Қазбек Майгелдинов, «Адал адам» принципін насихаттай беру керек

Қазақстан қоғамы даму жолының жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл белес демократиялық құн­­ды­­­лықтарға төл модель тұрғысынан қарау жаңа­­­шылдықтарын қамтиды.

Әрине, мұның бәрі Президенттің бастамаларынан туындап отырғаны сөзсіз. Осы ретте Ұлт­тық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Май­гел­диновпен сұхбаттасқан едік.

– Қазбек Өмірзақұлы, соңғы төрт жыл түбегейлі өзгерістер жылы болды. Бұлай деп ширығу мен ши­­рауға ғана емес, шиеленісу жағ­дай­­­ларына да қатысты айтсақ қате­­лес­­пейміз. Өзіңіз қалай ойлайсыз?

– Менің ойымша, қоғам дамуы біртіндеп үдеп, жаңа рельске түс­­­кен жылдар болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы билікке келгеннен-ақ саяси ре­­­фор­­­­малар пакетін ұсынған бола­­­­­­тын. Соның ең негізгі межесі был­­­­тыр­­­­­ғы наурыз айындағы Жолдау болды. Онда еліміздегі ең үлкен саяси үрдістің көрінісі, демокра­­­­тияның Қазақ­­­стандағы озық үл­­гісі – Конститу­­­циялық жалпы­­­ха­­­­лықтық референ­­­дум жарияланды. Оның нәти­­же­­­­­сін­де 33-тен астам заңнамаға өзге­ріс енгізілді. Бұл жерде мен үшін саяси реформалар аясында жүзеге асырылған меха­­­низм­­­­­дердің ішінен ең маңызды­­­сы – Мемлекет басшы­­сы жария еткен Әділдік принципі. Бұл қағи­­даттар қалай көрініс тап­­­­ты? Бірін­­шіден, Конститу­­­­ция­мыз­­­­ға: «Жер мен оның қойнауын­­­дағы байлық халыққа тиесілі» деген 1993 жылғы бап қайта оралды. Оның нәтиже­­сінде тәуелсіздік та­­рихында алғаш рет «Ұлттық қор – балаларға» атты бастама қолға алы­­нып, жер қой­науындағы байлықтан тү­се­­­­­тін инвестициялық түсім­нің 50%-ы әрбір 18-ге тол­­маған қазақ­­стандық баланың есеп­­шотына ау­­­дарыла­­тын болды. Енді оның нәти­­­­жесін көру үшін мұнда ашық­тық саясаты жүргізілуі керек. Бұл ре­­­фор­маның әрбір қазақстан­­­дық отбасы үшін нақты нәтиже берген көрінісі деп бағалауға болады.

Қоғамдағы шиеленісу мәселе­­­сіне келер болсақ, елімізде соңғы кезде тұрмыстық зорлық-зомбы­­­лық, басқа да келеңсіз жайттар көп кездесіп, көп айтылып жатыр. Ол нені білдіреді? Қазір құқық қорғау органдары, прокуратура, әсіресе сот әділдігіне деген сұраныстың өте жоғары екенін білдіреді. Жал­пы, қоғамдағы сенім мәселе­­­сінде осы әділдік принципі сот шешім­­деріне тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда Президент бас­та­­­­­­ма­­­­лары адам құқықтарын қорғау бағытын­­­дағы конституция­лық өзгерістерге жаңа екі бап болып енгізілді. Олар – Конститу­циялық Соттың құрылуы және Адам құ­қық­­­­тары жөніндегі Уәкілге көбі­­рек құзырет­­тің берілуі. Қазір бар­лық өңірде ом­будсмендердің фи­лиал­дары жұ­мыс істеуде. Кон­ституциялық Сот қазірдің өзінде мыңдаған қазақ­­­стандықтың өті­­нішін қабылдап жа­тыр. Адам құ­­­­қық­­­тары мәселесі кез келген қа­зақ­­стандық азамат үшін маңыз­­ды. Әділдік іздегенде барлық инстан­­­­­цияның, соның ішінде барлық сот жүйесінің үс­тінен қарайтын жеке-дара мемле­­­кеттік органның пайда болуы өте маңыз­­ды шешім болды деп ойлай­­­мын. Жарты жылдан ас­­там ғана жұмыс істеп жатқан осы­­нау адам құқық­­тарын қорғау ин­сти­­­­­­тутының алдағы уақытта кү­­шейе түсетіні еліміздегі әділетті­­­лік принципін толықтай жүзеге асыруға мүм­кіндік береді деп сенемін.

– Өткенсіз бүгін жоқ. Біз осы өт­кен күндерде бүгінімізді жоғалтып ала жаздаған жоқпыз ба? Біз қай жерде қиыс кеттік? Тарихқа көз са­лып, өткенді шолып көрейікші.

– Тәуелсіздік тарихымызда ерек­ше із қалдырған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы шын мәнінде ел дамуының, әсіресе саяси инсти­­­тут­­тар дамуының құлдыраудан жаңа деңгейге өту кезеңі болды. Өйткені сол уақытқа дейін елдегі олигархат пен олигаполия биліктің бір топ­­тың қолында шоғырлан­­­­ғанын қа­­­ла­­ды. Солай болды да. Барлық ре­сурс бір отбасының үле­­­сіне тиді. Оның экономикалық зар­даптары үлкен еді. Мұның бар­лығы одан да басқа келеңсіз жағ­­дай­­­лардың кең тарауына алып кел­ді. Соның кесірі­­­нен біздегі сая­­­­­си институттар ара­сында оң бә­секелестік болған жоқ. Түптеп келгенде, жемқорлық кең тарады. Сондықтан, менің ойым­­­ша, біздің Қазақстанның дамуы 90-жылдар­­­дың басында дұрыс еді, яғни пре­зиденттік республика уни­­тарлы мемлекет ретінде сол кезде қажетті қадам болды. Өйткені елі­міздің территориясы үлкен, оның шека­­­­ра­­­­­сын бекіту, делимитация, дема­­­ркация жүріп жатты. Сондық­­­тан орталықпен, яки сол кездегі Алма­тымен байланысты нығайту жүріп жатты. Сол тұрғыдан қар­а­­­ған­­­да биліктің бір қолда шоғырла­­нуы керек болды. Тіпті, ол сол кезең­дер­­­д­е өзінің өміршеңдігін де көр­сетті. Өйткені уақыт талабы сон­дай еді. Бірақ бұл үрдіс кейіннен суперпрезиденттік биліктің қа­­­лып­­­­­­­­тасуына алып келді. Көп нәрсе 2010 жыл­дан кейін, яки 2009 жылы экономикалық дағдарыстан соң өзгерді, елімізді демократия­­лан­­дыру жолында жаңа саяси көзқа­­­­растар, жаңа саяси топтар пайда бола бастады. Бұл жаңа саяси эли­таның қалыптасуы жүріп жатқан кез еді. Міне, осы кезде түбегейлі саяси реформалар жасау қажет еді. Себебі «әуелі экономика, одан ке­йін саясат» деген 90-жылдарда бастау алған қағида 2010 жылы өзінің шарықтау шегіне жетіп, оны әрі қарай сол кездегі саяси базисті экономикалық дамуға сәйкестен­­­­діріп жасау керек болатын. Өкі­­­­нішке қарай, оның барлығы он жыл­ға кешіктірілді. Нәтижесінде, міне, 2019 жылдан бергі саяси ре­формалар пакеті пайда болды. Онда да ол қазіргі Президентіміздің саяси ерік-жігерінің арқасында жүзеге асты. Елдегі саяси инсти­­­­тут­­­тардың, билік тармақтарының ара­сындағы арақатынасты, әсіресе суперпрезиденттік биліктен кейін сақталып қалған орталықтандыру саясатының нәтижесінде қалып­­­­тас­­­­қан жүйені өзгерту керек бол­­­ды. Саяси тепе-теңдік жасау, жер­­­­гі­­­­­­­­лікті өзін-өзі басқаруға барынша мүм­­­­кіндік беру, суперпрезиденттік би­­­лікті тамырымен жою, оның оры­­нына парламенттік билік, яки «Күш­­ті Президент – ықпалды Пар­ла­­­мент – есеп беретін Үкімет» қағи­­­­­­датын енгізу қолға алынды. Мұн­дағы басты мақсат – заң шы­­ға­­рушы органның мәртебесін, би­­лік тармақтары арасындағы ба­­­сым­­ды­­ғын айқындау. Оның нә­­­ти­­­­­­­­­жесін де көріп отырмыз. Қа­зір мажоритар­­­лық жүйе арқылы Парламентте 6 партия, соның ішін­де жаңа пар­­тия­­­­лар жұмыс істеп жатыр. Заңды қабылдайтын да, заңды бекітетін де Мәжіліс. Мен мұны алғашқы қадам деп есептеймін. Сондықтан мұндай ықпалды Парламенттің құрылуы қазіргі уақыт талабы деп білемін. 

– Жаңа даму рельсі деп қал­­­­дыңыз. Президент бастамалары Қазақстанды даму рельсіне қайта қоя алды ма? 

– Президент бастамалары Қазақ­станды қазір шын мәнінде даму рельсіне қою үстінде. Бұл бір мезетте орындала қалатын дүние емес. Мәселен, саяси реформалар үш-төрт жылдан бері жүзеге асып келе жатса да, оның нәтижесі осы өзгерістердің жүзеге асырылуымен тікелей байланысты. Қазірдің өзін­де, мысалы ауыл әкімдері сай­ланып жатыр, биыл аудан әкімде­­­­рінің пилоттық сайлауы өтті. Әри­­не, бар­лық жерде сәтті өтіп жатыр деп айтуға келмес, дегенмен біз мұн­­дай жолдан өтуіміз керек. Яғ­ни, сынды көтеру арқылы дами ала­­мыз. Өзге­­­­рістер арқылы жүзеге асып жатқан жалпы бастамалардың бағыты оң. Мақсат – елдегі демок­­­ратиялық үрдістерді ілгерілету нәтижесінде адам құқығы мен саяси институт­­­­тардың толыққан­­ды жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сол кезде ғана бізде елімізде даму­дың тұрақты үрдісі жүзеге асатын болады.

Жалпы, қазіргі дамыған мем­­ле­­­­кеттерге қарайтын болсақ, ең басты үлгі ретінде солтүстік Еуро­­па, яки Скандинавия мемлекетте­­рін айтуға болады. Өйткені әлеу­­меттік, эко­­но­­­­микалық, адам құ­­қық­тарын қор­­­ғау сияқты база­­лық принциптерді жүзеге асырып жатқан мемлекет­­тер – осы Фин­лян­­­­дия, Норвегия, Швеция сияқ­ты елдер. Енді осы мем­лекеттердің табыс формуласы­­на қарайтын болсақ, біріншіден, бұл жерде ген­дерлік саясаттың толыққанды жүзеге асуын көруге болады. Яғни, ол жердегі мемле­­­кеттік органдар мен биліктегі әйел­дердің үлесі қа­зір 45-50%-ға жетіп отыр. Мысалы, қазіргі үкіметінің құрамында тең жартысы – әйелдер. Бұл нені біл­­­діреді? Біріншіден, ана мен бала құқықтарын қорғауда әйелдердің өзіндік көзқарасы бар. Сондықтан осы принциптер то­­лық­­­қанды жүзе­­ге асқан, әлеуметтік сақтан­­­ды­­ру, әлеуметтік әл-ауқатты кө­­теру бұл мемлекеттерде өте жо­­­ға­ры деңгейде шешілген. Менің ойым­ша, Президент бастама­­­­ла­­­рында жастар мен әйелдер және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін 30%-дық квотаның енгізілуі гендерлік саясатты ұйымдасты­­­­ру­дың басты құралы болмақ. Бәлкім, оны одан әрі жоғарылату керек болар. Қазір бұл өте қажет дүние. Өйткені еліміздегі мемлекеттің бас­­ты құндылығы ол адам болса, оның мемлекеттің толыққанды мү­­шесі ретінде даму факторы, ол – оның отбасы. Сондықтан осы отба­сы институтын дамыту мақса­тында әйел адамның өміріне қол­­сұқпау принципі қатаң сақта­­луы тиіс. Тіп­ті, ол туралы арнайы заң қажет. Он­да олардың құқықтарын қорғап қана қоймай, мүмкіндік­­­терін де кеңейту керек. Өйткені бұл бүгінгі маңызды мәселе. От­басы инсти­­тутының қалыптасуы, болашақ ұрпақ­тың тәрбиеленуі бірінші кезекте анаға байланысты болған­­нан кейін бізге әйел құқық­тарын толыққанды қорғайтын, қауіпсізді­­гін қамтамасыз ететін заңнама қажет. Соның аясында бала тәрбие­сі, патриотизм сияқты тұжырым­дамаларды сыйдыруға болады. Қазір бізде Қорғаныс ми­нистр­­лі­гінің Патриотизм тура­­лы тұжы­­­рым­­­­­дамасы бар. Бірақ ол аз­дық етеді. Сондықтан да осын­дай бас­­тама қажет-ақ.

– Әңгімені идеологияға әкеп тіредіңіз. Осы тұрғыда қандай бас­­та­ма ұсынуға болады? Ойыңызда жүр­ген ұсыныстарыңыз бар ма?

– Иә, одан кейін тағы бір үлкен мә­селе – еліміздегі идеологияны қалыптастыру және жүзеге асыру. Елімізде ақпараттық саясат өте әлсіреп отыр. Фейк ақпараттардың немесе жалпы ақпараттардың тара­­­­луын қабылдауда азаматтар­дың иммунитетінің жоғы қандай да бір нақты идеологиялық құжат­­тың жо­ғын­­да жатыр. Сол себепті «Еститін мемлекет», «Екінші Рес­публика», «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақ­­­­­стан» принцип­терін дамыта берген жөн. Әділетті Қазақстан дегеніміз – заң мен тәр­­тіп­тің үс­­тем­дігі деп Прези­­­ден­тіміз атап өткендей, оның объек­тісі – адал адам принціпін де жан-жақты ашып, оның түпкі мақсаты не еке­нін көрсететін тұжырым­дарды наси­хаттай беру керек. Енді осы айтылып жүрген принциптерді біріктіретін, оларды осыған дейінгі «көпұлтты, құқықтық, зайырлы мемлекет» деген конституциялық ұстанымдармен тығыз сабақтасты­­­ратын идеологиялық бір құжат қажет. Ол «Қазақстан–2030», «Қазақ­­­­­­­стан–2050», «Мәңгілік ел», «Ру­ха­ни жаңғыру» сынды бағ­­­дарла­­малардың жалғасы ретінде қарас­­­­ты­­­рылуы тиіс. Бір сөз­бен айтқанда, «Әділетті Қазақ­стан» атты жаңа тұжырым­­­­­дамалық құ­жат өте керек. Ол жал­пы мем­­лекет үшін, қоғам үшін, жеке аза­мат үшін лайықты, заманауи талап­­­тарға сай бағдар бола алар еді. Ер­­теңге, болашаққа деген се­німнің кілті ретінде көрінер еді.

– Қалай ойлайсыз, бұрынғыдай бәрін Президентке артып қойған дұрыс па? «Қолмен басқару» әдісі қан­шаға дейін шыдас беруі мүмкін? Билік тармақтарында жауапкер­шілік деген дүние неге азайып кетті?

– Әрине, бүгінде төтенше оқи­ғалар, апатты жағдайлар кезінде Президенттің тікелей араласуы не­месе Президенттің тікелей тап­сыр­ма беруінен кейін проблема­­­­лар­дың шешімін табуы, яки «қол­мен бас­қару» тәсілінің әлі де бол­са қоғамда немесе билік тармақтары арасында сақталып қалып отыр­ғаны дұрыс емес. Бұл бірінші ке­зек­­те әр дең­гейдегі билік өкілдері­­­нің, жалпы тараптардың жауап­­­­­­­­­­­­­­­­кер­­­­­­шілігінің әлі де болса төмен екенін көрсетеді. Президент бұл туралы қаншама рет ескертіп, оны жою бойынша қан­ша­­­ма рет тапсырма берді. Бірақ әлі де болса талап етуді күшейту керек. Облыс әкімі орынбасарла­рынан бастап әкімнің өзі, салалық ми­нистр­­­ліктердің басшылары мен орынба­­­­­сарлары сынды нақты лауа­зым­ды тұлғаға жауапкер­­­­­шілікті нақты бекіту қажет сияқты. Сонда ғана белгілі бір нәтижелерге жетуге бола­ды. Биліктің қай тармағын алмасаңыз да, қазір Президентке жалтақтау, әлі де болса түпкі ше­­шімді Президенттің құзыретіне аудару сияқты үрдіс сақталып қа­лып отыр. Мемлекет басшысы мұны түсіне отырып, Президент Әкімшілігінің құрылымын да өз­герт­кен болатын. Ол Президент Әкімшілігі басшысының барлық орынбасарын алып тастап, тек Президенттің көмекшілері мен кеңес­шілерін қалдырып отыр. Бұл да болса атқарушы билік тармақта­рының жауапкершілігін көтеру мақсатында істеліп отырған дүние. Әрине, бақылаушылық, реттеуші­лік функция орталықта қалады, қалған жағдайда өңірлерге мүмкін­діктер берілген. Қазір, мәселен, атқарушы биліктің өзіндік еркін­дігі күшейді. Бірақ бұл еркіндікті жай ғана еркіндік деп қабылдамау ке­рек. «Судың да сұрауы бар» демек­­­­­ші, бұл – ертеңгі күнгі үлкен жауап­кершілік. Бір сөзбен айт­­­қанда, әрбір бөлінген теңге, әрбір берілген құзырет ертең жауап алу үшін жаса­лынған жүйе. Бірақ осының өзін қазір дұрыс түсінбей немесе дұрыс қабылдамай отыр­ған­­­дар бар. Уақыт өте келе біз мұн­да белгілі бір жетіс­тік­­терге жете аламыз деп сенемін.

– Президент бастамаларының ішінен Ұлттық құрылтайда айтыл­­ған «Әділетті Қазақстан – Адал аза­­­­мат» концепциясы туралы не айту­­­­­­­­ға бо­лады? Бүгінгі қоғам әді­­­­лет­тілік­ке, адал­­дыққа дайын ба? Соң­ғы жиыр­ма-отыз жылда біздің халықтың ру­хани-моральдық ұста­­­нымдары қан­­шалықты өзгерді не­месе бүлінді?

– Бұл алдыңғы жауаптың жал­ға­сы болсын. Жауапкершілік тұр­­ғысынан алғанда, жалпы жем­қорлықты жеңу дегеніміз, Пре­­­­­­­­­­­­­­­зи­­­­­­­­­­­­дент Ұлттық құрыл­­­тайда айтқандай, қоғамдағы саяси мәде­ниеттілікті, жалпы мәдениет­тілікті, құқықтық мәдениеттілікті қалыптастыру үрдісін күшейту деген сөз. Өйткені пара дегеніміз – пара алушы ғана емес, пара беруші де екені түсінікті. Жемқор­лық де­­­­гені­міз – бір адамның ғана қолы­­­­­нан келетін нәрсе емес, ол адам­­дардың ұйымдасқан тобы жүзеге асыратын әрекет. Ол жерде сана­­­­­лық тұрғыда өзгеріс болмаса, тек тыйым салу, жазалаумен мәселенің ше­шіле қалуы екіталай. Әрбір жем­­қорлық қаупіне жақын тұрған азамат өзі өмір сүріп отырған мем­­­ле­­­­­кетке, қо­ғамға қаншалықты нұқ­­­­­сан әкеле­тінін түсінбейінше, оны еңсеру мүмкін емес. Ол үшін мұндағы тәр­биені балабақшадан бастау керек. Жастайынан бастап саяси мәде­­­­ниет­­тілік, жалпы мәде­­­ниеттілік, ішкі тәртіп сияқты қа­ғи­­­­даттарды адам бойына сіңір­­­­сек қана белгілі бір нәтижеге қол жет­­кізуге болады. Өйткені зерттеулер көрсеткендей, 5-7 жас аралығы баланың қоғам­­­дағы жүріп-тұру, мінез-құлық прин­­­цип­терін қа­былдайтын уақыт. Сол кезде беріл­ген тәрбие ертеңгі үлкен өмірде де өзінің беріктігін барын­ша сақтай­­тын болады. Мем­ле­­­кет басшысы айтқан «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» концеп­циясы өзінің бір бастауын міне осы жерден алады. Бұл тұжырымдама еліміздегі мо­раль­­дық ұстаным­­­­­дар­дың қай дең­гейде екенін көрсетеді. Мысал ре­тінде айтсақ, біз өзіміздің салт-дәс­­­­түрлерімізді сонау Қазақ хан­­дығы кезінен, оның бер жағы Ресей империясы, Кеңес Одағы кезінде де жоғалтпай сақтап қал­ған халықпыз. Ондағы «біреудің ала жібін аттамау», «елге адал қызмет ету» деген моральдық прин­­циптер ғасырлар бойы жоғал­май келді. Бұл біздің адамгершілік деңгейіміздің әлі де болса биік еке­нін көрсетеді. Моральдық құн­дылықтар, әділ болу, оң жолмен жүру сияқты баба­лардан қалған тәрбиенің барлығы үздіксіз жалға­сып келеді, әлі күнге дейін өз ре­сурс­тарын сарқыған жоқ. Тек қана бір ағаттық, менің ойымша, 90-жыл­дары Кеңес үкіметінің құра­мынан шығып, нарықтық эко­номикаға өту кезінде біз жаһандану үрдісінен тыс қала алмадық, осы кезеңдерде сыртқы ықпалға дер кезінде төтеп беретін, халқымыздың рухани-моральдық ұстанымдарын дамытатын қандай да бір басымдықтарға назар ауда­рылған жоқ, содан болған сияқты. Бұл енді бір жағы түсінікті де. Ол шақта экономикамызды көтеру керек болды. Сол себеп басты назар да нарықтық қарым-қатынас мәдениетінің талаптарына қарай ойысты. Біз осыған байланысты моральдық-рухани құндылықтар бойынша 15-20 жылдық үзіліске ұшыраған сияқтымыз. Сыртқы ықпалдардың әсерінен, діни болсын, субмәдени болсын ұста­­­­нымдарда сәл ақсап қалдық. Бірақ иммунитетіміздің мықты­лығы арқасында біз төтеп бере алдық. Бұл сол кезеңдерде ұлттық идеоло­гияның бірден қолға алынбаға­­­­­нынан болды деп білемін. Енді осы олқылықтардың орнын тол­тыра­­­тын уақыт келді. Мұның бар­­лығы осы сөз етіп отырған «Әді­­­­лет­­ті Қазақ­­­­стан» тұжырым­дамасы ая­­сында жүзеге асуы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ