Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы «Qazaqstan: тұрақты даму моделіне қарай» аналитикалық материалдар жинағын шығарды.
Сараптамалық жинақ жарық көрді
463
оқылды

«Талдау мектебінің» түлектері бірлесіп әзірлеген кітапқа еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша еңбектер енген. Онда инфляция, өңірлік саясаттың аспектілері, транзиттік-көліктік әлеуеті, инклюзивті орта мен жастар мәселесі сияқты 6 бағыт қамтылған.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұндай сапалы талдаулар орынды шешім қабылдап, белгілі бір саланы дамытудың неғұрлым тиімді жолын таңдау үшін қажет екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік басқарудың тиімділігі негізінен талдаумен қамтамасыз етудің сапасына байланысты екенін айтты. Былтыр барлық салада көп дүние жасалды. Саяси жүйеде үлкен өзгерістер болды. Осы өзгерістердің қорытындысы бойынша, бізде президенттік, парламенттік сайлау өтті және іс жүзінде біз еліміздің бүкіл саяси жүйесін негізгі саяси институттарға қайта жүктедік. Жаңа Қазақстандағы жаңа жүйенің жұмыс істеуіне жастар да үлес қосуы керек. Ал бүгінгі таныстырылып отырған жинақ қай бағыттарға басымдық беру керектігін айқындап берді. Біз жаңа міндеттерді шешеміз, еліміздің саяси, экономикалық әлеуметтік дамуының жаңа парадигмасын қалыптастырамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Аналитикалық жинақ 300 данамен жарық көрді. Осы жинақты таныстыра отырып, Сенат Төрағасы бір жыл бұрын ел Президентінің саяси өзгерістер бағытын қолдағанын және олардың ел экономикасына қалай әсер еткенін осы кітаптан табуға болатынын атап өтті. Бұл сараптамалық материалдар жинағы әсіресе өңірлерде стратегиялық жоспарларды әзірлеу барысында құнды әдістемелік құрал болатыны сөзсіз.

Жинақтағы «Қазақстанның кеңістіктік дамуындағы өңірлік экономикалық саясат» бөлімі авторларының бірі, Дүниежүзілік сауда ұйымымен өзара іс-қимыл және сауда-экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова өңірлердегі стратегиялық жоспарлауды одан әрі нығайту мақсатын көздей отырып, бірқатар мәселені шешуді алға тартты.

– Біріншіден, мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта қарау керек. Әлемнің көптеген елі стратегиялық жоспарлауды сәтті қолданады: бұл дегеніміз – қоршаған ортаны үздіксіз бақылауды, өзгерістерге тез бейімделуді білдіреді және тұрақты даму аспектілерін қамтиды. Қазақстан өңірінің қазіргі даму жоспарлары аталған сипаттамалардан алшақ. Қаржыландыруда аймақтық диспропорциялар бар. Сондықтан жүйені қайта форматтау қажет деп санаймыз, – деді А.Әмірбекова.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ