«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының 3 күнінде көлік полицейлері 919 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Биылғы жылдың 20-30 қараша аралығында Көліктегі полиция департаменті және оның желілік бөліністерінің қызмет көрсету аумағында қауіпсіз қоғам құруға бағытталған «Құқықтық тәртіп» кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Кез келген ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға және еліміздің теміржол вокзалдары мен әуежайларында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша назар аударылады», – деді Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Оның айтуынша, аталған ЖПІШ-тің 3 күнінде Департаментте 24 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 15 қылмыс ізін суытпай ашылған. Іздеуде жүрген 4 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ, 919 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 108 факті, белгіленбеген орындарда темекі шеккені үшін 23, ұсақ бұзақылық үшін 17, балалардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз болғаны үшін 35, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 123 тұлға, ҚР Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 17, белгіленбеген жерлерден теміржол төсемін кесіп өткені үшін 315 және т.б.
«Биылғы жылдың басынан бері цифрландыру шеңберінде бейнебақылау камераларының көмегімен 2500-ден аса әкімшілік құқық бұзушылықтардың анықталған болса ЖПІШ басталғаннан бері 227 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді», – деді М.Айтуғанов.
Ол сонымен қатар Департамент қызметкерлерімен теміржол көлігі объектілерінде жазатайым оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында халықпен кездесулер, темір жол ұйымдары мен оқу орындарында 15 мыңнан аса түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізілгендігін атап өтті. Алайда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жыл басынан бері 82 азамат пойыз астына түскен, оның ішінде 6-уы балалар.
«Темір жол жарақатын алудың басты себебі - азаматтардың қауіптілігі жоғары аймақтарда болған кездерінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан. Яғни, азаматтардың темір жолдарды белгіленбеген жерлерден кесіп өтуі, туннельдер мен аспалы көпірлер бола тұра оларды пайдаланбауы. Өз өмірлері мен денсаулықтарына немқұрайды қараудың соңы бақытсыздыққа әкеп соғып жатады», - дейді М.Айтуғанов.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасын өткізу барысында темір жолдарды белгіленбеген жерлерден кесіп өткен 315 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Құрметті азаматтар, сіздерді темір жол көлігі объектілерінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Темір жолдарды өтетін кезде жан-жағыңызға мұқият қарап, капюшондарыңызды, құлаққаптарыңызды шешулеріңізді сұраймыз. Құлаққаппен музыка тыңдап немесе телефонмен сөйлесіп темір жолдан өту өте қауіпті екенін ұмытпаңыз. Жүріп бара жатқан пойыздың алдынан ешқашан жүгіріп өтпеңіз», - деді полиция полковнигі.