Күнделікті әдетімше, негізгі шаруадан тысқары сәтте қазақ сайт­тарын ақтарып отырғанда тосын бір ақпарға көзім түскені. Бауырсақ күнін атаулы тізімге енгізу туралы ұсыныс.
Бауырсақ
643
оқылды

Міне, тамаша! Қазақтың жүз тарам дас­тарқанындағы қастерлі тағамдардың бірі. Бірі ғана емес, бала-шаға, үлкен-кі­ші­ге ортақ, тәбеті тартымды, таңсық ас. Қа­зы-қарта сияқты, ешкімге талассыз ұлт­тық дәм. Қазы-қарта онсыз да әйгілі, ал бауырсақ міндетті түрде назарға алынуы тиіс. Қажетті, орынды ұсыныс.

Жұмыс кабинетімнен ас үйге бас сұқ­сам, біздің балалардың әжесі қамыр илеп жа­тыр екен. Сірә, жаңағы бауырсақ жө­німен. Столдың бір шеті, нан тақ­тай­ша­сы­на тетелес, аузы ашылған қағаз қорапша тұр: «Бұғдай ұны». Түркия болған соң, әл­бетте, түрікше. Біздегідей орысша емес. Жә­не ұлттық әліпби – латын таңбасымен. Ша­малап оқыдым: «Бұғдайы» – бидай, ал «ұны» – кәдімгі ұн. Ғажап емес пе! Бұл ға­жап – тілдің туыстығында емес. Ұнның – ұн аталуында.

Түрік пен қазақтың, нақтылап айтсақ, оғыз жұрты мен қыпшақ қауымының ара­сы біржола ажырағаны – Х ғасыр, яғни тұпа-тура мың жыл. Біз Еуразия шегінде қал­дық, ал оғыздар Сейхұн – Сырдариядан ығы­сып, Әму – Жейхұндариядан ары асып, Анадолыға орнықты. Мың жыл бұ­рын­ғы кеп. Яғни, біздің түрік қауымында бұ­дан мың жыл бұрын да диірмен тар­тыл­ған және ұн – ұн аталған. Осы ұнға жалғас бауыр­сақ та болуы күмәнсіз. Және айты­лып отырған мың жыл – ең бергі меже. Одан әріде тағы қаншама заман. Қазіргі түрік­тер ұмытса да, біз байырғы атаудан қол үзбеппіз.

Байырғы дейтінім, бауырсақтың арғы ұштығын да біледі екем. Осыдан тура жиыр­­ма жыл бұрын, бүгінгі Моңғол ұлы­сын аралап жүрген кезде қайран қалған жағдаят.

Әлқисса, мен өмірлік мұрат тұтқан бір­шама жазуымды жеріне жеткізіп, енді сайыпқыран Шыңғыс хан туралы, бір­неше кітаптық, кең көлемді тарихқа жан-жақты, тиянақты дайындықтың соңғы бір қайырымы ретінде, арғы бабаларымның ата-мекені – бұрнада Ғұн, беріректе Татар даласы атанған, бүгінде Моңғол ұлысы бауыр басқан Ұлы Даланың бедер-нұс­қа­сын нақты тану үшін, арнайы жол-сапарға шық­қан едім. Бас қаған туып-өскен, күш жинап, серпін тапқан кең дүние – о­р­ман­ды, таулы, жазаң өлкені, бойым сер­гіп, тура бір ай араладым. Қатпары мол, тари­хы толымды Ұлы Дала – мен үшін айрық­ша қастерлі, ал бүгінгі тұрғын халқы қан­­дай да құрметке лайық: ақ көңіл, дар­­қан, меймандос. Ескілік пен жаңалық ұш­тасқан абат өлке. Ел-жұртымен қоса, жүрекке соншама жақын.

Осы толқымалы, ғаламат сапардың ал­­ғашқы бір кезеңінде, кер бетегелі қы­раң­да қатар-қатарымен тізілген 5-6 киіз үйдің оқшауырақ тұрған, көрнекі біреуіне, ат басын деп айта жаздадым, маши­на­мыз­дың тұмсығын тіредік. Әлбетте, іргеден ды­быс естілген соң үй иелері, кім болса да келіп тұрған мейманды қарсы алу үшін сыртқа шығатын. Ешбір елес болмады. Ен­ді біз, мені қостап осы сапарға алып жүрген Сұраған ақын мен тізгіншіміз, Есім дейтін ер жігіт үшеуіміз, бұрнағы қа­зақта болған, бүгінгі моңғолда сақталған әдет бойынша, ешқандай сұраусыз есік ашып, ішке кіріп бардық.

Үй иесі, жасаңдау келіншек, қолында кәк­пірі бар, орталық ошақтағы қазан ба­сында тұр екен, қызыл шырайлы бетін бұ­­рып, қысыла-қымтырыла сәлем қайыр­ды. Шыға алмауы – қазанда қайнаған май, кәдімгі бауырсақ пісіп жатыр. Кә­дім­гі қазақтың бауырсағы. Бізде неше түрі бар ғой, соның бірі – сәл-пәл ұзыншақ, төр­тбұрышты. Бір жақ шетте, нан-тақ­тай­да қамыр дайындап, шикі бауырсақты ке­сіп отырған 12-13 жасар қыз бала да жай­дары амандасты.

Төрге шықтық. Жатаған, төрт қырлы жо­зы үстіне жарты табақ ыстық бауырсақ қойыл­ды. Және сары май. Және кесегімен опы­рылған, кәдімгі құрт. Және, ілкіде көр­гем, сарлықтың қою сүтінің бетіне тұн­ған шынтақ елі қатырма қаймақ.

Серіктерім мән-жайды, сірә, менің құр­мет-мәртебемді қоса айтып, үй ие­сі­мен мон­ғолша сөйлесіп кетті. Арасында әң­гіме сұлбасын маған да жеткізіп қояды. Ота­ғасы малда жүр. Қыз бала Ұлан-Ба­тор­да оқиды. Демалысқа, бірер күнге кел­ген екен. Гимнастика ғой деймін, әл­де­бір спортпен айналысады екен, ма­сат­та­нып, атаулы орын алған медальдары мен мақтау қағаздарын көрсетті. Бұдан бұ­рын да түскен, тіпті қоналқаға тоқтаған бар­лық үйлердегі сияқты, мұнда да та­би­ғи, риясыз жағдаят. Советтік социализм бұ­зып үлгермеген, тәуелсіздік заманынан бе­рі өзінің ақиқат жолын тапқан бауырлас ха­лықты тым жақсы көріп кеткен едім.

Ашық әңгіменің қалт еткен бір тұ­сын­да мен сыпайы келіншекке тежеусіз, мол дас­тарқаны үшін қазақша ризашылық ай­тып, мына пісіріп жатқан, енді біздің ал­дымызға тартылған өзгеше тағамның атын сұрадым. «Бауырсақ» деді. Мен жаңы­лыс естідім бе деп қайыра сұрап едім. Қатесі жоқ. Бірақ нақты дыбысталуы сәл-пәл өзгеше – боорцак екен. Есебі, біз­дің бауырсақтың дәл өзі – боорцак, яғ­ни бауырсақ.

Енді ойлап қараңыз. Бүгінгі моңғол жұр­ты да бауырсақ пісіреді және нақпа-нақ дерлік бізше атайды. Бауырсақ!

Өзінің «Ескілік киімі» аталатын бір өлеңін­де: «Ойланып, ойға кеттім жүз жыл­ға өткен...» – дейтін Абай атамның жо­­­расымен, одан да әрі – мың жылға ке­тіп­піз. Қыз балаға, оқуында, әуесқой спор­тында үлкен табысқа жетуін тілеп, қа­зақы сувенир сыйлап, бауырсаққа той­ғызған үй иесі әйелге ықылас-пейілімізді біл­діріп, жолға шыққаннан соң серік­тері­ме шағын тарихи дәріс айтыппын. Сол жер­де қалмады, енді қағазға түсірудің орайы келіпті. Ұмытпастық үшін.

Жыл санаудан бұрынғы дәуір, бүгінгі Моң­ғол үстірті және терістік-шығыс Қы­тай шегінде баба-түрік (прототүрік) тай­па­ларымен қатар, баба-моңғол тайпалары іргелес жасаған. Арыда ғұн, кейінірек әйгілі қағанат түріктері өз заманының ал­дыңғы легінде болды. Есте жоқ ескі дәуір­де жабайы аң тұқымдарын жуасытып, үй малына айналдырды, жаңа эраға дейін, шамасы бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті; тіршілікке, көші-қонға қо­лайлы, ағаш сүйекті киіз үй құрылымын ойлап тапты. Ал іргелес, кейде тату, көбіне қату баба-моңғолдар бұл кезде тек қана аң­­шылықпен жан бақты, аң терісі жабыл­ған күрке, лашықтарда тұрды. Мұнда, өз за­манынан тыс алабөтен кемістік жоқ, бү­гінгі Еуропаның алдыңғы қатарлы са­на­латын халықтарының өзі дәп осындай, бұдан да жұпыны тұрмыс кешкен. Мың жыл алға кеткен ханзу текті жұртты айт­па­сақ, түрік қауымы бүкіл әлемнің ал­дын­да болатын.

Хош. Уақыт оза келе, манағы жаппай аң­шы жұрт, көршілес баба-түрік әсерімен, олар да мал ұстай бастайды. Әсері дей­тіні­міз талассыз – бүгінгі моңғол тіліндегі мал атау­лары түгелге дерлік – түрік негізді. Өза­ра алшақ екі тілдің туыстығы емес, ауы­су, алмасу нәтижесі. Сондай-ақ сал­дыр-салаң лашықтан киіз үйге көшеді. Жә­не дәнді дақыл, оның ішінде бидай егу­ге бой ұрады.

Міне, бағзы түріктің бауырсағы – дәл­ме-дәл өз атауымен моңғол жұртына жұ­ғыс­уы да осы қадым заманға сәйкеспек. Әл­­бетте, кейінгі қуатты қағанаттар ықы­лы­­мына дейін. Ғұн дәуірі, бәлкім, одан көп бұрын.

Есебі, бүгінгі бауырсақтың кем деген­де жиырма ғасырлық ғұмыры бар. Арғы бабаларымыздан бастап, екі мың жыл бойы бауырсақ жеп келеміз. Шынында да таң қаларлық, сүйінішті жағдаят.

Ендеше, кейінгі бір ақылды балалар ұсынып отырғандай, Бауырсақ күнін тойламасқа немене.

Жасасын, қазақтың қастерлі Бауыр­сағы!

Тісі жаңа шыққан жас баладан бастап, азуы кетілген қартымызға дейін, бұйыр­тып жегізе бергей!

Қазақпен бірге жасап келе жатқан қай­ран Бауырсақ!..

Мұхтар МАҒАУИН

16-17.ХІ.2023

Кемер, Түркия