Республикалық мәртебе иеленіп, өз алдына енші алып шыққан Шымкентте ауылшаруашылық тауарларын өндіру де жақсы дамып келеді. Тіпті, үшінші мегаполис бұл саладағы жеткен жетістігі бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Шымкенттің ауыл шаруашылығында бұрын-соңды кездеспеген тың жобалар да бар.
Бағаны тұрақты ұстау бойынша келісімшарттар жасалған
Үшінші мегаполис тұрғындары бір жылда 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын тұтынады. Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және Ветеринария басқармасының өкілдері атап өтті.
Қала халқын ұнмен «Алтын-Дән», «Пионер», «Дос», «Тұрар», «Кемел ұн» ЖШС қамтамасыз етсе, нан өнімдерімен «Ассоциация «НАН» қоғамдық бірлестігіндегі наубайханалар халық қажеттілігін өтеп отыр. Ал макарон өнімдерімен «Барыс–2007», күнбағыс майымен «Шымкент май», тауық еті және жұмыртқасымен «Шымкент құс», «Тассай құс» ЖШС өңірді толықтай қамтиды. Сиыр етімен тұрғындарды 34 пайыз қамтамасыз етіп, қосымша қажеттілік Түркістан облысынан тасымалданады.
Қалалық ауыл шаруашылығы және Ветеринария басқармасы өкілдері сүт өнімдерімен қамту орта есеппен 40-50 пайызды құрап, қалғаны Солтүстік өңірлерден және Түркістан облысынан тасымалданатыны туралы атап өтті. Көкөніс өнімдеріне келсек, картоп – Павлодар облысы, Қырғызстан мен Ресейден, ал пияз – Жамбыл облысы мен Өзбекстаннан, сәбіз – Павлодар, Жамбыл, Түркістан облысы және Ресейден, ал қырыққабат Түркістан облысы мен Өзбекстаннан тасымалданады. Бакалея өнімдерінен қарақұмық жармасы Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейден, күріш Қызылорда облысынан келеді. Шымкенттіктерді шекермен Жамбыл облысы мен Ресейдің, ас тұзымен Қызылорда облысының өндірушілері қамтамасыз етіп отыр. Аталған өнімдерді жеткізумен «Каис Инвест», «Ас-Ан», Meir-Trade Distribution company, ЖК «Сидельников» және «Прима Дистрибьюшн» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, ірі дистрибьютерлік желілер айналысады.
Сонымен қатар ұн, жұмыртқа, нан, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті өнімдерін өндіретін тауар өндірушілермен айналым бағыты бойынша келісімшарттар жасалған. Бұл қала тұрғындарына азық-түлікті тиімді бағада тұтынуға мүмкіндік береді. Көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақты ұстап тұру және баға өсімінің алдын алу мақсатында шаруа қожалықтармен форвардтық келісімшарттар түзілген. Сондай-ақ апта сайын жергілікті тауар өндірушілердің және шаруа қожалықтардың қатысуымен қаланың 8 жерінде жәрмеңке ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15 пайызға төмен бағада сатылуда.
Айта кетейік, 2022-2026 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жол картасы аясында 61 млрд теңгеге 45 жобаны жүзеге асырып, нәтижесінде 1 435 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биыл 11 жоба жүзеге асырылып, 111 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар 2023 жылы жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Мал шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды
Жуырда Шымкен қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков сүтті мал шаруашылығын дамыту арқылы сүт өнімдерін көбейту мақсатында ұйымдастырылған семинарға қатысты.
Семинар барысында қала басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, халықты агроөнімдермен қамтып отырған шаруаларға алғысын білдірді.
– Ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие мен инвестиция, қайта өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы бағыттарында субсидиялау арқылы қолдау көрсетіледі. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, саланы әрі қарай дамытуға, қала халқын сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге және өнімдердің экспортын арттыруға шақырамын, – деді қала басшысы.
Жиында кәсіпкерлер мен жеке қосалқы шаруашылық иелері кластерлік жобаларды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру тетіктерін қарастырды. Сондай-ақ шетелдерден әкелінген сүтті және сүтті-етті ірі қара малдың күтімі, сүтті мал шаруашылығын дамыту тақырыптарында пікір алмасты. Семинар аясында мал шаруашылығы өнімдері мен құрал жабдықтар көрмесі ұйымдастырылды.
Бүгінде қала аумағындағы егістік көлемі 30,1 мың гектарға жеткенін мақтанышпен айтуға болады. Ал 81 елді мекенде 157 мыңға жуық мал басы және 50-ге жуық түрлі қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Қазір 3 мыңнан аса шаруа қожалығы және 86 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы құрылып, бүгінде инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.
Еліміздегі ең үлкен жылыжай Шымкентте салынбақ
Жақында Астана қаласында өткен Жаһандық инвестициялар жөніндегі VI қазақстандық дөңгелек үстел аясында өзара ынтымақтастық туралы маңызды меморандумдарға қол қойылды. Әлемдік бизнестің және қаржы секторының өкілдерін жинаған іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты.
Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов жалпы сомасы 662 млн АҚШ долларға екі шетелдік компаниямен меморандумға қол қойды.
Оның біріншісі қала аумағында жаңа форматтағы жылыжай кешенін салу бойынша Түркияның ірі компанияларының бірі – Alarko Holding. 650 млн АҚШ доллар қаржы көлемінде жүзеге асырылатын инвестициялық жоба кезең-кезеңмен жалпы 500 гектар аумақта 5 мың жаңа жұмыс орнын құруды, жаңа технологияларды енгізу арқылы азық-түлік қауіпсіздігі мен жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді.
Екіншісі – IŞIKLAR PACKAGING Ltd. түрік компаниясы «крафт-ролл» қағазын шығаратын зауытын салу. Жобаның құны 12 млн АҚШ долларын құрайды.
Екі жоба да тұрақты өңірлік өсуге, инвестициялар тартып, қала экономикасының дамуына және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы