Бүгінде көп адам Қазақстандағы көліктерден гөрі, шетелден келген көлікті алғысы келеді. Елімізде осы салада қызмет көрсететін компаниялар да жиіледі. Алайда, оның барлығы адал емес, алаяқтар да көбейген. Олардың құрығына түскендердің санында тағы есеп жоқ, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Uaqyt.info-ның жазуынша, қазақстандықтардың шетелден сапалы, жаңа немесе жүрісі аз көліктерді сатып алуға деген сұранысы артып барады. Осы орайда шетелден сатып алатын көліктің өз елімізге таңдап алған күйінде жеткізілуіне кепіл беретін сенімді компания табу қиын. Тіпті, ақшасын аударып қойып, көлігі жолда жоғалып кететіндер мен көлік алаяқтарына алданып қалатындардың да жиі көрініс беріп қалатынын ақпарат құралдарынан оқып жүрміз.
Сондықтан шетелден көлік алдырарда сенімді компанияларға иек артқан жөн. “Kazak Auto Logistics” компаниясының директоры Шыңғыс Құдайбердиевтің айтуынша, көп адам алаяқтардың торына көбіне әлеуметтік желі арқылы түседі екен.
“Алаяқтықтың қазір түрі өте көп және олар күн санап жаңа бағытта дамып жатыр. Соңғы жылдары шетелден келетін көліктердің ағыны артты. Соған сәйкес автоалаяқтардың да саны көбейіп жатыр. Олар көбіне әлеуметтік желі арқылы, фейк аккаунт, сайттар арқылы жұмыс істейді. Әуелі адамның көзін алдап, кейін қалтасына қол салады. Көліктің VIN кодын ауыстырып, сататындар да жетерлік. Сондықтан көлікті сатып алмас бұрын VIN белгісін мұқият тексеру қажет. Шетелден көлік әкеліп беремін деген жалған компаниялардың торына түскендер елімізде өте көп. Оларға алданбас үшін, ең алдымен компанияны жіті тексеріп алған абзал. Қазақстанда қанша филиалы бар, өзге мемлекеттермен байланысы бар ма, тіпті әлеуметтік желідегі пікірлерді де ерінбей оқып шығыңыз”, - дейді Шыңғыс Құдайбердиев.
Шыңғыс Құдайбердиев автонарық саласында 10 жылдан астам қызмет атқарған білікті маман. Ол негізін қалаған «Kazak Auto Logistics» компаниясы шетелден сапалы, төмен бағадағы көліктерді тасымалдаумен айналысады.
“Біз әлемнің бірнеше елімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қазақстанға АҚШ, Грузия, Корея, ҚХР, ТМД, БАӘ елдерінен көлік әкеліп, сатып жүрміз. Біздің басты ерекшелігіміз - шетелдік көлікті сол нарықтан таңдап алу, сатып алудан бастап, елге жеткізу, тіркеу, кеден тазартпасы, брокерлік қызметтің барлық түрлері, қазақстандық нөмір алуға дейінгі барлық қызмет түрлерін ұсынады. Сондықтан ел азаматтарына айтарым, сырттан көлік алдырарда сенімді компаниялардың ғана қызметіне жүгініңіз. Әйтпесе, алаяқтарға жем болуыңыз мүмкін. Ал егер сіз таңдаған компания “тек көлікті әкеліп береміз, қалған шаруаны өзің реттейсің” десе, бірден бас тартыңыз”, - деді компания директоры.