Театр – жаның жалаңаштанатын мекен

Актерлік өнер – адам бойынан мамандыққа деген адалдық пен махаббатты, шынайылықты талап ететін көпқырлы сала.

Себебі кейіпкеріңнің болмысын тануда психолог болсаң, рөліңнің өмірлік мәнін көптің санасына сіңіру үшін философиялық танымың болғаны жөн. Бұл– актердің потенциалын түпкілікті ашуға, өзінің шынайы болмысын тануға себеп болмақ. Сондай бір өмір арнасын өнермен қатар рухани толысуға арнаған талант иелерінің бірі Жанаргүл Жаныаманова. Бала кезімізден рөлдерін көріп өскен актрисаның есімі мен түр-тұлғасы оқырманға жақсы таныс.

– Жанаргүл ханым, бүгінде ғұмы­рыңыздың он жылға жуық уақытын «Әкем­­театрдағы» қызметіңізге арнап ке­ле­сіз. Әңгімемізді шығармашылық тыны­сыңыздан бастасақ.

– Мен Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гим­­назияда білім алдым. Мектебіміз Қазақ­фильм студиясының жанында ор­на­­­­­­лас­қан еді. Сол кездері түсірілімге балалар қажет болып жатса, студиядағы мамандар біздің мектепке келіп алып кететін. Студия қабырғасында 4-сы­­ныптан бастап жүргендіктен, сол сәтте өнерге деген махаббатым оянды. Қазіргі М.Әуезов атындағы драма театрына бала кезімізден алып келетін. Әр келген са­йын Меруерт Өтекешова, Ғазиза Әбді­­­нәбиева апайларымыз бізбен суретке түсіп қарсы алатын. Сол кездері осындай дәстүр қалыптасты, ал қазір жоқ. Біз де жас­тайымыздан  аға буынға қарап бой түзедік. Ең алғашқы көрген қойылы­­мым – «Турандот ханшайым», «Мәңгілік бала бейне» еді. Мектепті тәмамдаған соң  «Музыкалық драма» мамандығы бойынша өнер академиясының табал­ды­­рығын аттадым. Есмұхан Обаев пен Алма Кәкішеваның шеберханасына оқуға түстім. Біз оқуға қабылданғаннан бастап ұстаздарымыз үзінділер беріп, үлкен сахналарға дайындады. «Әкемтеатр­дың» кіші залында қойылған дип­ломдық қойылымымыз – Антон Чеховтың «Шағала» шығармасында басты рөлді сомдадым. 2013 жылы оқу­ды аяқтаған соң магистратураға оқуға түстім. 2015 жылы магистратураны аяқ­тап, қара шаңырақ М.Әуезов атындағы драма театрына қызметке келдім. 

– Таяуда ғана Ғ.Мүсірепов театрында өткен І Республикалық жастар театрлары фестивалінде сіздер сахналаған «Кас­­сандра таңбасы» қойылымы үздік баға­­лан­ды. Режиссер де осы қойылымның арқа­сында «Үздік режиссер» номинация­сын иеленді. Сіз қандай тағдыр иесін сом­дадыңыз? Қойылымның түпкі мәні неде?

– Кассандра таңбасы – маңызы ерек­ше рухани дүние. Бұл жай қойылым емес. Өзге қойылымдардан басты ерек­шелігі – мұнда қасиетті кітаптардың сөздері қамтылған. Қойылымды сонысы үшін де келіп көруге болады. «Кассандра таңба­сы» – эстетикалық биік шығарма. Мұн­да әр кейіпкер рөліне жеке көзқа­­­рас­­­пен қарай отырып жұмыс істейді. Режиссер бізге еркіндік берді. Шыны ке­рек, мәтінімнің 50-60 пайызын өзім өзгерткен шығармын. Мәтінді де, ми­зансценаларды да өзім жасадым. Жеке тарапымнан өзгертулер енгізуге режис­сер қарсылық білдірген жоқ. Ал өзгер­­туімнің негізгі себебі, мен соңғы 7-8 жылдан бері рухани ізденіс үстінде келе жатырмын. Осы күнге дейін әлем­дік деңгейдегі рухани ұстаздардан білім алдым. Джон Фэйворс атындағы қол­дан­­балы рухани технологиялар инсти­тутында оқыдым. Аталған институттағы қасиетті кітаптардан «Кассандра таңба­сының» мазмұнына жақын мәтіндерді алдым. 

– Сізді театр сахнасында ғана емес, көгілдір экраннан да көріп жүрміз. Кино мен театрда ойнаудың айырмашылықтары қандай? Театр мен кино тілі деп бөліп жатамыз ғой…

– Кино – жұмыс. Киноға қарапайым жұмыс түрінде қараймын. Ал театр– жа­ныңның жалаңаштануы, әртіске рахат сезімді сыйлайтын мекен. Ке­рісінше кинодан мұндай ләззат ала алмайсың.  Өйткені кинода кадрлар мен дубльдер тез ауысып отырады. Түсірілім тобы бір күнде бірнеше нысанды түсіреді. Сон­дықтан да болар, толыққанды ләззатты сезінбейсің. Меніңше, кино мен театр сах­насының айырмашылығы осында. Театр – тұрақтылық. Киноның белгілі бір уақыт аралығы болғандықтан, мұнда тұрақтылық жоқ.

– Көзі қарақты көрермен өзіңізді «Ана жүрегі», «16 қыз», «Ғашық жүрек» және т.б туындылар арқылы жақсы таниды. Байқасақ, әр фильмнің бағыты, жанры әрқалай. Рөлді сомдар алдында ішкі та­лаптарыңызға сүйенесіз бе?

– Белгілі бір ішкі талаптарым бар. Бірақ бұл рөлді ойнай алмаймын деген пікір болған емес. Себебі мен әр рөлім­нің әртүрлі болғанын қалаймын. Театрда да бір рөлім екіншісіне ұқсамайды. «Ойыннан от шығар» қойылымында қарт­тар үйіндегі жетпіс жастағы кем­пірдің рөлі мен «Кассандра таңбасын­­­дағы» кейіпкерім екеуі екі түрлі. «Қош­­тасқым келмейді» қойылымын­дағы Шумилова мен «Лир патшаның» қызы Регананы алып қарайық. Регана – әкесін үйіне кіргізбей қуып шығатын кейіпкердің бейнесі. Сондай-ақ физика­лық, психологиялық тұрғыда менің барлық рөлім бір-біріне ұқсамайды. Кинода да тап солай. Алайда мен өзімді әлі күнге дейін кинода бүкіл потенциа­лымды ашып көрсете алмадым деп есептеймін. Оған себеп – бізде қалып­тас­қан менталитетке байланысты актерға амплуа қойып қояды. Режиссер­лер де уақыт тығыз болғандықтан, амплуасы бар актерлерді рөлге алады. Актердің бойында не бар, сол қабілет­терімен жұмыс істей береді. Мысалы, жолдасым Рүстем Жаныаманов бұрын біршама сериалда жағымды кейіпкер­лердің рөлін сомдайтын. Бір күні Ернар Нұрғалиев есімді режиссер келді де, Рүстемге мүлдем басқа амплуаны берді. Мәселен, Кәмшат Жолдыбаеваның бейнебаянындағы немесе «Келінжан» сериалындағы рөлдерін алып қараңыз. Халық көріп таңғалды. Меніңше, осын­дай дүниелерден режиссерлер үлгі алуы керек. Актер маманы болғандықтан ол біржақты ғана ойламауы тиіс. Актерге ішкі потенциалын толыққанды аша ала­тын рөл беру керек. Сол секілді мен де жағымды рөлдерді ойнап шықтым. Бі­рақ осы күнге дейін мінезді кейіпкердің рөлін сомдап көрмеппін.

– Актердің сомдаған рөлі өміріне әсер етеді деген пікірлерді де естідік. Сіздің өнер мен өмір жолыңызда мұндай жағ­дайлар кездесті ме?

– Есмұхан Обаев, Алма Кәкішева, магистратурада сабақ берген Болат Атабаев ұстаздарым мамандықтың жұ­мыс екенін айтып кеңесін беретін. Актер­лік сала да дәрігер, банкир, мұға­лім сияқты мамандықтардың бірі екенін миыма құйып тастаған. Сондықтан өз ісіме мамандық есебінде қараймын. Жұмысымды жоғары дәрежеде көрсете алатын шынайы маман болуым тиіс. Жұмысты жеке өміріме араластыр­­май­мын. Миллиондаған жүйке талшық­тарыммен сахнада барымды салып, көрермен алдында жүрегімді жалаңаш­таймын. Бірақ қойылым аяқталған соң, күнделікті өмірдегі үш баланың анасы кейпіне ораламын. Үйіме барып тамақ әзірлеп, балаларыма сабағын оқытамын. 

– Сіз жайлы көпшілік біле бермейтін факт – киносценарий жазумен айналы­сады екенсіз. Осы уақытқа дейін қағаз бе­тіне түсіріп, уақыты келгенде жарыққа шығады-ау деп әзірлеп қойған жоба­­ларыңыз бар ма?

– Иә, қазір бірнеше киносценарий жаздым. Бірақ ол жобаларымды ешкімге ұсынған жоқпын. Болашақта өзімді кино­продюсер ретінде көргім келеді. Қазір осы мақсат тұрғысында жұмыс істеудемін. Алдағы уақытта рухани құн­дылығы мол, жас ұрпақтың санасында сақ­талатын жобалардың бірі болуы мүмкін. Киносценарийде рухани, мәң­­­гілік тақырыптар қамтылған. Бүгін бар, ертең жоқ емес, мәңгілік тақырыптар дер едім. 

– Өзіңізді актриса ретінде сынап қоймай, университет қабырғасында ку­ратор көмекшісі ретінде қызмет етіп, сон­дай-ақ өнер академиясында студент­­­терге сабақ берген екенсіз. Кез келген ма­ман үшін базалық білімнің болуы маңызды. Ал кино әлеміне кәсіби білімі жоқ адам­дардың келуін қалай бағалар едіңіз?

– Мен осы тұста сахнадағы әкем Дулыға Ақмолдамен келісер едім. Өнер ол – қасиетті, киелі. Білімі мен тәжіри­бесі жоқ адам біреуге ота жасай алмайды. Актерлік өнер де сол секілді. Адамдар сырттан қарап: «Осы сала маған ұнайды, бұл – менің бағытым екен», – деп ой­­лауы мүмкін. Ол уақытын босқа өткі­зіп жүрген шығар. Мүмкін басқа бағытта жү­ріп адамзатқа пайдасын тигізер іс қалдырар ма еді деген ой келеді. Қандай іспен айналыссаң да, ең біріншіден білімің болуы тиіс. «Білімдіге дүние жа­рық, білімсіздің күні ғаріп». Киноға кә­сіби білімі жоқ адамдардың келуіне қарсымын деп те айта алмаймын. Әр­кімнің өз таңдауы бар. 

– Қазір театр және кино саласында қоғамда болып жатқан қандай оқиғалар сізді толғандырады? 

– Егер сұрағыңызды айлық жалақы тұрғысынан қарастырар болсақ, театрда жалақы жақсы. Өкінішке қарай, кинода аз деп ойлаймын. Бізде қазір киноны толыққанды бағалай алмайды. Сөздің ашығы, коммерциялық мақсатта түсі­реді.  Актерлерден киноға кім арзанырақ түседі, сол адамды бекіте береді. Кино­ның сапасына, тақырыбына аса көңіл бөлмейді. Бұрынғыдай көркемдік кеңес деген жоқ. Кім не түсіргісі келеді, қа­­лауы­на қарай түсіре береді. Ал киноның халыққа пайдасы бар ма, жоқ па, оған әй дейтін әже болмай тұр. 

– Отбасыңызға оралсақ. Өмірлік жол­дасыңыз да өнерден алыс емес. Бірге түс­кен фильмдеріңізбен таныспыз. Өнер жолы – ауыр жол дейді. Бір шаңырақ ас­тындағы екі талант өнерде бір-біріне қалай қолдау білдіреді? 

– Рүстемнің сегіз қырлы, бір сырлы болуы – бір-бірімізді түсінетін отбасы болып, ұйып отырғанымыздың себебі шығар. Заман өзгерді, заң тозды дейді ғой. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген сынды қалыптасқан стереотиптерге келіспеймін. Бүгінде өзі­нің өзектілігін жоғалтты деп айтсам да болар. «Мүмкін емес деген сөзді есі кет­кен адам ғана айтады» дейді. Өмірде бол­­майды деген сөз жоқ, бәрі мүмкін. Мен жолдасыма 100 пайыз қолдау білдіремін, ол да маған 100 пайыз қолдау білдіреді. Тіпті бір-бірімізге үнемі кеңе­сімізді айтып отырамыз. Үстел ба­­­сында шай ішіп отырып әңгіме қозғасақ та екеуміздің ойымыз бір жерден шығады. Отбасы үйлесімділігінің бір құ­­­пиясы сол шығар. Біз бір-бірімізбен жиі сөйлесеміз. Ең жақын досым Рүстем. 

– Әңгімеңізге рақмет! Шығарма­шы­лық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ