Күнделікті ішіп-жемнің құрамы мен сапасына мән беріп, тамақтану режимін ұстанған жаннан ауру-сырқау да алшақ болмақ. Сайып келгенде, саулығымызға қатер төндірушілер де – өзіміз. Сәйкесінше, жан мен тән саулығының үйлесімі – дұрыс күтімнің нәтижесі.
Соңғы жылдары елімізде астан улану оқиғалары жиілеп кетті. Көптің санасында «аса қауіпті» дерттер санатынан саналмаса да, соңы қабырғаны қайыстырар қайғымен аяқталған фактілер жоқ емес. Ресми деректерге сүйенсек, биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде жаппай уланудың 15 жағдайы тіркеліп, еліміз бойынша, жалпы саны 350-ге жуық адам зардап шеккен. Олардың арасында 131 бала болған. Өкініштісі, астан уланудың салдарынан бір адам көз жұмған. Ал былтыр осы мәселе төңірегінде 39 жағдай тіркеліп, 712 адам тамақтан уланған екен. Жыл сайын мұндай келеңсіздікке ұшырайтындардың қатарында ересектерден өзге, мектеп жасындағы балалар бар. Бұл дегеніміз – мектеп асханаларындағы санитариялық ахуалдың жіті бақылауда болмауы. Әріге бармай-ақ жақында ғана елді дүрліктірген Жамбыл облысындағы мысалды алайық. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясындағы жағдай денсаулық сақтау, білім беру, СЭС органдары мен мобилдік топтарды аяғынан тік тұрғызды. Белгілі болғандай, аталған мектептің 33 оқушысы мен 2 мұғалімі астан уланған. Бастапқыда 23:00-ге дейін өтініш білдіргендер саны 46 адамды құраса, оның 35-і ауруханаға жатқызылған. Мектеп асханаларын сапалы өніммен қамтамасыз етуде салғырттық танытқан осыған ұқсас оқиғалар өңірлердегі барлық білім ошағына сабақ болуы тиіс.
Таяуда 7 қараша күні «Алматы Дарыны» ЗТМО базасында тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобының отырысы өтті. Ведомствоаралық сараптама тобы тамақтану сапасын жақсарту үшін бақылау жүргізеді. Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, қаланың барлық мектебі үшін орталықтан бекітілген тамақ мәзірі Қазақ тағамтану академиясының ұсымдарын, тамақтану нормаларын, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді. Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның сөзінше, 2023 жылға жалпы білім беру қорының бюджет қаражаты есебінен 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге 18,6 млрд теңге, ал ХӘОТ санатынан 5-11 сынып оқушылары үшін 1,8 млрд теңге бөлінген. Сонымен тегін тамақтануға арналған жалпы бюджет құны 20,4 млрд теңге болады.
Осы тұста қоғамдық тамақтану орындарын, мектептер мен балабақшалардың санитарлық жағдайын бақылау ісіне қатысты ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сауалымызды жолдадық. Басқарма басшысы Гүлшарат Қожатованың айтуынша, балалардың астан улануына негізгі фактор – тамақтану нысандарының (мектеп асханаларының) санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы. Тарқатып айтқанда, бұл – нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының және өндірістік бақылаудың болмауы, өнімді дайындау, сақтау және өткізу шарттарының, тағам дайындаудың технологиялық процесінің бұзылуы, мерзімі өткен, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ өнімді пайдалану, персоналдың медициналық тексеруден өтпеуі, жалған жеке медициналық кітапшалар (ЖМК) бойынша, жұмысқа рұқсаты бар қызметкерлер арасында ішек инфекциясы қоздырғыштарының тасымалдануы салдарынан туындайды.
– Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты бақылау және қадағалау Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жалпы білім беретін мектептер мен МДБҰ асханаларын бақылау ерекше тәртіп бойынша (жартыжылдықта 1 рет еселікпен) тексеру түрінде, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жоспардан тыс жүргізілді, – дейді ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Гүлшарат Қожатова.
Зерттеуден өткені туралы ақпарат – жалған
Күніне жүздеген оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз ететін мектеп асханасы үшін тағам жеткізуші мердігер компанияға қойылар жоғары талаптың болуы міндетті. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті аумақтық бөлімшелерінің арнайы рұқсаты – объектінің санитариялық талаптарға, гигиеналық нормативтерге сәйкес болғанда ғана беріледі. Жалпы, талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында белгіленген. Негізгі талап бойынша медициналық тексеруден өткен, арнайы киіммен қамтамасыз етілген, персоналдың жеке гигиенасын сақтаған қызметкерлерге тамақ дайындауға рұқсат беріледі. Алайда редакциямызға ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің берген ақпаратына сәйкес, тексеру барысында жалған зерттеу нәтижесін көрсеткен мекемелерде бар көрінеді.
– Тамақтан уланудың соңғы жағдайы бойынша екі өңірде (Маңғыстау және Астана) қызметкерлердің 100 пайызы бактериологиялық зерттеуден өткені туралы жалған деректер көрсетілгені анықталды. Ас мәзірі қызметкерлері үшін медициналық тексеруден өту жиілігі – патогендік қоздырғыштарды тасымалдаушыға және паразитологияға бактериологиялық зерттеулер жартыжылдықта 1 рет орындалады. Флюорография және гигиеналық оқыту жылына 1 рет жүргізіледі, – дейді Бақылау комитетінің басшысы.
Рационға қойылатын басты талаптардың бірі – ас мәзірінің витаминдер мен минералдарға бай тағамдармен қамтылуы. Бұл мектеп оқушыларының рациондары бойынша бірыңғай стандарттарда айқындалған. Тамақтану объектілерінде тағамдық құндылығы бойынша теңдестірілген перспективалы екі апталық мәзір жасалады. Мектеп мәзірін білім беруді басқару органы бекітеді. Тамақ жеткізуші мердігер компания мектеп басшысының келісімі бойынша тағамның шығу мерзімін көрсете отырып, мәзірді күн сайын бекітеді. Сонымен қатар мектеп мәзірі асханада, білім алушылардың ата-аналары немесе заңды өкілдер үшін қолжетімді жерде орналастырылады. ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті астан улану оқиғаларын алдын алуда қоғамдық тамақтану орындары, Атамекен ҰКП алаңдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырғанын алға тартты.
Алматыда тамақтан улану дерегі тіркелген жоқ
Қазақстанның бірқатар облыстарында ушыққан мәселенің бағытын Алматы қаласына бұрсақ. Миллиондаған халық қоныстанған алып шаһарда астан улану мәселесінің жай-күйі қалай? Әр адым аттаған сайын фаст-фуд өнімдерін сататын дүңгіршектер жиі ұшырасатын қалада аталған мәселенің көтерілуі де– заңдылық. «Осы күнге дейін қоғамдық тамақтану орындарынан ас ішіп, нәтижесінде астан уландыңыз ба?» деген сұрақты алматылықтарға қойып көрдік. Сауалнама кезінде байқағанымыз, дүкендегі тамақты тұтынамын деп бір емес, екі рет қиын жағдайға тап болғандар бар екен. Солардың бірі – қала тұрғыны, студент – Лаура (аты өзгертілген-ред).
– Қоғамдық тамақтану орындарынан ас ішем деп бір емес екі рет уланып қалғаным бар. Алғашқыда Zheka's дүкенінен тамақ пен артынша балмұздағын сатып алдым. Үйге келгеннен кейін уланудың алғашқы белгілері басталды. Жедел жәрдем шақырып, соңында ауруханадан бір-ақ шықтым. Асқазанымды тазалатқан соң жағдайым түзелді. Бастапқыда барлық тамақты араластырып жегеннің салдары шығар деп ойладым. Ал осыдан бір ай бұрын дәл сол дүкеннен тағы да тамақ сатып алдым. Тура бірінші жағдай қайталанды. Ағзам әлсізденіп, құсқым келді. Дәрі ішіп, үй жағдайында емделдім. Содан бері ол дүкеннен тамақтанудың қажеті жоқ екенін түсіндім, – дейді ол.
Елімізде жиілеген дерттің оңтүстік астанадағы ахуалын білу үшін Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану нысандарын бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Кенжегүл Қонысбайқызы байланысқа шығып, пікірін білдік. Бөлім басшысы биыл қалада астан улану дерегі тіркелмегенін атап өтті.
– Қоғамдық тамақтану орындары, мектептер мен балабақшалардың санитариялық жағдайын бақылау – өте маңызды. Егер тағам қауіпсіздігі стандарттары сақталмаған жағдайда қызметкерлерге заңнама және ішкі ережелер жүзінде шара қолданылады. Бұл – айыппұл, рұқсат құжаттарынан айыру немесе қызметті тоқтату секілді жаза түрлерін қамтуы мүмкін. Тағам қауіпсіздігінің барлық аспектісіне қатысты ақпаратты жеткізу, тағамды дайындау мен сақтау техникаларын жақсарту, нысандардың өз-өзіне тұрақты санитариялық тексерулер жүргізуі – тағамнан улану салдарын алдын алудың негізгі шаралары, – дейді бөлім басшысы К.Қонысбайқызы.
Тағам қауіпсіздігі стандарттарын сақтамаған
Мәселені заңдық тұрғыдан қарасақ, елімізде санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 30-дан 1600 АЕК-ке дейін (кәсіпкерлік санатына байланысты) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген. ӘҚБтК-нің 425-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан жағдайларда қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса қызметін тоқтату, өнімді тәркілей отырып, 200-ден 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұл салуға міндетті. Сондай-ақ абайсызда адамдардың жаппай ауруға шалдығуына, инфекция жұқтыруына, сәулеленуіне немесе улануына әкеп соққан санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық бар. Жаза түрлеріне 2000 АЕК (6126000 тг) мөлшерінде айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру ісі кіреді.
Басқарма басшысы Гүлшарат Қожатованың пікірінше, жоғарыдағы қарапайым қағидаларды орындау – астан уланудан және өткір ішек инфекцияларынан аулақ болуға көмектеседі. Айта кетейік, мемлекеттік орта білім беру мекемелерінде білім алушылар үшін тегін тамақтанудың орташа құны 2022 жылы 600 теңгеден 2023 жылы 830 теңгеге өсті. Мамандар құнның жоғарылауы өз кезегінде балаларға түрлі табиғи өніммен сапалы тамақтануға мүмкіндік беретінін айтады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы