Қазір «микроб» десе бәрі шошиды. Біздің әйел дүниенің бәрін «микроб» деп, далаға шығу­дан қалды.
Микроб
629
оқылды

Жұмыстан келгенде үйдегі жүгірмектерді рахаттанып сүюден де қалдық. 

Әйелім: 

– Ойбай, баланы сүйме микробың жұға­ды, – деп баж ете қалады. Сол «микроб» демекші, бірде бір әжеміз үйде немересін бетінен сүйіп жатса, келіні жүгіріп келіпті: 

– Әже, сүймеңіз, микробыңыз жұғады, – депті. 

Сонда әжесі: 

– Әй, келін, бұл бала менің миробымнан шыққан микроб, – деген екен. Әжей өте дұрыс айтыпты.

Сол «микробтар» баяғыда болмаған-ау дей­мін, өйткені мына үлкен кісілер біледі, жең­ге­леріміз тамақ ішуге дастарқан басына жинал­ған­да, қасықты тілімен бір жалап, етегіне сүр­тіп-сүртіп «мә, тамақ іш» деп бере салады. 

Одан микроб жұқпайды. Бұрын, Совет үкіметі кезінде сағыз деген ауылдық жерлерде мүлдем сатылған жоқ. Тапшы болды. Түсіңде ғана шайнап, шайнаңдап жатасың. Сол кезде сағызды тек дүкенші әйел немесе совхоз директорының баласы ғана мектепке шайнап келеді. Барлық оқушылар соның шайнаңдаған аузына қызығып қарап отырады. Әлгі дүкен­шінің қызынан жалынып жүріп әрең дегенде бір түнге әлгі сағызды шайнауға сұрап аласың... Үйге келіп ол сағызды рахаттанып інілеріңнен тығылып отырып шайнайсың, ертеңіне мек­теп­ке әкелуге ұмытып кетсең болды, мектепке дүкенші апай қызын ертіп, жүгіріп келеді де, сені алдына салып үйіңе келеді:

 – Әй, осы үйде менің қызымның сағызы бар, қайтарыңдар, – деп айқайға басады. Содан жүгіріп барып, жапсырып қойған столдың астын қарасаң, әлгі сағыз жоқ, сүйтсем, үйдегі екі оқитын жүгірмек көшеге шай­нап кетіпті. Оны іздеп әрең дегенде сағыз­ды тауып қай­тарып бересің. Сол дүкенші апайдың қызының сағызын бүкіл ауылдың балалары кезек-кезек шайнап шығады. Бірақ ешкімге «микроб» жұқпайды. Ешкім жұқпалы аурумен ауыр­майды. 

Ол уақытта бір-бірінен жеркену деген аты­мен болған жоқ. Қазіргі адамдарға түсінбеймін, қасындағы отырған адамнан мұрнын басып жеркеніп отырады. Мына көпшілік біледі, әже­леріміз жаңа туған балаға печениені аузы­мен езіп-езіп береді. Тіпті, олар «бутер­борд­ты» ауызбен жасайды. Әжеміз бірінші етті аузына салады езілгенше шайнайды, одан кейін нанды салады, оны да шайнайды да, сосын:

 – Әй, құлыным, аузыңды аш, мә же, – деп, баланың аузына салып жібереді. Нағыз диеталық тағам, баланың асқазанына жеңіл. Бірақ одан балаға «микроб» жұқпайды. Баяғыда бір әжеміз, үйге келген қонақтарына шелектен айран кұйып беріп жатыпты:

 – Ішіңдер айналайын құлдықтарым, қою айран, майлы айран, – деп жатса, айран құя­тын ожау қасығы шелектің түбіне бірдеңеге тіре­ліп қалады. 

– Құдай-ау, бұл немене, – деп, әжеміз шелекке қолын салып жіберсе, бір зат ілініпті. Айран ішіп отырғандар аң-таң дейді. Содан әжеміз, әлгі шелектің түбінен тауып алған затты тілімен жалап-жалап былай депті. 

– Әй, іше беріңдер, ештеңе етпейді, бұл Сайлыбекжанның ұлтарағы ғой, – депті. Мына қазіргі адамдар қолымен ет жегуге қорқады. «Ойбай, ішімізге микроб кетіп қалады», – дейді. Бұрындары аталарымыз ауылда той болып, ет жеп болғаннан кейін, «әй, бала бері кел, аузыңды аш» деп, қолымен етің майын, нанын, жуасын, сіңірін салып «хот-дог» жасып аузыңа асатып жіберетін, соны біздер үйге дейін шайнап барамыз. Бірақ мироб жұқпайды. Сол микроб демекші, менің бір құрдасым іс-сапармен бір ауылдық жерге барады. Ол өзі қалада туып, қалада өскен жігіт қой. Маши­на­мен ол алты сағат жүріп, шөлдеп қарны ашып әлгі ауылға әрең жетеді. Бір ауылдың шет жақтағы үйіне қонақ болып түседі. Сол үйдегі жеңгеміз, аяғы-аяғына тимей, шәй жасап жү­гіріп жүр дейді. Далада қой сойылып жатыр. Содан дастарқан жайылып, шәй әзір болып, кұрдасым төрге отырады. Содан құмшекер салатын ас қасық іздей бастайды. Оны аңғарған жеңгеміз. «Ойбай, шапқылып жүріп ас қасықты қоюуды ұтытып кетіппін», – деп, қасындағы баласының жарма жеп отырғы ас қасығын жұлып алып, аузымен жалап-жалап, етегіне сүртіп:

– Мә, ала қойыңыз, – депті. Шөлдеп кел­ген құрдасымның шөлі бірден қана қойыпты. Содан өзін-өзі жұбатып, «шәй ішпесем, қуырдақ жермін» деген оймен далаға шығады. Далада ошақта отта қазан қызып жатыр. Бір кезде жаңағы жеңгеміз үйден жүгіріп шығады да, әлгі қазанға келіп, «тфу, тфу» деп аузының ұшымен қазанға түкіреді. Қызған қазан «быж» еткенде, жеңгеміз, «ойбай, етті әкеліңдер қазан кыз­ды» деген екен. Оны көрген құрдасым қуыр­дақтан да қағылады. Сосын әбден қарны ашып, қой ең болмаса етті жермін деп өзіне өзі келіп үйге кіреді. Ет дайын болғанда, әлгі бала сияқты қалбаңдап жүгіріп жүрген жеңгеміз, қолына құман мен леген алып жүгіріп келеді. Құрдасым, қолын жуып болып дастарқан басына отырады. Пысық жеңгеміз болса, әлгі қол жуған легенді төгіп, мұздай сумен шайып-шайып ет салып дастарқан басына алып келіпті. Құрдасым ақыры сол ауылдан аш қайтыпты.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН