Орман отан байлығы

Көлсай дегенде алдымен көзімізге Жетісудың мөлдіреген жауһары және оны тамашалауға дүниенің түкпір-түкпірінен келген туристер елес­тейтіні хақ.

Көздің сұғын алар көл айналасындағы таулары мен ор­манының арқасында бұл күнде ел туризімінің ауыз толтырып ай­тарлық бір нысанына айналып отыр. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі – саяхатшыларға ғана жағдай жасап қоймай, өзі­не тиесілі аумақтағы флора мен фаунаның сақталуын басты мұраты етіп қойған мекеме. Осы орайда орман шаруашылығының бүгінгі ты­нысы жайлы «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары Мақсат Әлімқұловпен сұхбаттасқан едік. 

– Мақсат Мәлімбекұлы, көрікті Көл­сай өзінің әсем табиғатымен тек қазақ­стан­дықтарды ғана емес, дүйім әлем жұрт­­­­шылығының назарын аударып отыр. Осы орайда сіздердің парк аумағындағы орман шаруашылығы бойынша атқарылып жат­қан жұмыстарды бір шолып өтсек...

– «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркінің құрылғанына биыл 16 жыл. Ұлттық парк құрылып жұмыс іс­тей бастағалы біршама жетістікке қол жет­кіздік. Ерен еңбектің арқасында та­би­ғатымызды қорғап қана қоймай, то­ла­ғай табыс көзі – туризмнің дамуына үлес қосып отырмыз. «Көлсай көлдері» МҰТП аумағының көп бөлігі «жабайы табиғат» күйінде жақсы сақталған. Сол се­бепті мұндай жерлерге бүгінде дүние­жү­зілік қызығушылықтар артуда. Осы­ған орай ұлттық парктің қызметі бүлін­бе­ген табиғи ортаны сақтауға, әлемдік маңы­зы бар табиғи-тарихи кешендерді қорғауға бағытталған. Бұл болашақта ұлт­тық парк аумағында туристік рекреа­ция­лық қызметтің дамуына, әлемдік дең­гейдегі биосфералық ғылыми тұрғы­да зерттеулер жүргізуге, ғаламдық та­би­ғи өзгерістерді бақылауға мүмкіндіктер ту­ғызады. «Көлсай көлдері» МҰТП рес­публикалық мемлекеттік мекемесі турис­тік инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарына сәйкес жұмыстар ат­қа­ра­ды. Бас жоспарға сәйкес, ұзақ және қыс­қамерзімді пайдалануға берілген жер учас­келерінде глэмпингтер, кемпингтер, қа­зақ ауылы, автотұрақ орындары, ал­ғаш­қы медициналық көмек көрсету орын­дары, сауда орындарын салу жос­парланған. Ұлттық парк жыл сайын турис­тік соқпақ бойларын абаттандыру, та­ма­шалау, демалу алаңқайлары, шатыр тігетін орындарын, ақпараттық белгілер ор­нату жұмыстарын тұрақты түрде жүр­гізеді. Ұлттық табиғи парк аумағына биыл­ғы жылы осы уақытқа дейін келген ту­рис­тер саны 198 027, шетелдік саны 2 198 адамды құрады.

–  «Көлсай көлдері» паркінің аумағында «Қы­зыл кітапқа» енген флора және фауна түрлері бар ма?

– Парк аумағында «Қызыл кітапқа» ен­ген өсімдіктер мен жануарлар өте көп кез­деседі. Құстардың 12 түрі, соның ішін­де бүркіт, құмай, көкқұс, үкі тағы бас­қалары, сүтқоректілердің 7 түрі, қар ба­рысы, Тян-Шань қоңыр аюы, Түркі­стан сілеусіні, Тян-Шань арқары, тас с­у­­сары т.б. жәндіктердің 6 түрі, өсімдік­тер­дің 19 түрі кездеседі. 

– Кеңес үкіметі келмеске кетіп, тәуел­сіздігіміз енді қолға тиген тоқсаныншы жыл­дары осы ұлттық парк құрылмай тұ­рып, аталмыш өңірде талай ағаш ке­сіліп, алды құрылыс материалдарына, соңы отынға айналып жатты. Қазір сол ор­манды қалпына келтіру мақсатында қан­дай жұмыстар атқарылуда? Жалпы, сол кездегі тұмса орман қалпына келді деп ай­та аламыз ба?

– Парк құрылғанға дейін 1990-шы жыл­дары тұрғындардың басым көпшілігі ағаш­тарды кесіп, құрылыс мате­риал­да­рын дайындап, сатып күн көрді оны бар­лығымыз білеміз. Қазір заңсыз ағаш ке­су­ді мемлекетіміз қолға алып, заң тұр­ғы­сында қатаңдатты. Ерекше қорғала­тын табиғи аумақта бір ағашқа жай ғана за­қым келтірсеңіз 150 айлық есептік көр­сеткіште, яғни 517 500 теңге көле­мін­де айыппұл төлеуге әкеліп соғады. Оның сыртында мемлекетке келтірген шы­ғын бар. Парк аумағында жел жық­қан, қураған бір-бірінің өсуіне кедергі келтіретін ағаштарға ғана бір жыл бұрын ағаш дайындау құжаты дайындалып, оны орман шаруашылығы жануарлар дүниесі инспекциясы тексеріп, уәкілетті орган рұқсат бергеннен кейін ғана ағаш кесу жүргізіледі. Осы 17 жыл ішінде, ме­­кеме қызметкерлері орман-тоғайы­мыз­ды, жабайы жан-жануарлар мен өсім­діктер әлемін зиянкестерден, ауру­лар­дан, браконьерден қорғауға, орман өрт­терін болдырмауға, туризмнің да­муы­на бар күш жігерлерін жұмсай оты­рып қызмет атқарып келеді. Соның нә­­­тижесінде, орман-тоғайымыз қайта қал­пына келді деуге әбден болады. Оған дә­лел ауыл шетіндегі тоғайды мысалға ал­сақ болады. Осыдан 15 жыл бұрын то­­ғайдың ішін аралап жаяу, атпен жүре бе­ре­тінбіз, қазір парк құрылғалы бері жас өскіндер өсіп ішіне мүлдем кіре ал­май­тын жағдайға келдік. 

– Орманның жауы – өрт. Биыл жазда Се­мей ормандарында болған тілсіз жау бар­шамызға сабақ болды. Осын­дай ке­лең­сіз құбылысқа қарсы сіз­дерде қандай ал­дын алу шаралары, өрт қауіпсіздігі қол­ға алынған?

– Семей орманында тұтанған өрт ба­қы­лаудан шығып, 15 әріптесіміздің өмірі қиыл­ды. Өрт шарпыған аумақ бір аптаға жуық уақыт ішінде 60 мың гектардан асып кетті. Осы орман өрті барлы­ғы­мыз­ға сабақ болды. Біздің орманымыз тау­лы аймақта орналасқандақтан орман өртіне жетіп, сөндіру өте қиын. Орман өр­тіне тек жаяу не болмаса атпен ғана жету­ге болады. Осы жағдайларды еске­ріп, алдағы уақытта орталықтандырылған диспечерлік қызмет құрсақ деп отырмыз. Тәу­лік бойы жұмыс істейтін орталық­тан­дырылған диспетчерлік қызмет қа­да­ғалап отыруы тиіс және заманауи құрыл­ғылар орналастырсақ, олар түтін шық­қан уақытта өздері белгі береді, ар­найы компьютерлік бағдарлама жа­са­лын­ған. Сонымен қатар авиациялық ба­қылау күнделікті жүріп отырса өртті әуе­ден тез байқауға болады. Парк аума­ғына жиі рейдттер ұйымдастырып, көз­бен бақылап отырамыз. Ұлттық паркте биыл­ғы жылы орман өртін сөндіру стан­­циясы құрылып материалдық база­сы жасақталды. Өрт сөндіру құралдарын бекітілген нормаға сәйкес жабдықтадық.

– Қателеспесем, сол Семейдегі өрттен кейін іле-шала сіздердің парк аумағында да шағын өрт болды, сол туралы айта кет­сеңіз.

– Парктің Көлсай орманшылығына қа­расты 10 орам 71 телімінде 0,08 гектар ау­мақта орман өрті 24 маусымда кешке қа­рай таудың жоғарғы жағынан бай­қа­лып, дереу мекеме қызметкерлері жина­лып, орман өртін сөндіру жұмыстарын бастады. Орман өрті найзағай әсерінен болғандығы анықталды. Орман өрті орын алғандығы туралы жедел түрде құзырлы орындарға хабарланып, 25 маус­ым күні таңғы сағат 04.00-де өрт сөн­діруге қатысатын барлық құзырлы орын­дары сап түзеп, өрт сөндіру нұсқау­лы­ғымен, техника қауіпсіздігімен та­ныс­тырылып, орман өртін сөндіруге аттанды. Орман өртін сөндіруге «Көлсай көл­дері» МҰТП бас директоры Елнұр Ах­метов басшылық жасады. Орман өр­тін сөндіру үшін Алматы облысы әкі­мі­нің орынбасары Нұржан Құдайбергенов және Кеген ауданы әкімінің м.а. Кеңес Қабылбеков, Алматы облысының Ұй­ғыр, Райымбек, Кеген аудандарының Өрт сөндіру бөлімдерінің өрт сөн­діру­ші­лері, Жалаңаш әскери коменда­тура­сы­ның шекара қызметкерлері, Алғабас, Жалаңаш, Қарабұлақ, Саты ауылдық окру­гінен әкімдігі аппаратының ерік­ті­ле­рі, «Кеген орман шаруашылығы» КММ қызметкерлері және «Көлсай көл­дері» МҰТП қызметкерлері қатысты. Орман өрті болған аумаққа «Қазәуеор­ман­қорғау» РМҚК арнайы тікұшағы әуеден бақылау жасады. Дереу жасалған әрекеттің арқасында орман өрті ауыз­дық­талып, орман өрті толығымен өші­ріл­ді. Орман өртін сөндіруге 137 адам 24 тех­ника қатысып, орман өртінің та­ралуы­на жол бермеді. Орман өртін сөн­діру­ге қатысқан барлық мекемелерге, құ­зырлы орындарға, еріктілерге «Көлсай көл­дері» мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кі ұжымының атынан алғыс білдіре­міз.

– Қазақ жерінің бар болғаны төрт-ақ пайыз аумағында ғана орман бар деген мә­лімет бар. Жалпы, елімізде орманды ал­қаптарды ұлғайту үшін не істеуіміз ке­рек деп ойлайсыз?

– Мемлекет басшысының орман қо­рында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отыр­ғызу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін, ормандарды толықтыру мен орман өсіру жөніндегі кешенді жоспарлар әзір­леніп, бекітілді. Осы жұмыстардың нә­ти­жесінде, 2030 жылға қарай елдің ор­ман­дылығын 5%-ға дейін жеткізуге мүм­кіндік береді. Осы жұмыстардың орын­далуын және отырғызылған кө­шет­терді күтіп баптау жұмыстарын қа­таң қолға алуымыз керек деп есептеймін. Ұлттық парк Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес кешенді жоспар жасап, жыл сайын орман екпелерін отырғызу жұмыстарын жүргізуде. Біздің парк­те өсетін басым бөлігі Шренка шыр­шасы болғандықтан, Шренка шыр­шасының екпелерін жылына 14 гектар аумақ­қа 56 000 көшеттер отырғызып, күтіп баптау жұмыстарын жүргізудеміз. Ор­ман қорын ұлғайту үшін, орман өрт­теріне және заңсыз ағаш кесуге жол бер­­­меуіміз керек және орман екпелерін отыр­ғызып орман қоры жеріне ауыс­қан­ға дейін күтіп баптап қолға алуымыз ке­рек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

А.ХАСАН