Ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбегінің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор өзіндік жолымен қалыптасты. Әрине, біздің ауыл еңбеккерлері мен саланың ғалымдары одан әрі, еліміздің игілігі үшін тер төгуде. Ерен еңбекті бағалау – парыз.
«Қуатты Қазақстанның қабырғасын бәсекеге қабілетті аграрилер қалайды», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үлкен міндет жүктеп отыр. Сонау Тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап мемлекеттің ауылға айрықша көңіл бөлуі – осының айғағы.
Құрметті ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы атап өткендей, адамның өз жері мен еліне деген көзқарасы бәрінен де жоғары бағалануы тиіс. Осы асыл қасиеттер бойында бар жауапты адамдарды «Адал азамат» деп атауға болады. Бұл сіздердің әрқайсыларыңызға қатысты екеніне сенімдімін. Өйткені сіздер туған жерге құрметпен және ұқыппен қарау дегенді терең түсінесіздер.
Биылғы жыл АӨК үшін оңайға соқпады. Жекелеген өңірлердегі құрғақшылық пен ұзақ жауын-шашын күзгі жиын-терім науқанына кері әсерін тигізді. Бірақ сала қызметкерлерінің күш-жігерінің нәтижесінде астық жиналды. Ел толық көлемде нанмен қамтамасыз етіледі.
Тамақ және қайта өңдеу саласы қызметкерлерінің еңбегі де өте маңызды. Сіздердің жұмыстарыңыздың арқасында ел халқы сапалы сүт, ет, ұн, нан, макарон және басқа да көптеген өнімдермен қамтамасыз етілді.
Саланың алдында климаттың өзгеруі, геосаяси факторлар жағдайында көптеген елдерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басымдыққа ие болып отыр. Бұл ретте біздің серіктес елдердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуі де Қазақстанға байланысты.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудаға еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін.
Мереке құтты болсын!
Айдарбек САПАРОВ,
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Бүгінде елімізде жалпы 7 мыңға жуық ауыл мен елді мекен бар. Осы ауылдарда республика халқының жартысына жуығы өмір сүріп жатыр. Олай болса, ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, рухани көңіл күйі – ел ертеңінің нақты кепілі бола білмек.
Сонымен, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде ауыл шаруашылығы қандай жетістіктерге жетті? Бүгінде аталған сала қалай дамып жатыр? Бұл сұраққа жауап іздеп отырып, біршама оң өзгеріске көз жеткіздік. Қазір еліміз ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша Орта Азия елдерінің алдыңғы шебінде екен.
Отандық фермерлер қазіргі заманғы технология негізінде ойлауға және онымен бірге жұмыс істеуге белсенді түрде ұмтылады. АШМ жаңа жабдықтарды енгізуді, смарт-жүйелерді сыналап болса да шаруашылықтарға тартып, басқарушылықта ІТ-шешімдерді пайдалануды жүзеге асыру үстінде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің таратқан ақпаратына сай, еліміз бойынша мал шаруашылығында смарт-жүйелерді пайдаланып сүт пен төлдеудің көрсеткішін 20%-ға арттыруға мүмкіндік пайда болса, өсімдік шаруашылығында пилоттық нысандардағы енгізілген жаңа технологиялардың арқасында өнім көлемі 30%-ға дейін өскен. Сәйкесінше, фермерлердің шығындары 20%-ға қысқарған екен. Алдағы жылдарда ел экономикасының негізін осы ауыл шаруашылығы саласына аудару көзделіп отыр. Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы да бекітілген. Мұнда ауыл-аймақты дамытудың түрлі аспектілері айқындалған. Әділет министрлігінің мәліметінше, 2020–2022 жылдары шараларды іске асыру нәтижесінде ауылдарды сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 90,1%-дан 94,5%-ға дейін ұлғайған. Ауылдарда 116 мектепке дейінгі мекеме, 224 жалпы білім беру мектебі, 47 амбулаториялық-емханалық мекеме пайдалануға берілді деп жоспарлануда. Сонымен бірге Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары бекітілді. Мұнда ауылды сумен жабдықтау, орта білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік бойынша өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту және өңіраралық аумақтық байланысты (энергетикалық, көліктік және цифрлық байланыс) қамтамасыз ету көзделген.
Әрине, мұның барлығы жоғарыда Президент айтқан еңбек адамының қолымен жүзеге асырылып жүйеленетіні белгілі. Десе де, елімізде ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, өмір бойына бел шешпей еңбек етіп келе жатқан азаматтардың аты ерек. Мұндай жандардың барлығы сол ауылда өмір сүретіндіктен алдымен ауылдың әлеуетін көтеру мәселесі қашанда күн тәртібінен түспеуі керек.
Юрий АДАМҰЛЫ,
механизатор
Бухгалтер Юрий Адамұлы өмірінің 43 жылын тракторшы және комбайншылыққа арнаған. Қазір де сүйікті кәсібінен қол үзбеген. Күні кеше ғана аяқталған егін орағынан кейін тракторын көктемгі тұқым себу науқанына дайындап жүр. Юрий атай Теріскейдегі Аққайың ауданы Шағалалы ауылында орналасқан Солтүстік Қазақстан Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасындағы еңбегін өмірінің мәні санайды. Жұбайымен бірге 3 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде баласы Виталий Юрийұлы да аталмыш шаруашылықтың техникаларын тізгіндеп жүр. «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелісімен марапатталған еңбек адамы Юрий Адамұлы осы уақытқа дейін талай тракторшыны тәрбиелей жүріп, мыңдаған гектар алқаптан астық орғанын айтады. Әлі де болса елеміздің ауыл шаруашылығы саласына да ғұмыры жеткенше еңбек етіп, талай тракторшы шәкірттер тәрбиелемек.
Бауыржан ҚҰРМАНОВ,
ветеринар
1986 жылдан бастап ветеринария саласында үздіксіз еңбек ете жүріп ғылыммен де айналысты. Ветеринария ғылымдарының докторы. 1986 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін 1994 жылға дейін Батыс Қазақстан облысының шаруашылықтарында, ветеринарлық құрылымдарында маман болған Бауыржан Авғанұлы мал шаруашылығын дамыту мен ветеринария саласының еліміздегі болып жатқан кемшіліктерін түзетіп, шаруашылықтарға қолдан келгенше көмек қолын созып келеді.
«Елімізде ветеринарлар жоқтың қасы. Жастар мал шаруашылықтарына барғысы келмейді. Ол жақта да тың өзгерістер көп. Сол жаңашылдыққа жастарымызды үйретіп, білмегенін көрсетіп жүрмін. Бұл жолда ғылыммен айналысқысы келетін жастарға жетекші болуды да құп көремін. Ғылым мен өндірісті ұштастырмайынша түйткілдің түйінін тарқату қиын», – дейді Бауыржан Авғанұлы.
Қазір V-CON деген атпен ЖШС ашып, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жануарлардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша консультациялар мен ғылыми-практикалық қолдау көрсетуде.
Қанат АҚШАЛОВ,
ғалым
Ол 50 жылдан бері ауылшаруашылығы саласының күрделі мәселелерімен айналысуда. Оның ғылыми зерттеулері халықаралық деңгейде мойындалған және қазақстандық қана емес, әлем фермерлер үшін өзекті.
Қанат Ақшалов – Солтүстік Қазақстанның қуаң даласында жаздық бидай, арпа, сұлы және басқа да дақылдарды өсіру технологиясын интенсификациялаудың принциптерін айқындаған ғылыми еңбектің авторлары. Қазір ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу мен себудің жаңа жүйелері, экологиялық тұрғыдан тиімді өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, заманауи ауыл шаруашылығы машиналарын қолдану мәселелерімен айналысады. А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында еңбек етіп жүр.
Қазір ол – агроландшафты өсіру технологиясы зертханасының меңгерушісі. Ауылшаруашылық дақылдарын өсіру технологиясын, топырақтың құнарлылығы, топырақты жел мен су эрозиясынан қорғау әдістерін әзірлеуге және негіздеуге бағытталған ғылыми зерттеулермен айналысуда.
Статистикалық мәлімет бойынша, елімізде 6,5 мың ауыл бар екен. Ауылдағы тұрғындардың саны – 7,7 млн адам. Демек, ел тұрғындарының тура 42%-ы ауылда тұрады.
Бүгінде ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар түйткіл бар. Мәселен, еліміздегі ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді, инженерлік желілері тым тозған. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілетін болады. Сонымен бірге агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылуда.
Ауыл тұрғындарының бүгінде үкіметке қарап қол қусырып отырғаны жоқ. Бірі малын бақса, енді бірі егінін егіп, несібін теріп жүр. Мұндай жандардың дені жастар екендігін көргенде көңіл орынына түсіп көп дүниенің көнеліктен жаңалыққа өткеніне қуанасың.
Диана ЕСЕНОВА,
бөдене шаруашылығын алғаш
құрған кәсіпкер
Елімізде ең алғаш болып бөдене шаруашылығын ашқан Диана Есенова еліміздің оңтүстігіндегі Келес ауданында ASYL QUS шаруа қожалығын құрып, бүгінде өзін ғана емес, ауылдастары мен ағайынын жұмыспен қамтып отыр.
Күніне 100 мың дана бөдене жұмыртқасын сатып 250-300 мың теңге пайда тауып отырған Диана кәсіптің нәсібі бар екенін айтады.
«Бөденені жұмыртқадан жарып шыққан соң 25 күн дегенде ет ретінде пайдалануға болады. Ал 35 күнде бөденелер алғашқы жұмыртқаларын бере бастайды. Әр бөдене күніне 1 жұмыртқа салады. Бұл енді өз кезегінде пайданы еселеуге өз септігін тиігізеді», – дейді жас кәсіпкер.
Диана Есенованың шаруашылығы қазір ұлғайып, еліміздегі ең заманауи бөдене шаруашылығына айналған. Шаруашылықта Диананың ата-анасынан бөлек, ветеринар мен құс баптаушылар бар.
Елімізде егін шаруашылығының жағдайы соңғы бірер жылда едәуір жақсарғанымен, орақ науқаны кезінде біршама қиындық туындап, кей шаруашылықтардың шығымнан гөрі шығынға батып жатқанын байқап қаламыз. Дегенмен ғылымға сүйеніп, қанша қолайсыз жағдай мен ауа райының тиімсіздігі әсер еткен күнде де өндіріп өнім алып отырған шаруалар бар. Мемлекеттік субсидияға ғана сүйеніп қалмай, біршама биікті бағындырып отырған қожалықтардың бірі ретінде Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы «Найдоровское» серіктестігін айтуға болады.
Павел ЛУЩАК,
үздік шаруашылық
«НАЙДОРОВСКИЙ» ЖШС басшысы
«Найдоровский» ЖШС-да қатты бидайға басымдық берген. Биылғы маусымда 18 мың гектар егістік алқабының 9 200 гектарын қатты дақылға бөлген. Осылайша, жаздың құрғақшылықпен өтіп, күз келе ылғалдың көп болуы салдарының өзінде еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген. Мұндағы қатты бидайдың орташа өнімділігі 20 центнер/гектарды құрады.
«Егін себуден оруға дейінгі ұзақ маусымда біздің шаруашылықтың қызметкерлері шаршайтыны шындық. Ал қыста 4 ай ештеңе істемей демалатыны тағы бар. Біз бұл 4 ай уақытта адамдарымызды табыссыз қалдырмаудың жолын таптық. Мәселен, механизатордың жұмыс айларында алатын жалақысын 20 пайызға көбейтіп, сол есепті жиналған соманы жұмыс істемейтін 4 айға бөлдік. Осылайша, мамандарымыздың 4 ай бойындағы демалысы кезеңінде де ай сайын 100 мың теңге жалақы беріп отырмыз. Енді ерекше еңбек сіңірген жандардың айлық ақысына қосымша 10 мың теңге тағы қосамыз. Алдағы уақытта құс шаруашылығын құру жоспарын жасап жатырмыз», – дейді «Найдоровский» ЖШС басшысы Павел Лущак.
Шаруашылық құрып, шаруасын дөңгелетіп жатқандар қаншама? Мұндай шаруалардың саны күн санап өсіп келе жатқанын көріп қуанып та қаламыз. Мемлекеттің қолдауына сүйенсе де, өздерінің шаруақорлығына сенсе де, әйтеуір шаруасынан шашау шығармай, біраз белесті бағындарғандардың кейбірінің мемлекеттік қолдауға бағдарлама негізінде іліне алмай жүргендігін айтқымыз келеді. Дегенмен ел болып еңсе тіктегеннен бері «Ауыл жылы», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Сыбаға» сында талай бағдарламалар мен жобалар қабылданып ел игілігі үшін жұмыс істеуде. Одан бөлек, 2025 жылға дейін елімізде 1,8 мың ауылдық елді мекен жаңғыртылатын болады. Бұл ретте «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асырылатын тетіктері келесі шараларды қамтымақ. Бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктелді, бұл ретте олардың даму әлеуетіне және қазіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде, осы ауылдарда іске асырылатын жобалар қоса қамтылатын болады. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жөніндегі, өңірлік стандарттарға сай келетін Жол картасын жасау қолға алынды. Үшінші кезекте, жобаларды іске асыру және бақылау мүдделі мемлекеттік органдармен бірге «AMANAT» партиясын тарта отырып жүзеге асырылатын болады.
Бердібек ҚАБАЙ