Шалғайдағы Шуашты ауылының тұрғын­­­дары шаңқай түсте бүлініп, ша­­­был­­­­ды да қалды. Көптен бері адам бас сұқпаған клубтың есігі айқара ашылып, ауыл әкімі күндіз-түні содан шықпайтын болды.
Баяндамамен бiткен басқосу
458
оқылды

Клубтың ауласында Ауғанбайдың асау есегі, он шақты тоқты-торымы жү­­­руші еді. «Малыңызды осында енді жі­­­­берсеңіз, кәуәпханаға өткізіп жібере­­­міз» дегеннен соң Ауғанбай қойы мен есегін орталық саябаққа қарай қаптатты.

Шал-шауқанды, кемпір-сампырды, бала-шағаны шала бүліндіріп, бұл клубта не болғалы жатыр? Атанбек сияқты бірді айтып, екінші мәселеге қияндап шығып кетпей тұрғанда негізі айтпағымызға құ­­­рық салайық. Ауылдағы клубқа ко­­­­миссия келгелі жатқан жоқ. Мұнда қала­­­­дағыдай дүркіреп дискотека да өтпейді. Ендеше бұл дүрлігу қай дүрлігу? Сөйтсек, мұнда бүгін аудан әкімі келіп, есеп бер­гелі жа­­­тыр екен. Ауыл әкімі Көпір­­­­бай­­­дың кө­­рініп қалар кезі-ақ. Өзіне жоғары жақтан тапсырма тым қатал берілген-ау шамасы, екі-үш күн бойы осы ауылдың аузы дуалы ақсақалдары мен атқамінер азаматта­­­рының үйлерін айналшықтап шықпай қойды. Мәндір руының мық­­­тылары ал­­­дын ала бір ақсақалдың үйінде бас қосып, аудан әкімі Асқарға қорған болу жағын мықтап ойласты. Сөйлейтін­­­дердің тізімі алынды. Не деу керек екені тия­нақталды.

– Анау Сарыбай сынды сандырақ­­та­­ғыштардың аузына құм құю керек. Мүм­­кін­дігінше оларды сөйлетпеуге тыры­­­сайық. Бүйтпесек, біздің мәндір атты мықты руымызға сын. Бірауызды бо­­­лайық, бауырлар, – деді ауылдың төбе биі Дәндібай.

– Олай етпесек, ағайын болғаны­­­мыз­дан не пайда? Ұйымшыл болмасақ, мән­­дірілігімізден мән кетеді ғой, – деп Айт­­жан ақсақал көзіне жас алды.

Ұйымшыл, бірауызды болмаққа серт байласып, тіс шұқысқан топ түн жары­­­мында тарқасқан-ды.

Енді міне, қыстай от жағылмаған кө­не клубты жылыта алмай ауылдың бар­­­лық белсендісі алаөкпе болып жүр. Аудан­­­нан «Зима-лето» деген жылыту құра­лын әкеліп еді, оған үшфазалы тоқ керек екен, шөккен түйедей шоңқиып, бір бұрышта шошайып қалды. Не істеу керек? Ауылдағы жалғыз моншаның от жағушысы Ошақбай «екі-үш жерге темір пеш қоялық» деген ұсыныс айтты. Алай­­да мұржа шығаратын тесік жоқ. Ақыры ақылдаса келе, терезенің бір көзін алып, темір пештің мұржасы шығарылды. Та­­мызық кеппеген бе, әлде көмірі түскір нашар ма, пеш түтеп, түтіндеп, клуб ішін­­­­­де адам кіре алмастай иіс қаптады.

– Ойбай, көзімді ашытып барады. Мына түтінге тұншығып өлмесек не қыл­­сын, – деп жиыннан қандай өсек тыңдап қалар екенмін деген өзіндік жоспармен алдын ала жеткен қатпа қара кемпір сыртқа атып шықты.

– Ініне кіріп кеткен түлкіге түтін салушы еді, мына әдістерің соның бір тү­рі екен. Тегі, бізді де клубтарыңа кір­­гізгілерің жоқ-ау, – деп Серік насыбай шақшасын ұрғылады.

Жұрт жиналып, осылай түрлі әңгімеге тамызық тастап тұрғанда сүліктей қара «Мерседес» ауладан кіріп келе жатты.

– Әкім келді, әкім!

– Жол беріңдер, жол беріңдер!

– Ой, өңшең... Ұйыққан малдай то­пырламай, жол беріңдер, түге!

– Ассалаумағалейкум!

– Қош келіпсіз, әкім мырза! Өзіңізді тағатсыздана күтудеміз.

«Мерседес» сырғып келіп ортаға тоқ­­­тады да, артқы есігі ашылып, алдымен әкім­нің аяғы көрінді. Асқар машинадан жеңіл қарғып түсіп, жағалай тұрған жер­­гілікті тұрғындармен қырық жыл көрме­­­ген құдасын жолықтырғандай құшақ­­­тасып көрісті. Кейбіреулерін арқадан қағып, біреулерін сүйіп жатыр.

Өмір – қызық. Біз білетін Асекең тәкаппардың тәкаппары болатын. Оның сұсынан талай адам бұғып жүретін. Соны білетін Асекең талайға улы тілін сұғып жүретін. Бұл жолы мүлдем бөлек. Адам біткеннің ақкөңілі, жан біткеннің жай­­­дар­­­лысы. Үлкендерді қойып, кішілер­­­дің де қолын сілкілеп жатыр. Білмейді екенбіз ғой, әкімнің жүрегі мақтадай жұмсақ, ел дегенде майдай еріп кетеді екен. Бәсе, тегін адам таз болар ма?

– Алдына барғанда талай мәрте тауым шағылып қайтып еді. Бұл жолы қалай мүсәпір бола қалған? «Алладан шынымен де жарлық түссе, Ай-дағы жерге түсер ас­пандағы» деп халық бекер айтты дей­­­місіз. Аспандағы мына әкіміңіз жерге тү­сіп тұр ғой», – деп Серік аузындағы на­­­сыбайын сонадайға ытқытып жіберді.

– Енді қайтпек, аудан әкімдері ауыл ара­лап барып, есеп берсін деп жатса. Егер осы жолы сүрінсе, оңайлықпен оңал­­­май­ды, – деп Жандар пәлсапа соқты.

Жандар айтса, білгенін, естігенін айтып отыр. Кеше ғой, Көпірбай көкесі: «Ойбай, бұл жиналысқа облыстан белді кісілер қатысады. Жорналшылар да мұн­­дайда етекке оралып, жағаласып жүре­­­ді. Солардың құлағына бірдеңе ілікпесін. Іліксе олар індетеді. Сондықтан сақ бо­­­­лайық», – деп есеп беруден соң сөйлей­­­тін­дердің тізімін алдын ала жасатқан. Кілең мәндір руының мықтылары, яғни әкім­нің жақындары сөйлемек. Олар сөй­леп біткен соң жиналысты тезірек аяқтау кер­ек. Жылы жауып қоя салу керек. Міне, мәселе қайда жатыр?

Асекең аспандатып сөйлеп кеп берді. Қарап отырсақ, табыс деген толағай. Іш­­кенің алдында, ішпегенің артыңда. Ас та төк тоқшылық заман. Құдай-ау, қан­­­шама құрылыс салып тастағанбыз. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдері еселеп артыпты. Кіріптарлар мен кедейлерге көл-көсір көмек көрсетілген. Мәдениет оша­ғы маздаған. Денсаулық, білім беру, спорт саласы жанданған. Бұдан артық не керек? Коммунизм кезінде де жете алма­­­ған көрсеткіш қой мынау. 

«Абылайдың асында шаппағанда көк­парды атаңның басында шабасың ба?» демекші, бұған қол соқпағанда қа­­­­шан қол соғасың. Клуб іші шарт-шұрт ша­­­­палақтан құлақ тұндырды. Сапалақ шал: «Ойпы­рым-ай, ә!» деп шөп сын­дырды.

– Қалай-қалай сайрайды, ә! Егер жағ­дай әкім айтқандай болса, біздің ауыл бы­лай құлазып тұрмас еді-ау. Клубы­­­мыз­дың күрделі жөндеу көрмегеніне тұп-тура жиырма жыл болыпты. «Әкім келе жа­тыр» дегеннен соң ғана ішін тазала­ған­сып, от жақтық. Ауруханамыз анау, был­тыр ішінде бір келіншектің жаңа туған нәрестесі суықта қатып қал­­­ды. Дәрі-дәр­мегі ділгір. Соқырішек бо­­лып барған Іле­­кеңнің баласын о дүниеге аттандырып тын­ды. Жол жол емес, ой­­дым-ойдым бір­­деңе. Мектептегі балала­­­­рымыз шеті­нен тұмау. Әкімшілік кеңсесі­­­­нің іші тол­ған шылау. Ал аудан әкімінің айтып отыр­­ғаны мынау, – деп Серік сабырсыз­да­нып, жан-жағына сыбырлап жатты.

Баяндама бітті. «Жарыссөзге жазы­­­­лыңыз­дар. Алғашқы сөз ауылымыздың ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Диірменовке беріледі», – деді ауыл әкімі Көпірбай.

Диірменов әңгімені диірменше үйіріп әкетті. Пәлсапаны одан-бұдан қайырып әке­ліп, Асекеннің ауқымды істеріне ай­рық­ша тоқталды.

– Осы жетістіктердің бәрі Асекеңнің ар­қасы. Оның баяндамасына, бір жыл­­­­дық ат­қарған ісіне «өте жоғары» деген баға беру­ге лайық, – деп тізгінін бірақ тартты.

– Сонда Президенттің жүргізіп отыр­­­­ған саясаты далада қалады ма? Мынау не деп сандырақтап тұр? – деп Қалдан қапа­ланды.

– Әй, күбір-сыбырды тоқта­тыңдар. Ен­ді­гі сөз ауылдың төбе биі Маусымбек Мыр­заұлы­­на беріледі, – деді ауыл әкі­мі жұртты тыныштыққа ша­­­­қы­рып.

Маусымбек мінберге маңғаз­дана кө­терілді. Әйткенмен айтары тым шолақ бол­ды. Ол Асекеңнің еңбегіне баяғыдан қызығып жүреді екен. Былтыр Асекеңнің арқа­сында ауыл ауызсулы болыпты. Ай­тып отыр­са, Асекеңнің арқасында егін бітік шық­қан. Асекеңнің арқасында ауыл­дың ке­ліндері былтыр егіздетіп-се­гіз­д­етіп, ұл-қызды молынан туып тас­­тапты.

– Ой, мынау не деп оттап кетті? Сон­­­да Асекең келіндеріміздің қойындарына кір­­­г­ен бе? Бүйтіп жағымпазданғанша, жер­ге кірсейші, – деп Күмісай әжей күңк етті.

Күмісайды қоштағандар қарасы кө­бейді. Әр-әр жерден күңкіл-сыңқыл шы­­­­­ғып, клуб ішінде толқын жүріп өткен­­­дей бол­ды. Оралбай Диірменов орыннан қату­лана көтеріліп, біраз адамдардың ау­­­зына қақпақ қойып үлгерді. Зал ты­­­ныш­тал­ғанда отырған жұрт Маусым­­­бектің ау­дан әкімінің бір жылдық есебіне «өте жо­ғары» баға бергенін бірақ аң­ғарды.

Мұнан соң мінберге көтерілген ша­­­руа қо­жалығының төрағасы Арқарбек Сей­сенбаев пен мектеп директоры Ал­­­дияр Қауынбаев ауылдағы телефон, интернет байланысының нашарлығын, көлік қа­ты­насының ретсіздігін айт­­­қансы­­­­ғанмен, шең­берден асып шылбыр үзіп кете алған жоқ. Аудан әкімінің есебіне «өте қанағат­танар­лық» деп баға беріп, орындарын адаспай тапты.

– Ау, жарандар! Маған қараңдар! Был­тыр осы аудан әкімінің ұлы тапа-тал түсте адам қағып кетіп, өлтіріп қойса да сот­тал­ған жоқ. Сосын мына мақтап отыр­­­­ған Асекеңдеріңіз өткен жылы екі зауытты са­тып жіберді. Елбасы «балалар бақ­ша­сын көбейтіңдер» деп жатқанда ол біздің ауыл­дағы садикті жекешелендіріп, туы­сына тарту етті. Қызметке тек өз рулас­та­рын ғана жинап отыр. Айтқыш бол­саң­дар, неге осы «ерекшеліктерін» айтпай­сыңдар? – деп Әбен орнынан қарғып тұрды.

– Ой, әкеңнің!.. Қаңғып келген қу кір­­ме. Қайда отырғанынды білмейсің-ау әлі, – деп Нұралы оны құлақ шекеден са­лып қалды.

– Полиция, полиция! Мына Әбен бү­лік­шіні әкетіңдер, – деп Оралбай Диір­менов дір-дір етті.

– Асекеңнің ауылымызға әкім бол­ға­лы бірінші рет келіп отырғанын неге айт­пайсыңдар? – деп қалды Мәрия апай.

Ол мектепте қырық жыл мұғалім бол­ған, туралықты сүйетін кісі еді.

– Мына кемпір жынданған шығар. Әй, Мәрия, бүлік шығармай тыныш отыр, жәйыңа, – деп Орекең оны да же­кіп тастады.

Орнынан Сарыбай тұрғанда Көпірбай сазарып отырып қалды. Тек Орекең ғана:

– Сәке, қысқа қайырыңыз, уақыт жоқ, – деп оның алдын кес-кестеді.

– Аузымызға қақпақ болсаңдар, клуб­­қа неге жинадыңыздар? Мына Кө­­­пірбай «аудан әкімімен туыспын, мұр­­­­тымды балта шаппайды» деп көкіп жүр. Асқарыңның да дұрыс басқарып жүрген түгі жоқ. Адамдарды ру-руға бөліп, алалап бітті. Аудандағы ең шұрай­лы жер тек осыларда. Қал­ған адамдар сонда ауамен күн көреді ме? Міне, осыларды неге айтпайсыңдар, халқым-ау! – деп бұрқырап барып орнына отырды.

Мұнан соң Жұман жұл­қынды.

Бірақ оны мінберге жіберген жоқ. Орекең ойбайлап Жұманға жұдырық көрсетті.

– Өңшең шыл­бырдағы шешен­дер мен бағулы бұл­бұлдар, қар­ғы­бау­лы қарғалар ғана сөйлейтін жиын болды ғой бұл. Қалғанына сөз жоқ болса, онда мен үйіме кеттім. Кемпірімнің ыстық шайын ішейін, – деп Ынтымақ орнынан кө­терілді.

Келушілерді сұсымен сескендірген Кө­пірбай мен Оралбай жиналысты «жа­бық» деп жариялап жіберді. Жинал­­­ғандар аудан әкімінің бір жылдық есебіне бірауыз­дан «өте жоғары» деген баға беріп тарасты.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ