Филологтер тілдерді жою саясатынан бас тартпады

Соңғы жылдары қазақтілді филология ғылымы аясында бірқатар өткір талқылаулар болды. Бірақ...

 Қазақтың қалшылдап қалмағанынан қорқамын

(манифест орнына)

 

Қадірлі оқырман!                    

Бұл материал баршаны қызықтырмайды. Түсініксіз. Егер бәрібір оқуға ниеттенсеңіз, Сізге айтар уәжім бар. «Адам белгілі бір проблеманы толық түсінуі үшін,  біріншіден, оның құбылыс туралы кем дегенде 60 % түсінігі, екіншіден, түсінгісі келетін зауқы болуы керек». Г.Тардтың осы тәмсілін үш рет қайталағаннан кейін, материалды оқи бастауыңызға болады.

* * *

 

Кіріспе

Соңғы жылдары қазақтілді филология ғылымы аясында бірқатар өткір талқылаулар болды. Оларға жүздеген мамандар – лауазымда отырғандар, жауапты қызметкерлер, атақ пен дәреже иеленгендер қатысты. Түрлі форматта, кейбіреулерімен бетпе-бет, кейбіреулерімен онлайн, кеңестер, ғылыми семинарлар өткізілді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімдері ғылыми-зерттеу институтында, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығында бірнеше пікірлесу өтті.

Қатысушылардың пікірлері мен тұрғыларынан қазіргі қазақ тілінің  басына түскен тауқыметтің мәнін және оған отандық филологияның қатысын айқын көруге болады. Лауазымдағы және атағы мен дәрежесі бар, беделді филологтар төмендегі үш постулатты ұстанатындарын білдірді:

А) Кеңес дәуірінде тіл білімі саласында еңбек еткендер – лингвистикадағы «іргелі ғалымдар». Олардың «атына дақ түсірмейміз, зерттеулерін жоққа шығармаймыз».

Ә) Баршаның қазақ тілін меңгере алмауы – филологиялық зерттеулерден тыс, «бөлек мәселе».

Б) Қазіргі уақыт­та «қазақ тілі өзінен-өзі басқарылмайтын, хаостық жағдайда дамып жатыр».

Енді ретімен.

* * *

 

Кеңес қазақ филологтері қандай зерттеулер жүргізді?

Кеңес қазақ филологтері нені, қалай зерттеді? Ана тілін «дамытуды» діттеген қандай теориялар мен әдістемелерді бетке ұстады?

1961 жылы Кеңес Одағы коммунистік партиясының ХХІІ съезінде «адамдардың жаңа қауымдастығы – кеңес халқы» қалыптасқаны, келешекте «Кеңес адамдары бір тілде сөйлейтіні» жарияланған болатын. Қазақ тілінің «перспективасы жоқ» деп танылды. Ұлт зиялылары оны мойындады. Коммунистік билік филологтердің алдына тілдерді жою саясатын жүзеге асыру міндетін қойды. Қазақ филологтері бұл стратегияны іс жүзіне асыруға кірісті. Олардың зерттеулерінің қорытындылары бойынша төмендегі бағыттар жүзеге асырылды:

- сөздіктер орыс тілін үйренуді оңайлататын, қазақ тілін үйренуді қиындататын әдістемемен құрастырылатын болды;

- аббревиатуралар тек орыс тіліндегі нұсқадан алынатын болды;

- терминдерді аударуға рұқсат етілмеді;

- Ғылым академиясында қазақ тілінің сөздік қорын жинауға тыйым салынды;

- қазақ тілі мен әдебиеті мәселелерін жариялайтын ғылыми-әдістемелік журнал жабылатын болды;

- қазақ тілінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмейтін болды;

- тілді мемлекеттік іс басқаруда, экономикалық айналыста, өндірісте қолдануға тосқауыл қойылды (таза қазақтар қоныстанған мал шаруашылықты аудандардың өзінде іс орыс тілінде жүргізілетін болды);

- тіл қолданыс стихиялы ағысқа жіберілді.

Осы бағыттарға сай, кеңес қазақ филологтері ана тілін қоғамнан ығыстырып тастауды діттеген ойлар мен идеяларға толы еңбектер жазды. «Зерттеулерінің» мазмұны мен идеялық бағдарлары компартияның тілдерді жою саясаты үшін құптарлық, ал қазақ тілінің перспективасы үшін залалды болды. Оларда ана тілін дамытуға септігі тиетін, рационал дәні бар ештеңе болған жоқ, болуы мүмкін емес болатын. Олардың академиялық деңгейде шығарып жатқан көлемді еңбектері стратегиялық теріс бағыттар мен кеселді түйткілдерге тұнып тұрды.

* * *

 

Тілдерді жою саясатының салдарлары

Тіл қолданыста мынадай аномалиялық формалар белең алды:

– синтаксистік қателер: мәтін құраудағы бастауыш-баяндауыш жүйесінің бұзылуы: ақпарат берушінің сөйлемінде тұрлаулы-тұрлаусыз мүшелердің рөлінің ескерілмеуі; тіркестерді тізу, тоқтап қалу, сонан кейін, алдыңғы тіркесіне байланыссыз өзге тіркеске ауыса салу (пунктирлік форма); гипербатизм; тұтығу; ыңқылдау;..

семантикалық құрылымның бұзылуы: ұғымдарды, тіркестерді шатастыру; ойды бұрмалау: түсініксіз, алогиялық тіркестер; аграмматизм; амфиболия; паразиттік сөздер; тавтологиялар; аффикстердің сөздерге дұрыс қосылмауы; күрделі редупликациялық құрылымдар; гибридтік түзілімдер; конфликтогендер; зоонимикалық қаратулар;..

стилистикалық қойыртпақ БАҚ арқылы сөйлеушілердің, журналистердің, филологтардың, жазушылардың беріп отырған контент көлемін тұтас қамтиды (стилистика  мәселесі кеңес дәуірінен бері мүлдем теріс түсіндіріліп келе жатқан болатын);

оқулықтың оңбауы (орта мектепке және ЖОО-ларға арналған оқулықтардың, оқу және әдістемелік құралдардың мәтіндері синтаксистік талаптарды қанағаттандырмайтын, оқушы түсіне алмайтындай, бүлінген сөйлемдерден тұрады);

қазақ тілі контенті тақырыбының өзектілігі кемшіндігі, мазмұн таяздығы, рентабельді бола алмауы, толыққанды тілдік ортаның орнықпауы,.. (аграрлы формациядағы өмір тіршілігін сипаттауы, индустриялы қоғам адамның рухани сұранысын қанағаттандыра алмауы, сонысымен, қазақ тілін үйренуге қажеттілік тудыра алмауы,..).

Тілдік үдерістерді ғылыммен басқармай, стихиялы ағысқа жіберу әдісі тілді тұншықтыру үшін қолданған пәрменді әрекеттердің бірі және бірегейі болып шықты. Ауылда бетімен жіберілген қазақ тілі мейлінше бүлініп, тіл кеңістігіне ұсынылған ресми ақпаратты жеткізу мүмкін болмайтын, адамдарды еріксізден өзге тілге ауысып кетететін күйге түсірді.

* * *

 

Тілді жою бағытының тәуелсіздік жылдары жалғасуы

Сонымен, 1991 жыл келді. Қазақ елі мемлекеттік тәуелсіздігін алды. Рухани дамудың барлық бағыттары бойынша жаңа серпілістерге жол ашылды. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Кеңес кезінде экономикалық айналыстан аулақтатылып, тұрмыс аясына қамалып қалған тілді мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін атқаруға дайындау қажеттігі туды.

Алайда қазақ тілін жою шараларына атсалысқан, оны айналыстан ығыстырып шығару амалдарын «зерттеген», тапқан, жүзеге асырып келген қазақ филологтері тәуелсіздік жарияланғаннан кейін де, бұрынғы, кесірлі бағыттарынан қайтқан жоқ. Кеңестік тілдерді жою саясатын айыптамады, одан біржола бас тартатындықтарын мәлімдемеді. Ана тілін жаңа жағдайға сай жетілдірумен – тілді индустриялы қоғамға кіріктіре дамытып, әмбебап қолдануға дайындау шараларымен айналыспады. Кеңес кезіндегідей, тілдің түпкілікті мүддесіне қайшы әрекеттерін жалғастыра берді. Ана тілін көктетпейтін ойлары мен идеяларын тықпалай отырып, тілді тығырықтан шығармау әдістерін жоғары шығармашылық деңгейде қолданып, лингвистикалық зерттеулерді жоғарыдан теріс бағыттап отырды.

Бұл кінәлаулар бұлтартпас айғақты талап етеді.

Айғақ жеткілікті. Олардың кейбіреулері мыналар.

* * *

 

Қазақ филологиясын дүниежүзілік тенденциялардан аулақтатып, дрейфке бағыттап жіберген беделділердің басында академик Р.Сыздықова тұрды. Ол «көптеген халықтардың тарихында оның әдеби тiлiнiң қалыптасып дамуы көркем әдебиеттiң, соның iшiнде поэзияның бары мен барысына тiкелей қатысты болып келетiнiн бүгiнгi тiлтану теориясы мақұлдайды» деп, лингвистикадағы негізқалаушы ұғымды теріс түсіндіріп, ғылымилықтан мүлдем жырақ кетті (дамыған елдердегі тiлтану теориясы бойынша, әдеби тiл мен көркем әдебиет тілі бір ұғымды білдірмейді, бөлек категориялар ретінде қарастырылады). Артынан академик ханым «Еуропа мен орыс филологиясы танығанды, бiздiң де солай тануымыз шарт емес» («Қазақ әдеби тілінің тарихы». XV-XIX ғ.ғ. А.: 1993. 10, 11-бб.) деген теріс түсіндіруімен, зерттеушілердің өзінен кейінгі толқынын алдыңғы қатарлы, дамыған лингвистикаларда орныққан қағидалардан жырақтатып, демагогия мен паранаукаға қарай лағытып жіберді. Мұнысы филологияда түрлі антиғылыми бағыттардың мығым орнығуына жол ашып берді. 

* * *

 

Р.Сыздықова мен Ә.Қайдаров қазақ тіліне «бейнелі тіл» деген сипаттама берді (Сыздықова Р. Бiз қалай сөйлеймiз? // «Қазақстан-Zaman», 24. 10. 2001; Қайдаров Ә. Ұлтты ұйыстыратын құдіретті ұйтқы.- А.: 2003).

Бейнелілік – тілге емес, сөйлеушіге қа­тысты қолданылатын ұғым. Дамыған елдердің лингвистикаларында «бейнелілігімен озып» немесе «бейнелі бола алмағандықтан тозып» тұрған тілдер туралы зерттеулер жүргізген ешкім жоқ. Бейнелілік индустриялы қоғамдағы «тіл стандарттылығы» талабына қайшы құбылыс.

Бейнелілік – тілді меңгертуді қиындатушы факторлардың бірі. Тіл қолданушылар бейнелі сөй­ле­геннің жөні осы екен деп, «біріншінің» орнына «тұңғыш», осы сүрлеумен, конституцияны – «ата заң», баланы – «бүлдіршін», саяси партияның жетекшілерін – «саяси партияның серкелері».. деп, «әр нәрсені өз атымен ата­май, сау адамды жынды қылу оп-оңай» (Ж.Нәжімеденов) жасап, семантикалық сәй­кестікке келмесе де, бір сөздің орнына екін­ші­сін айтып, тілдің меңгерілуін тым қиындатып жіберді.

* * *

 

Академик Ә.Қайдаров «Қос сөздер» деп аталатын көлемді трактатында (Қазақ тіліндегі қос сөздер.- А.: 2013) ана тілін ешкім үйрене алмайтын, ешкімге үйретуге мүмкіндік бермейтін күйге түсіріп берді.

Класссикалық қазақ тілінде ақыл, ой, сана, сезім, өріс, ес, парасат ... деген жеке сөздер бар. Олардың әрқайсысының жеке мағыналық жүктемелері бар. Қараңыз: 

ақыл  – адамның алдына қойған мақсатына жету жолдарын табу, өз әрекетінің нәтижесін көре білу қабілеті;

ой – ақпараттың адам миында өңделу үдерісі, адамның діттегені;

сана – тек адамға тән, объективті нағыздықтың мида шағылу формасы;

сезім – адамның шынайы немесе абстракті объектілерге субъективті бағалық қатынастарын білдіретін эмоция үдерісі... Ары қарай, жоғарыда келтірілген өзге сөздердің де төл мағынасы осылай ашылады.

Ә. Қайдаров болса, нақты мағыналық жүктемесі бар, толыққанды екі лексикалық бірлікті дефиспен қосақтап, формасы күрделі, мағынасы түсініксіз, агноним жасап берді. Дамыған елдердiң әдеби тiлдерiнде мұндай семантикалық қойыртпақ ұшыраспайды. Қажетсіз және жасанды қосарланған агнонимдер аграрлы қоғамдардың, соның ішінде түркітектес халықтардың әдеби нормаға түсірілмеген тілдерінде ұшырасады.

Ә. Қайдаров ойлап тапқан теория бойынша, күрделі редупликациялық құрылымдарды (КРҚ) үйрену үдерісінде тіл субъектісі:

- бір сөздің орнына екі сөзді жаттауға (мысалы, «ем-дом» тіркесінде: «ем» және «дом»);

- бұлардың арасына дефис қою қажеттігін білуге;

- құрылымның жекеше немесе көпше екенін («ем-дом» немесе «емдер-домдар») ажыратуға;

- құрылымға жалғау қалай жалғанатынына («ем-домға» әлде «емге-домға»);

- құрылымнан туынды сөз қалай жасалтынына («емхана-домхана», әлде «емдомхана»),.. интеллект қуатын сарп етуге мәжбүр болады. Ақыры, бұл қосарды 6 есе қиындықпен меңгергеннен кейін де, субъект бәрібір мағынасыз тіркесті қолданатын бап таппайды.

Егер осы форманы (ем-дом) өңдеп, стандартқа (ем) түсіріп, орыс тілінің көмегімен мағынасын ажыратқанда: ем (лечение), емдеу (лечить), емге (к лечению), емхана (поликлиника),.. формасына келер еді. Бәрі орнында болар еді. Бұл категориядағы тілдік бірліктерді үйрену және өзгеге үйрету 6 есе жеңілдер еді (мұндайда сөздің түрленуі қазақ тілінің жалпы ережелеріне сай жүреді).

Ә.Қайдаров кітабында жеке тұлғадағы, нақты мағыналық жүктемесі бар 10 000 сөзді қосақтап, 5 000 мағынасыз тіркеске айналдырып берді. Негізінен бұлар жиі қолданылатын, әдеби нормаланған корпусқа енуге тиіс тілдік бірліктерден тұрады. КРҚ құрамындағы жеке сөздердің мағынасы олардың арасындағы дефисті алып тастап, ажыратып қолданғанда ашылады. Аударманың көмегімен құбылыстың сырына былай қанығуға болады. Мысалы: іс-шара (орыс тілінде «дело» және «мероприятие» ұғымдарын білдіретін сөздерді қосақтаудан туған агноним); ары қарай осы үлгімен: келісім-шарт (соглашение, договор); ақыл-парасат (ум, порядочность); сана-сезім (сознание, чувство); қаржы-қаражат (финанс, средство (денежное); күш-жігер (сила, решимость); атақ-абырой (звание-репутация); ауыл-аймақ (населенный пункт (деревня), провинция); мінез-құлық (характер, хотение); қадір-қасиет (достоинство, свойство); мән-мағына (сущность, смысл);.. (авторлық эксперимент сапасындағы аударма-Қ.Ж.). Бұл сөздер әдеби нормаланған сөздікке осындай дара формада, өзіндік мағыналық жүктемесімен енуі керек еді.

Бұлардың әрқайсысының меңгерілуін 6 есе қиындатып бергенде, тіл субъектісіне 30 000 сөзді үйретуге кететін рухани қуат қажет болады. Мұндай жады потенциалымен тіл субъектісі бір семьяға жатпайтын, мүлдем жаңа екі тілді жете меңгеріп алар еді. Ал қазақ тілін үйрене алмайды.

* * *

 

Ә. Қайдаров пен Ө Айтбайұлы: «... үкіметтің барлық қаулы-қарарлары мен ресми құжаттарын мемлекеттік жауапты адамдардың өздері ... жазуы керек... Қайсы біреулер ғылым тілі десе, Тіл білімі институтына қарай ауыз ашады... Тілшілер термин жасамайды,..» (Тіл майданы. – Арыс, 2000, 51) деген тезисімен, филолог атаулыны төл миссиясын орындаудан аулақтатып тастады.

Тілтанушы атаулы осы тезисті жылдам қабылдап алып, баршаға тілді меңгерту филологтердің жұмысы емес, мұнымен саясатшылар айналысуы керек деген теріс түсіндіруді таратып жіберді. Қазір «қазақ тілін шенеуніктер меңгерсін, билік оларды мәжбүрлесін, ол үшін әрекеттегі заңның орыс тілінің ресмилігі бекітілген тармақ алынып тасталуы керек» деген тәпсір бұқаралық санаға мығым орнығып алды.

Қазіргі қазақ тілінің күйі хақында орныққан теріс констатация бойынша, қоғам биліктен шенеуніктерді қазақша сөйлетуді талап ете береді, билік ол талаптардың орынсыздығынан орындамай жүре береді. Осылай қоғамның талабы мен биліктің оны орындай алмауы арасында, шахматтағы паттық жағдайға ұқсас, мәңгі тірес ахуал қалыптасқан.

Осы бағытты профессор А.Салқынбай тіл қолданушылардың кейбірі ана тілін білмей, сөйлемей жүрсе – ол бөлек мәселе деп, филологтердің төл міндеттерін орындаудан бас тартуын қолдап шықты (2021 ж. 4 қарашада өткен республикалық семинарда сөйлеген сөзінен). Демек, аталған академиктердің тезисінен туындатып отырған ханымның түсіндіруінше, қазақ тілін толыққанды мәртебелі қызметін атқаратын, баршаға міндетті тіл ретінде дамыту жұмыстарымен отандық филологтер айналыспайды екен. Бұл бағыт олар үшін «бөлек мәселе» екен.

* * *

 

Отандық филологтер, академиктер салған ізбен, ана тілін перспективалы дамытуға жібермейтін амалдарды қолданып әрекет етулерін жалғастыра берді.

  А.Байтұрсынұлы атындағы ТБ ҒЗИ директоры А. Фазылжанова мен қызметкері А.Әмірбекова (филол.ғ.к.) кеңес дәуіріндегі лингвист ғалымдардың зерттеулерін жоққа шығаруға ешкімнің құқы жоқ (ҚР БжҒМ Ғылым комитеті 2021 ж. 15 қазанында жолдаған №1788/16-4 шығыс хатына сәйкес ... қазақ тілінің қолданылу мәселелеріне қатысты пікір) дегенді айтты. Бұған дейін осы сарындас тұрғыны ұстанатынын М.Атабаева, Ә.Асқаров пен С.Омарова жариялаған болатын.

Демек, қазіргі әрекеттегі филологтер кеңестік аға буын әріптестерінің қазақ тілін жойып жіберуді діттеген идеяларға толы еңбектерін жоққа шығармайды. Олардың тілдерді жою саясаты үшін құптарлық, ал қазақ тілінің перспективасы үшін залалды тұжырымдарын жүзеге асыруды жалғастыра береді.

* * *

 

Тілді жоюдың әмбебап әдісінің іске қосылуы

А. Байтұрсынұлы атындағы ТБ ҒЗИ директорының орынбасары Е.Маралбек, ойқастата тіл безей отырып, «тіл өз бетімен дамиды,.. тілді тұмсығынан жетелеп, олай-былай (бағыттап) жүруге болмайды дегенді айтты. (https://www.youtube.com/watch?v=OG5dI0hCwSk).

Құбылыстың сыры тарихи практикамен түсіндіріледі.

Адамзат тарихында, әр халықтың тілі өз ареалында, табиғи даму үдерісін бастан кешіргені рас. Бұл – дүниежүзілік экономикалық интеграцияға (адамзаттың индустриялы формацияға өтуіне) дейінгі кезеңде орын алған құбылыс. Ол кезде тәуелсіз халықтардың тілдері өз қоғамында төл міндетін атқарып жүрген болатын.

Ал соңғы ғасырларда ахуал мүлдем өзгеріп кетті. Аз санды халықтардың тілдері табиғи даму мүмкіндігінен айырылып қалды. Олардың тағдыры интеграциядағы тілдік үдерістерге ықпал етуші бөгде күштерге тәуелділікке түсті. Көпұлтты отарлық империялар құрылғанда, аз санды халықтардың тілдері жеңген халықтардың үстемдігі жағдайында, отарлаушы ел тілінің қыспағына душар болды.

Қазір дүниежүзі тілдерінің дамуы үдерісінде кең орын алған қарама-қарсы екі тенденция бар.

Бірінші тенденция лингвистикада «языковой сдвиг» деп аталатын үдерістің орын алуымен түсіндіріледі. Ол аграрлы формацияда қалып қойған, аз санды халықтар өкілдерінің дамудың индустриялы басқышына өтіп кеткен отаршы қоғамның тілінде сөйлеуге ауыса бастауын көрсетеді. Отарға түскен елдің тілін индустриялы экономикадан шеттетіп, стихиялық ағысқа жіберіп қойғанда, қателерге малшынып, өзінен өзі қолданысқа жарамай қалатын күйге түседі. Дүниежүзілік аренада тілдердің жойылып кетуіне тура ықпал етуші факторлардың пәрмендісі осы. Отарлық империялар мұны қарамағындағы аз санды халықтардың тілдерін жоюдың әмбебап әдісі ретінде қолданды.

«Языковой сдвиг» ғылыммен басқарылмаған тілдер үшін қуатты, қиратушы құралға айналды. Бұл құбылыс тіл саясатын мақсатты бағыттай алмайтын, ғылыми зерттеулер жүргізетін компетентті мамандар ұстайтын әлеуеті жоқ, отарлық тәуелділіктегі мешеу халықтарда орын алды. Сол себептен, өткен ғасырдың өзінде, үш мыңға жуық халықтың тілі жойылып кетті. Қазіргі Ресейде орыстан өзге аз санды халықтардың тілдерін жою осы әдіспен жүзеге асырылып жатыр.

Қазақ тілі де XVIII ғасырдың 30-жылдарына дейін өз бетімен, табиғи даму үстінде болды. Алайда ел тәуелсіздігінен айырылып қалуына байланысты, инустриялы қоғамды басқарып отырған орыс тілінің аумағында, анклавта өмір сүруге мәжбүр болды.

Өткен ғасырдың 60-жылдарынан кейінгі кезеңде қазақ тіліне қарсы пәрменді шаралар жүргізілді. Тілді экономикалық айналыстан шеттету (таза қазақтар мекендеген аудандардың өзінде шаруашылық ісі орыс тілінде жүргізілді), ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазуға, терминдерді аударуға тыйым салу,.. компартияның тілдерді жойып жіберу үшін қолданған әдістемелерінің ең кесірлісі болып шықты. Бұл коммунистік билікке діттегеніндей «нәтиже» алып берді. Стихиялы ағыспен, басқарусыз жіберілген қазақ тілінің, қолданыстағы қателерінің көбейіп кеткені сондай, ол әбден бүлініп, қарапайым ақпаратты жеткізе алмайтындай, ресми қолданысқа жарамайтын күйге түсті. Тіл контенті түсініксіз, синтаксистік қойыртпаққа айналды.

«Языковой сдвиг» отарлық империялар жағдайында, тәуелділікте болып келген тілдің қолданылу барысында болмай қоймайтын үдеріс болып табылады. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін тілдің әмбебап қолданылуын қамтамасыз ететін нормаларды орнықтырып, олардың орындалуын қадағалап, жөнге салып отыру керек.

Бізде «языковой сдвиг» көз алдымызда, айшықты жүріп жатыр. Ал мемлекеттік академиялық ғылыми-зерттеу мекемелері тілді нысаналы дамыта отырып, азаматтардың орыс тіліне ауысып кетуін тоқтатуға тырысып жүрген жоқ. Тілді жоюшы фактордан ғылымның күшімен құтқарып алудың қамын жасап жүрген жоқ. Олар, керісінше, «басқарылмайтын, хаостық ахуалға» жібере отырып, ана тілін төл функциясын атқара алмайтын күйге түсіріп, оны тарих тұңғиығына кетіп жатқан тілдердің кезегіне тұрғызумен айналысып жатыр.

А. Байтұрсынұлы атындағы ТБ ҒЗИ басшыларының қылығы – ешбір елдің тарихында болып көрмеген, сауаты мен салауаты бар адам бара алмайтын, оғаш құбылыс. Олар ғылыми дәйектіліктен алшақ, құқықтық тұрғыдан мемлекеттік мүддеге қайшы, әкімшілік тұрғыдан бюджеттік қаржыны мақсатсыз пайдаланып отырған алаяқтық, отаншылық тұрғыдан опасыздық, адамгершілік-моральдық тұрғыдан азғындық,.. деп бағаланатын қылықты жасап отыр.

* * *

Жазушылардың тілді жоюдың әмбебап әдісін қолдауы. «Qazaqsha zhaz» атты ұйым бар екен. Содан келген Жалғас Ертай дегенмен сұхбат жүргізген «Қазақ әдебиеті» газеті де осы бағытты қолдап шығыпты. Сөйлеміндегі көзге ұрып тұрған семантикалық қайшылықты сезбейтін автор, «тіл – өзінен-өзі жүйелі түрде дамиды» деп соққан екен (Қазақ әдебиеті // Қазақ тілі табиғи түрде дамып келеді: 24. 06. 2023).

Түсініктілік үшін Qazaqsha zhaz-дың адамының ерепейсіз сілтеуін, оқырманға синтаксистік талдаудан өткізіп көрсетуге тура келеді. Мұның мәніне әр сөзді талдап түсіндіру арқылы көз жеткізуге болады. «Өзінен-өзі – сам по себе, произвольно» дегенді білдіреді (қараңыз: Қазақша-орысша сөзік, А.: 2008). Тиісінше, «произвольно – өз бетімен, лағып кеткен» деген сөз (Орысша-қазақша сөздік, А.: 1981). Егер тіл «өз бетімен, лағып кете беретін» болса, онда оны жүйелі даму үстінде деп кім айта алады? Сұхбатшының лағуын стилистика мен семантика дегендерден бейхабар редактор да түзетуді білмеген.

«ҚӘ-нің» авторы айтқандай, қазіргі уақыт­та «қазақ тілі өзінен-өзі, хаостық, басқарылмайтын жағдайда...» (сонда) екені рас. Солай болғандықтан, тағы сол автордың өзі айтқандай, «дамып жатқан» жоқ, ауа жайылып, бытпырап, меңгеруге келмейтін күйге ұшырап отыр.

«Орманға бойлаған сайын – отын көп» демекші, «ҚӘ-нің» авторы «адамзат тарихындағы бүкіл тілдің дамуы осы жолмен жүрген» деп (бұл да сонда), дүниежүзілік интеграцияға дейінгі кезеңге тән құбылысты қазіргі тілдік үдерістерге таңып, тағы шатасады. Тіл атаулының бәрі қазір де, бұрынғыша, «өз бетімен дами береді» деп «түсіндіреді». Бар өкініштісі, тілдердің дамуына жол бермеу әдістерінің ішіндегі кесірлісін – тілді «басқарылмайтын, хаостық жағдайға» түсіріп отырып, айналыстан өзінен өзі шығып қалуын көздеушілердің тезистерін «ҚӘ» газетінің дәріптей жариялап отырғанының куәсі болып отырмыз.

* * *

 

Екінші тенденция: мәдениетті елдер филологияны мейілінше дамыта отырып, ғылыми мекемелер ашып, оларда кәсіпқой филологтар ұстап, ғасырлар бойы толассыз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, ана тілдерін жоғары репрезентативті қабілетке жеткізіп, әмбебап қолданып отыр. XIX ғасырға дейін тек деревня тұрғындары – крестьян-мұжықтар ғана қолданған орыс тілінің индустриялы қоғамның жетілген, әмбебап тілдері қатарына қосылуы осының мысалы бола алады. Ресей филологтары өздерінің ана тілін ғана емес, онымен қоса, жүздеген Ресей халықтарының, дүниежүзі халықтарының, соның ішінде, Еуропаның ірі әдеби тілдерін түбінен қопара зерттеп шықты. Қазіргі орыс әдеби тілі ағылшын, француз, немiс, испан, поляк тiлдерінің жетілген тәжірибелеріне сүйене отырып жасалған [Филин Ф.П. Истоки и судьбы русского литературного языка. – М., 1981. 175-176 б.б.]. Жоғарыда аталғандардан басқа ұлы халықтар да ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, тілдерін мәртебесіне сай жетілдіріп отыр.

* * *

 

Бізде орын алып отырған абсурдтық ахуал түсінуге қиындық тудырмайды. Таразыға екі нәрсе тартылған:

біріншісі – тіл тағдыры. Ел мүддесі аясында көтеріліп отырған, ұлттығымыздың көрсеткіші – қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай, индустриялы қоғамда әмбебап қолданылатын, әдеби нормаланған тіл ретінде дамыту;

екіншісікеңес билігі кезінде тілдерді жою саясатын жүргізген «іргелі ғалымдардың зерттеулерін жоққа шығармау», демек қазақ тілін компартия қолданған әдістемемен, стихиялық ағысқа жібере отырып (тіркестерді салыстырыңыз: «ҚӘ-нің» авторының лексиконы бойынша: «басқарылмайтын, хаостық жағдайға» түсіре отырып), қателерге малшындырып, тілді өзінен өзі қолдануға жарамай қалатын күйге түсіріп беру.

Әрекеттегі филологтардың таңдауы  екінші нұсқаға түсіп отыр.

* * * *

 

Қалай бағаласаң – олай бағала! Мұны қазақ филологтарының сауатсыздығы дейсің бе, әлде опасыздығы дейсің бе? Айғақ осындай!

Алдымен философияда пайда болып, артынан медицинада кең таралған эвтаназия деген ұғым бар. Ол адамның өлімді өз еркімен қабылдауын білдіреді. Отандық филологтар мұндай ахуалды ана тілінің басына төндіріп отыр. Табиғи даму мүмкіндігінен баяғыда айырылып қалған ана тілін ғылымның күшімен құтқару шараларын жасаудың орынына, оны жойылып жатқан тілдердің соңынан ертіп жіберіп отыр.

Қазақ филологтарының әрекеттері мемлекет тарапынан, саяси және құқықтық тұрғылардан объективті бағасын алуы керек. Мұндайға құқыққорғау, күштік құрылымдар араласуы керек. Бюджеттік қаражатты
ұлт мүддесіне қайшы әрекеттерге жұмсау айғағы орын алып отыр. Біз мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатының мәнін жою, қазақты ұлт тілінен ажыратып тастауды көздеген диверсиялық әрекетті көріп отырмыз. Филологтардың әрекеттері ұйымдасқан жемқорлық топтың шеңберінде жүзеге асырылып жатуы мүмкін.

* * * *

 

Қазақ тілін кім біледі?

(контент және стилистика)

Бір қарағанда сұрақты бұлай қоюға болмайтын сияқты. Қисын мынада: ауыл тұрғындары, орта және жоғары оқу орындарын қазақ тілінде бітіргендер, қазақтілді БАҚ-ның журналистері, филологтар, жазушылар,.. қазақша біледі. Көпшілік осы қисынды қабылдап алған. Бірақ тіл кеңістігіндегі ахуал бұл констатацияны растамайды.

Қазақ тілінде көркем шығармалар басылып, монографиялар жазылып, диссертациялар қорғалып жатыр. БАҚ арқылы ақпарат таралып жатыр. Мектеп қазақ тілінде білім беріп жатыр,.. Осылардың бәрі қазақ тілінің өз қызметін атқарып жатқанын және бұл тілді білетін адамдардың бар екенін көрсетпей ме?

Көрсетпейді?

Қалайша?

Оның мәнін түсіну үшін бұған қарама-қарсы екінші тенденцияға көз салыңыз: қазақ баласы ұлттық аурасы тұнып тұр деп саналатын, туған үйінен тіл біліп шықпайды. Балабақша сәбиге тіл үйрете алмайды. Мектеп арнайы бағдарламамен, оқулықпен, әдістеме қолданатын мұғалімнің күшімен, бағамен ынталандырып, регламенттеп оқытып қазақ тілін білгізіп шығара алмайды. Түрлі елдердегі білім беру деңгейін айқындаумен айналысатын халықаралық ұйым (PISA) «Қазақ мектебіндегі оқушының 64 %-ы қазақ тілінде оқыған мәтінді түсінбейді, оны қорытып, ойын ауызша-жазбаша жеткізе алмайды» деген қорытынды беріп отыр. (https://kaz.inform.kz/news/okushilardin-64-kazak-tlnde-okigan-matnd-tusnbeyd-rauan-kenzhehanuli-). Ауыл мектебін, сонан кейін, ЖОО-ны қазақша бітіріп, өндіріске келген маман бірден орысшаға ауысып кетеді.

Сөздіктер қателерге тұнып тұр. Оқулықтың оңғаны болмады, қазір де жоқ. Қазақ тілінде заманауи азаматтың талғамына татитын контент жоқ. Толыққанды қазақтілді орта жоқ. Ресми ақпаратты дұрыс жеткізе алатын адам жоқ.

Қазақ тілі антитезасын өздерінше тәпсірлеп жүрген зиялы атаулының ешқайсысы шынайылыққа көз жеткізе алған жоқ. Оның себебі, бұл – қатардағы адамдар түсіне бермейтін құбылыс.

* * *

Енді құбылыстың жаңа тәпсіріне үңіліп көрейік. 

Қазақ қоғамы бір ел ішінде екі әлеуметтік-экономикалық формацияда бөлініп өмір сүріп жатыр. Қазақстан – тұтастай алғанда, индустриялы-аграрлы қоғам.  Алайда С.Хантингтон сипаттағандай, өркениеттердің омырылу үдерісінің («цивилизационный разлом»: Столкновение цивилизаций: М.: 2003. 243-245) ықпалымен ұлттың рухани тұтастығының іргесі сөгіліп, екіге бөлініп түсіп отыр. Қазақ та «жыртылған ұлтқа» («разорванный народ». Сонда, 136-б.) айналды. Омырылу сызығының бір жағында қалалық, орыстілді қауым индустриялы қоғам орнатып жатқанда, екінші жағында қазақтілді қауым дамудың аграрлы басқышында қалып қойған.

Әлеуметтік-лингвистикалық параметрлер бойынша, экономикалық айналыстан жырақ қалған қазақ тілі, имманентті тақырыбымен, индустриялы өмір шынайылығын жеткізуге мүмкіндік бермейтін, қателерге малшынған күйімен көрініс беруде. Тиісінше, тақырыптық шектеулілік пен тілдегі аномалиялық қолданыс ұлттық ойдың кешігуіне әкеліп соқтыруда (қар.: У.Огборн мәдени лаг теориясы: https://studopedia.ru/6_90555_teoriya-kulturnogo-laga-ogborna).

Тілдің формацияларға бөлініп түскен қоғамдағы қызметінің сапасы мен мазмұны да түрліше. Кестені қараңыз:

 

Әлеуметтік-экономикалық формация

 

Контент

 

Баяндау стилі

 

 

Индустриялы қоғам

(қазақ тілінде контент жоқ)

Индустриялы қоғамның қойнауларынан түсіп жатқан ақпарат – мемлекеттік басқаруда, халықаралық қатынастарда, қаржыда, бизнес жүргізуде, ғылымда, техникада, технологияда, әскер ісінде,.. жүріп жатқан үдерістер орыс тілінде репрезентацияланады, қазақ тілінде қатеге толған аудармасы ғана жүреді.

Контент болмаған-да, оның баяндау стилі туралы сөз болуы мүмкін емес.

Қазақ тілінің ресми стильдері қалыптаспаған.

 

Аграрлы қоғам

(қазақтілді контент бар  мәдени лаг деңгейінде)

әлеуметтік-тұрмыстық аялардағы оқиғаларды, ішінара тарихты, мәдениет пен өнерде, ауылда, отбасында болып жатқан көріністер мен үдерістерді сипаттау; перифериялық мәтіндердің Парламентте көтеріліп, БАҚ арқылы беріліп жатуы;..

Жалпақ тіл (тұрмыстық тіл); меңгеруге мүмкін-дік бермейтін син-таксистік қателерге толы форма;..

 

Трагедия атаулы осыдан көрініс беріп отыр: қазақ тілі аграрлы қоғамның қойнауынан шыққан жоқ, индустриялы қоғамға енген жоқ. Келтірілген айғақтар тілдің аграрлы формациядағы қызметінің маңыздылығы төмен, кейбір қырларын, соның өзінде, шашыраған тұрмыстық тілде көрсетіп тұр.

Қазақтілді журналистер, жазушылар, филологтар заманауи өркениет өмірін шынайылықпен сипаттауды игерген жоқ. Сондықтан индустриялы қоғамның қойнауларында болып жатқан үдерістер мен құбылыстар орыс тілінде беріледі де, қазақ тіліндегі былыққан аудармасы қатар ұсынылады.

Қазақша таралып жатқан материалдар тақырыбы мен мазмұны жағынан заманауи қала адамының рухани сұранысын қанағаттандыратын деңгейде емес, олардың талғамына татымайды. Көрнекті ақынның, мықты деген жазушының сұрғылт ауыл мен мұңлы тарихты сипаттаулары индустриялы қоғам адамының қажетін өткермейді. Олары заманауи жастарды қазақ тіліне тартып жүрген жоқ, керісінше, кері итеріп жүр. Иидустриялы қоғамның, озық мәдениеттің адамы аграрлы қоғамның мәдени лаг деңгейіндегі, кешігіп келе жатқан мәдениетін қабылдамайды. Мәдени лаг қазақ тілінің алдында тұрған, оны индустриялы әлемге жібермейтін факторға айналып алған. Қазақ тілін үйренуге қажеттілік тудыратын контент жасалған жоқ.

* * *

 

Бұған қоса, жалпақ тілде, синтаксистік қателерге малшынған формада берілген мәтіндер түсініксіздігінен ұғылмайды, меңгеруге мүмкіндік бермейді. Стилистика мәселелерінің қазақтілді филологияда бұрыннан қате тәпсірленіп келе жатуынан, өзгелерді былай қойып, филолог атаулыда сөйлемін дұрыс құрып, ғылыми ақпаратты жеткізе алатын адам жоқ.

Бұл – қабылдауға қиындық келтіретін, ауыр кінә. Ауыр кінә бұлтартпас айғақты талап етеді. Ал айғақ табу қиындыққа соқтырмайды, ол жеткілікті. Жазбаларымның көлемі ұлғайып бара жатқанына алаңдап отырсам да, осы жерде бірер айғақ келтірмеске болмас деп ойлаймын. Өйткені сын тезі объектісіне отандық филологияның «майталмандары» тұтас ілігіп тұр.

1- мысал: Салқынбай А.Б., филол.ғ.д., профессор: Қазіргі таңда қазақ тіліндегі ғылым салалары: қазақ тіліндегі жаратылыс тану ғылымы, қазақша әлеуметтік саладағы ғылым тоқырап тұрғаны шындықҚ (2021 ж. 4 қарашада өткен республикалық семинарда сөйлеген сөзінен).

Синтаксистік талдау мынаны көрсетті (Ескертпе: оқырманға түсінікті болуы үшін, сөйлем құрудың қатесі мен дұрысын қатар көрсетіп беруге тура келеді): 18 сөзден тұратын сөйлемдегі үшем-тавтология екеу (қазақ тіліндегі, қазақ тіліндегі, қазақша; ғылым, ғылымы, ғылым); орашолақ құрылымдар екеу: «қазақ тіліндегі ғылым салалары», «қазақша әлеуметтік саладағы ғылым», «жаратылыстану» бірге жазылады. 

Сөйлемді синтаксистік икемге келтіргенде мынадай түрге келуі тиіс еді: «қазіргі таңда жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдардың қазақ тілінде зерттелуі тоқырап тұрғаны шындық» – 12 сөз. Көбік – 50 %.   

2-мысал: Республикалық ғылыми семинарда сөйлеген сөзінде профессор Қ.Қалыбаева жазбаша 3 беттік ғылыми сараптамасында 48 қате жіберді (ханымның мәтіні мен менің талдауым әлеуметтік желіде жарияланған. Қарсылық, ақталу болған жоқ).

Бұлар – кездейсоқ құбылыстар емес. Дәрежеленген филологтардың бәрінің қазақ тілінде сөз қолдану тұрпаттары осындай.

Ресми кеңістікке шығып алып, айтарын жалпақ тіл стилімен судырату тіл білгендікке жатпайды. «Тек ауызекі тілде жазу тіл білмегендікті айғақтайды» дегенді А.С.Пушкин сонау XIX ғасырда айтқан болатын.

Құбылыстардың мәнін түсіне алмаған бұқара, ауыл тұрмысына жақын жайларды өзара байланыссыз тіркестермен, қопсыта көпіртуді қазақ тілінде осылай сөйлеу керек деп тепсінеді және осы қойыртпақты жалпымемлекеттік деңгейге шығаруды талап етеді. Аграрлы қоғамда мейілінше бүлінген формаларда қолданылып келген тілді бірден мемлекеттік іс жүргізуде, ғылым мен технологияда трансгрессия әдіснамасымен, қолданып жіберу мүмкін емес.

* * *

 

Әлеуметтік ортада «адамдар қазақ тілінде дұрыс сөйлемейді» деген реніш жиі естіледі. Тек «дұрыс сөйлемейтіндер» шенеуніктер арасынан іздестіріледі. Бұқара дұрыс сөйлемеудің қазақ тілі мамандығымен байланысы бар адамдардан бастау алып отырғанын, солардың үлгісімен таралып жатқанын аңғармайды.   

Академиялық ғылыми мекемелер дайындаған оқулықтар мен сөздіктердегі қателерді жібергендер – дәрежеленген филологтар. Стилистикалық қателерге малшынған мәтіндерді БАҚ арқылы таратып отырғандар – журналистер. Орыстілді субъектінің рухани сұранысына татитын, тіл үйренуге қажеттілік тудыратын мәтін жаза алмай отырғандар – жазушылар.

Филолог, журналист, жазушы – тілді түзетіндер де, бүлдіретіндер де осылар. Тіл тағдыры осылардың қолында. Қатардағы шенеуніктің, инженердің, құрлысшының, мұғалімнің,.. дұрыс сөйлей алмауының себебі де олардың аталған үш категорияға енетін адамдар жасап берген, аномалияға малшынған контенттен суарылып отыруымен түсіндіріледі.

Қазақтілді мектеп пен филология факультеттерінде синтаксис пен стилистиканы теріс оқыту, тіл кеңістігінде сөйлем құрай алмаудың үлгісін көрсету, мектеп пен ЖОО-ны қазақша бітіргеннен кейін, қоғамдық қызметке араласқанда, орыс тіліне ауысып кететін мамандар дайындау,.. – бәрі, бірінші кезекте, филологтардың және оған жақын мамандықтар адамдарының қолы. Олардың араларынан тілді түзеу қажеттігін, сол арқылы ойды, ой арқылы әрекетті түзеуге болатынына зердесі жететіндер табылмай отыр.

* * *

 

Тіл білу дегеніміз әдеби тіл корпусындағы (қазақ тілінде ол корпус әлі жасақталған жоқ) әр лексикалық белгіні семиологиялық бірмәнділікте түсіне және қолдана отырып, ресми ақпаратты адекватты жеткізе білу деген сөз. Былайша айтқанда, адамның өзі қызмет істеп жүрген салада, қызметтестері мен әріптестерінің санасына өндіріс үдерісіне қатысты айтар ойы мен идеясын жеткізе білуін тіл білу деп айтамыз.

Бұл талап әдеби нормалары қалыптасқан, мемлекеттік іс жүргізіліп жүрген тілдерге қатысты алғанда ғана орындалады. Ал тіл нормалары толық бірізділікке түсірілмеген, сөздіктерде міндеттілігі нұсқалмаған, орта және ЖОО-ларда оқытылмаған (қате оқытылған), тіл практикасында дұрыс сөйлеу талап етілмейтін жағдайда орындалмайды.

Жинақтай айтқанда, тіл білу деп индустриялы қоғамның қойнауларында – мемлекеттік іс басқаруда, халықаралық қатынастарда, қаржыда, бизнес жүргізуде, ғылымда, техникада, технологияда, әскер ісінде,.. болып жатқан үдерістер мен құбылыстарды ресми стильде репрезентациялай алуды айтамыз.

Қазіргі таңда қазақ тілін индустриялы қоғам шынайылығын жеткізе алатындай деңгейде білетін ешкім жоқ. Өйткені қазақ тілінде индустриялы қоғам өмірін сипаттайтын контент жоқ, әдеби нормаға түсірілген лексикалық корпус та жасалған жоқ. Тиісінше, қазақ тілінің ресми стильдері туралы да сөз болуы мүмкін емес.

Қазақша сөйле деп, кез келген шенеуніктің шаужайынан ала түсіп жүргендердің әрекеті корректілікке жатпайды. Егер, шенеунік жеткізе алмаған ойды, «қазақша өзің жеткізіп көрсетші» деп, жазғырушының өзіне бере қойса қайтер еді? Қазақша сөйлеуді табанды талап етіп жүрген депутатыңыз, айтылар ойды қалай жеткізерін білмей, аузын буған өгіздей, мелшиіп тұрып қалар еді.

Бұдан билік құрамындағы қазақша білмейтіндерді «тіл білетіндермен» ауыстыру туралы ұсыныстың абсурдтылығын аңғару қиын емес. Тіл білмегендігі үшін қызметтен кетірілген адамның орнын басатын «тіл білетін» адам табылмайды.

Тіл білу мен білмеудің жігін ажырата алмау – қазақ тілі проблематикасындағы ең өзекті мәселе. Тіл білудің критерийлері анықталған жоқ, үлгілері жасалған жоқ. Қазіргі таңдағы қазақ тілі келіп тіреліп тұрған басты кедергі не дегенде, кімнен сұрасаң да, «шенеуніктер қазақша сөйлей алмайды» деп жауап береді. Олар «Президент шенеуніктерді мәжбүрлеп жіберсе, қазақ тілі май жаққан тақтайдың бетімен сырғанағандай, зымырап кетер еді» деп ойлайды. Қазақ филологиясының старатегиялық адасуы осыдан көрініс беруде. Қоғамның назарын «шенеуніктер сөйлемейдіге» аударып тастап, тілдің төл мәселелерін зерттеуді қалтарыста қалдыру, мінеки, бар трагедияның төркіні осыдан бастау алуда.

Сонымен, классикалық сұрақтардың жауабын іздеп көрейік.

Не бар?

Аграрлы қоғам өмірін «сипаттағанда» қателерге малшынған, түсініксіз мәтін бар.

Не жоқ?

Индустриялы қоғамда ресми ақпаратты жеткізе алатын, нормаланған әдеби тіл жоқ.

Қазақ филологиясы ғасырлық адасу үстінде. Филологияның орнында оның атын жамылған паранаука бар. Ахуалдың осылай өрбіп отырғанын түсінетін де ешкім жоқ. Филологтармен кездесіп, өзекті тақырып талқылау мүмкін емес, бір отар қойға балық аулаудың әдіснамасынан дәріс оқығандай күй кешесің.

Осындай баға өзге ғылымдарға да беріліп жүр. Тұрсын Жұртбай «қоғамтану ғылымына, оның ішінде тарих пен әдебиетке келсек, біз жалған ғылымға толығымен көшіп болдық,.. Мен ғылымдағы мұндай топастықты,.. айтқым да келмейді. Бірақ айтпасаң, сөздің ғана атасы өлмейді, қазақ өлейін деп тұр» (ФБ) деген екен. Ол рас. Экономика, саясаттану, мәдениеттану, әлеуметтану,.. салаларының әрқайсысында мыңдаған дәрежеленген «мамандар» бар. Бәрінің де нәтижесі бір цифрмен белгіленеді - 0. Бар қырсықтың төркіні халықтың формациялық артта қалуында жатқанын көре алатын көз болмады.

* * *

   

Аты жоқ құбылыс

Қазақ тілінде масқара, сұмдық,.. деген сөздер бар. Кейде «жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген салыстырулар кездеседі. Орыстілді беллетристикада абсурд, нонсенс деген сөздер ұшырасып жатады. Бұлардың ешқайсысы қазақ филологтарының ана тілін жою әрекеттеріне толық эмоциялық баға бола алмайды.

Осы жерде Нильс Бордың «егер мұны естігенде қалшылдап қалмасаң, ол сенің ештеңе түсінбегеніңді айғақтайды» дегенінің ойға оралуының жөні бар.

У.Черчилль ақылмен өлшеуге келмейтін, шектен асқан ағаттықты сипаттау үшін «аты жоқ құбылыс» деген тіркесті қолданған екен.

Қазіргі қазақ филологтарының ана тілін жою шараларымен өздері айналысатынын жариялауын жоғарыда аталған критерийлердің бәрін қосып айтқанда да жеткілікті сипаттама бола алмайды.

Мұндайды естігенде, алдымен биліктегілер – Президент, оның рухани даму үдерісін қадағалаушы көмекшілері, рухани министрліктердің, Ғылым Академиясының басшылары мен жауапты қызметкерлері, тілге қатысы бар жұмыстар атқарып жүрген мекемелердің лауазымды адамдары мен қызметкерлері, дәрежеленген филолог атаулы  – қолдарындағы кесесін түсіріп алып, кеудесін ұстап, отырып қалса керек еді.

Бірақ ешкім қалшылдамай жатыр! Ешкім дірілдемейді де. Талып қалған ешкім жоқ. Ешқайсысының «ол түйеде жүгі жоқ». Жайбарақат өмірлерін сүріп жатыр.

Өзім болсам, осыдан кейін, қазақтың қалшылдап қалмағанынан шошып отырмын.

* * *

 

Интеллектің зақымдануы

Отандық филологтер ана тілін алға бастырмайтын әрекеттерін қымсынбай жариялап, жазба нұсқада да беріп, газетке де бастырып отыр. Олар өздеріне «япырай, тілдерді жою саясатын жүзеге асырысқан адамдарды «іргелі ғалымдар» деп, олардың ана тілін жоюды діттеген «еңбектерін жоққа шығармаймыз» дегеніміз, өзіміздің де сол бағытты жалғастырғанымыз болып шықпай ма?» деген сұрақты қоймайды.

Тілдің дамуына көлденең тұру – ұлтқа, демек, елдің болашағына кесек лақтыру емес пе? Санасында саңылауы бар адам кесірлігін, тым құрыса, көрер көзге жасыруға тырысады. Бұлар онысын ашық айтып жүр. Және ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңнің өзінде, компартияның тіл саясатын жалғастырып, ана тілін өз қолдарымен тұншықтыруды бюджет қаражатын пайдаланып, ғылыми мекеменің шаңырағының астында жүзеге асырып отыр.

Бұл нені көрсетеді?

Бұл отандық филологтердің әрекеттерінің мемлекет тарапынан саяси-құқықтық, моральдық-психологиялық тұрғыдан объективті бағалануы қажет екенін көрсетеді.

Сонымен қоса, құбылыс диагноз қоюды қажет етеді.

Оның бірнеше долбары бар.

Бірінші долбар: құбылыс отандық филологтардың опасыздығынан болуы мүмкін. Лысенкошылдық іздері де сайрап жатыр. Қазақстан қашанда сатқындардан кенде болған емес. Соның астарында, отандық филолог атаулының әрекеттерін опасыздық деп бағалу ешкімді таң қалдырмаса керек.

Екінші долбар бойынша, құбылыс отандық филологтардың кәсіби сауатының кемшіндігімен түсіндіріледі. Осы материалдың өзінде профессорлардың сөйлемін дұрыс құра алмай, қарапайым ақпаратты жеткізе алмауы мысалдары келтірілді.

Үшінші долбар: бұқаралық санадағы ауытқу жөнінде болайын деп отыр. Оның түрлері көп. Солардың бірі психиатриялық интеллекттік-мнестикалық (ПИМ) синдром деп аталады. Ол қысқаша интеллекттің зақымдануы деп айтылады. Бұл дерт оған бой алдырған адамның сөзі мен әрекетінен:

- айналада болып жатқан құбылыстардың арасындағы байланыстарды көре алмау;

- басты мен қосалқыны ажырата алмау;

- өзі айтып отырған сөзі мен істеп отырған қылығына жауап бере алмау формаларында көрініс береді.

 (https://www.google.kz/search?q=расстройство+интеллекта).

* * *

 

Сонымен, материалды оқып шықтыңыз. Енді тұрғыларымызды айқындап көрейік.

А. Түсінбедіңіз. Онда, сұрақ қойыңыз. Кеңесейік. Түсінуге тырысайық.

Ә. Түсіндіңіз. Бірақ тұжырымдармен келіспейсіз. Теріске шығарасыз. Онда, дұрысын көрсетіңіз. «Жөні былай» деп, тілді дамытудың ғылыми дәйекті жолдарын жариялаңыз. Дәлелді болса, ұсынысыңызды қабылдайық.

Б. Түсіндіңіз. Құптайсыз. Онда бірлесе отырып, тілімізді мәртебесіне сай тұғырға қондыру әрекетін жасайық. Ұлттың, келер ұрпақтың ризашылығына бөленіңіз.

В. Түсіндіңіз. Тек белсенді тұрғы танытпайсыз. Үнсіз қаласыз. Онда, ... «Мен кіммін» деген сұрақтың жауабын іздеп көріңіз.

 

Қанағат ЖҮКЕШ, әлеуметтанушы, философ, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті

 

P.S. Автордың пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды