Басты себеп– мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда сала дәрігерлері жеткіліксіз. Халық тегін көмек ала алмаған соң жекеменшік емдеу мекемесіне жүгінуге мәжбүр. Денсаулық саласы бұдан өзге де өзекті түйткілдерден арыла алмай келеді. Тұтас ел аумағында мемлекеттік медициналық емдеу мекемелері ғимараттарының басым бөлігінің тозығы жеткен. Құрал-жабдықтары мен көлік техникалары жеткіліксіз яки әбден ескірген...
Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып жүр. Президент еліміздегі емханалар мен ауруханалардың 80 пайызы тозығы жеткенін мысал еткен. Мемлекет басшысына дейін жеткен бұл мәселе салалық министрлікті айналып өтетін сияқты. Өйткені денсаулық сақтау саласында жан ауыртар дүние жетерлік.
Мұндай жайттар – Ақмола облысында да күйіп тұр. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі емдеу нысандарының 66,1 пайызының әбден тозығы жеткен. Тіпті, шалғай аудандар мен ауылдық жерлерде амбулаториялық емдеу нысандары мен медициналық пунктердің өздеріне тиесілі ғимараты жоқ. Атап айтқанда, облыстағы 561 емдеу мекемесінің ауылды жерлерде орналасқан 41 нысаны әкімдіктер мен білім беру мекемелерінің жетім бұрышын паналауға мәжбүр болған. Сондай-ақ 111 медициналық нысан жергілікті шаруа қожалықтарымен серіктестіктерге тиесілі жалға алынған бейімделмеген ғимараттарда қызмет көрсетеді.
Тақырыпты зерттеу барысында бірнеше аудандық емдеу мекемелерінің бас дәрігерлерінен ғимараттардың жай-күйінің тым төмен екенін анықтадық. Мәселен, Ерейментау аудандық ауруханасының бас дәрігері Марал Сүлейменованың мәліметінше, аудандағы медициналық пунктердің 95 пайызы әбден тозығы жеткен. Ғимараттардың барлығы дерлік өткен ғасырдың 70 жылдары салынған. Басым бөлігі әкімдіктер мен мектептердің сондай-ақ жалдамалы ғимараттарда орналасқан. Аудандағы 16 автокөліктің 95 пайызы тозған. Оның ішінде екі жедел жәрдем көлігі сонау 1997 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Елордадан таяқтастам қашықтықтағы Шортанды ауданындағы жағдай мүлде адам шошырлық. Мұндағы 28 медициналық нысан ғимаратының 16-ның мүлде иесі жоқ. Бес ғимарат жалдамалы және 4 нысан әкімдіктер мен мектептердің ғимаратын паналапты. Сондай-ақ үш бірдей ауылда мүлде ғимарат жоқ. Мұндағы қызметкерлер науқастанып қалған адамдардың үйіне барып ем-дом жасауға мәжбүр. Аудандағы ауруханалар, амбулаториялар мен медициналық пунктердің 85,6 пайызы тозған. Алайда жаңадан салынуға тиіс болған құрылыстың әлі қазығы да қағылмапты. Мәселен Новокубанское ауылындағы амбулаторияның салыну уақыты әлдеқашан болғанымен жер учаскелері құжатының шым-шытырығынан аудан әкімдігі тағы да «келер жылы салып береміз» деген құрғақ уәдесін ғана берген екен. Мұнда да автопарктің 93,5 пайызы тозған. Автокөліктердің ең жаңасы 2014 жылы берілген. Сондықтан ауруханалар күнара тозған көліктерге қаржы салып жөндеу жүргізуге мәжбүр болатынын айтады.
Түйткілді жағдай мұнымен таусылмайды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өңірде медициналық емдеу мекемелері автокөліктерінің де тозғанын мойындады. Салдарынан қатты ауырып жедел дәрігерлік көмек көрсетуді қажет ететін науқастарға жүйткіп баратын жедел жәрдем көліктері де жеткіліксіз. Бар болса да ондаған жыл қызмет еткен автокөліктер күнара сынып, күнделікті қолдануға жарамсыз күйге жеткен.
Әсіресе, облыс орталығының дәл іргесінен орналасқан Зеренді ауданындағы жағдай төбе-құйқаңды шымырлатады. Аудандағы 54 емдеу нысанының төртеуі ғана келер жылы күрделі жөндеуден өткізілмек. Ал қалған 50 медициналық емдеу мекемесінің ғимараттары мүлде тозып кеткен. Басым бөлігіне тіпті СЭС тиісті қорытынды да бермеген болып шықты. Мәселен, Красиловка ауылындағы медициналық пунктің салынғанына бір ғасырдан асып кеткен. Арнайы ғимараттары болуға тиіс болғанымен бірнеше емдеу мекемелері мен медициналық пунктер әкімдік, клуб және мектеп сияқты ғимараттарға орналасуға мәжбүр болған.
– Аудандағы барлық емдеу ғимаратының орташа жасы 40 жылдан асқан. Ғимараттар расында да қатты тозып тұр. Сондай-ақ автокөліктердің де жайы аса мәз емес. Аудандағы медициалық жедел жәрдем көліктері 100 пайыз тозған. Биыл ғана облыстан 2 жедел жәрдем көлігі берілген. Алайда қазір мүшкіл жағдайдан шығу үшін тым құрығанда 10 жедел жәрдем көлігі қажет. Техника тозып кеткендіктен үнемі сынып қалады. Сондықтан науқастарға жедел жетудің өзі үлкен қиындық тудырады, – дейді Зеренді аудандық ауруханасының бас дәрігері Руслан Бөтенбаев.
Өңірдегі медициналық емдеу нысандарындағы құрылғылардың да жағдайы сын көтермейді. Алайда дәрігерлер үшін тозығы жеткен, әлдеқашан жарамсыз деп танылуға тиіс құрылғыларды ілдәлдалап күтіп ұстау қалыпты жағдайға айналған. Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола облыстық филиалы мәліметтеріне сенсек, аймақтағы медициналық техниканың 35,3 пайызы әбден тозған.
Облыстағы жедел жәрдем көліктері техникаларының жеткіліксіздігін аймақтағы жүргізушілер мен дәрігерлер де осыған дейін бірнеше мәрте көтерген. Жүргізушілердің айтуынша, жалақы да төмен. Күні-түні кірпік қақпай қызмет еткенімен, жұмыстың ауырлығына алатын ақысы мандымайтындықтан жиі жұмыстан шығып кетеді. Аты-жөнін атамауды өтінген Қосшы қаласындағы жедел жәрдем қызметкері автокөлік жеткіліксіздігін ашына жеткізді. Оның айтуынша, бұзылып қалған көлікті жүргізушілердің өзі жөндеуге мәжбүр. Алайда көлікті жылдам жөндеу үшін құралдар да, қосалқы бөлшектер де болмай қалады. Мұндай жағдайда көлігі істен шыққан жедел жәрдем бригадасының жүргізушілері үйіне қайтарылады. Бірақ жедел көмекті қажет еткен науқастардың тым көп болуы себепті кезекші дәрігерлер басқа бригадалармен кезектесіп барады. Сонда да жалақысының 50 пайызын ғана алуға мәжбүр.
– Қосшы қаласында 100 мыңға жуық халық тұрады. Бірақ бізде бар болғаны 3-ақ жедел жәрдем бригадасы бар. Өйткені емханаларға тек 35 мың адам тіркелген. Заңға сәйкес, 10 мың адамға 1 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Бірақ мұндағы жұрттың бәрі Қосшыда 100 мың халық тұратынын жақсы біледі. Олардың бәрі де Астана қаласы емханаларында тіркелген. Алайда оқыс қатты ауырып қалған жағдайда олардың бәріне біз қызмет көрсетуге мәжбүрміз. Тіпті, қатты оқыс жағдайларда да науқасқа жедел жетуге үлгермейміз. Қосшыда аурухана болмағандықтан науқасты Астанаға тасимыз. Бұған кемінде 1,5-2 сағат уақыт кетеді. Кейде, тіпті екі көлік елордаға бір мезетте кетіп, Қосшы қаласына бір ғана көлік қызмет көрсететін кездер болады. Мұнымен қоса, Қызылсуат ауылына қызмет көрсетеміз. Көліктеріміз жиі бұзылып қалады. Кейде, тіпті екі көлік бірдей сынып, тұтас қалаға тек бір бригада жұмыс істейтін кез болады. Кезекпен қызмет етеміз. Бірақ тұтас қала қызмет көрсету бір бригадаға өте ауыр. Түйінді мәселені тиісті Денсаулық сақтау министрлігі қаперіне алса екен дейміз, – дейді Қосшы қаласы жедел жәрдем қызметкері.
Өңірдегі медициналық мекемелер ғимараттары, құрылғылары мен техникасының бүгінгі жайы мен алда қаншалықты түзету жоспарының бары жайлы облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан анықтамақ болып сұрап көрдік. Дегенмен басқарма басшылығы бірден арнайы ресми хат жөнелтуімізді сұрады. Сауалдарымызды қойып арнайы жолдаған ресми хатымызға жауапты бір аптадан астам уақыт күтуге мәжбүр болдық. Ведомствоның мәліметінше, тозығы жеткен ғимараттарды аз-мұз болса да азайту мақсатында биыл 14 нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін бюджет қоржынынан 2,2 миллиард теңге, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 390 миллион теңге бөлінген. Дегенмен күні бүгінге дейін аталған жөндеу жұмыс-тары 4 ғимаратта ғана аяқталған.
Өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Целиноград ауданының Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының, Атбасар ауданының Новосельское ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт және Сочинское ауылында медициналық пункт, Біржан сал ауданында емханамен біріктірілген аудандық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде аймақта 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Ол үшін 9 жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Медициналық техникаларды жаңарту мақсатында биыл облысқа 109 бірлік құрылғы сатып алынбақ. Оның ішінде 5 бірлік компьютерлік томография аппараты, 2 дана ангиографиялық құрылғылар бар. Қазіргі уақытта келісімшарттар жасалып, құрылғыларды жеткізу желтоқсан айына жоспарланған. Әрине, облыстың медициналық ұйымдарында автокөліктердің тозғаны рас. Қазіргі уақытта облыстық бюджет есебінен 32 автокөлік сатып алу процесі жүріп жатыр. Оның ішінде 15 санитарлық автокөліктер болса, 17 автокөлік патронаждық қызметке арналған жеңіл көліктер. Қазір конкурстық рәсімдер болып жатыр. Жеткізу осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған,– деді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахилбеков.
P.S.
Қысқасы, денсаулық сақтау саласындағы жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді бірер жылда шешіп тастау мүмкін болмайтынын анық байқадық. Дегенмен құзырлы министрліктер мен ведомстволар ең алдымен жемқорлықтың алдын алып, түйінді мәселелерді шешуге барынша күш салу қажет деген ойдамыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы