Осы ретте біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бір жыл ішінде денсаулық сақтау саласында қандай жұмыстар атқарылғанына көз жүгіртіп көрдік.
Күні кеше Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова өзінің әлеуметтік желі парақшасында Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында соңғы бір жылда атқарылған шараларға тоқталып өтті.
«Байыпты бағдарлама лайықты бағаға ие болып, сан салаға серпін берді. Соның бірі – медицина мен оны қамтамасыз ету бағыты болды. Бұл ретте ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру көзделді. Бұл мақсатта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді. Бүгінде ұлттық жоба аясында 13 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы аяқталды. 86 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
13 заманауи перинаталдық орталық құру, онкологиялық орталықтарды салу және жаңғырту, ауылдық жерлерде 228 медициналық нысан салу бойынша жобалар іске асырылуда. Ауылда медициналық кадрларды қолдау және даярлау бойынша жағдайлар жасалуда. Биылғы 9 айда қашықтан көрсетілген медициналық қызметтер нәтижелі болды. Оның ішінде телемедициналық консультациялардың саны 687 453-ті құрады.
Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңеюде. Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Биылғы 9 айда 620 652 адам осы орталықтардың қызметімен қамтылды», – дейді мәжілісмен.
Онкологиялық көмекті жетілдіру – өзекті мәселе
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында онкологиялық көмекті жаңғырту, онкологиялық көмек көрсетуде және қатерлі ісіктерді емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдерге ұқсас онкологиялық науқастарды диагностикалау, емдеу және оңалту үшін жағдай жасау қажеттігін атап өткен еді. Себебі жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандықта қатерлі ісік диагнозы расталса, 13 мың пациент қайтыс болады. Айта кету керек, Қазақстанда жыл сайын онкологиялық аурудың 4%-ға өсуі байқалады, Мәселен, былтыр 39 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелген. Бүгінде 205 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр. Бұған дейінгі Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру кезеңінде республикада қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 15%-ға төмендеді.
Бүгінде 13 заманауи перинаталдық орталық құру, онкологиялық орталықтарды салу және модернизациялау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Астанада еліміздегі алғашқы заманауи жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салынуда. Бұл мекеме елімізге Орталық Азияда бірінші болып онкологиялық науқастарға протонды терапия жүргізуге мүмкіндік береді.
Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық сарапшыларды, менеджерлерді, онколог мамандарды, онкогематологтарды, онкопедиатрларды, радиациялық онкологтарды, оқытушы-профессорлар құрамын, пациенттік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, жұмыс тобын құрды.
Құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген және онкологиялық қызметті кешенді жаңғыртуға бағытталған. Бұл – тиімділігі жоғары ерте диагностиканы енгізуді, мамандандырылған емдеуді, паллиативтік көмек пен оңалту сапасын арттыруды, сондай-ақ кадрлық әлеует пен ғылымды нығайтуды көздейді. Жоспарланған іс-шаралар ерте диагностиканы жақсартуға, мүгедектікті азайтуға және онкологиялық науқастардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоспарда медицина кадрларын даярлауға үлкен мән берілген. Еліміздің онкологтары әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарына қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберіледі.
Еліміздің онкологиялық көмегін жаңғыртуға «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры үлкен үлес қосады, оның қатысуымен сәулелік терапияға арналған заманауи аппараттар – желілік үдеткіштер, диагностикалық жабдықтар: сәулелік терапияны жоспарлау үшін виртуалды модельдеу функциясы бар компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар орнатылады; ересектер мен балалардағы онкологиялық, онкогематологиялық ауруларды емдеуге арналған ісікке қарсы заманауи препараттар сатып алынады. Сондай-ақ қор қаражаты есебінен еліміздің онкологиялық көмегінің медициналық мамандары шетелде біліктілігін арттырудан өтеді.
Ілкімді істер ілгерілеп келеді
Жуырда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният республика бойынша МСАК аясында 5 617 нысан медициналық көмек көрсететінін атап өткен еді. Оларға медициналық пунктілер, дәрігерлік амбулаториялар, емханалар, фельдшерлік-акушерлік пунктілер және т. б. жатады. Денсаулық сақтау саласындағы осы буынның жұмысы аумақ бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, отбасылық қызмет көрсету қағидаты бойынша құрылған. Ол үшін учаскелік мультидисциплинарлық командалар құрылып, оған учаскелік дәрігер, үш орта медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкер және психолог кіреді.
Соңғы үш жылда мемлекет МСАК-ты нығайту бойынша бірқатар іс-шараны іске асырды. Мәселен, амбулаториялық деңгейде қаржыландыру өсті, консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту 7 есеге, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есеге, МРТ қолжетімділігі 6 есеге ұлғайды. Сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Атап айтқанда, кемінде 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылды. Медбикелердің қабылдау функциялары кеңейтілді. Онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттер үшін «жасыл дәліз» аясында МСАК ұйымдарында тексеруден өту жеделдетілді.
Сонымен қатар МСАК-ты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғайды. Егер 2019 жылы препараттар 48 ауру бойынша сатып алынған болса, 2023 жылы тізбе 4 млн адамды қамти отырып, 126-ға дейін кеңейтілді. Балалар мен ауыл тұрғындары арасында ауруларды ерте анықтау күшейтілді.
Оған қоса, денсаулық сақтауды цифрландыру, көлік медицинасын дамыту, білікті мамандарды даярлау және т. б. бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл тұрғындарына медицина қолжетімді болмақ
Кейінгі жылдары медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келе жатыр. Мәселен, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін аурулардың тізбесі едәуір кеңейді. Оңалту қызметтері де қолжетімді бола түсті. Амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі өсуде. Сонымен қатар жаңадан денсаулық сақтау объектілері іске қосылып жатыр, бұл, әсіресе, білікті медициналық көмекке мұқтаж ауыл тұрғындары үшін аса өзекті. Жалпы, мемлекет ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыруды көздеп отыр. Бұл мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Бүгінде ұлттық жоба аясында 13 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. 86 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 көпсалалы орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 МСАК нысанын салу жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория. Бүгінде 99 МСАК нысанының құрылысы жүріп жатыр, барлығы биыл тапсырылмақ.
Физиотерапия кабинеттері электротерапия, магнитотерапия, ультрадыбыстық терапия, фототерапия, ультракүлгін терапиясы, ингаляторлар және басқа да құрылғылармен жабдықталатыны атап өтілді. ЕШД залында ұсақ моториканы қалпына келтіру мен дамытуға арналған түрлі тренажер, эрготерапияға арналған стендтер, швед қабырғасы, кинезотерапияға арналған жабдықтар қарастырылған. Сонымен қатар барлық жаңа МСАК нысандары телемедицинаны ұйымдастыру үшін компьютерлік және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ұлттық жоба шеңберінде инсульт және кардиологиялық орталықтар, оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация, қарқынды терапия бөлімшелері ашылып, көпбейінді орталық аудандық 32 аурухананы жаңғырту және күрделі жөндеу, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтау мекемелері үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарлануда, олардың арасында дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер мен акушерлер бар.
Президенттің сайлауалды бағдарламасында: «Азаматтардың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты. Әлеуметтік бюджетіміз өсіп келеді. Бұл – балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге, атаулы көмекке бөлінетін триллиондаған теңге. Қаражат сомасынан гөрі әрбір мұқтаж адамның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі маңыздырақ екенін естен шығармауымыз керек», – делінген. Яғни, бұл – ұлт саулығы әркез мемлекеттің басты назарында деген сөз.
Наурызбек САРША