Бірақ оқу ақысының қымбаттығын, гранттар таланттардың бәріне бірдей жетпейтінін айтпағанда, алдыңғы қатарлы елдерде тұрудың және тамақтанудың өзі қалта қағады. Қазақстан дүниежүзіндегі дарындарға бұл тұйықтан шығудың жолын ұсынбақ. Қазақ елінің дәл қазір іргесін қалап жатқан жаһандық мега-жобасы Study in Kazakhstan деп аталады.
Бұл бастаманың идеясы бір қарағанда, қарапайым. Ғаламшарымыздағы атағы жер жарған беделді жоғарғы оқу орындары республикамызда төл филиалдарын ашады немесе жергілікті университеттермен кооперацияланады. Тиісінше, олардың диплом-сертификатына ие болу үшін төрткүл дүниенің әр түкпірінен талапты жастар Қазақстанға ағылады. Әрине, бәрі айтуға оңай.
Әлемге мәшһүр шетелдік университет-колледждердің бөлімшесін елімізде ашу – күрделі іс. Ал ашылған соң атақ-абыройды сақтап қалу, білім мен ғылым биіктерін бағындыру, кері кетіп тоқырамай, кемелдену кезеңдерін лайықты еңсеру одан да қиын.
Дегенмен Қазақстан Үкіметі бұл тарихи деуге тұратын, шапағаты болашаққа тарайтын, игілігін келер ұрпақ та көретін ірі жобасын ілгерілетуде. Бастапқы нәтиже жаман емес көрінеді. Осы аптаның бейсенбісінде, 16 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдағаны белгілі. Сонда министр жыл соңына дейін елімізде жұмыс істейтін жетекші шетелдік университеттер филиалдарының саны 8-ге жететінін мәлімдеді.
Ақордадағы қабылдаудың қарсаңында министрі Саясат Нұрбек жоғары білім беруді қайта құру, шетелдік жетекші оқу орындарын елге тарту, қазақстандық және шетелдік шәкірттерге сапалы білім беру мәселелері туралы әңгімеледі. Осы мақсатта ғылыми жұмысты жандандыру және қазақстандық университеттерді әлеуметтік-гуманитарлық білім мен мәдениетті сақтау орталықтарына айналдыру жұмыстары жүргізілуде.
– Біздің міндетіміз – Study in Kazakhstan брендін қалыптастыру болады. Осы арқылы әлемдегі білім қуған әрбір жас, ғылым жолына түскен әрбір адам біздің білім беру кеңістігімізге назар аударады. «Мен Қазақстанға барсам, АҚШ, Қытай, Корея, Германияның жетекші жоғары оқу орындарының дипломдарын ала аламын», – деп айтып, соған сенімді болуы керек. Біз бүгінде осы бағытта жеке бағдарламаны жүзеге асырып отырмыз, – деп мәлімдеді Саясат Нұрбек.
Қазіргі озық әрі биік білімді жасанды зерде (ЖЗ) және цифрландырусыз елестетуге болмайды. Тіпті, осы салалар дамымаған елдерге белді университеттер бармақ түгіл, пысқырып қарамайды. Сондықтан министрдің сендіруінше, ЖЗ және білім саласын цифрландыру бағыттарында да «үлкен жұмыстар» жүргізілуде.
Оның аясында Қазақстанға шетелдік технологиялар трансферін жүзеге асыратын орталықтар ашылады. Мұндай орталықтар Satbayev University, Yessenov University, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде және басқа да жоғары оқу орындарында құрылады. Соның арқасында жоғары білім берудің бірыңғай платформасы жұмыс істей бастайды. Осы орайда екі университет – Satbayev University және Шығыс Қазақстан техникалық университеті цифрлық университеттің пилоттық жобаларын іске қосып та үлгерді.
Дамуға кедергі бар
Соңғы жылдары Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ЖОО-лар саны 122-ден 116-ға дейін азайды. Алайда Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары анықтағандай, шынында ресми түрде жабылған оқу орындарының саны алтаудан көп. Олардың орнын елімізде ашылған шетелдік ЖОО-лардың филиалдары толтырды.
Мысалы, 2021 жылдың өзінде Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитеті сегіз жоғары оқу орнының жұмысын тоқтатқанын хабарлаған еді. Келесі 2022 жылы сот шешімімен тағы үш қазақстандық ЖОО білім беру лицензиясынан айырылды. Яғни, шетелдік ғылым ордаларының бөлімшелері құрылмағанда, мамандар мен ғалымдар даярлау саласында жабылып тынған ұйымдардың орны ойсырап қалатын еді.
Мұның сыртында соңғы жылдары білімдар жастардың ілім іздеп, жат жұрттарға кетуінің және оқу бітірген соң сонда қалуының қауіпті үрдісі белең алған еді. Салдарынан, Қазақстан «Еуразиялық экономикалық одақтағы талапкерлері шетелге ең көп кететін мемлекетке» айналды. 2021–2022 оқу жылында республиканың 61 мыңнан астам студенті алыс шетелді айтпағанда, ЕАЭО-ның басқа елдерінің университеттеріне түскен. Ресейдегі шетелдік студенттер арасында қазақстандықтар саны жөнінен бірінші орын алды.
Бұл асыл адами капиталдың, құнды кадрлық ресурстың шетелге ағып кетіп жатқанын білдіреді. Ең дұрысы, қазақ жастары үздік білім мен ғылым қайнарларынан Қазақстанның өзінде сусындағаны маңызды. Бұл ретте дүниежүзінде геосаяси ахуал қатты ушыққан мына заманда шетелдік ЖОО-да білім алуға ынтық ынталы жастарымыздың тілегі мен қалауын да өз елімізде қанағаттандырған абзал.
Бұрынғы жылдары салада жүргізілген реформалар барысында қателіктерге жол берілгені құпия емес. Сондықтан Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігін жойып, Оқу-ағартудан Жоғарғы білім мен ғылымды бөліп алып, жеке отау құрып берді.
«2017–2022 жылдарда меншік түрлері бойынша ЖОО құрылымының күрт өзгеруі жоғары білім беру жүйесінде жүрген трансформацияның салдарларын паш етеді. Көптеген мемлекеттік университет жекеменшікке айналды. Бұл саладағы мемлекеттік мекемелердің үлесі 2017 жылғы 38,5%-дан былтыр 25,9%-ға дейін, абсолютті санда 47-ден 30-ға дейін кеміді. Сондай-ақ шетелдік меншіктегі ЖОО саны 5-тен 2-ге, ал олардың үлесі 4,1%-дан 1,7%-ға дейін құлдырағанын атап өтуге болады», – деп хабарлады Energyprom сарапшылары.
Сонымен бірге оқу орнын ашудағы бюрократиялық сергелдең де бизнестің адымын аштырмай тұрған көрінеді. Жаңа министрлік осы кемшіліктердің кем-кетігін түзеп, олқылықтардың орнын толтыруға тырысуда. Министр С.Нұрбекті қабылдаған Мемлекет басшысы осы тұрғыда да міндеттер жүктеді.
Саланың «сегіз серісі» негізінен ресейлік
Сарапшылар Қазақстанда шетелдік инвестицияны тарту арқылы жоғары білім саласындағы бизнесті ілгерілету мехнаты көп шаруа екенін айтады. Біріншіден, салынған сол инвестиция ақталмауы мүмкін. Себебі халық саны шағын. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, мемлекеттік меншіктегі ЖОО-лардың жиынтық табысы 2022 жылы 3 триллион 724,9 млрд теңгені құрапты. Ұланғайыр сома.
Алайда былтыр олардың шығыны 3 триллион 776,7 миллиард теңгеге жеткен. Ендеше шығысы табысынан асып түскен. Бұл жерде мемлекеттік университеттердің академиялық автономия алғанын, яғни оның ректоры өзі би, өзі қожа екенін ескерген жөн. Тиісінше, түскен ақшаны қалай жұмсаймын десе де өз еркі. Олай болса, келген кіріс ұтымды шығындалмауы, тіпті жемқорларға жем болуы мүмкін. Коррупция – жоғарғы білім саласының жағдайын ауырлатқан проблеманың бірі.
Қалай болғанда, бұлжымас факт тіркелді: мемлекеттік ЖОО-лар мемлекеттен трансферт көмек алып отырса да, шығынды болып саналады. Мәселен, былтыр қазақстандық ЖОО-лар шетелдік шәкірттерді оқытудан 486,9 млн теңге табыс тауыпты. Яғни, бес жылда, 2017 жылмен салыстырғанда 22,2%-ға көбейген.
Жекеменшік оқу орындары ше? Олар бір жыл ішінде, 2022 жылы 230,3 миллиард теңге табыс тапты. Шығысы 225,6 миллиард теңгеге жеткен.
Шетелдік ЖОО-лардың табысы әзірге 4,2 миллиард теңге ғана болды. Шығысы 3,7 миллиард теңгеге теңелген. Бұл да Ұлттық статистика бюросының ресми дерегі.
Ресейдің Қазақстандағы елшілігі ұсынған дерекке сенсек, республикамызда ресейлік 5 ЖОО бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Бұлар – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің алматылық филиалы, Челябі мемлекеттік университетінің қостанайлық филиалы, Санкт-Петербор Гуманитарлық кәсіподақ университетінің алматылық филиалы және Байқоңыр қаласындағы «Восход» Мәскеу авиациялық институтының филиалы. Айтпақшы, соңғысы – Байқоңыр қаласындағы жалғыз жоғарғы оқу орны. Қазақстандық осы шаһарды ғарыштық кешенмен бірге 2050 жылға дейін жалға алған Ресей қалаға өзге шетелдік түгіл, қазақстандық ЖОО-ларды жібермепті.
Алыс шетелге келсек, биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық университетінің жанынан Шотландияның Хериот-Уатт университетінің филиалы ашылып, үш инженерлік білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді қабылдай бастады.
Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ базасында Аризона университеті мамандар даярлауға кірісті.
Ақтауда 2023 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің базасында Қазақстан-Неміс тұрақты инженерлік институтының филиалы тұсауын кесті. Яғни, ресейліктерді қосқанда, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының саны қазірден 8-ге жетті.
Алда қандай ғылым ордалары ашылады?
Әлихан Бөкейхан университетінде София Техникалық университетінің филиалы ашылып жатыр. СТУ – Болгарияның ең ірі оқу орындарының бірі. Еуроодақтағы үздік техникалық университеттер қатарына кіреді. Виртуалды инженерия, энерготиімділік, жаңғыратын энергетика, экологиялық инжиниринг, машина жасау дизайны, IT технологиялар салаларында мамандар даярлайтын іргелі университеттердің бірі.
Бұл университеттің филиалын ашу арқасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Абай облысына жасаған іссапары барысында берген «Семей қаласында еуропалық жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы» жүзеге асырылады. Филиалда Қазақстандағы жаңа мамандықтар атласы негізінде әзірленген «Жасанды интеллект инженериясы және блокчейн» бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Білім алушыларды қабылдау келесі оқу жылынан басталады. Сонымен қатар магистратураның бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша да мамандар даярлау көзделіп отыр.
Қызылордада, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеултех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылып жатыр. Бұл бастама Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 3 ЖОО базасында жасанды зерде саласындағы кадрлар даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу тапсырмасын орындауға бағытталған.
Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайтын болады. Студенттер Сеултехпен бірлескен бағдарламалар бойынша білім алады, бұл әлемдік IT технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жоба аясында оқу орны Кореяның заманауи зертханалық құрылғыларымен жабдықталады, ал студенттер бірнеше тілді меңгеріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады.
Қызықты дерек бар. Сеулдің Ұлттық ғылым және технологиялар университеті – Кореяда 1910 жылы негізі қаланған ұлттық университет. Ал оның елімізде филиалын ашуына бір оқиға септесіпті: СеулТех Жоғары мектебінің құрылуына Қызылордада өмір сүрген Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы ықпал етті.
Бұдан басқа, таяуда, 19 қазанда Amanzholov University базасында Италияның Генуя университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Құжат қос дипломды білім беруді дамытуды, бірлескен халықаралық жобаларды, гранттар санын ұлғайтуды, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамымен өзара алмасуды қарастырады. Серіктестік аясында жаңа қос дипломды бірнеше білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Жаһандық экономика», «Туризм», «Инклюзивті білім беру» мамандықтары.
Айта кетейік, жоғары оқу орындарының серіктестігі инклюзивті және түзету педагогикасын дамытуға бағытталған. Бұл үздік еуропалық тәжірибелерді қолданып, Қазақстанға кәсіби кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Келіссөз барысында тараптар С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында қазақстандық-италиялық мәдени орталық ашу жайын талқылады. Орталықты 2024 жылдың көктемінде ашу жоспарланып отыр.
Жетісуда Италия университетінің филиалы ашылады. Осы мақсатта биылғы 12 қазанда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Марке политехникалық университетінің филиалын ашу туралы меморандумына қол қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде техникалық мамандардың тапшы екенін және бұл бағытқа үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі керегін жиі айтады. Осы орайда өңірді білікті техникалық мамандармен қамтамасыз ету үшін шетелдік озық оқу орындарымен тәжірибе алмасу маңызды.
Қорыта айтқанда, қазақстандық жоғарғы білім ұзақ жылғы дағдарыс тығырығынан шығып, жаңа даму белесіне бет қойғаны байқалады. Ал ол биік белес бағынуы үшін шетелдік беделді оқу орындарының бөлімшелері ашылып қана қоймай, өз асқар асуларын алғаны абзал.
Айхан ШӘРІП