Оның пайда болуының да бірнеше факторы бар. Әлемдік БАҚ-та жарияланған мақалаларды көрсеңіз, мұның себебін бірі әлеуметтік фактормен, ал бірі психологиялық фактормен жиі байланыстырады. Бір анығы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «лудоманияны» құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар адамдардың дерті деп ресми мойындағаны. Сондықтан аталмыш мақалада лудомания туралы жазарда, оның психологиялық қырына басымдық бергелі отырмыз.
Осыдан бірер ай бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев құмар ойынның жарнамасына шектеу салуды сұрап, салаға жауапты министрлерге депутаттық сауал жолдаған еді. Отырысқа Үкімет мүшелері де, депутаттар да қатысқан. Сонда депутат лудомания дертіне шалдыққан отандастарымыздың қатары 40 есеге көбейгенін нақтылап, қоғамда өте қауіпті тенденция барын айтып, дабыл қақты.
Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда 2022 жылдың өзінде құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру қызметінің көлемі 553 660.1 млрд теңге болған.
Сонымен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысқан Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев:
«Лудомания қазір ғасыр дертіне айналды. Құмар ойынның құлқыны қандай десеңіз, санамалап айтайын, қазір елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның инесіне отырған. 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігу 40 есе көбейді деген дерек алдық. Ол-ол ма, букмекерлік кеңселердің бір жылдық айналымы 1 триллион теңге, лудомания дертіне шалдыққан 174 отандасымыз 36 миллиард теңгеге бәс тіккен деген ақпарат және келді. Құмар ойынның құрығына түсіп, құтылар жол таппай құзға құлағандар қазір қылмыс әлемінің табалдырығын таптап жүр. Дерек керек болса айтайын, өткен жылы 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында екен. Суицид жасаған 3 676 адамның әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген ақпарат келді. Құмар ойын бір адамның өмірін талқан етумен тоқтамайды, оған дәлел – елімізде ажырасқан 10 отбасының жетеуіндегі жанжал лудомания дертіне шалдыққандардың шатағынан шыққан», – деді.
Ал «AMANAT» фракциясының тағы бір мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан:
«Үкімет бұл жұмысты бірге атқаруға дайын екенін жеткізді. Лудоманиямен күреске қоғам белсенділерін де тартуды ұсынып отыр. Біріншіден, заң жобасы қабылдануы керек. Заң аясында құмар ойын бизнесінің жарнамасына толықтай тыйым салсақ, жаңа лудомандар пайда болмайды, яғни біз кейінгі ұрпақтың дертке шалдығуын алдын алуымыз қажет. Екіншіден, лудоманияның қаупін біз БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы айтудан жалықпауымыз керек. Күн сайын нақты мысалдармен жастарға оның қаупін көрсетіп отырсақ біраз азамат түсінеді, ойын ойнауын тоқтатады. Бір сөзбен айтқанда, лудомандардың бойын үрей билеуі керек. Үшіншіден, бұл дертті түбірімен жою үшін бізге әлі өте көп жұмыс істеу керек. Лудомания өкінішке қарай, қоғамда дендеп тамырлап кетті. Қазір елімізде әрбір бесінші жас азамат құмар ойын ойнайды. Бұл шамамен бір миллиондай жас адам деген сөз. Осы мәселенің күрмеуін қазірден бастап шеше бастасақ оң нәтижеге қол жеткіземіз, мен оған сенімдімін», – деген еді.
Осыған байланысты «қазіргі қазақ қоғамында қатты белең алып жатқан лудомания дертінің салдары қандай?» деген сауалға жауап іздеп, құмар ойындарына салынып, одан қатты зардап шеккен жанның туысымен сөйлесіп көрдік. Кейіпкеріміз Жарқынай (есімі өзгертіліп алынды – ред.) өзінің құмар ойынға салынып, өмірін қор қылған туысы жайлы былай дейді:
«Ол (лудоман) сабағын өте жақсы оқыған. Мектепте үздік болған. Жалпы, осыған дейін өте ашық-жарқын, көңілді адам еді. Кенет университетке түскен соң бұзылғандай болды. Нақты қай кезде екенін анық білмеймін. Бірақ ата-анасының да, басқалардың да біраз сорын қайнатты. 4 жылда талай адамға қарыз болып, ломбардқа өзінің затын қойып, көп былық істеді. Білуімше, көбіне спорттық ойындарға бәс тіккен сияқты».
Кейіпкердің сөзінше, лудоман туысы қарызға белшесінен батқан соң, барлық банк оның есепшотын бұғаттаған көрінеді.
«Дипломсыз қалды. Әскерге барып келді. Ауылда ата-анасының қолында тұрып жатыр. Бірдеңе ойнайтындай физикалық та мүмкіндігі жоқ. Себебі қазір күндіз-түні құрылыста жұмыс істеп жүр. Банк карталары бұғаттаулы. Елдің бәріне қарыз. Шамамен 3-4 миллиондай қарызы бар. Бірақ әскерге барып келген соң ғана аздап есін жиған сияқты. Егер қарыздарынан құтылып, қалаға оралса, алдағы өмірі қалай боларын болжау қиын» – дейді Жарқынай.
Болған жағдайды саралай келе, кейіпкер құмар ойынға салынудың себебін білімсіздікпен байланыстырмады. Өйткені оның осы дертке ұшыраған туыстары мектептегі оқуын жақсы бітірген әрі ЖОО-да да оқу үлгерімі жоғары деңгейде болған.
«Осы жағдайлардан кейін лудоманиядан емдейтін орталыққа барып мамандармен сұхбаттасқанмын. Сонда ол жақтағылардың айтуынша, құмар ойынға әуестердің көбі математикаға жақсы, ақылды адамдар көрінеді. Олар көп жағдайда компьютердің схемасын айналып өте аламын деген сенімде болады екен. Былайынша, ойынның да түрлері көп шығар. Мен өзім айтып отырған туысым – өте жақсы математик. Тағы бір алыс туысымның ұлы мықты физик еді. Ол да солай бәс тігіп, ойын ойнап, отбасын ойрандапты. Жалпы мұндай жағдай көп, әсіресе туыстарымның арасынан. Бәрін ақымақ деуге келмес, сауатты еді» – дейді Жарқынай біздің редакцияға берген пікірінде.
Кейіпкердің айтқан әңгімесін тыңдап болған соң, жалпы лудоманияның психологиялық себебін анықтауға ұмсындық. Сөйтіп біраз жылдан бері психология саласында еңбек етіп жүрген психолог, психоаналитик маман Гүлзат Қанатпен тілдестік. Ал ол бізге лудоманияның туындау себебін және оның отбасы институтымен тығыз байланысты екенін айтты.
«Лудоманияны термин түрінде қарайтын болсақ, «лудо – ойын», «мания – ессіздік», яғни «ойынға есі кету» дегенді білдіреді. ДДСҰ мұны құмар ойындарға патологиялық түрде әуестену деп көрсетеді. Иә, біз белгілі бір деңгейде байлар бұған тап болады, кедейлер тап болады деп бөліп-жіктей алмаймыз. Барлығында лудомания болуы мүмкін. Бірақ оған ықпал ететін белгілі бір факторлар бар. Мысалы, отбасындағы тәрбиені алайық. Отбасыда белгілі иерархиялық жүйе бар ғой. Оның негізгі көрінісі мынау: мәселен, ата-ананың балаларға қарағанда қолында билігі болады. Бала кәмелет жасына жеткенше, өзі ақша тапқанша, ата-анаға бағынады. Бірақ сол ата-ана «бағыну» дегенді қамқорлық, жауапкершілік деп емес, тек қана үстемдік, қысым деп түсінетін болса, балаларына көп жағдайда қысым жасай берсе, өзіне толықтай бағынышты етіп қойса, онда болашақ потенциалды «тәуелді» адамды тәрбиелеп шығарады.
Одан кейін қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Егер ата-ана (бұл көп жағдайда әке болуы мүмкін) жеңіл жолмен, құмар ойын арқылы ақша тапқан болса, онда бала да мұны қайталауы мүмкін. Бұрын болатын еді ғой, көшеде «шарик-марик» ойнайтын адамдар. Сондай нәрселермен ақша табады, елді алдайды. Айтпағым, сондай әкенің баласы құмар ойынға, ақша тігуге, онлайн бәс тігуге бір табан бейім болуы мүмкін. Яғни бала әкесінің ақшаны қандай жолмен тапқанын көреді. Содан терлеп-тепшіп, бірнеше жерде миды ауыртып жұмыс істемей-ақ, біреуді алдап, жеңіл ақша табуға болатынын көреді де, соған бейімделгісі келіп тұрады.
Одан кейінгі жағдай: адам бала кезінде осыған ұқсас «ойындарға» жақын болуы мүмкін. Қазір оның ерекше жеңіл түрін ауылдық жерден көп көремін. Ол – жата-жастанып алып, 4-5 сағаттап карта ойнау. Үлкендер соны ермек қылып, сол үшін кездесіп жатқанын көрген бала, мәселен, келешекте ол да карта ойнауы мүмкін. Демек адам кішкентайында сондай құмар ойындарды көріп өссе, бейсаналы түрде оған жақын болуы мүмкін. Себебі бұл айына бір емес, апта сайын, күн сайын сол үшін кездесіп, адамдарды жақындастыратын дүниеге айналып барады. Лудоманияның негізі тезірек байысам, үстіме бренд киімдер кисем, астыма қымбат көлік мінсем дейтін дүниеуи құндылықтарға деген аса құмарлықтың болуынан туындап отыр.
Адам «Менің қасымда сондай қатарласым бар. Ол өз еңбегімен бәріне жетті, бірнеше жыл табанды жұмыс істеді, бірақ менде ондай бір заттай құндылықтар жоқ» деген ойда болады. Соларға тезірек қол жеткізу үшін «оңай жолмен ақша таба аламын» деген фантазиясы болады. Осы факторлардың бәрін біріктіріп келгенде, лудомания шығуы мүмкін. Оған әлеуметтік фактор да әсер етеді. Мысалға, тап сол ауылда карта ойнайтындарды алайықшы. Сондағы адамдардың ермегі тек карта ойнау болуы мүмкін. Мысалы, театр, қойылым, концерт, шығармашыл орта, т.б. түрлі ақпаратты талқылайтын мәдени орта болмағандықтан, олар әуел басында өздеріне ермек табады. Бірақ ол уақыт өте келе, құмар ойынға айналып кетеді. Басында 5 мың, 10 мың деп басталған ойын кейін миллионға дейін кете береді» – дейді психолог Гүлзат Қанат.
Маманның айтуынша, егер отбасыда лудоман адам біреу болса, онда ауруға кешенді психологиялық ем-дом жүргізілуі қажет екен.
«Көбіне отбасында бір лудоман болады. Яғни бауырлардың арасында. Немесе әкесі лудоман болса, оның баласы да сондай болады. Осындай сәттерде бұл адам сол отбасындағы ең әлсіз адам саналады. Себебі оның ішкі «мені» қалыптаспаған. Мысалы, ішкі «мен» дегеніміз бір-ақ күнде қалыптаспайды ғой. Оны кішкентай балалардан-ақ көруге болады. Қарапайым киімді айтайықшы. Әдетте балаларда киім кию қалай болады? Басында ата-ана не кигізіп қояды, бала соны киіп жүре береді. Не берсе де, соны көріп, қызығып, киіп алады. Бірақ өсе келе таңдайды ғой. «Маған көк емес, қызылы керек» дейді. Әртүрлі қиғылық салады. «Мына тамақты жемеймін, ана тамақты жеймін» дейді.
Ал әр сәт сайын киім киюінен бастап, тамақ жеуі, мамандығы, жақсы көретін адамына шейін ата-анасы таңдап беретін адам – тәуелділікке бейім адам. Яғни ертең ол ойынқұмарлық болсын, араққа тәуелділік болсын, есірткіге тәуелділік болсын, кез келген тәуелділіктің түріне сына кетеді. Одан құтылып шығу қиын. Лудоманның өзі ешқашан психологтың алдына келмейді. Оны міндетті түрде қасында өзіне тәуелді етіп байлап алған бір адам сүйреп жүреді. Ол көбіне анасы, әйелі дегендей ғой. Лудоманның тек өзімен жұмыс істеу де еш нәтиже бермейді. Себебі бұл – отбасылық невроз. Қазақшалап, отбасылық қысым деп алайық.
Отбасылық институтта қысым болғаннан кейін, тәуелді адамның басына төніп тұрған қысымды босатпайынша, біз ол адамға көмектесе алмаймыз. Сондықтан да лудоман адамды бізге емделуге әкелетін болса, мына мәселенің басын бірден ашып айтамыз. «Бұл – отбасылық қысым, біз бір ғана адаммен жұмыс істегенде, еш нәтиже болмайды» дейміз. Отбасы мүшелерінің әрбірі жеке психологқа барып, «осы мәселеде көмектесеміз», «бұдан қалай да шығамыз» деп ойланбаса, келісім бермесе, психологтар лудомандармен жұмыс істемейді. Өйткені бір адаммен жұмыс істеу – нәтижесіз» – дейді ол.
Сонымен қатар психоаналиктің айтып отырған сөзіне баса мән берсек, лудоманияның психологиядағы 4 кезеңі бар екенін де білуге болады.
«Лудоман болудың бірнеше кезеңі бар. Ең бірінші кезеңі – ұтыс кезі, яғни эйфория, бақыт кезеңі. Көп жағдайда ойынға енді кірісіп, автоматқа ақшасын сала бастаған адам ұтады. Бұл – ойынның жүйесі ме, сондай өзі. Мұны осы саланың мамандары жақсы білетін шығар. Аталған кезеңде адам бақытты болады. Қиналып, айлықтан айлыққа жүрмей-ақ, 5-6 секундта батырманы басып, ақша табуға болады екен ғой деген ойда қалады.
Келесі кезең – жеңіліс кезеңі. Мұнда адам ұтылады. Мәселен, басында 100 мың ұтса, одан кейін 1 миллионн ұтылуы мүмкін.
Содан кейін үшінші кезең басталады. Мұнда «мен осы кеткен есемнің бәрін қайтарамын деген» түсінік қалыптаса бастайды. Мысалы, адамда «мен 1 млн-ға қарызға кірсем, оны 2 млн етіп қайтарамын» деген өзінің алапат иллюзиясына сене бастайды. Бұл – ешқашан орындалмайтын иллюзия. Осы жерде мысалға, арақ ішу мен есірткіні алайықшы. Мас адам қанша жерден мас болса да, «мен маспын» деп айтпайды ғой. «Мен саумын» дейді. Есірткі шегетін адам да сөйтеді. Лудоман да тап солай.
Ол ештеңе ішіп-шекпеуі мүмкін. Бірақ сол сәттегі тәуелділігін мойындамайды. Сондықтан оған айналасы, ата-анасы, отбасы, достары көмекке келуі қажет. Ең дұрыс қадам –дертті көпшілікке мойындау. Иә, біздің баламыз, досымыз делік, лудоман болып кетті, оған ешқандай ақша бермеу керек, шектеу керек деп айтылғаны жөн. Сосын айналасына да мойындау керек. Көпшілікті құлағдар ету керек. Сөз басында «мания» дегеніміз «есі кету» деген мағына беретінін айттым ғой. Демек бұл – психоз деген сөз.
Ал психотиктер адамды елітіп, баурап алады. Неге адамдар көбіне психотиктерге сеніп, ақшасын береді деп ойлайсыз? Бірақ мұның жауабын ойлағанда, кезінде өзім де қатты таңғалдым. Меніңше, мұның себебі олар (лудомандар) үнемі психозда жүреді. Өздерінің психотик ерекшелігіне сай, кез келген адамды сендіре алады, еліте алады. Және адамдар да бұларға сенгіш, бергіш келеді. Ал мұны айналасы саналы түрде тоқтатуы керек.
Одан кейінгі кезең – емдеу. Мұндайда психоанализ бағытындағы психологтар науқасты ерікті түрде емдейді. Егер науқас қаламаса, оған ештеңені мәжбүрлей алмаймыз. Бірақ мәжбүрлі түрде де емдейтін неше түрлі клиникалар бар. Қайткенмен ем-шара орындалуы керек. Өйткені бұл – ауру, – дейді психолог.
Осылайша лудоман болудың бірнеше сатысына көз жүгірте отырып, психологқа «лудоманияға әйелдерге қарағанда неге ерлер бейім болып келеді?» деген сауалды қойып көрдік. Әрине, бұған қатысты арнаулы әлеуметтанулық зерттеуді әзірге кездестірген жоқпыз. Бірақ біз сөйлескен кейіпкердің лудоман туыстарының барлығы ерлер екені осындай сұрақтың шығуына түрткі болды. Маман мұны былайша түсіндіріп берді:
«Менің тәжірибемде әйел лудомандар да кездескен. Бірақ ер адаммен салыстырғанда, проценттік мөлшері неге аз дегенге мынадай болжам айтып көрейін. Бізде көбіне қоғам патриархат дейді ғой. Негізі бізде «жасырын матриархат» та бар. Мысалы, көп жағдайда баланың жауапкершілігі болсын, отбасының жауапкершілігі болсын, тіпті күйеуінің жауапкершілігі болсын әйелге артып қоятыны жасырын емес. Жауапкершілік әркез әйелде болғандықтан, ол жауапсыз тіршілік кешуге бейім емес.
Оған қоса оларда баласы дүниеге келген соң аналық инстинкт пайда болады. Ана табиғи түрде өз ұрпағына жауапты болады. Қоғам да сосын әйелге «осындай болуға, осындай жасауға жауаптысың» деп түрлі міндетті артып қояды. Ер балаға келгенде, одан талап ету жағынан қоғам бостау. Осы нәрсе де сіздің «неге ерлер әйелдерге қарағанда құмар ойындарға бейім?» деген сұрағыңызға жауап беруі мүмкін. Өйткені мектеп кезінде де қыздарға «оқыңдар», ал ер балаларға «екі қолға бір күрек табылады» деген жалаң көзқарас болатын. Мұны ер балалардың қолынан өзіне тиесілі «билікті алып қою» деп түсінер едім. Үйленген кезде де еркектерге «енді сенің тамағыңды пісіретін, киіміңді дайындайтын адам бар» дейді. Алайда бұл – әрбір адам істей алатын шаруа. Бәрін осылай әйелге ысыра беретіндіктен, ер адамдарда тәуелділік жоғары. Қоғам барлық жауапкершілікті әйелдерге артып қойғаннан, ер адамдарда жауапсыздық пайда болатын сияқты. Жауапсыздық – тәуелділік» – дейді Гүлзат Қанат.
P.S. Сонымен «ғасыр дерті» деп айдар таққан лудомания дертінің бәрінен бұрын психологиялық ауру екенін мамандар жиі айтады. Бірақ онымен табанды түрде күресу қалай жүзеге асады? Бұған жауапты Үкімет пе, әлде азаматтық қоғам ба? Бұл – әзірге көкейде тұрған белгісіз сұрақ. Бірақ елдегі болып жатқан түрлі қылмыстың ішінде «лудоманияның» кесірінен болатын қылмыс саны көбейіп бара жатқаны рас. Сондықтан лудоманиямен күрес жолында қазақстандық ақпарат кеңістігінде осы мәселенің жиі-жиі қозғалғанын дұрыс деп білеміз.