Ел Үкіметі 1 трлн теңгеге жуық активтерді қайтарып алды. Оның ішінде 600 млрд-тай доллар қаражат шетелден әкелінген. Бұл мәлімет Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың аузынан шықты.
Кеткен капиталдан қайыр бар ма?
792
оқылды

23 қараша күні Сенат отырысынан кейін өткен брифингте Премьер елден шығарылған және заңсыз иеленген тұлғалардың активтерін қайтару жөніндегі жұмыс туралы баяндады.

Премьер-Министрдің айтуынша, активтерді қайтару жұмысы заңға сәйкес жүріп жатыр. «Бұл қадамдар Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформа аясында жалғасып жатыр. Бүгінде ша­мамен 1 трлн теңгенің активтері қай­тарылды. Оның ішінде шамамен 600 млрд доллары шетелден қайтарылып отыр. Бұл жұмыс жалғасуда», – деді ол.

Сонымен, сыртқа шығарылған қаржының нақты саны қанша? Әдетте әлемдік нарықта заңсыз айналымда жүр­ген, болмаса офшорларда орын тапқан активтердің есебін халықаралық ұйымдар тұрақты түрде анықтап отырады. Ерік­кен­нен емес, әрине. Олардың қызметі қаражаттың заңды жолмен жұмсалуын қадағалау. Десек те, аталған зерттеу ұйым­дарының өзі әрқилы мәлімет ұсынады. Мәселен, Global Financial Integrity ұйы­мының зерттеуінде 2004-2013 жылдары аралығында (9 жылда) Қазақстаннан 167,4 млрд доллар шығарылғаны ай­тылады. Ал Transparency International ха­лық­аралық ұйымы 2013 жылы ұсынған дерегінде соңғы 20 жыл ішінде 123 млрд доллар заңсыз әкетілді деп мәлімдеген. Екі жыл бұрын (2021 ж) Tax Justice Network ұйымы офшордағы қазақстан­дықтардың байлығы 45,7 млрд доллар деп болжады. 

Global Financial Integrity ұйымы: 

2004-2013 ж.ж – 167,4 млрд доллар

Transparency International ұйымы: 

123 млрд доллар

Tax Justice Network ұйымы: 

45,7 млрд доллар

Байқасаңыз, көзіңіз түгілі санаңыз сүрінетін сандар. Оның үстіне, бұл мил­лирдтардан бөлек, қымбат үйлер, жыл­жымайтын мүліктер, яхталар және басқа да мүккамалдың толық есеп-қисабының түбіне толық жету үшін біраз уақыт керек секілді.

Айта кетейік, байлығын заңды-заңсыз шекара асыратындар жалғыз біздің елде ғана емес. БҰҰ дерегінше, жемқорлық қылмыстардың кесірінен әлемдік эконо­мика 2,6 трлн доллар жоғалтады. Одан бөлек, жыл сайын әлемде ұсынылатын па­раның көлемі 1 трлн долларға тең келеді екен. Бір ғана мысал, көршіміз Ресейдің Орталық банкінің дерегінше, 1994 жылдан бүгінгі күнге дейін феде­рация аумағынан 1 трлн 250 млрд доллар ка­питал сыртқа шығарылған. Бұл деректі биыл 2 наурызда Мемлекеттік Дума отырысында коммунист депутат Николай Арефьев көтерген болатын. 

Бұрнағы жылдары біздің елде де оф­шорға шығарылған қаржының дерегі там-тұмдап айтылып қалатын. Әсіресе, Ескі Қазақ­стан тұсында «саяси қудалауға ұшы­рап кеттік» деген тұлғалар есе қайтар­ғандай жасырын қаржының құпия мәлі­меттерін ұсына бастаған. Ал алғашқы ресми деректер осыдан он жылдай бұрын ай­тылды. 2014 жылы 16 шілдеде өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында сол кездегі Бас прокурор Асхат Дауылбаев республикадан офшорға он жыл ішінде 140 млрд доллар кетті деп мәлімдеген. Яғни, жылына 14 млрд доллар жылыстап отырған.

Елден сыртқа шығарылған қаражатты қайтару ісі Президенттің былтырғы сай­лауалды бағдарламасының бас тақырыбы­ның бірі болған-ды. «Заңсыз алынып шетел асырылған активтерді елге қайтару жұмысын жандандырамыз. Оның игілігін бүкіл халқымыз көретін болады», – деген еді Қ.Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты елге мәлім бағдар­ламасында. Кейіннен Президент болып сайланысымен 26 қарашада өткен ұлық­тау рәсімінде сөйлеген сөзінде осы уәде­сіне қайта оралған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сайлауалды бағдарламам – бұл ұзақ ой-толғау мен ізденістің нәтижесі. Тіпті, жүрегімнен шықты десем, артық айтқандық емес. Тұғырнаманың әрбір тармағы толық орындалуға тиіс. Мен ол үшін барлық күш-жігерімді жұмсай­­мын»,– деді. 2023 жылғы 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. 5 қазан күні Президент Жарлығымен Бас прокуратураның жа­нынан Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Осылайша, аталған жұмыстың заңды күші бекігендей.

Аталған заң қабылданғаннан кейін құзырлы органдар да құлшына кіріскен­дей көрінген. Биыл 2 қарашада өткен Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отыры­сында 2023 жылдың бес айында жалпы сомасы 630 млрд теңгеден астам активтер қайтарылғаны айтылды. Оның ішінде шамамен 400 млн доллар алыс шетел­дерден әкелінген. Ал Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 7 қа­ра­шадағы мәліметіне сүйенсек, бюд­­жетке және квазимемлекеттік сектор субъек­тілеріне шамамен 857 млрд теңге сома­­сындағы мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдик­циялардан түскен ақша. Мәселен, Ау­стрия­дан 36,8 млрд теңге, Лихтенш­тейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылыпты.

Марат БӘШІМОВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі:

Дүниежүзіндегі заңдылық бойынша айналымдағы қаражат болсын, мүлік болсын, барлығы заңды, дәлелденген болуы керек. Бұл – бұлжымас талап. Онсыз өркениетті қоғам жоқ. Ал бізде дәлелденбеген актив өте көп. Сыртқа кеткен капитал туралы әртүрлі дерек айты­лады. Таяуда Бас прокуратураның жанынан Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Осы комитет барлығын анықтап, ақ-қарасын ажыратуы керек. Келесі жылдан бастап дүниежүзі бойынша жүргізілетін декларациялау ісіне кіреміз. Осы декларациядан қандай активке иелік етесің, түгел көрсетіп, заңмен дәлелдеуің қажет. Егер дәлелдей алмасаң – заңсыз. Мемлекетке қайтаруға тиіссің. Жемқорлыққа қарсы агенттік активтердің 78%-ы заңсыз, құжаты жоқ екенін анықтаған. Бұл масқара ғой. Осының барлығы келесі жылы дәлелденуі тиіс. Бұл процес дамыған елдердің барлығында ашық жүргізіледі. Еуропадағы конвенцияларда анық жазылған, егер сен иелік ететін мүлкіңді заңмен дәлелдей алмасаң, онда мемлекетке қайтарасың, ол халықтың меншігі. Азаматтық конфискация институттары арқылы, сотпен қайтарылады. Президенттің бастамасымен Конституцияға жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген қағида енгізілді. Осыдан кейін халық оянды, өз құқығын білді, сезінді. Енді қарап отырмайды, сұрау салады. Құзырлы органдар қайтарған мүлікті жіліктеп, жіктеп, халыққа ашық түрде жеткізуді үйренуі қажет. Жасырып, жұмбақтап жеткізетін мәліметтердің кезеңі өтті.

Қанат ҚОЖАБЕК, 

заңгер, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті:

Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс күрделі, көпдеңгейлі, кешенді сипатта жүреді. Өйткені осы уақыт ішінде заңсыз шығарылған активтер туралы жүйелі түрде зерттеу жүр­гізілмеді. Сонау 90-жылдардан бастап орын алған Екібастұз ЖЭО-на, «Трактебель» компаниясына қатысты және басқа да атышулы оқиғалардан бөлек, заңсыз жүргізілген келісімдер өте көп болды. Енді соның есесін қайтаратын уақыт келді. 2023 жылғы 24 шілдеден бастап Заңның барлық басқа нор­малары, оның ішінде активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға және қайтаруға қарсы іс-қимыл жасау үшін ақпаратты мони­торингілеу және талдау жөніндегі ережелер қолданысқа енгізілді. Бұл заңда «заңсыз иемделінген активтер», «активтер», «әкімшілік-билік ресурстары», «адал иемденушілер», «адал кредиторлар», «үстеме кірістер» және тағы басқа ұғымдар айқындалды. Дегенмен заң адал инвесторларға, оның ішінде шетелдік инвесторларға қарсы бағытталмаған. Өзге жағдайлар болмаған жағдайда құны 13 млн АЕК (44,8 млрд теңге немесе $100 млн) асатын активтердің болуы адал инвесторларға аталған заңның нормаларын қолдану үшін дербес негіз болып табылмайды. Заңда көзделген ережелер – Қазақстан Конституциясының, Азаматтық кодексінің, басқа да заңдары мен халықаралық келісімдерінің жоғарыда аталған және өзге де нормаларын толықтырады және нығайтады.

Бауыржан БАЗАР