Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи халықаралық университетінде Медиакраттар медиафорумы өтті.
Түркістанда БАҚ саласындағы адам түсінбейтін реформалар талқыланды
799
оқылды

Медиафорумға ақпарат саласының өкілдері, атап айтқанда, аудандық, қалалық газеттердің бас редакторларынан бастап облыстық, аймақтық медиахолдинг директорлары қатысты. 

«Айқын-Литер» ЖШС, «Қазақ газеттері» ЖШС, «Заң» медиа корпорациясы» ЖШС, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі, «Жас Алаш», «Жас Қазақ», «КТК», «31 арна», Qazaqstan ұлттық арнасы және өзге де БАҚ өкілдері атсалысты. Ең маңыздысы, «Масс-медиа туралы» заң және журналистика тағдыры» деген тақырып жан-жақты талқыланды. 

Жиын жайында журналист Ғалымжан Елшібай Facebook  парақшасында жазды. Оның пікірінше, қарама-қайшылыққа толы пікір алмасуда таразыға түскен заң жобасын әзірлеген Мәдениет және ақпарат министрлігінің лауазымды тұлғасы өздері ұсынған нұсқаның дұрыс жақтарын дәлелдеуге тырысып бақты. 

 

«Жиынға Мәжіліс пен Сенаттан бірнеше депутат қатысты. Олар орынды сын-ескертпе, ұтымды ұсыныстардың заңда қамтылуын қадағалайтын үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны жайлы ойларын ортаға салды. Алматы мен Астанадан арнайы келіп, Түркістан төрінен табылған «Масс-медиа туралы» заң жобасының жұмыс тобының мүшелері де сын сағатта еңселерін тік ұстап, ештеңеге жалтақтамай, елдің сөзін сөйледі. 

 

Баяндаманы жасаған  Aulieata media  холдингінің директоры, журналист Оралхан Дәуіт ақпарат саласындағы адам түсінбейтін реформаларға көбірек тоқталды. Өңірлердегі медиахолдингтердің жұмысы ала-құла. Бір медиахолдингтің құрамында аудандық, қалалық газеттер енгізілсе, енді бірі облыстық басылымдардың ғана басын қосып отыр. Үкіметтің газеттерді жекешелендіру жөніндегі шешімдері де біркелкі іске аспай жатыр. Қызылорда облысының газеттері сенімгерлік басқаруға берілген. Ұлытау облысының мемлекеттік газеттері де, телеарнасы да түгелдей сатылып кеткен.

Облыстарда мемлекеттік тапсырыстың бағасы да әртүрлі. Мәселен, газеттерге берілетін мемлекеттік тапсырыстардың 1 шаршы сантиметрінің бағасы Қызылордада – 120 теңге, Шымкентте – 165 теңге, Астанада – 318 теңге, Солтүстік Қазақстанда – 95 теңге, Ұлытау облысында – 550 теңге, Алматы қаласында – 428 теңге, Қарағандыда – 762 теңге. 5 мың таралымы бар Қарағанды немесе Ұлытау облыстарында және Астана қаласында баға жоғары, 25 мың таралымы бар Қызылордада неге ең төменгі баға қойылғаны тағы түсініксіз.

 

Бір кездері Мәжіліс депутаты, Ақпарат және мәдениет министрі болған Дархан Мыңбай «Масс-медиа туралы» заң жобасында бірқатар жақсы жаңалықтардың барын алға тартты. 

«Бір жағынан нарыққа кіргіміз келеді, екінші жағынан бұрынғыдай қолдайтын көп жағдайды сақтап қалғымыз келеді. Олай болмайды. Бір жағына шығуымыз керек» деген Дархан Қамзабекұлы дәл осындай аса жауапты кезеңде журналистердің өзара бірлігінің өте қажет екенін баса айтты.

 

«Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша құрылған жұмысшы тобының жетекшісі, публицист, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, осы уақытқа дейін заң жобасына қатысты 200-ден астам ұсыныс түскен. Бірқатар тың ұсыныс бар. Мәселен, журналист жариялаған материалы үшін жауапқа тартылу мерзімінің ескіруін 3 жылға, тіпті 1 жылға дейін төмендету туралы мәселе қаралып жатыр.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай заң жобасын талқылау кезінде журналистердің қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігін алға тартты. 

 

«Телеарнаның камерасын 45 мың долларға, ал журналисті 1 мың долларға ғана сақтандырып, шетелге, соғыстың ортасына жіберген кездерді де көргенбіз», – деді журналист Бибігүл Жексенбай.

 

 

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі Есенкүл Кәпқызы, Жұлдыз Әбділдә, Серік Әбікенұлы ұлттық журналистиканың ертеңіне қандай қауіп төнуі мүмкін екеніне нақты айғақ келтірді. 

 

Журналист Молдияр Ергебеков заң жобасының «Масс-медиа туралы» деп аталуының өзі ақылға қонбайтыны туралы көзқарасын көпшілікпен бөлісті. Журналистерге біраз артықшылық, әлеуметтік пакет береді деген «Пресс картаға» көп әріптестің қарсылығы туындап тұрғаны алқалы жиында анық аңғарылды. Мұндай әдіс әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ оның тетігі кімде болады? Егер биліктің қолында болса, шенеуніктер өзін сынаған журналистерді «шөміштен қақпай ма»? «Пресс картаның» журналистер арасында алалаушылық тудыруы мүмкін екенін, сондықтан оны алып тастау туралы ұсыныстардың бары да атап өтілді. Қазіргі журналистердің тәуелсіздігі, «сенім кредиті» туралы мәселе де назардан тыс қалған жоқ.

 

Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы Мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов жаңа заң жобасында журналистердің сұрау хатына мемлекеттік органдардың жауап беру мерзімі 7 күн болса, қазіргі нұсқада 5 күнге дейін қысқарту ұсынылғанын мәлім етті.

 

Пікірталаста Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, «Сыр медиа» ЖШС-ның бас директоры Аманжол Оңғарбаев және өзге де журналистер ұсыныс айтты. 

Медиафорумының қорытындысында «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты ұсыныс жолданатын болды.