Тізімнің ең басында – Сейітжановтар әулеті
Үшінші мегаполистегі ең бақуатты, белді бизнесмендердің көшін республикаға танымал Сейітжановтар отбасы бастап тұр. Одан кейінгі орынды Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Молдасейітов толықтырған. Келесі кезектегі байлардың қатарына Ғайбилла Ерметов пен Абдукаххар Пайзахметов кіреді.
Кәсіпкер Серікжан Сейітжанов жылдар бойы шымкенттік ауқаттылар тізімінің басында келеді. 2012 жылдан бері қазақстандық Forbes Сейітжановты елдің ең ықпалды кәсіпкерлері рейтингіне енгізді. Отбасының басты байлығы – «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы. Серіктестік 16 жыл бұрын Шымкент қаласында тіркелген (қазір Түркістан облысында қайта тіркелген). Оның құрылтайшылары – Сейітжановтан басқа жұбайы мен мен төрт баласы. 2015 жылдан бері корпорация 37,4 млн теңге салық төлеген. Аударымдардың негізгі көлемі оның еншілес ұйымдарына түскен. Яғни, соңғы 12 айда 33 компания мемлекеттік кірістер органдарының шоттарына 29,4 млрд теңге аударған.
Холдингтің келесі активтері тікелей Шымкент қаласында тіркелген (олардың 2023 жылы салық аударымдары бар). Олар – үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған цемент зауыты («Стандарт Цемент» ЖШС), одан кейін «Стандарт Пауэр» ЖШС екі жылдан аз уақыт бұрын тіркелген. Ол корпорацияның цемент зауыты үшін электр қуатын өндіреді.
Сейітжановтарға тиесілі тағы бір компания – «Созақ фосфат» ЖШС. Компания – Түркістан және Жамбыл облыстарының өзіндік фосфат кені негізінде минералды тыңайтқыштар мен басқа да өнімдерді өндіретін кешен. Ал «Құмкөл Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Құмкөл маңындағы жер қойнауы учаскесінде көмірсутек кен орындарын барлаумен айналысады. Құмкөл географиялық тұрғыдан Қарағанды облысының Ұлытау ауданында және Қызылорда облысының Сырдария ауданында орналасқан.
– Nedra Com ЖШС Қызылорда облысы Сырдария ауданында орналасқан Ақсай кен орнының Оңтүстік-Батыс геологиялық бөлігінде көмірсутектерді барлаумен айналысады;
– «КазНИИхимПроект» ЖШС инженерлік-техникалық жобалауға, сондай-ақ жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға маманданған;
– «Алкор» ЖШС өзінің жылжымайтын мүлкін басқарады. 2GIS мәліметтері бойынша, компания тіркелген ғимаратта корпорация иесінің басқа қызының Smart-Oil ЖШС барлау бұрғылаумен айналысатын кеңсесі орналасқан.
Одан бөлек, Сейітжановтардың шәкірт тәрбиелеумен айналысатын бизнестері де бар. Қазақ инновациялық университеті – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының жалғыз құрылтайшысы. Бүгінде академияның базасында Сейітжановтар отбасы 800 төсектік университеттік емхана салуда. Ал Инновациялық-технологиялық колледж 9-11-сынып түлектерін бюджеттік және ақылы негізде қонақүй ісі, туризм, құрылыс құрылысы, мұнай және газды бұрғылау, химия өндірісі сияқты 11 мамандық бойынша дайындайды.
– «Жібек жолы» тауар биржасы – 2022 жылдың соңында 10,6 млн теңге шығын көрсеткен еліміздегі жұмыс істейтін он биржаның бірі. «Оңтүстік Финанс-Ресурс» несие серіктестігі екі жыл бұрын несие портфелінің көлемі бойынша Қазақстандағы ұқсас профильдегі ең ірі үш компанияның бірі болды. Сонда «Курсив» компаниясы еншілес компанияларды жеңілдікпен несиелендіруге бағытталғанын атап өтті.
«ЦентрКоммерцСнаб» ЖШС – ресми түрде тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудалау агенті. Шикізатты бағалы металдарды, сынықтар мен қалдықтарды, рудаларды және бағалы металл концентраттарын экспорттауға лицензиясы бар. East Smelting ЖШС – Шығыс Қазақстан облысындағы негізгі инвестициялық жобалардың бірі. Ол Қызылқайың кен орнында тау-кен байыту комбинатын (мыс өндіру және өңдеу) салуды көздейді.
Ocean Energy Company ЖШС Түркістан қаласында жылу электр орталығын салуды және Түркістан облысындағы Өгем өзенінде су электр стансаларының каскадын салуды жоспарлаған. Соңғы жағдайда жоба Қазақстанның Даму банкінің қарауында. Shymkent Tower ЖШС – құны 32 млрд теңгені құрайтын 30 қабатты сауда-іскерлік орталығының жобасы. Құрылысы өткен жылы басталған, 2024 жылы аяқталуы тиіс.
South Oil «Оңтүстік» флагмандық мұнай-газ компаниясының бас кеңсесі Түркістан облысында тіркелгенімен, Шымкент қаласында орналасқан. Биыл ғана 21,8 миллиард теңге салық төледі. Сондай-ақ «Сәтті жол» жанармай құю стансаларының желісін де атап өтуге болады («Стандарт Ресурс» ЖШС, Түркістан облысы). Корпорация өзінің еншілес компаниялары арқылы Шымкент мұзсарайына да иелік етеді. Қазір холдинг 12 мың адам құлшылық ете алатын мешіт салуда.
Сейітжанов холдингінің Шымкенттен басқа еншілес компаниялары Түркістан, Жамбыл, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астанада тіркелген. Сейітжанов пен оның екі ұлы жеке тұлға ретінде тағы бір шымкенттік компания – «Ақ-Жол ТрансСервис» ЖШС-на (жүк тасымалы) иелік етеді. Олигархтың әйелі бес жұлдызды Rixos Khadisha Shymkent қонақүйі мен «Кос Ана» балабақшасының қожайыны.
Шымкенттегі Сейітжанов балалары тағы 11 компанияға толық немесе ішінара иелік етеді. Олардың ішінде: «Минерал Импекс» ЖШС (автотасымалдаумен, мұнай мен газдың көтерме саудасымен айналысады), Gold Minerals ЖШС (асыл металдарды өндіру), мейрамхана, бизнес орталығы, сауда, ауылшаруашылық компаниялары және тағы басқалар бар.
Мемлекеттік қызметте отырып, өз байлығын жариялаған жан кім?
Шымкент байларының тізімінде екінші тұратын тұлға – Қайрат Молдасейітов. Ол – Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облыстық мәслихатының депутаты, Түркістан және Шымкент қаласының әкімі болды. Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесін басқарды. Ол мегаполисті бір жылдан астам уақыт – 2012-2013 жылдары басқарды. Айтпақшы, дәл осы кезеңде Молдасейітов өзінің байлығының көлемін айтты. Жер телімін және 316,2 млн теңгесі мен 3,9 млн АҚШ долларын жариялады.
Бұрынғы мемлекеттік қызметкер бүгінде төрт компанияның құрылтайшысы, оның үшеуі Шымкентте тіркелген. «Отау-Строй» ЖШС Шымкентте алғашқылардың бірі болып заманауи тұрғын үй кешендерінің құрылысын бастады. Кәсіпорын сонымен қатар темір-бетон бұйымдарын, темір конструкцияларын, қабырға блоктарын шығарып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізеді. 2015 жылдан бастап төлеген салықтары – 10,3 млрд теңге. Компанияның мемлекеттік сатып алу шарттарының құны қазірдің өзінде 148,5 миллиард теңгеден асты. Бұл негізінен Түркістан мен Шымкенттегі жолдар мен көпқабатты үйлердің құрылысына ғана қатысты.
Компанияның екі еншілес ұйымы бар, олар соңғы 12 айда 251,6 млн теңге салық төлеген. Бұл – «Сити Отау» және «Бастау» корпорациясы. Екеуі де құрылыс саласында жұмыс істейді. Екінші кәсіпорын мемлекеттік сатып алуға қатысуда. Оның келісімшарттарының көлемі 5,6 млрд теңгеге жетті. Кәсіпорындарды кәсіпкердің 43 жастағы әпкесі Майра Молдасейітова басқарады деген болжам бар. Айтпақшы, Шымкентте ол битум өнімдерін шығаратын «Биік Белес» ЖШС-ның иесі.
«Авангард зауыты» ЖШС Шымкенттің «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан және шыны табақ шығарумен айналысады. Кәсіпорын үш жыл бұрын тіркеліп, сол уақыттан бері 151,5 млн теңге салық төлеген.
Ал қабырға блоктарын, бетон бұйымдарын шығарумен, игерілген қиыршық тас және құм карьерлерімен, цемент, құм, қиыршық тас және жартылай асыл тастар саудасымен айналысқан «Алтын тастақ» ЖШС биыл ғана жойылды.
Молдасейітов биыл «Күнгей» ЖШС құрылтайшыларының қатарынан шықты. Компания стационарлық сауда объектілерін салумен және меншікті жылжымайтын мүлікті басқарумен айналысады. Бұл ретте кәсіпорынды кәсіпкердің туысы, 54 жастағы Жаухаз Молдасейітова басқарып отыр.
Нан өнімдерінен бастап алтын сарайларға дейін
Келесі олигарх Ғайбилла Ерметов – 27 жылдан бері ұн өндірумен айналысып келе жатқан шымкенттік «Дани-Нан» ірі кәсіпорнының директоры әрі жалғыз иесі. 2015 жылдан бері кәсіпорын 736,2 млн теңге салық төлеген. Сонымен қатар Ғайбилла Назарметұлы қаладағы тағы бірнеше операциялық компанияға иелік етеді:
«Агрофуд сауда үйі» ЖШС теміржолды басқарады. 2017 жылдан бастап салықтар – 18,3 млн теңге. «Диірмен-индустриалды компания» ЖШС ұн өндіруге және жылжымайтын мүлікті жалға беруге маманданған. 2015 жылдан бастап төлеген салықтары – 490,4 млн теңге. «Дани-Нан Экспорт» ЖШС ұн өндірумен және түрлі тауарды көтерме саудамен де айналысады. 2015 жылдан бастап төлеген салықтары – 94,3 млн теңге. «Дани-Нан Менеджмент» ЖШС жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалға беру және пайдалану, сонымен қатар тауарлардың кең ассортиментін саудалаумен айналысады. 2015 жылдан бастап төлеген салықтары – 982,4 млн теңге. MP Estate ЖШС төрт жылдай жұмыс істеп келеді және жеке жылжымайтын мүлікті жалға беру мен басқаруға маманданған. Салығы – 22,6 млн теңге.
Оның туыстары да Ерметовтің ұн тарту кәсібімен айналысады, аталған компаниялар құрылтайшыларының арасынан Ғайбилла Назарметұлының әпкесі, ағасы және ұлы бар. Шымкентте олардың кейбір активтері де бар: мысалы, «Бенерон Групп» ЖШС (азық-түлік емес тауарлардың көтерме саудасы) және DN Rail ЖШС (жүк теміржол көлігі қызметі).
Тізімдегі келесі азамат – Абдукаххар Пайзахметов. Кәсіпкер, меценат, қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты. Сонымен бірге Adata.kz сайтының хабарлауынша, ол ресми түрде тек жеке кәсіпкер, оның компаниясы жалға беру және мүлікті басқарумен айналысады. Ешқашан басқа бизнеске иелік етпеген. Шымкент қалалық Мемлекетттік кірістер департаменті Пайзахметовке тиесілі Dur Plaza және Rahima Plaza атты екі сауда және ойын-сауық орталығы бар екенін хабарлаған. Ойын-сауық орталығының ашылуы кезінде Абдукаххар Хашимұлы компанияның негізін қалаушы ретінде таныстырылған. Шымкентте кәсіпкердің туыстарына тиесілі басқа да бірқатар нысан бар екені белгілі.
Мәселен, Бәйдібек би даңғылында орналасқан «Алтын сарай» тойханасы жеке кәсіпкер, меценаттың жары Жәмиля Пайзахметоваға тіркелген. Шымкенттегі тағы бір танымал тойхана «Пайзахметов Н.А» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі «Гауһар Сарай» 37 жастағы Нозим Пайзахметовтың атында. Яғни, ол – кәсіпкердің ұлы.
Үшінші мегаполистегі ең бақуатты бизнесмендердің тізімін осылайша жалғай беруге болады. Шүкір, «елде болса ерінге тиеді» дегендей, бай-бақуаттылар көп болса, халыққа да шарапаты көбірек тиер деген үміт қой...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы