Сондықтан Мемлекет басшысы осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасалу қажет екенін айтқан болатын. Ол өз Жолдауында шығармашылық индустрияны қолдау бойынша жеке шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада шығармашылық индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсету жөнінде нақты міндет қойған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді.
Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, ал өңірлер назардан тыс қалып отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы «Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын» деген болатын.
Одан басқа, Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында Үкімет алдына бірқатар жаңа міндет қойды. Оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті индустрияны дамытуды қолға алуды тапсырды. Шығармашылық индустрия, креативті экономика немесе білім экономикасы – бұл, ең алдымен, идеялар мен технологиялар негізінде дамитын зияткерлік қызметпен тығыз байланысатын экономика секторы. Бұл уәкілетті орган ретінде министрлік жұмысының ең негізгі бағыты.
Жақында өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі креативті индустрияны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, онда сала басшысы креативті дамытуды тек пайда үшін қарастырмау керегін айтты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының баяндамасына сәйкес, шығармашылық және мәдени салалар қоғамымыздың инклюзивті және тұрақты дамуымызға айтарлықтай әсер береді. Атқаратын жұмыс көп. Креативті экономика дамып, өркендегенімен, біз оның даму барысын қазір ғана мемлекеттік деңгейде қарастырып, жеделдетуді қолға алдық. Қазақстан экономикасына креативті индустриялардың үлесін ұлғайтуды 2025 жылы 5%-ға (2023 жылы – 4,07%, 2024 жылы – 4,53%), креативті индустрияларда жұмыспен қамтуды 2025 жылы 4%-ға дейін арттыруды (2023 жылы – 3,8%, 2024 жылы – 3,9%) жоспарлап отырмыз, креативті индустриядағы шағын және орта бизнестің үлесі 2025 жылға қарай 1,5 есеге ұлғаяды (2023 жылы – 66 мың, 2024 жылы – 73 мың). Оған қоса, осы уақытқа дейін креативті технологияларды дамыту есебінен отыз мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр. Ал креативті индустриялар өнімдерінің экспорты екі жүз млн долларға дейін өседі», – деді Аида Балаева.
Министрдің сөзінше, креативті индустрия – біздің өңірлерімізді де, тұтастай алғанда елімізді де дамытудың кешенді шарасы. Ал медиа, мәдениет пен креативті саланы біріктіру кешенді және жүйелі жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. Басты міндет – осы бағытты дамыту жөніндегі қызметтің тиімділігін арттыру үшін барынша күш-жігер салу.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика үшін аса қажетті креативті индустрияны қолға алуды осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан. Қазір сол бастама ел игілігі үшін маңыздылығын көрсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастап, оған қатысты қызметтің 43 түрін белгіледі. Нәтижесінде, ел бойынша 95 мың адам жұмыспен қамтылып, 32 мың кәсіпкердің жұмысы жанданған. Жақында шығармашылық жобалардың питчингтері, соның ішінде оқу семинарлары өткізілді. Оған 200-ден астам адам қатысты. Бұған қоса, білім беру, сәулет және қала құрылысы, ІТ сынды салаларда 5-тен астам жоба қаржыландырылып, 70 млн теңгеден астам жеке инвестиция тартылған екен.
Белгілі продюсер Ерболат Беделхан креативті индустрияны дамыту үшін бағдарлама қабылдау керегін айтады. «Әлемдегі мықты, танымал музыканың 70 пайызын жазатын Швецияның жеті-ақ миллион халқы бар. Сондықтан да солар сияқты біз де бағдарлама, ұлттық бағдарлама қабылдауымыз керек. Сонымен қатар нарық қалыптастыру керек. Ал нарық болса, біздің экспорттауға деген мүмкіндігіміз ашылады», – дейді ол.
Бүгінде екінші деңгейлі банктер (Forte, Jusan) мен BI Group құрылыс компаниясы білім беру, сәулет және қала құрылысы, ІТ салаларда 5-тен астам жобаны қаржыландырып, 70 млн теңгеден астам жеке инвестиция тартылыпты. Қазір бұл индустрияның әлемдік нарықтағы көлемі 104,2 млрд долларға бағаланады, ал шығармашылық салалардың капиталдануы 2 трлн доллардан асады. Жыл сайын көрсеткіш тағы 15%-ға өсуде.
ТҮЙІН:
Бүгінде көптеген дамыған мемлекет креативті индустрия арқылы туризм, сауда, білім беру секілді салаларды да қатар дамытып отыр. Мысалы, Ұлыбритания үкіметінің 2020 жылғы мәліметі бойынша, креативті салалар экономикасы 2018 жылы жылғыға қарағанда 7,4 пайыз өскен, бұл жалпы экономиканың өсу қарқынынан 5 есе көп. Сонымен қатар шығармашылық салаларда, әдетте табыс орташадан жоғары, мысалы, шығармашылық салалардағы жалақы мен АҚШ-тағы жеке сектордағы орташа жалақы арасында 34,9 пайыз айырмашылық байқалса, Аустралияда да шығармашылық жұмысшылардың орташа табысы елдегі орташа табыстан 31 пайызға жоғары екен. Тағы бір маңызды фактор – креативті экономика кез келген қоғамдастық үшін салыстырмалы түрде қолжетімді, өйткені ол нақты табиғи ресурстарды, қолайлы географиялық орынды немесе бәсекелестік артықшылықтың басқа сыртқы факторларын қажет етпейді. Ол үшін тек білім мен талант қажет. Мемлекеттің де өз кезегінде бұл салаға айрықша қолдау көрсетуге мүдделі болып отырғаны қуантады.
Наурызбек САРША