Жомарттың жауабы

Бүгін мектепте Жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты ата-аналар жиналысы өтеді.

Мектеп директоры Бәтима бұлтың-бұлтың етіп, класқа кірді. Екі беті алмадай қызарып тұр. Біртүрлі қысылған түрі ғой. Бірақ жиналыс біткен соң бозарып кетеді. Жиылған қауымды көзінің астымен бір сүзіп өтті де жиналысты бастап жіберді.

– Құрметті ата-аналар, келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! 

Бүгінгі жиналыста жаңа жыл мерекесіне кімнің баласы қандай кейіпкердің киімін киетіні туралы әңгіме болады, – деді ол. 

Ата-аналар гүбір-гүбір шулап кетті. Мектеп директорының бұл ұсынысы біртүрлі естілді. 

– Шырағым, кімнің не киетінін әркім өзі шешпей ме? Бәрі болып енді сол қалды ма?

– Жоқ, олай демеңіз әже, – деп, Балжан әжейдің сөзін директордың орынбасары Бе­зеу­гүл бірден белі­­­нен кесті. 

– Сіздердің естеріңізде бол­са, былтыр Жаңа жылға бір оқушы террористің киімін киіп келіп елді шошытты. Сол үшін ауыл әкімі жұмыстан қуылып кетті. Сондықтан бұл мәселені өзіміз шешеміз, – деп ди­­­­ректор туралап айтты.

– Біз былай деп, тізім жасадық, Сәрсен­­­байдың ба­ла­­­сы Айбат Шрек болады, – деді мектеп директорының орынбасары Безеугүл.

– Ол не пәле? – деп Ай­­­­бат­­тың шешесі Биғаным өре түрегелді.

– Шрек деген былайша айтқанда есек қой, – деді директордың орынбасары.

– Өзің есек, менің балам қасқыр бо­лады.

– Қасқыр Биғаштың баласы Арман болады, – деп, Безеугүл орнынан бе­­зілдеп ұшып тұрды.

– Жоқ, менің балам есек болмай­ды, – деп Биғаным айқайға басты. Би­­ғаным – байына бағынбайтын әйел. Жыны ұстаса, жиналысыңды быт-шыт етеді.

– Тыныш, тыныш, құрметті ата-аналар, сабыр сақтаңыздар! Шректі әлем біледі. Ол – ақылды, жақсы есек, – деді директор

– Есектің жақсысын көргенім жоқ, менің балам ендеше Ертөстік болады, – деді Биға­ным. Бұл ұсыныс басшылыққа ұнамай қалды.  

– Келесі кезекте мектептің озат оқу­шысы Мұрат Терминатор бо­­­­­лады.

Мұраттың әжесі шошып кетті.

– Қарағым, Тірменатыр деген не? 

– Ол робот қой, темір адам.

– Әй, олай деп менің басымды қа­­­тырмаңдар, менің балам ешкім­нен кем емес, ол Тір­­­ме­­натыр бол­­­майды, Алпамыс батыр болады. Көп­­­шілік ата-аналар әжейдің сө­зін қолдап жатыр. Бір атай тұрып айтты:

– Айналайындар, сендер шетелдің кейіп­­­керлеріне еліктегеншге өзіміздің ертегі­­­лердің кейіпкерлерін неге көрсетпейсіңдер? Мысалы: Алдар Көсе, Саққұлақ, Таусоғар, Желаяқ, көп қой айта берсең...

– Ата, сіз біздің жұмысымызға кедергі кел­тірмеңіз, өзіміз білеміз, – деп, директордың орынбасары Безеугүл бедірейіп қалды. Жи­налыс әрі қарай жалғасты.

– Үшінші кластың оқушысы, Бал­табайдың баласы Жомарт Аватар болсын деп шештік, – деді мектеп дирек­торы Бә­тима. Ава­­тардың не екенін ата-аналар тіп­ті ұқ­­пай қалды. Бетін шымшып бір-біріне қа­­рады.

– Аты бір түрлі екен құбы­жық шы­ғар, – деп жа­тыр біреу­­­­лері.

– Апай, мен Жаңа жылға Аватар емес, ұлттық киіммен келемін, – деді Жомарт.

– Сонда ұлттық киіммен кім боласың?

– Қазақ боламын...

Мұғалімдер үнсіз қалды. Оқушының бұл жауабы бүгінгі жиналысқа қорытынды жаса­ғандай болды.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН