Енді испандық ғалымдар ми ісігі бар науқастардан биоматериал жинап сақтамақ және оны ғылыми ортаға түрлі зерттеу жасау үшін, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді тәжірибеден өткізу үшін ұсынады. Ал жинақталған мәліметтер халықаралық ғылыми қауымдастыққа қолжетімді болмақ.
Ғалымдар мұндай зерттеулердің онкологияға шалдыққан науқастарды емдеу ісінде, әсіресе ми жасушасын биобанкке өткізген пациентке жекелей ем-дом тағайындау кезінде маңызды рөл атқаратынын айтып, сүйіншіледі. Ми ісігін зерттеу және бұл дертті емдеуге арналған дәрі-дәрмекті тестілеуден өткізу үшін әдетте ғылыми қолданыста бар эксперименталды үлгілер, әсіресе тышқандар пайдаланылады. Зерттеушілер айтарлықтай маңызды нәтижеге қол жеткізгеннен кейін ғана науқастардың ми тіндерін іздеп, тәжірибе жасап, тек содан соң ғылыми жаңалығын дәлелдеп жатады. Зерттеуге қажетті көлемде биоматериал іздеу ұзақ уақыт алуы мүмкін. Бұл уақытта қандай да бір мәліметтер ескіріп, ғылыми жаңалықтар өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Бұдан бөлек, ғалымдар құзыретті мекемелермен ұдайы байланыс жасап отыруы тиіс, оған қоса, заңды және этикалық талаптарды сақтауы шарт, қағазбастылық тағы бар. Бұл мәселе бірқатар ғылыми зерттеудің жарыққа шығуын һәм қолданысқа енуін тежеп келеді.
Осы орайда Испаниядағы Ұлттық онкологиялық зерттеу орталығының (CNIO) мамандары керемет шешім тапты – миға метастаз берген ісігі бар науқастардың тірі тіндерін сақтайтын қор ашты. Аталмыш биобанк RENACER – ми метастазы бар аурулардың ұлттық жүйесінің бір бөлігі. RENACER құрамындағы 18 аурухананың бірінде ота жасататын ми ісігі бар науқас миының кішкентай бір бөлшегін биобанкке бере алады. Ми жасушалары тірідей сақталатындықтан, оның нақты бір дәрі-дәрмекке әсерін зерттеуге мүмкіндік туады. Бір сөзбен айтқанда, науқастың жекелеген «аватары» жасалады және сол арқылы оған мейлінше оңтайлы әрі жағымды болатын ем түрін анықтау ықтималы артады. Тін үлгілерін жинаудан басқа, RENACER 150-ден астам ми метастазын профильдеу үшін РНҚ мен экзосома секвенциясын қолданады. Ал жиналған барлық мәлімет халықаралық ғылыми қауымдастыққа қолжетімді арнайы базаға орналастырылады.
Зерттеушілер Мануэль Валиенте мен Ева Ортега-Пайно қазір науқастардан алынған органотипті культураларды пайдалануға рұқсат ететін зерттеу келісімшарттарына (PDOC) қол қойып үлгергенін айтады, бұл белгілі бір дәрі-дәрмекке сезімтал немесе төзімді биомаркерлерді жасауға мүмкіндік бермек.
Органотипті культура жүйесі күрделі биологиялық тіндерді өсіруге, олардың физиологиясы мен қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бірақ жасушаның өміршеңдігін сақтау үшін күрделі логистикалық тізбек қажет. Науқастың биометариалы алынғаннан кейін жасушаның құрылымын қаз-қалпында сақтап, оны өсіруге мүмкіндік беретін арнайы жасақталған стерилді контейнерге салып, 4-тен 8°C-қа дейінгі температурада сақтайды. Мидың тірі тіні биобанкке 24 сағат ішінде жеткізілуі керек. Бұл жерде ми жасушасын өңдеп, органотипті культуралар жасайды, содан кейін олар бөліктерге бөлініп, болашақ ғылыми және медициналық зерттеулер үшін үлгі ретінде сақталады.
«RENACER ауруханалар желісімен тікелей байланыста жұмыс істейтіндіктен зерттеулер нәтижесін тез арада клиникалық сынақтан өткізуге де мүмкіндік туады», – дейді ғалымдар. «Шын мәнінде, о баста эксперименталды үлгілерден табылған сұйық биопсияға сәйкесетін биомаркер енді проспективті көп институтционалды зерттеудің маңызды бөлігі болып саналады, өйткені бұл сәулелі терапияға инвазивті емес болжау стратегиясын бағалауға мүмкіндік береді».
Ғалымдар RENACER жүйесін жетілдіруді жоспарлап отыр, мысалы, арнайы базаға мидың суреттерін жүктеу ісі қолға алынды, бұл сырқаттың жалпы сипаты, сондай-ақ оның емдеу ісіне реакциясы туралы жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі уақытта RENACER ми ісігіне маманданғанымен, көп жағдайда ми метастазы бар науқастардың сырқаты ағзасына тарап, басқа да мүшелерін зақымдайды. Сондықтан экстракраниалды (мидан тыс) метастаздарды зерттеуге маманданған басқа да жүйелермен серіктестік орнатуға ниет бар және мұндай ынтымақтастық метастаз беретін аурулардың көптеген проблемасын шешуге көмектесер еді. Өйткені қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың басым бөлігі сырқаттың ағзаға таралып кетуінен көз жұмып жатыр.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қатерлі ісік жыл сайын әрбір алтыншы адамның өліміне себеп болады, 2020 жылы бұл сырқаттан 10 миллионнан астам науқас көз жұмған.
Асыл ТҰМАР