ұсынатын арбалардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар, сондықтан тапсырыс алатын кезде алдын ала міндетті түрде тапсырыс берушінің өлшемін алатынын айтты.
– Елде ерекше жандарға қажетті арбаларды өндіруді жолға қойдық. Бұл арбалардың ерекшелігі – адам бойының ұзындығы мен салмағына қарай ыңғайлы. Адамның дене тұрпатының өлшемімен жасалған арба еркін қозғалуға мүмкіндік береді. Арбада ұзақ отыратын адамдардың қан айналымы нашарлайтыны белгілі. Ондай жағдайда ыңғайсыз отыру да ішкі ағзаларға кері әсер етеді. Сондықтан арба адамға жайлы болғаны дұрыс, – деді ол.
Орталықтың көздегені — материалдық тәуелсіздік және ең маңыздысы – қоғамда өз орнын табу.
«Dos» Тәуелсіз өмір» орталығы өмірдің қиындығына тап болып, мүмкіндігі шектелген адамдарға шектеусіз өмір сүрудің жайын ұғындырып, оларды ұдайы қолдап келеді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ