Атыраудағы 50-ге жуық еріктіні біріктіріп отырған «28 ілмек» клубының нәрестелерге арналған киім-кешек тоқып келе жатқанына 11 жылдан асты. Біз осынау ерекше клубтың үйлестірушісі Валентина Верцанға хабарласып көрдік.
Валентинаның шала туған нәрестелерге көмек беруге арналған қозғалыс құрамына енуінің өзі қызық болған. Мұндай еріктілер туралы Валентина алғаш рет Ақтау қаласында жүріп білген.
«Осыдан он бір жыл бұрын Ақтауда қыдырып жүріп, осындай қозғалыстың еріктілерімен таныстым. Олардың өз қызметтері туралы ерекше мақтанышпен айтып отырғандарына куә болғаннан кейін, сол еріктілердің жұмысын зерттеп көрдім. Көп нәрсе үйрендім. Сөйтіп, Атырауда «28 ілмек» клубының үйлестірушісі ретінде жұмыс істей бастадым. Уақыт өте келе, «28 ілмек» клубының құрамы кеңейе түсті», – дейді Валентина.
Валентина Верцанның айтуынша, таза жүннен тоқылған киімдер шала туған сәбилердің тыныс алуына оң әсер етеді.
«Сәби мерзімінен бұрын өмірге келгендіктен, оның бойындағы жылу алмасу үрдісі бұзылады. Сондықтан медициналық көмектен бөлек, нәрестелерге жылу керек. Әрине, кувезде сәбиге қажетті температура сақталады. Бірақ жүннен тоқылған киімдер сәбидің денесіне қажетті температурамен тезірек жылынуына ықпал етеді. Сонымен бірге жүннен тоқылған киімдер емдік массаж есебінде де әсер етеді. Осы арқылы баланың бойындағы моторикалық қызмет жүйесі жақсарады», – дейді Валентина.
Соңғы үш жылда «28 ілмек» қозғалысы Атыраудағы перзентханаларға жүннен тоқылған 4 000-нан астам бұйымды тапсырған.
Неонатолог дәрігерлердің айтуынша, туғаннан кейінгі алғашқы секундтардан бастап салмағы өте төмен сәби үшін денедегі жылуды сақтау маңызды. Сондықтан кувездегі температураны сақтаудан басқа, балаларға жүннен жасалған шұлық сияқты ұсақ заттар қажет.
«Аурухананың бюджетінде шұлық сатып алу қарастырылмаған. Сондықтан шала туған шақалақтарды аман алып қалу миссиясына «28 ілмек» қозғалысы еріктілерінің көмегі ауадай қажет. Экологиялық таза жүннен тоқылған киімдер мерзімінен бұрын әрі кішкентай салмақпен туған нәрестелердің өмір сүруге тез бейімделуіне оң әсер етеді. Яғни, жүннен тоқылған киімдер сәбидің терідегі рецепторларына әсер беріп, баланың оянып, дұрыс демалуына әсер етеді. Шала туған балалардың дамуына уақыт керек. Сол үшін де мұндай технологияны қолдану әрі қауіпсіз, әрі қажеттілік. Жүннен тоқылған киімдер жылуды да өте жақсы сақтайды. Көбіне салмағы бір келіге де жетпейтін шала туған сәби үшін бұл өте маңызды. Өйткені жаңа туған нәрестенің теріасты майы болмағандықтан, мұндай балаларда бойына жылуды сақтау қабілеті төмен болады», – дейді Атырау облыстық перинаталдық орталығының ресми өкілі Нұргүл Исмағұлова.
Валентина Верцанның айтуынша, «28 ілмек» клубының қатарын толықтыру ниетімен келетін еріктілердің бәрі бірдей тоқу өнерін меңгермеген.
«Еріктілерді тоқуға өзіміз үйретіп аламыз. Біздің еріктілеріміздің қатарында 73 жастағы Зинаида Ивановна да бар. Әдемі жасына қарамастан, ол кісі тоқу өнеріне бар зейінін қойып жүр. Әрі жергілікті «Гуревчанка» хорында ән де айтады. Біздің еріктілеріміздің жұмысбастылығы «сәбилерге көмектесу» деп аталатын миссиямыздың сәтті орындалуына кедергі емес. Перзентханаларға таза жүннен тоқылған жиынтықтарды үзіліссіз тапсырып жүрміз. Жиынтық құрамында баскиім, шұлық, күртеше, жөргек, тіпті нәрестені психологиялық тұрғыдан тыныштандыруға арналған ойыншық сегізаяқ та бар. Сондықтан қолдау көрсеткісі келетін тұрғындардың қозғалыс мүшелеріне иірілген жіп алып беруіне болады. Тоқымашылар қандай көмекті де қуана қабылдайды», – дейді Атырау қаласындағы «28 ілмек» қозғалысының үйлестірушісі Валентина Верцан.
Жыл басынан бері Атырау облысында 287 нәресте мерзімінен бұрын өмірге келген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 15 миллион бала мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 37-аптасына жетпей өмірге келеді. Бұл – әрбір оныншы бала ерте туады деген сөз.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА