Жуырда Қазақстан Республикасының Әлеуметтік ко­дек­сін әзірлеу және азаматтарды қолдаудың барлық жүйе­сін қай­та қарау туралы шешім қабылданды.
Ұлықбек Тұмашинов: Әлеуметтік осал топтарды қолдау көңілден шығады
746
оқылды

Қо­сымша мемле­кет­тік көмек алуға құқығы бар қазақ­стан­дық­тардың 10-нан ас­там санаты бар болса, еліміз бойын­ша 647 мыңға жуық аза­мат баспана кезегінде тұр. Санаттарға бөлетін болсақ, ха­лықтың әлеу­меттік осал топ­тары 430 мыңға жуық адамды құрайды. Одан бөлек, мем­лекеттік қызметшілер бар, бюд­жет­­тік ұйымның жұмыскерлері және тұрғын үйі апат­ты деп танылған аза­маттарымыз тағы бар. Жаңа заң жобасы жайында біз Мә­жі­ліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновпен қыс­қаша сұх­баттасқан едік. 

–  Ұлықбек мырза, Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол қандай өзгерістер?

–  Үкімет тарапынан келген заң жобасында кейбір санаттарды алып тастау жөнінде ұсыныстар болған еді. Ол деге­німіз – әлеуметтік осал топтарды барлық адамдармен қатар қою деген сөз. Оған депутаттар келіспеді. Өйткені біз бірінші әлеуметтік осал топтарды ойлауымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, 256 мың адам осы топтарды құрайды. Егер кезекте 647 мың адам тұрса, соның жартысы – әлеуметтік осал топтар. Бірінші кезекте төрт санат бар еді. Оларға Ұлы Отан соғысының ардагер­лері, жетім балалар, сосын көпбалалы аналар мен отбасылар жатады. Біз жұмыс тобымен пысықтай келе, төрт санатқа тағы да екі санатты қостық. Бұ­ған мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар және бірінші, екінші топтағы мүгедектер кіреді. Яғни, бастап­қы төрт санат енді алты санатқа көбейтілді деген сөз. Бұл да Үкімет тарапынан қолдау тапты. Екіншіден, 11 санатқа қатысты өзгерістер бар. Бұл санаттағы адамдар тұрғын үйді тегін алып келді. Қазіргі таңда олар жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Бүгінде бұл санаттағы адамдар­дың саны 11 мыңға таяу. Үкімет бұл санаттарды да мемлекетке үлкен шы­ғын деп, алып тастауға ұсыныс білдіргенде біз депутаттар бірауыздан қарсы болып, бұрынғы санаттарды қалдырдық.Бұл – үлкен қолдау. Бұл санаттағы әлеу­меттік осал топтарға ҰОС ардагерлері, бірінші, екінші топтағы мүгедектер, қыз­мет бары­сында қаза тапқан азамат­тар бар. Эко­логиялық апат, табиғи және тех­ногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан баспана­сынан айырылған адамдар, «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» белгілері бар немесе бұрынырақта «Батыр Ана» атағын алған көпбалалы аналар, сонымен бірге І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапаттал­ғандар, көпбалалы отбасылар, Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен аурулар тізімінде көрсетілген кейбір со­зылмалы аурулардың ауыр түріне шал­дыққандар. Мемлекеттік немесе қоғам­дық міндетті атқару, әскери қызмет, ға­рыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру, адам өмірін құтқару, құқық­тық тәртіпті сақтау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары бар. Біз барлық санатты қамтыдық. Бұл санаттағы жан­дар­ға бас­паналарды Үкімет тегін жеке­шелен­діретін болады. Бұл үлкен қолдау деп санаймыз. 

– Тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысты не айтасыз?

– Бүгінде 50 мыңнан аса адам пәтерді жалдап тұрып жатыр. Сонымен қатар сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерді сату мәселесі қаралды. 2017 жылдан бері нысанды жекешелендіруге тыйым салынған. Яғни, бұрынғы заң бойынша мемлекеттік тұрғын үй қоры­нан алған баспаналарын жекешелендіру құқығы жоқ болатын. Қазір ондай құқық беріліп отыр. Жалпы, мұндай баспана­ларға 2017 жылдан бері  312 млрд теңге кеткен. Биылдың өзінде 104 млрд теңге қаржы жұмсалды. Осы пәтерлерді жеке­шелендірсе, олар 200 млрд теңгеден аса ақша түспек. Сол қаржыны қайтадан пәтерлерді сатып алуға жұмсаса, тағы да кезекті жылдамдатуға септігін тигізбек. Бұл адамдарға да, үкіметке де тиімді болар еді. Тағы бір айта кететін дүние, жеке­шелендіруге берілетін пәтерлерге қатысты. Біз ол баспаналарды нарықтағы бағаға емес, қалдық құны бойынша жеке­шелендіруге рұқсат беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде Үкімет тарапынан дау туғыз­ды, бірақ біз депутаттар қорғап қалдық. Мәселен, 2017 жылы 8-9 млн теңге тұра­тын баспаналар қазір екі-үш есеге қым­баттап кетті. Бұл да бір үлкен көмек дер едік. Мүгедек балаларды асырап отыр­ған отбасылар 25 мыңнан асады. 

– «Тұрғын үймен қамтамасыз ету» электрондық базасының атқаратын функ­циясы қандай болмақ? 

– Өзгертулер мен толықтыруларға қатысты тағы бір мәселе – осы заң жобасы аясында Отбасы банкін ұлттық даму институты ретінде қалыптастырды. Оның қасында тұрғындарға баспана беру орталықтарын ашу көзделген. Неге? Себебі жергілікті атқарушы ор­ган­­дардың, тұрғын үй комиссиясының қызметі бү­гінде наразылық тудырып отыр. Өйткені кезекті бұзу фактілері бар. Сондықтан халықтың наразылығы көп. Бұл жердегі басты ерекшелік, электрон­дық деректер базасы құрылып, бәрі цифрландырылады. Бұл жерде адамның қатысы болмау керек. Әрбір адамның өзінің жеке кабинеті болады. «Бір тере­зе» қағидаты бойынша әрбір жанның цифрлық портреті болады. Кезегі келген адам сол уақытта ала алады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар, Отбасы банктен бөлек кезекке тұрған адамның өзі бұл процесті қадағалап отырады. Бұл электрондық база үш айда бір рет жөнделіп, тазартылып отырады. 

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан 

Наурызбек САРША