Көздің сұғын алар көл айналасындағы таулары мен орманының арқасында бұл күнде ел туризімінің ауыз толтырып айтарлық бір нысанына айналып отыр. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – саяхатшыларға ғана жағдай жасап қоймай, өзіне тиесілі аумақтағы флора мен фаунаның сақталуын басты мұраты етіп қойған мекеме. Осы орайда орман шаруашылығының бүгінгі тынысы жайлы «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Мақсат Әлімқұловпен сұхбаттасқан едік.
– Мақсат Мәлімбекұлы, көрікті Көлсай өзінің әсем табиғатымен тек қазақстандықтарды ғана емес, дүйім әлем жұртшылығының назарын аударып отыр. Осы орайда сіздердің парк аумағындағы орман шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бір шолып өтсек...
– «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына биыл 16 жыл. Ұлттық парк құрылып жұмыс істей бастағалы біршама жетістікке қол жеткіздік. Ерен еңбектің арқасында табиғатымызды қорғап қана қоймай, толағай табыс көзі – туризмнің дамуына үлес қосып отырмыз. «Көлсай көлдері» МҰТП аумағының көп бөлігі «жабайы табиғат» күйінде жақсы сақталған. Сол себепті мұндай жерлерге бүгінде дүниежүзілік қызығушылықтар артуда. Осыған орай ұлттық парктің қызметі бүлінбеген табиғи ортаны сақтауға, әлемдік маңызы бар табиғи-тарихи кешендерді қорғауға бағытталған. Бұл болашақта ұлттық парк аумағында туристік рекреациялық қызметтің дамуына, әлемдік деңгейдегі биосфералық ғылыми тұрғыда зерттеулер жүргізуге, ғаламдық табиғи өзгерістерді бақылауға мүмкіндіктер туғызады. «Көлсай көлдері» МҰТП республикалық мемлекеттік мекемесі туристік инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарына сәйкес жұмыстар атқарады. Бас жоспарға сәйкес, ұзақ және қысқамерзімді пайдалануға берілген жер учаскелерінде глэмпингтер, кемпингтер, қазақ ауылы, автотұрақ орындары, алғашқы медициналық көмек көрсету орындары, сауда орындарын салу жоспарланған. Ұлттық парк жыл сайын туристік соқпақ бойларын абаттандыру, тамашалау, демалу алаңқайлары, шатыр тігетін орындарын, ақпараттық белгілер орнату жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Ұлттық табиғи парк аумағына биылғы жылы осы уақытқа дейін келген туристер саны 198 027, шетелдік саны 2 198 адамды құрады.
– «Көлсай көлдері» паркінің аумағында «Қызыл кітапқа» енген флора және фауна түрлері бар ма?
– Парк аумағында «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер мен жануарлар өте көп кездеседі. Құстардың 12 түрі, соның ішінде бүркіт, құмай, көкқұс, үкі тағы басқалары, сүтқоректілердің 7 түрі, қар барысы, Тян-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, Тян-Шань арқары, тас сусары т.б. жәндіктердің 6 түрі, өсімдіктердің 19 түрі кездеседі.
– Кеңес үкіметі келмеске кетіп, тәуелсіздігіміз енді қолға тиген тоқсаныншы жылдары осы ұлттық парк құрылмай тұрып, аталмыш өңірде талай ағаш кесіліп, алды құрылыс материалдарына, соңы отынға айналып жатты. Қазір сол орманды қалпына келтіру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы, сол кездегі тұмса орман қалпына келді деп айта аламыз ба?
– Парк құрылғанға дейін 1990-шы жылдары тұрғындардың басым көпшілігі ағаштарды кесіп, құрылыс материалдарын дайындап, сатып күн көрді оны барлығымыз білеміз. Қазір заңсыз ағаш кесуді мемлекетіміз қолға алып, заң тұрғысында қатаңдатты. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта бір ағашқа жай ғана зақым келтірсеңіз 150 айлық есептік көрсеткіште, яғни 517 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге әкеліп соғады. Оның сыртында мемлекетке келтірген шығын бар. Парк аумағында жел жыққан, қураған бір-бірінің өсуіне кедергі келтіретін ағаштарға ғана бір жыл бұрын ағаш дайындау құжаты дайындалып, оны орман шаруашылығы жануарлар дүниесі инспекциясы тексеріп, уәкілетті орган рұқсат бергеннен кейін ғана ағаш кесу жүргізіледі. Осы 17 жыл ішінде, мекеме қызметкерлері орман-тоғайымызды, жабайы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін зиянкестерден, аурулардан, браконьерден қорғауға, орман өрттерін болдырмауға, туризмнің дамуына бар күш жігерлерін жұмсай отырып қызмет атқарып келеді. Соның нәтижесінде, орман-тоғайымыз қайта қалпына келді деуге әбден болады. Оған дәлел ауыл шетіндегі тоғайды мысалға алсақ болады. Осыдан 15 жыл бұрын тоғайдың ішін аралап жаяу, атпен жүре беретінбіз, қазір парк құрылғалы бері жас өскіндер өсіп ішіне мүлдем кіре алмайтын жағдайға келдік.
– Орманның жауы – өрт. Биыл жазда Семей ормандарында болған тілсіз жау баршамызға сабақ болды. Осындай келеңсіз құбылысқа қарсы сіздерде қандай алдын алу шаралары, өрт қауіпсіздігі қолға алынған?
– Семей орманында тұтанған өрт бақылаудан шығып, 15 әріптесіміздің өмірі қиылды. Өрт шарпыған аумақ бір аптаға жуық уақыт ішінде 60 мың гектардан асып кетті. Осы орман өрті барлығымызға сабақ болды. Біздің орманымыз таулы аймақта орналасқандақтан орман өртіне жетіп, сөндіру өте қиын. Орман өртіне тек жаяу не болмаса атпен ғана жетуге болады. Осы жағдайларды ескеріп, алдағы уақытта орталықтандырылған диспечерлік қызмет құрсақ деп отырмыз. Тәулік бойы жұмыс істейтін орталықтандырылған диспетчерлік қызмет қадағалап отыруы тиіс және заманауи құрылғылар орналастырсақ, олар түтін шыққан уақытта өздері белгі береді, арнайы компьютерлік бағдарлама жасалынған. Сонымен қатар авиациялық бақылау күнделікті жүріп отырса өртті әуеден тез байқауға болады. Парк аумағына жиі рейдттер ұйымдастырып, көзбен бақылап отырамыз. Ұлттық паркте биылғы жылы орман өртін сөндіру станциясы құрылып материалдық базасы жасақталды. Өрт сөндіру құралдарын бекітілген нормаға сәйкес жабдықтадық.
– Қателеспесем, сол Семейдегі өрттен кейін іле-шала сіздердің парк аумағында да шағын өрт болды, сол туралы айта кетсеңіз.
– Парктің Көлсай орманшылығына қарасты 10 орам 71 телімінде 0,08 гектар аумақта орман өрті 24 маусымда кешке қарай таудың жоғарғы жағынан байқалып, дереу мекеме қызметкерлері жиналып, орман өртін сөндіру жұмыстарын бастады. Орман өрті найзағай әсерінен болғандығы анықталды. Орман өрті орын алғандығы туралы жедел түрде құзырлы орындарға хабарланып, 25 маусым күні таңғы сағат 04.00-де өрт сөндіруге қатысатын барлық құзырлы орындары сап түзеп, өрт сөндіру нұсқаулығымен, техника қауіпсіздігімен таныстырылып, орман өртін сөндіруге аттанды. Орман өртін сөндіруге «Көлсай көлдері» МҰТП бас директоры Елнұр Ахметов басшылық жасады. Орман өртін сөндіру үшін Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов және Кеген ауданы әкімінің м.а. Кеңес Қабылбеков, Алматы облысының Ұйғыр, Райымбек, Кеген аудандарының Өрт сөндіру бөлімдерінің өрт сөндірушілері, Жалаңаш әскери комендатурасының шекара қызметкерлері, Алғабас, Жалаңаш, Қарабұлақ, Саты ауылдық округінен әкімдігі аппаратының еріктілері, «Кеген орман шаруашылығы» КММ қызметкерлері және «Көлсай көлдері» МҰТП қызметкерлері қатысты. Орман өрті болған аумаққа «Қазәуеорманқорғау» РМҚК арнайы тікұшағы әуеден бақылау жасады. Дереу жасалған әрекеттің арқасында орман өрті ауыздықталып, орман өрті толығымен өшірілді. Орман өртін сөндіруге 137 адам 24 техника қатысып, орман өртінің таралуына жол бермеді. Орман өртін сөндіруге қатысқан барлық мекемелерге, құзырлы орындарға, еріктілерге «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұжымының атынан алғыс білдіреміз.
– Қазақ жерінің бар болғаны төрт-ақ пайыз аумағында ғана орман бар деген мәлімет бар. Жалпы, елімізде орманды алқаптарды ұлғайту үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысының орман қорында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін, ормандарды толықтыру мен орман өсіру жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленіп, бекітілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде, 2030 жылға қарай елдің ормандылығын 5%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Осы жұмыстардың орындалуын және отырғызылған көшеттерді күтіп баптау жұмыстарын қатаң қолға алуымыз керек деп есептеймін. Ұлттық парк Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кешенді жоспар жасап, жыл сайын орман екпелерін отырғызу жұмыстарын жүргізуде. Біздің паркте өсетін басым бөлігі Шренка шыршасы болғандықтан, Шренка шыршасының екпелерін жылына 14 гектар аумаққа 56 000 көшеттер отырғызып, күтіп баптау жұмыстарын жүргізудеміз. Орман қорын ұлғайту үшін, орман өрттеріне және заңсыз ағаш кесуге жол бермеуіміз керек және орман екпелерін отырғызып орман қоры жеріне ауысқанға дейін күтіп баптап қолға алуымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
А.ХАСАН