Ағалық қылған абызым

Нес-ағамның аққуға айналған жаны жеті қаттан асып ұшып, мәңгілік мекеніне қанат қағып кеткеніне де қырық күн толыпты. Қазанның қара аспанын қақыратып, жай түскендей болған суық хабарға илана алмай, жақсы ағаның арамыздан аттанғанына сенгіміз келмей есеңгіредік.

Бір күні есікті шалқасынан ашып, «Ей, жүгермектер, не айтып жүрсіңдер? Мен Тарбағатай жаққа барып құс салып келдім емес пе!» деп кіріп келетіндей елегізіп жүрдім. Бірақ пенденің дегені болсын ба? Тағдырдың атылған оғы адырнаға қайта салынбайды. Әу баста теңселе жоқтаған қормал ел, ардақты Алаш жұртының жұбатуымен көп істің байыбына бара алмаппыз. Қаралы қауым тарап, құсалы кеуде дәтке қуат дегенде қандай асылдан айырылғаныңды білесің. Уақыт жылжыған сайын көңіл шіркін қоңылтақсып, жан дүниең мүкәмалы жоқ үйдей қаңырап тұрғаны. Бойыңды меңдеткен осы хәл – ағаның ақ дидарын көрмегеннен, етегіне оралып еркелемегеннен екен... 

Әлқисса, аталы сөзге әуес, өнерге үйір болған бала кезімізден-ақ Нес-аға­ның есім-сойына қанық болдық. Сонау қиырдағы алақандай ғана Ойшілікке Ал­матының аңызға бергісіз әңгімелері еміс-еміс жетіп тұратын. Мұқым Шығыс өңі­рінен шыққан арқар мүйізді алып қа­ламгерлерімен қатар өрттей қаулаған қа­ра өлеңнің иесі Несіпбек Айтұлының аты да мәшһүр болған кез. Алғашқы кі­та­бына ақиық Мұқағали Мақатаевтың өзі ақ лебізін білдіріп, ақжол тілепті деп ауыл­дастар жыр қылып жүрді. Газет-жур­нал жете қалса, «Шұбартаудың шал­құй­рығы өлең жазды ма екен?» деп асы­ға ақтаратынбыз. 

Есейе келе, ертегідей Алматы шаһа­ры­на да табанымыз тиіп, білім алдық. Кө­зіміз көрмесе де көкірегімізде бейнесі жат­талып қалған дегдарлармен дидар-ғайып болу бұйырды. Бірақ 2001 жылы Нес-ағамыз Қараөткелге қоныс аударып кеткендіктен етене араласа алмадық. Осы уақыт мені ағаның сом алтындай ке­сек туындыларына қанықтырып, ру­хани сырлас іні болуға дайындай түс­кен­дей. 

Ақырындап ел ісіне араласып, Ас­та­на­да тұрақтаған соң біздің шынайы та­ныс­тығымыз басталды. Бұрын жиын-той­ларда, шығармашылық кештерде жиі ұшырасып жүрсек, енді қаршығадай қа­ғылез аға өз бауырына тартты. Нес-аға­ны арқа тұтып, өнегесін тыңдап, тауып айтатын тапқыр сөзіне сүйініп жүр­дік. 

2010 жылдың басы. Ағамыз 60 жасқа толған торқалы тойы қарсаңында үйіне қонаққа шақырды. Етін астырып, көңілі мар­қайып, жүзі бал-бұл жанып отыр екен. Дастарқан басында кенішті көкі­рек келісті әңгіменің тиегін ағытып, өт­кен-кеткенді қозғап, өлең оқып отыр­ды. Мерейлі жасқа тың жеткенін, іштей шы­ғармашылық зар-күйіне келіп, жаңа биікке қарай ұшып бара жатқанын сез­дік. Ас қайырылып, аяқ жинала бас­та­ған­­да Нес-ағам болмашы ырғалып қойып сөз бастады. 

– Әй, Берікжан! – деді дауысы саң­қыл­дап. – Сен бөтен емессің. Өзімнің екі туып, бір қалған туған бауыр, етжа­қы­­­нымсың. Қазір «Бетпе-бет» хабарын жүргізіп, құдайға шүкір, есіміңді ел-жұр­тың біледі. Міне, биыл мына жаман ағаң алпыс деген арғымаққа мініп отыр. Сен ағаңа қолғабыс етіп, осы тойдың бір жағынан шығыс! – деп қолқа салып, тойдың тізгінін ұстатты. 

Жауапкершілігі ауыр жұмыс болса да кеудемді бір жылы ағыс шарпып өт­кен­дей болды. Бостандық жырының боз­жорғасы саған сеніп жүк артып тұр­са, белің қайысса да көтерудің өзі ғани­бет емес пе?! Дүбірлі тойға білек сы­ба­нып, құлшына кірістік. Қолымыздан кел­геннің бәрін жасауға бар күш-жіге­рі­мізді салған болдық. Ақынның ақ бай­рағын желбіретіп, қара өлеңінің ме­рейін көтерген естен кетпес той өтті. 

Біздің басымыз Астанада түйіссе, ата­ларымыздың жолы сонау Тар­ба­ға­тай­дың тарғыл белдерінде тоғысыпты. Нес-ағаңның да, менің де атам – құс бап­тап, бүркіт салған жандар. Атам Құр­ман­ғали мен Айт ақсақал үзеңгілес жол­дас, асықты жілік ұстасып сыйлас­қан дос болыпты. Соңына нөкер ертіп, қо­лына құс қондырып, салтанатты саят­шы­лық ғұмырды қатар кешіпті. 2019 жыл­ы туған ауылым Ойшілікке барып, мек­тептегі үш сыныпты қажетті құрал­дар­мен жарақтандырып, игі іс жасап едік. Сондай салиқалы сапардың болға­нын Нес-ағаңа әңгімелеп берген бола­тын­мын. Ағаның көңілі босап, қатты те­бі­ренді. Көп ұзамай бозжорға қала­мы­нан:

«Айналған өз тұсында аты аңызға,

Құс салған екеуміздің атамыз да.

Шын болса атамыздың аңшы екені,

Кеміріп ақ қағазды жатамыз ба?

 

Бар ма екен аталардан қымбат адам,

Көктедік солар берген мың батадан.

Қондырып қолға қыран көрмесек те,

Шошайып шықпаймыз ба қырға таман?» деп басталатын керемет өлең туды. Осы бір ғана өлеңге атамыздан бізге дейінгі тұтас дәуірді сыйдырып, ескерткіш ор­натып кетті. Бұл өлең ақеділ ағаның іні­сінің мойнына көзімдей көр деп ырым­дап таққан бойтұмары деп білемін.

Иә, Нес-ағамен дидарласқан әр сәт­тің өзі бағалауға тұрарлық. Бірде қайы­н­а­­ғам Бақәділмен бірге моншаға бара қал­сам, КСРО-ның Халық әртісі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың иегері, қазақтың аса көрнекті композиторы, профессор Ер­кеғали Рахмадиевті қолтықтап парға кір­гізіп, ағасына інілік ізет көрсетіп, Нес-ағам да сонда жүр екен. Мені қас­тары­на шақырып алды. Ой мен қырдан не­ше түрлі әңгіме қозғап, желпініп отыр­ған бір сәтте, Еркеғали аға Нес-ағаға:

– Әй, Несіпбек, ертең мен де өлер­мін, сайтан емеспіз ғой, сен сонда мені қалай жоқтайсың? – демесі бар ма?!

Нес-аға іркілместен:

– «Халқым деп көкірегің қақыраған,

Өмірден сен де өттің-ау, батыр ағам.

Жұтпаған қай жақсыны сұм жалғанда,

Жалмауыз ажал деген аты жаман», – деп суырып салды. Еркеғали аға мәз болып, рахаттанып бір күлді.

Кейін Еркеғали Рахмадиев ағамыз­дың да кесімді күні жетіп, бақиға ат­тан­ды. Мен «Егемен Қазақстан» газетін қа­­рап отырып, Нес-ағаның баяғы мон­ша­да айтылған бір шумақ өлеңі ары қа­­рай өрбіп, «Еліңнің еркесі едің, сер­кесі едің» деген тақырыппен, Еркеғали аға­сына арнап жазған қаза жырын тауып алдым. Қазанаманы оқып болып, ағалардың тірліктегі сыйластығы мен қи­мастығы саналы жастарға ой салаты­ны­на көзім жетіп еді. Нес-ағаң бізге аға бол­ғанымен, өзі де біреуге іні екенін көр­­­­сете білді. 

Нес-ағаның 70 жылдық мерейтойы пан­демияның кесірінен уақытын­да өт­пейтін болды. Ақын Ербол Алшынбай бауырымды жа­ныма ертіп, ат-шапа­ны­мыз­ды алып үйіне құт­тықтай бар­дық. Балаша мәз болып, құшақ жайып қар­сы алды. Әдетінше был­қы­тып ет астырып, са­ры қымызын са­пы­рып отыр екен. Жаңа жаз­ған жыр­ларын оқып, кө­кейін­­де қорда­лан­ған көп әң­гі­мені ақтарып отыр­­ған. 

– Берікжан! – де­ді ке­нет қазан-ошақ жақ­та ас-ау­қат әзір­леп жүр­ген келі­ні­не қарап, – Мына ке­лінімнің ай-кү­ні толып отыр. Ата­­сына шекесі торсықтай ұл сүй­дір­мек. Есі­міне се­нің атыңды қоямыз, – десін. 

– Япырай, Нес-аға! Сөзіңіз аузыңыз­да, сауға, – дедім енді болмаса азан ша­қырылып кетердей абдырап. – Аға, біз әлі жаспыз, үлкендердің жалғасымыз ғой, балаға менің атымды емес, әкемнің атын қойсаңыз қалай болады? 

Ағам риза болғандай басын шұлғып, осы сөзге келісіп уағдаластық. 

Кейін айтқандай немересінің атын Уәли қойды. Атұстарға тайымызды атап, шілдеханасына барып тағы бір арқа-жарқа болып қайтқан едік... 

Осылайша, Есіл бойындағы есіл күн­дер бірінен кейін бірі алмасып сыр­ғып жатты. Ағаның ақжайлаудай үйінде кө­сіліп жатып көңілдегі көп ойды тер­бейтінбіз. Былтыр «Хабар» агенттігінде жұмыс істеп жүргенімде айтқан бір сөзі енді ойласам көмейіме өксік болып тығылады. 

– Әй, Берікжан, – деді мейірім тұн­ған үнімен. – Сен еліміздің басты ар­на­сында жүрсің. Бізді қашанғы жүреді дей­сің, мың жасайтын құзғын емеспіз ғой! Көкіректе қатталған сыр көп, бәрін сарқа айтқым келеді, мені жақсылап жазып алсаңдаршы! Көңіл түкпіріндегі көмбені өзіммен бірге алып кетпей соң­ғыға мұра етіп қалдырайын. Қазір көр­сете алмасаңдар, мен қайтыс болған соң көр­сетесіңдер ғой. Мен сендерге ешкім біл­мейтін көптеген тың деректер берем, – деді. 

Мен Ербол Алшынбай бауырыма тап­сырма беріп, осындай мықты-мық­ты тұлғалардан сұхбат алайық деп жаңа жобаны бастадық. Тұрсын Жұртбай аға­мыздан алып, енді Нес-ағамызды тү­сіре­міз деп жүргенде Ерболдың эфир­ге шығуына бір кісілер қарсы болып, жолымыз жабылып қалды. Енді көзі кеткен соң «сол жоба жарық көрмесе де, жа­зып алу керек еді» деп бармақ тістеп өкініп отырмын. 

Өткен күндерді ой елегінен өткізсем, Нес-ағам сол кездерде өзінің кететінін біл­ген сияқты. Соңғы жылдары әлеу­меттік желіде де белсенді болып, жауһар жырларын үзбей жүктеп отырды. Өз за­мандастарының ішінде әлеуметтік желіні меңгеріп, жүйелі де сапалы жүргізгендер некен-саяқ. Осының бәрі ажал сағатының таяп келе жатқанын сезген ақын жанының шырқырап зәу биік­ке самғауы сынды. Оны өмірінің соң­ғы кезінде төсек тартып жатып жаз­ған мірдің оғындай жырларынан да аң­­­­­ғара алдық. Жарық күнге риза-қош ай­­тып, бұрынғылар кеткен жолға түске­ні­мен, көкірегінде қанбаған мейір, сар­ғал­дақ сағыныш кетті... 

Алғаш қатты жығылып ауруханаға түс­кен жазда Ербол Алшынбай екеуміз көңі­лін сұрай бардық. Аз-кем әңгіме ай­тып, суретке түстік. Жай оғындай жар­­­қылдап тұратын Нес-ағам қош­тас­қан­дай болып отырды. 

– Бұл не жатыс, аға! Ақсуатта Дулат Тас­текеев бауырыңыз өткізетін айтысқа бір­ге баруымыз керек. Тезірек тұрыңыз, жол­ға жиналамыз, – дедім қалжыңдап. 

– Кетіп қалып жатсам, мені Ұлттық пан­теонға қойыңдар. Осы сәлемімді үл­кен кісіге жеткізерсіңдер. Егер шама­ла­рың келмей жатса, Қабдеш ағамның қа­сына барып жатсам деймін, – деді. 

– Ондайды айтпаңыз, аға, жазылып ке­тесіз, – деп біз шыр-пыр болдық. 

Қазақ әдебиетінің қабырғалы қос қа­ра нары Қабдеш Жұмаділов пен Не­сіп­бек Айтұлының бір кездері болмай­тын іске бола шекісіп қалғаны шындық еді. Бірақ өмірінің соңында кешу сұра­сып, бір-бірімен татуласты. Қабдеш аға қай­тыс болып, былтыр басы жаңадан кө­теріліп, ас берілгелі жатқан. Ақсуатта ай­тыста жүргенбіз. Нес-ағаға келіп: 

– Нес-аға, мына асқа сіз де бар­саңыз­шы. Көлденең көз аралары сол бе­ті суып, өк­п­е-реніші әлі тарқамапты де­ме­сін, – де­дім. 

– Әй, Берікжан, сол күні немеремнің тойы еді, – деді. 

– Аға, той күнде болады. Ал ас бір-ақ рет беріледі ғой, – дедім. 

Кесімді сөзімді айтам деп ойланып қал­ды. Бір айналып келіп арқамнан қа­ғып: 

– Әй, Берікжан, сен өте дұрыс айтып отыр­сың. Менің барғаным оң болады. Ар­науымды оқып, ағама дұға бағыштап қай­там, – деді. 

Бірге асқа бардық. Нес-ағам күркіреп өлең оқыды. Абыз жазушының рухына құ­ран бағыштадық. 

Астан қайтып келе жатқанда: «Бір жеңіл­деп қалдым», – деді күрсініп. 

Мұны аруақтың алдындағы арылу, іні­лік тағзым, биік құрмет деп қабыл­да­дым. Сол сапарда ағасының рухымен тіл­десіп қайтқан секілді. Ұлттық пан­теон­ға жатпасам тоғыз жолдың тора­бы­на барып, ағамның қасына жантаяйын де­ге­нінен соны аңғардым... 

Ал Тұрсын аға мен Нес-ағаң ғұмыр­лық дос, өмірлік жан аямас серік екені бар­шаға мәлім. Бір-бірімен қал­жың­дас­қанда уытты сөзіне шыдап тұрудың өзі мүм­кін емес. Мені бір-бірінен қызғанған бо­лып еркелетіп жүретін. 

– Несіпбекте нең бар, сен менің бауы­рымсың, – дейтін Тұрсын ағам кез­­­­десе қалса. 

– Иә, иә, аға, сіздің бауырыңызбын, шү­бәңіз болмасын, – деймін күліп.

– Әй, сен Тұрсынға неге жолап жүр­сің?! Кімнің бауырысың өзі? – дейді Нес-ағам кездесе қалса. 

– Ойбай, аға, сіздің бауырыңыз еке­нім ай мен күндей ақиқат қой, – деймін. 

Бір күні екі нар қатар кездесіп қа­лып, «Сен өзің кімнің бауырысың, аны­ғын айт­шы?» деп ортаға алды. Мен сас­­­қа­нымнан күле бердім. 

– Екеуіңіздің де бауырыңыз емеспін бе?! – деп қыспақтан зорға шығып едім. 

Есіл ағаларым менің!

Ағаның шүлен шуақты мейірімін, жы­лы қамқорлығын, жарқын бейнесін ой­лағанда, аңызға бергісіз есіл күндер ай­налып ұшқан алты аққудай көз ал­дыңа келеді. 

«Әкем де осы – қара өлең,

Шешем де осы – қара өлең.

Қара өлеңім тұрғанда…

Қалай ғана мен өлем?!» деп жырлаған Нес-ағамыз бүгін ортамызда жоқ. «Ди­да­рың ғайып болғанымен де, жырларың­ның ажары қашанда ашық, қазақтың кие­лі сөзінің нысаналы ұстыны болып қа­ла бермек» деп соңында Тұрсын досы қал­ды. Абзал жұрты Алашы су жорғадай тай­палған өлеңін, дегдар тұлғасын ұмыт­пақ емес!

Өткенге салауат, өліге иман тілеп от орнында қалған біздің ендігі жұба-ныш – жадымызда таңбаланған есте­лік­тер. Қимас сәттерден, аяулы шақтардан қал­ған ертегіге бергісіз естемелер жа­ның­ды елжіретеді. Қоңыр қазақтың мі­не­зімен басымыз қосыла қалса, аға ту­ралы ақжайнақ күндердің таусылмас қызығын айтамыз. Рулы елдей болып ортамызды толтырған Нес-ағаң барда айдынымыз шалқып, асқарымыз биіктеп жүріпті. Кеудені құсы кеткен көлде, елі көшкен белде қалғандай жалғыздық кернейді. Оның бәрінен ағаның «Аққудың көз жасындай көлге тамған» шығармалары құтқармақ. «Мені сағынсаң, аға-бауыр болып бірге кешкен күндерді есіңе ал» деп өзі келіп жұбатардай...

Жаныңыз жұмақтың төрінде, рухыңыз бейіште шалқысын, қазақ поэзиясының дариға-дәурені! 

Берік УӘЛИ