Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», – деген болатын. Қауіпсіз қоғам – баланың бақытты болуының кепілі. Ақиқатында, бейбітшілік пен тыныштықтың өлшемін бала жүзіндегі шат күлкі, көзіндегі қуанышпен бағалай білген елдің ертеңі жарқын болмақ. Сондықтан бала қауіпсіздігі үшін, бала құқығы қорғалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Осы орайда Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Болатқызы Зәкиевамен сұхбаттасқан едік.
Татуласу рәсімі болмайды
– Қоғамда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар саны артып, баланың құқығы және баланың денсаулығы ең өзекті проблемаға айналып отыр. Білуімізше, балаларды қорғау мақсатында жазаны қатаңдатуға қатысты заң жобасы әзірленді. Құжатты әзірлеу барысында әртүрлі зерттеулер жүргізілген шығар. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуіне не себеп болып отыр?
– Президент тапсырмасын орындау мақсатында біз төрт ай бойы Бас прокуратура, мемлекеттік органдар, Мәжіліс депутаттарымен бірігіп, әйелдер мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын әзірледік. Қазір онда 50-ден астам позиция бар. Олар 4 кодекс пен 10 заңға өзгерістерді көздейді.
Біріншіден, алдын-алу механизмдерін енгізу, яғни отбасыларға, балаларға көмек көрсету – инфрақұрылымын құруға байланысты позициялар.
Екіншіден, елімізде балаларға жасалатын қылмыстарға тағайындалатын жазаны қатаңдатуға байланысты. Себебі бұл – зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырудың бір жолы. Түзетулердің арасында балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылыққа, катыгездікке, жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты, буллинг, инфрақұрылымның кауіпсіздігіне және балаларға арналған мекемелерді лицензиялауға қатысты нормалар бар.
Біріншіден, жазаның қатаңдатылуына қатысты түзетулер керек. Балаға қарсы жасалған зорлық-зомбылық үшін татуласу рәсімін алып тастауды көздедік; Тергеу барысында балаларға қарсы ауыр қылмыс (баланың денсаулығына орташа, ауыр зиян келтіру; баланы азаптау) жасаған адамдарды бірден қамауға алу туралы нормалар бар. Балаларға жасалған ауыр қылмыстар үшін бас бостандығын шектеу деген жаза түрін алып тастау, себебі бұл жаза кезінде қылмыскер үйінде қалады және одан да ауыр қылмыстар жасауы мүмкін. Мысалы, Жібек жолы ауылында кішкентай қызды өлтірген қылмыскер осындай жазаның кесірінен үйде отырған.
Балаға жыныстық сипатта тиісу бабын енгізу және жыныстық зорлық-зомбылық үшін бас бостандығынан өмір бойына айыру. Қылмыстық кодекске зорлық-зомбылыққа қатысты арнайы бапты енгізуді ұсындық. Сотқа балаға қатыгездік танытқан адамға міндетті психологиялық көмек алуды тағайындау мүмкіндігін енгіздік және уәкілетті органға зорлық-зомбылық құрбаны болған балаға арнайы көмек көрсететін функцияны енгізіп жатырмыз.
Сонымен қатар балаларды автобустан шығарып тастауға тыйым салып жатырмыз, себебі қазір тек 5 өңірде ғана балаларға жол жүру тегін, кейбір өңірлерде ақшасын ұмытып кеткен балаларды ауа райына қарамастан қоғамдық көліктен шығарып тастайды. Инфрақұрылымның қауіпсіздігіне қатысты біраз норма бар. Жалпы, заң жобасының мақсаты – балаларға қол көтермеу мәдениетін қалыптастыру, жазаны қатаңдату, сонымен қатар алдын-алу механизмдерін құру.
Екіншіден, профилактикаға қатысты түзетулер бар. Қиын жағдайдағы отбасыларға көмек ұйымдастыру функциясын Әлеуметтік қорғау басқармасына енгізіп жатырмыз. Себебі қазір жергілікті жерлерде бұл функцияға жауапты басқарма жок. Ал отбасы маселелерінің 70%-ы әлеуметтік салаға байланысты, яғни кұжат жасату, жәрдемақы, жұмыспен қамту.
Отбасыларға көмек көрсететін инфрақұрылым бойынша. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес әр ауданда отбасын қолдау орталығы болуы тиіс. Бұл орталықтарда отбасыларға кешенді, атаулы түрде әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі, жалпы отбасыны, әйелді қиын жағдайдан шығару үшін мемлекеттік бағдарламалармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіледі. Сондықтан олар қолжетімді болу керек. Мысалы, Маңғыстау облысында 5 аудан және 2 қалаға тек 2 отбасын қолдау орталығы ғана бар. Ал Түркістан облысында 14 аудан бар, 2 млн адам тұрады, 300 мың отбасы қиын жағдайда. Облыстағы зорлық-зомбылық деңгейі де жоғары. Сонда да бүкіл облысқа тек қана екі отбасын қолдау орталығы бар. Екеуі де Түркістан қаласында. Яғни, ауылда тұратын балалы әйелге орталыққа жету үшін 6-7 сағат жол жүруі керек. Бұл – олар үшін үлкен кедергі. Сондықтан отбасын қолдау орталықтары әр ауданда болуға тиіс. Сол себептен оларды жүйелі турде ашу мақсатында және бірыңғай сапалы стандарттарын енгізу үшін бұл орталықтарды заңмен бекітудеміз.
Педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру керек
– Ата-аналар балаларын педофилдерден қалай қорғауы керек? Ал педофилия фактісін дәлелдеп, сотқа қалай шағым түсіруге болады?
– Педофилдердің жазасы 2020 жылдан бастап қатаңдатылды. Атап айтқанда, зорлық-зомбылық орташа ауырлықтан ауыр қылмысқа өтті. Татуласу рәсімі мүлдем жойылды. Балаларға қарсы жасалған мұндай қылмыстар аса ауыр қылмыстарға жатқызылды. 14 жасқа толмаған балаларға жасалған зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Қылмыстық жаза сонымен қатар балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық фактілерін өз қабырғаларында жасыратын мамандандырылған балалар мекемелерінің қызметкерлері мен басшылығына да қолданылады. Ата-аналар мен қамқоршыларға қатысты да осындай жауапкершілік көзделген. Жоғарыда айтып кеткен заң жобасымен біз педофилдерді бас бостандығынан тек өмір бойына ғана айыруды қалдыруды көздеп отырмыз.
– Ата-анасы ұрған баланың психологиясы қаншалықты бұзылады? Оларды ата-анасынан қалай қорғауға болады?
– Өздеріңіз білетіндей, Президент тапсырмасымен балаларды қолдау саласында қазір бірнеше бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Бұл жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдер үшін үлкен көмек болады деп ойлаймын. Сонымен қатар кеше ғана «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы заңнамамен бекітілді. Мемлекет 18 жасқа дейінгі барлық балалар үшін жинақтаушы шоттар ашады, онда Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% аударылатын болады. Осылайша, балалар капиталының негізі қаланды. Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сомалар тұрғын үй сатып алуға және білім алуға бағытталатын болады. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 369 мектеп салынуда және де 50 ірі қосымша білім беру объектісі салынып жатыр.
Инклюзивті қоғам – мейірімді қоғам
– Елімізде инклюзивті қоғамды дамытуға, мүмкіндігі шектеулі жандарға толерантты болу және білім саласында да түрлі кемсітушіліксіз орта қалыптастыруға бағытталған жоба іске қосылды. Бұл әлеуметтік жобада мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғау мәселесі қамтылған ба?
– Бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 180 мың бала бар. Ал инклюзия үшін жағдай мектептердің 8%-ы ғана жасалған, 600 инклюзияны қолдау кабинеті бар. Инклюзияны қолдау кабинеттері – бұл көрнекі түрде жеке сабақтарға, сенсорлық аймаққа жағдай жасалған әртүрлі аймақтары бар кабинет. Бірақ ең бастысы – ол баланың жалпы білім беру процесіне қосылуға және мектепте құрдастарымен бірге оқуға көмектесетін мамандар, педагог-ассистенттер. Қаншама бала жыл бойы мектепке баруды армандап (немесе, тіпті мұндай мүмкіндік туралы білмей), үй жағдайында оқуда. Алайда мектепте құрдастарының жанында болып оқу оларға көмектеседі. Спорт секцияларына бара алу мүмкіндігі де маңызды. Инклюзивті спорттық инфрақұрылым, жалпы спорттық инфрақұрылым саны жеткіліксіз, әсіресе ауылдық жерлерде.
Бүгінде 2 247 ауылда спортпен айналысатын жер, яғни мекеме жоқ. Ал мектеп жасындағы балалардың 47%-ы ауылда тұрады. Сондықтан қазір біз әкімдіктермен екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз, кем дегенде әрбір ауданда ИҚК ашу, ал бұл 200 жаңа ИҚК. Сондай-ақ кемінде 1 000 ауылда қолжетімді орта көзделген спорт кешендерін ашу. Біз осы мақсаттарымызды қолдауға дайын серіктестерді, қорларды және бизнестерді іздестіру үстіндеміз. Қазір 91 спорт кешенін салуға қолдау көрсетілді, және ОАМ-мен бірге біз 200 ИҚК ашумен жұмыс істеп жатырмыз.
Инклюзивті инфрақұрылымдарды көбейту инклюзивті қоғамның қалыптасуына тікелей әсер етеді, сонымен қатар ол біздің бойымызда адамгершілік, эмпатия, жанашырлық пен мейірімділікті оятады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ