Жетісу облысында мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі мол. Сондай-ақ облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының айтуынша, Жетісу өңірінің табиғи-климаттық жағдайы туризмді дамытуға да қолайлы. Мәселен, өткен 10 айда облысқа 2 млн турист келсе, соның 1,5 миллионы Алакөл жағалауына барған. Туристерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру бағытында жұмыстар жүзеге асып жатыр. Алакөл мен Балқаш жағалауына апаратын «Талдықорған – Өскемен» жолының 287-615 шақырымы, «Үшарал – Достық» жолы, «Лепсі – Балқаш жағалауы» жолының 27 шақырымы, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» 110 шақырымының құрылысы келесі жылдың соңында толық бітеді. Сонымен қатар келесі жылы Балқаш көлі жағасында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталады.
– «Экологиялық туризмді дамыту үшін биыл «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында құны 2 млрд теңге тұратын визит-орталығы салынды. Шаңғы-биатлон кешенін тұрғызудың, Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеудің жобалық құжаттамасы әзірленуде. Шоқан Уәлиханов мұражайына баратын 6,8 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, мұражайды қайта жаңғырту аяқталды. Сарқан ауданында Жасылкөлге дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде 2024-2025 жылдары облыс аумағында туризмді серпінді дамытудың мүмкіндігі артады, – деді Бейбіт Исабаев.
Спикердің баяндамасынан байқағанымыз, Жетісу облысы өз алдына отау құрып жеке шыққалы бері өңірдің экономикасы өсіп, халықты жұмыспен қамту мәселесі біршама шешімін тауып отыр. Жетісу облысы құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 5-еуі кеңейтілген, 759 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл құны 39 млрд теңге болатын 12 кәсіпорын іске қосылып, 500-ден астам жұмыс орны ашылыпты. Өңірде өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі өңдеу секторының үлесі 80%-ға жеткен.
– «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» ХШЫО – облыстағы даму нүктесінің бірі. Мұнда қазір 2030 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 622 млрд теңге болатын 52 жобаны іске асыру жоспарлануда. Тау-кен саласын дамыту шеңберінде құны 1,3 трлн теңге болатын, 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын металлургия комбинатының құрылысы жүргізіле бастады. Оның қуаты жылына 860 мың мыс концентратын өндіруге жетеді. Қазір құрал-жабдықтар мен тауарларды сақтайтын қоймалар мен басқа да техникалық ғимараттар салынып бітті. Комбинаттың құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған, – дейді спикер.
Жалпы облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне құны 2,2 трлн теңге болатын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын құратын 184 жоба енгізілген. Нәтижесінде, биылғы 10 айда экономиканың өсу қарқыны 112,9 пайызды құраған. Экономиканың өсуі нәтижесінде бүгінде өңірде жеңіл өнеркәсіп дамып, шаруаның еңбегі еселеп өсіп келеді. Қазақ үшін «Жер жұмағы – Жетісу» деп танылған өңірде дәнді дақыл өсіру, қызылша шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Дәнді дақыл көлемі жағынан Жетісу облысы алғашқы төрттікке енсе, қант қызылшасын субсидиялау нәтижесінде қызылша алқабын 2 есе көбейтіп, 8,5 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік туып отыр.
– Агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамыту – Жетісу облысында басым бағыттардың бірі. Осы ретте биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,9 млрд теңге бағытталған, соның 80%-ы, яғни 25,4 млрд теңгесі – субсидиялар. Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 324 мың гектарға себіліп, 870 мың тонна астық жиналды, орташа өнімділігі гектарына 27 центнерден айналды. Облыста 120 ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 10 айда 70,2 млрд теңгенің азық-түлігін өндірген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артық,– деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Ал үш жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, биыл қайта жұмыс істей бастаған. Нәтижесінде, биыл аймақта жалпы көлемі 71 мың тонна қант өндіріледі. Осы орайда облыс әкімі өңірде агроөнеркәсіпті дамыту үшін су шаруашылығының сумен қамту мүмкіндігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтты. Оның айтуынша, өңірде су шаруашылығының 11 объектісінің құрылысы жүргізілуде. Тағы 16 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, оның 7-еуі – жаңа су қоймасы. Соның нәтижесінде алдағы 2-3 жылда 48 мың гектар жерді сумен қамту жақсартылып, тағы 20 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізілмек.
Экономиканың күретамыры саналатын көлік-логистика және энергия өндіру бағытында да бірқатар жоба қолға алынған. Апат айтар болсақ, облыстың көлік-логистика саласына ірі инвесторлар тартылуда. Әкімнің айтуынша, бұл жоба өңірдің транзиттік әлеуетін дамытуға зор серпін береді деп күтілуде.
– Достық стансасында құны 12 млрд теңге, қуаты 150 мың контейнерлік ЕТТ Dostyk ЖШС-ның мультимодалды көлік-логистикалық орталығы салынды. Тағы екі – Dostyk TransTerminal және DAR RAIL Infrastructure көпфункционалды жүк тиеу терминалы перспективалы жобаларын жүзеге асыру жоспарланған, – деді Б.Исабаев.
Сондай-ақ ол «Достық-Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып жатқанын айтты. Спикердің сөзінше, темір жол тармағының 836 шақырымының 451 шақырымы Жетісу облысының аумағынан өтеді. Осы жоба негізінде өңір экономикасына қосымша 293 млрд теңге инвестиция тартылады, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылып, онда жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі. Бұл ретте негізінен өңір кәсіпорындарының өнімдері пайдаланатын болады.
Ал Жетісуда қуаты 1ГВт жел электр стансасы салынады деп жоспарлануда. Әкімнің айтуынша, өңірде баламалы энергетиканы дамытудың әлеуеті зор. Жоңғар қақпасы аумағында қуаты 1ГВт ірі жел электр стансасын салу жоспарланып отыр. Бұл жоба үшін Сауд Арабиясынан инвестиция тартылады. Жобаның құны 883,5 млрд теңге болмақ. Жоба Алакөл ауданының аумағында іске асырылады.
Сондай-ақ өңірде әлеуметтік саланы дамыту бағытындағы жұмыстар қатарында денсаулық сақтау, білім беру саласына және халықты тұрғын үймен қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Облыс әкімінің айтуынша, биыл облыста 323 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деп жоспарланған, оның 50 пайызы немесе 162,1 мың шаршы метрі – бюджет есебінен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп. Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 30 мың адам тұр, соның 15 мыңнан астамы – Талдықорғанда кезекте.
«Негізгі мақсатымыз – алдағы 4-5 жыл ішінде кезекте тұрғандар санын 40-50% азайту», – деді облыс әкімі.
Қазір облыста газдандыруға жататын 192 елді мекеннің 26-сы, Талдықорған қаласын қоса алғанда 298 мың адам газға қол жеткізген. Әзірге бұл көрсеткіш – 42,6%. Соның ішінде 16 ауыл облыс құрылғаннан кейін газдандырылған. Жыл соңына дейін тағы 8 елді мекен көгілдір отынға қосылады деп жоспарланған.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, аймақта апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Дегенмен бейімделген мектептердің проблемасын шешу өзекті болып отыр. Осы жылы жоспарланған 6 мектептің 5-еуі іске қосылған, жыл соңына дейін тағы 1 200 орынды бір мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар әкім 5 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, оның 2-еуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, 2026 жылға дейін облыста 21 жаңа мектеп салынады, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде тұрғызылады. Қазір облыстың білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан ментор жобасы туралы сұрағанымызда әкім:
«Бұл – менің ұсынысыммен жүзеге асырылып жатқан жоба. Бұл жобаға алдамен менторлардың тізімін дайындап, 30 жас маманды арнайы оқытып дайындадық. Олар мектептің құрамына кірмейді. Облыстық Ішкі саясатпен бірлесіп оқушыларды смартфондарға тәуелділіктен арылту, әлеуметтік желідегі ақпаратты екшей білу, әсіре қызылға ұрынбау секілді бағыт-бағдар береміз. Негізгі мақсатымыз – ата-ана, қоғам және бала арасындағы ашық айтылмайтын мәселелерді ашық айту. Біз кез келген тақырыпты ұсынбаймыз, оқушылар тарапынан туындаған сұрақтарға менторларды тарту арқылы жауап береміз. Өздеріңізге белгілі, қазір елімізде балалар арасында суицид, әлімжеттік, зорлық-зомбылық және нашақорлық, синтетикалық есірткіге құмарлық секілді басқа да қоғамға жат қылықтар асқынып тұр. Сондықтан балалармен ашық сөйлесу, сырласу, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беруге, тыңдай білуге де біреу жауапты болуы керек қой. Жоба қазір пилоттық негізде жүзеге асып жатыр. Менторлар қатарында психологтер де бар», – деп жауап берді.
Қазір, өкінішке қарай, елімізде ерекше балалар қатары артып келеді. Оларды сауықтыру, оңалту және емдеу шараларын жүргізу өзекті мәселелер қатарынан саналады. Әкімнің айтуынша, биыл Талдықорған қаласында «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық және мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешені ашылды. Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетілуде.
– Алакөл көлінің жағалауында 6-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға арналған 35 орындық сауықтыру жазғы лагері жұмыс істей бастады. Сонымен қатар келесі жылы Талдықорғанда 150 орындық оңалту орталығының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен және демеушілер көмегімен 14 инватакси сатып алынды. Сөйтіп, инватакси саны 36-ға жетті, – деді Б. Исабаев.
Брифинг барысында мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, мәдениет пен спорт салаларында бюджет қаражатына 18 нысанның құрылысы жүргізілуде, оған 10,9 млрд теңге бөлінген, оның 8-і қолданысқа берілген. Облыс басшысы бұл әлеуметтік салаларға жеке инвестиция салып жатқан ірі кәсіпкерлер де бар екенін атап өтті.
Т. МҰҚАНАТТЕГІ