Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, бүгінде әлем бойынша сексуалдық зорлық-зомбылықтан 1,3 миллиард әйел зардап шеккен және әрбір үшінші әйел өз өмірінде физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болады. Ал гендерлік теңдік, нәсіл, этникалық тек пен ұлт, дін тағы басқа әралуандыққа қарамастан, тең қарым-қатынас орнату, тең құқылы қоғам құру – адамзаттың негізгі міндеті.
1991 жылы Жаһандық әйелдер көшбасшылығы институтының белсенділері жыл сайын «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күнін» бекіткен екен. 25 қарашадан басталатын Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған халықаралық күрес күні Адам құқықтары жөніндегі халықаралық күн 10 желтоқсанға дейін халықаралық науқан ретінде жалғасады. БҰҰ-ның жыл сайынғы бұл халықаралық бастамасын Қазақстан мемлекеті де қолдайды. 2023 жылдан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігі гендерлік саясат саласындағы мәселелер бойынша жауапты орган болып анықталды. 1998 жылы Қазақстан әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысанын жою жөніндегі конвенцияға қосылды. Биыл конвенцияның орындалуы туралы тиісті баяндама әзірленіп, БҰҰ комитетіне жолданды. «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң жүзеге асырылуда. 2016 жылдан бастап «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітіліп, 2022 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша өзектендірілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің бізге берген жауабы бойынша, Қазақстан әйелдер құқықтарын қамтамасыз ету және олардың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша адам құқықтары саласындағы іргелі халықаралық құжаттардың қатысушысы ретінде халықаралық көрсеткіштерге сәйкес гендерлік теңдікке қол жеткізуге ұмтылуда. Еліміздің бұл бағыттағы жұмысына халықаралық ұйымдар оң баға беруде. Қазақстан ерлер мен әйелдер арасындағы Адам дамуы индексі бойынша жетістіктер теңдігі өте жоғары елдердің 1-тобына кіреді. Гендерлік алшақтық индексі бойынша халықаралық рейтингте Қазақстан 2023 жылы 62-орынды иеленді (146 елдің ішінде, 2022 жылы 65-орын). Қазақстанда білім деңгейі бойынша гендерлік алшақтық іс жүзінде жойылды, бастауыш, орта және жоғары оқу орындарына қабылдауда толық теңдік қамтамасыз етілді. ЭЫДҰ орталығының Әлеуметтік институттар және гендерлік индекс зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы Қазақстан әйелдерге қатысты кемсітушілік деңгейі төмен ел ретінде бағаланады (SIGI индексі = 22%). Біз Жапония, Израиль сияқты елдерден бір саты жоғарымыз.
Дегенмен отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам құқығы, гендерлік теңдік пен балалардың еркіндігі мәселесі қоғамда өзекті проблемаға айналып отыр. Бас прокурор Берік Асылов «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі туралы» тақырыбында өткен ҚР Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында елімізде соңғы бір тоқсанда (үшінші тоқсанда) әкімшілік жауапкершілікке тартылған үйбұзарлардың саны 7 мыңнан 27 мыңға дейін артқанын айтты. Бас прокурордың айтуынша, жыл басынан бері сотқа жеткен шағымдар нәтижесінде кісі өлтіргені және денеге өліммен аяқталған ауыр жарақат салғаны үшін 80 адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Алайда жәбірленушілер қорқып, өздеріне жасалған зорлық-зомбылықты жасыруы салдарынан отбасылық-тұрмыстық статистикасы нақты емес және құқықбұзушылықтардың жоғары үлесі жасырын күйінде қалады. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, 2021 жылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың тек 40 пайызы сотқа жеткен. Зорлықшылардың 39 пайызына ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік жаза тағайындалған. Яғни, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде әлі де болса сотқа жетпей жатқан іс көп. Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішевтің айтуынша, елімізде әрбір үшінші әйел отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырайды.
– Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан кем дегенде 80 әйел көз жұмады. 150 әйел ауыр жарақат алса, 200 әйел орта дәрежедегі, ал 4 мыңнан астам әйел жеңіл жарақат алады. Полицияға күн сайын 300 шағым түседі. Оның ішінде бала мен әйелді сабау, мүгедектікке душар ету, тіпті кісі өлтіру фактілері бар, – дейді Марат Әбішев.
Қазір елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қатар көшедегі мәдениетсіздік, ұрлау, тонау және кісі өлтіруге дейінгі қылмыстар саны артып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқықбұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақытылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстың көбінің алдын алуға болар еді. Яғни, біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді, – деп ескерткен болатын. Осы орайда Бас прокурор Берік Асылов тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейінің төмендеуі үшін зардап шеккендермен тиімді әлеуметтік жұмыс және жергілікті атқарушы органдар тарапынан жеткілікті қаржыландыру тікелей жасалуы керегін айтады. Алайда елдегі аудандардың 85 пайызы дағдарыс орталықтарымен қамтылмаған. 2022 жылы әлеуметтік қызметтер (тұрмыстық қызметтер көрсету, дәрігерге дейінгі медициналық, психологиялық, заң көмегі, оның ішінде құжаттарды қалпына келтіру бойынша, жеңілдіктер мен жәрдемақыларды ресімдеуге көмек, кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыру) 2 749 құрбанға көрсетілгенімен, олардың саны 13 есеге көп, яғни 38 мың болған.
Сондықтан отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасын жетілдіру жұмысындағы маңызды бағыт қоғамда «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру керек. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенованың басшылығымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы жөніндегі саясатты қайта қарау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі шараларды заңнамалық тұрғыдан күшейту жөніндегі жол картасы» бекітілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта Ұлттық комиссия жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейтуге баса назар аудара отырып, 2024-2025 жылдарға арналған Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бойынша кешенді жоспарын әзірлеуде. Бұл ретте қоғамда жазаның бұлтартпастығы, халықтың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар заңдарда «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» түсінігін енгізу, құқықбұзушылықтың барлық түріне төзбеу және заңсыздық пен мәдениетсіздікке қарсы «жұдырықтай жұмылу» мәселесі өзекті болып отыр.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ