25 қараша – гендерлік зорлық-зомбылықпен күрестің халықаралық күні. Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысанын жою туралы конвенцияға сәйкес әйелдер мен қыздарды зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғау демократиялық ұстанымдағы мемлекеттің, азаматтық қоғамның жоспарлы стратегиялық міндеті саналады.
Зорлық түбі – қорлық
800
оқылды

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, бүгінде әлем бойынша сексуалдық зорлық-зомбылықтан 1,3 миллиард әйел зардап шеккен және әрбір үшінші әйел өз өмірінде физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болады. Ал гендерлік теңдік, нәсіл, этникалық тек пен ұлт, дін тағы басқа әралуандыққа қарамастан, тең қарым-қатынас орнату,  тең құқылы қоғам құру – адамзаттың  негізгі міндеті.

1991 жылы  Жаһандық әйелдер көш­басшылығы институты­ның бел­сенділері жыл сайын «Гендерлік зор­лық-зомбы­­­­лық­қа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 кү­­нін» бекіткен екен. 25 қарашадан бас­­та­­латын Әйелдерге қатысты зорлық-зомбы­лықты жоюға арналған халықара­лық күрес күні Адам құқықтары жөнін­дегі халықаралық күн 10 желтоқсанға дейін халықаралық науқан ретінде жал­­ғасады. БҰҰ-ның жыл сайынғы бұл ха­лық­аралық баста­­­­масын Қазақстан мем­лекеті де қол­дайды. 2023 жылдан бас­­тап Мәдениет жә­не ақпарат министрлігі гендерлік сая­сат саласын­дағы мәселелер бойын­ша жауап­­ты орган болып анық­талды. 1998 жы­лы Қазақстан әйелдерге қа­­тысты кемсітушіліктің барлық ныса­нын жою жө­ніндегі конвенцияға қо­­сыл­ды. Биыл конвенцияның орын­­­­­­­­­­­­­­­­­­­далуы тура­лы тиісті баяндама әзірленіп, БҰҰ ко­ми­тетіне жолданды. «Ерлер мен әйел­дер­дің тең құқық­тары­ның және тең мүмкін­­­­­­­дікте­рі­нің мем­­лекеттік кепіл­­діктері туралы» заң жүзеге асырылуда. 2016 жылдан бастап «Қазақстан Респуб­ликасындағы 2030 жылға дейінгі отбасы­­­­лық және ген­дер­­­лік саясат тұжы­­рымда­­­масы» бе­­­кі­­­тіліп, 2022 жылы Пре­зи­­­денттің та­п­сырмасы бойынша өзектен­­дірілді.

Мәдениет және ақпарат министрлі­гінің бізге берген жауабы бойынша, Қа­зақ­­стан әйелдер құқықтарын қамтама­­­сыз ету және олардың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша адам құқықтары саласындағы іргелі халықаралық құжат­­тардың қатысу­шысы ретінде халықара­лық көрсеткіш­терге сәйкес гендерлік теңдікке қол жет­­кі­­­зу­ге ұмтылуда. Елі­міздің бұл бағыттағы жұмысына халық­аралық ұйымдар оң баға беруде. Қазақ­стан ерлер мен әйелдер ара­­сында­ғы Адам дамуы индексі бойынша жетістік­тер теңдігі өте жоғары елдердің 1-тобына кіреді. Гендерлік алшақтық ин­дексі бо­­­йынша халықаралық рейтингте Қазақ­­­­­стан 2023 жылы 62-орынды ие­­­­­­­ленді (146 елдің ішінде, 2022 жылы 65-орын). Қа­­­зақ­­­­станда білім деңгейі бо­­йын­­­ша гендерлік алшақтық іс жүзінде жойылды, бастауыш, орта және жоғары оқу орын­дарына қабылдауда толық теңдік қамта­ма­сыз етілді. ЭЫДҰ орталығының Әлеу­­мет­­­тік институттар және гендерлік ин­­­­декс зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы Қазақ­­­­­­стан әйелдерге қатысты кемсіту­­шілік деңгейі төмен ел ретінде бағалана­­­ды (SIGI ин­­­­дексі = 22%). Біз Жапония, Израиль сияқ­ты елдерден бір саты жо­ғарымыз.

Дегенмен отбасылық тұрмыстық зор­лық-зомбылық, адам құқығы, ген­дер­­лік теңдік пен балалардың еркіндігі мәселесі қоғамда өзекті проблемаға ай­налып отыр. Бас прокурор Берік Асы­лов «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зом­былық пен қоғам­­­дық орындардағы құқық­бұзу­­шылық­­­тардың алдын алу бойы­нша қабылданып жатқан шара­­лардың тиімділігі туралы» та­қырыбында өткен ҚР Заңдылықты, құқықтық тәр­­тіпті және қылмысқа қарсы күресті қам­та­­­масыз ету жөніндегі үйлесті­ру кеңесінің отырысында елімізде соңғы бір тоқсанда (үшінші тоқсанда) әкім­­­­шілік жауапкершілікке тартылған үйбұ­­­­­зарлар­­­дың саны 7 мыңнан 27 мыңға дейін артқа­­­­нын айтты. Бас прокурордың айтуынша, жыл басынан бері сотқа жет­­кен шағымдар нәтижесінде кісі өлтіргені және денеге өліммен аяқ­талған ауыр жарақат салғаны үшін 80 адам ұзақ мерзімге бас бостан­­дығынан айырылған.

Алайда жәбірленушілер қорқып, өз­деріне жасалған зорлық-зомбылықты жасыруы салдарынан отбасылық-тұр­мыстық статистикасы нақты емес және құқықбұзушылықтардың жоғары үлесі жа­сырын күйінде қалады. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, 2021 жы­лы отбасындағы зорлық-зомбы­­лық­тың тек 40 пайы­зы сотқа жеткен. Зор­лық­­­шы­­лардың  39 пайызына ғана 2 сағаттан 3 тәу­лік­­­­ке дейін әкімшілік жа­за тағайын­далған. Яғни, отбасылық тұрмыстық зор­лық-зомбылық мәселе­сінде әлі де бол­са сотқа жетпей жатқан іс көп. Бас проку­­ратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішевтің айтуынша, елімізде әрбір үшінші әйел отбасында зорлық-зомбылыққа ұшы­райды. 

– Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зом­былықтан кем дегенде 80 әйел көз жұ­мады. 150 әйел ауыр жарақат алса, 200 әйел орта дәрежедегі, ал 4 мыңнан ас­­­там әйел жеңіл жарақат алады. Поли­ция­ға күн сайын 300 шағым түседі. Оның ішін­де бала мен әйелді сабау, мүгедектікке душар ету, тіпті кісі өлтіру фактілері бар, – дейді Марат Әбішев.

Қазір елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қатар көшедегі мәдениет­сіздік, ұрлау, тонау және кісі өлтіруге дейінгі қылмыстар саны артып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасындағы тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу жұмы­сы­ның тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. Статистика көңіл көншіт­пейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осын­дай құқық­­бұзушылықтар бойынша 37 мың­нан ас­там адам әкімшілік жауап­­кершілікке тартылды.

Жағдайды түзеу үшін алдын алу ша­раларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар ше­шу­ші рөл атқарады. Уақытылы шаралар қа­был­данса, отбасылық және тұрмыс­тық ұрыс-керіс кезінде жасалған қыл­мыс­тың көбі­нің алдын алуға болар еді. Яғни, біреу­дің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбы­­­лыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді, – деп ескерткен болатын. Осы орай­да Бас про­курор Берік Асылов тұр­мыстық зор­лық-зомбылық деңгейінің төмендеуі үшін зардап шеккендермен тиімді әлеумет­тік жұмыс және жергілікті ат­қару­шы органдар тарапынан жеткілікті қар­жыландыру тікелей жасалуы керегін айтады. Алайда елдегі аудандардың 85 пайы­зы дағдарыс орталықтарымен қам­тылмаған. 2022 жылы әлеуметтік қыз­меттер (тұрмыстық қызметтер көр­се­ту, дәрігерге дейінгі медициналық, психоло­гиялық, заң көмегі, оның ішінде құжат­тарды қалпына келтіру бойынша, жеңіл­діктер мен жәрдемақыларды ресім­­деуге көмек, кәсіптік бағдар беру жә­не жұмысқа орналастыру) 2 749 құр­банға көрсетіл­­­генімен, олардың саны 13 есеге көп, яғни 38 мың болған. 

Сондықтан отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасын же­тілдіру жұмысындағы маңызды бағыт қоғамда «мүлдем төзбеушілік» қағида­тын қалыптастыру керек. Мәдениет және ақ­парат министрлігінің мәліме­тінше, Премьер-Министрдің орынба­­сары Т.Дүй­­се­нованың басшылығымен «Тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың профи­лакти­касы жөніндегі саясатты қайта қарау, әйелдер мен балалардың құқықта­рын қорғау, сондай-ақ отбасы­лық құнды­лықтарды ілгерілету жөнінде­гі шараларды заңна­­малық тұрғыдан күшейту жөніндегі жол картасы» бекітіл­ді. Сонымен қатар қазіргі уақытта Ұлт­­тық комиссия жергі­­лікті атқарушы ор­ган­­дардың жұмысын кү­­шейтуге баса назар аудара отырып, 2024-2025 жылдар­ға арналған Тұрмыстық зорлық-зомбы­лықпен күрес бойынша кешенді жоспа­рын әзірлеуде. Бұл ретте қоғамда жа­­за­­­­­ның бұлтартпастығы, халық­тың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар заңдарда «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» түсінігін енгізу, құқықбұзушылықтың барлық түріне төзбеу және заңсыздық пен мәдениетсіздікке қарсы «жұды­рықтай жұмылу» мәселесі өзекті болып отыр. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ