Бұл тек бір өлке, бірнеше ел аумағындағы емес, әлемдік кеңістік ауқымындағы игі жаңалық деуге негіз бар. Себебі дүниеде белең алып бара жатқан қатерлі проблемалар арасында Арал теңізінің жағдайы 60 жылдан астам уақытқа созылып және әлі де жалғасып бара жатқан ауқымды мәселе. Жердің азып-тозуы, планетарлық экологиялық дағдарыс, климаттың бұзылуы сияқты ғаламдық жайттардың өткір жүзінде тұрған және ондағы анық рөлі әлі де нақты түрде сарапталып, орнына қойылмаған. Сондықтан да Арал экологиялық апатының бетін қайтару, жоғалған теңізді жағалауына келтіру – әлемдік мүдде ісі санатына жатады.
Дау жоқ, әлемдік кең контекст құрамында жатқан бұл мәселенің Орталық Азия қауымдастығына қатысты аумақтық нақты қырлары да бар. КСРО-ның әсіре прагматикалық саясаты оңтүстік өлкелерге күштеп таңған сусамыр дақылдар экспансиясы, ауыл шаруашылығын жүргізудің экстенсивті жолы, жер-табиғат байлықтарын аяусыз, есепсіз пайдалану тәсілдері Әму-Сыр алабын тоздырды, Арал теңізін жоқ етті. Бұл, айналып келгенде, қасиетті Тұран өлкесінің сұрқын кетірді, оның ғасырлардан қалыптасқан тарихи мәнін аяқасты етті. Орталық Азия қызыл империяның құлдық саясаты дендеген плантация-қосалқысына айналды. Әлеуметтік, экономикалық салдарын айтпағанда, мұның осы күнгі нақты экологиялық зардабы енді көз алдымызда: оңтүстік таулардағы мыңжылдық мұздықтар сарқылды, өзендер суала бастады, өлкедегі құрғақшылық пен шөлдену аса басым құбылысқа айналды. Аймақтың қысы қатал, жазы аса ыстық тартты. Әрине, бұл өз кезегінде экономикалық, әлеуметтік проблемалардың көп қордасын тудырды...
Мақсатты жұмыстар нақты іс-қадамдардан тұрады. Ортақ өзендер бастауында отырған көршілер вегетация кезеңіне (1 сәуірге шейін) Сырдария ағынынан Қазақстан тарабына 11,1 текше шақырым су беруге алған міндеттеме, негізгі мақсаттар қатарында. Мұны Арал теңізі үшін жасалған нақты қадамның бірі деп қарау керек. Біз осы кезге шейін Сырдариядан заңды-кепілді тетігі жоқ, кешегі КСРО тәжірибесінен қалған 12 текше шақырым су көлемін күтіп келдік. Әрине, бұл күтулі көлем табиғат мінезіне байланысты, кепілсіз түрде бірде артық, бірде кем жағдайда жүзеге асып жатты. Ал соңғы климаттық құбылыстар (ауа ысынуы, қуаңшылық) және оңтүстіктегі демографиялық факторлар бедерінде бұл көлем тіпті төмендеп кетті. Енді Қазақстан үшін Сырдарияда кепілді, бекітілген су мөлшері бар деп айта аламыз. Бұл судың сонау күтулі көлемнен (КСРО ұстанымынан) 0,9 текше шақырым аз шамада белгіленуі сол, климат өзгерісі, қуаңшылық және ел-жұрттар факторын ескере отырып алынған реалистік меже деп қарау керек.
Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азиядағы ынтымақтасты көршілік қарым-қатынас жолында атқарған зор дипломатиялық саясатының нәтижесі және елімізде көптен бері құрылуы ұсынылып келген Су шаруашылығы министрлігінің өмірге келіп, қарқынды жұмыс істей бастауының бір игілігі деп түсінген абзал.
Әрине, қоғамда тараған «Орталық Азияның Арал теңізін құтқару» бастамасының нақты қадамдар алгоритмі әл-әзір бізге мәлімсіздеу. Бірақ елімізге тиесілі жоғарыдағы су көлемі факторына орай, бізде нақтылыққа негізделген кейбір сараптамалық ойды тарқату мүмкіндігі бар. Оңтүстіктен Шардара су қоймасына түсетін 11,1 текше шақырым судың, егіс және шаруашылық қажетінен бөлек, 1,6 текше шақырым көлемі Арал теңізіне бағытталады. Бұл – кепілді үлесі көптен сұралып келген Арал сыбағасының заңды алғашқы қарлығашы. Әрине, бүкіл Арал үшін бұл тым аз көлем. Ел тілегімен күн тәртібінде тұрған Кіші Арал теңізі үшін де аз. Бірақ бұл – заңдастырылған сыбаға. Және осы үлгі негізінде ары қарай ой дамыта аламыз. Елімізге сырттан келетін таза ағыннан Арал сыбағасы 1,6 текше шақырым деп белгіленсе, осы шаблон үлгімен ішкі су қорларымыздан да күйзелісті теңізге су бөлуді заңдастыру қажеттігі күн тәртібіне шығады.
Қазақтың Қаратауынан Сырдария бағытында 7 текше шақырым көлемде су өнеді. Міне, осы судан да жоғарыдағы үлгімен Арал теңізінің сыбағасын белгілеп, заңдастыру қажет. Сол үлгі бойынша бұл «ішкі ағыннан» Арал үшін тағы 1 текше шақырымнан астам су бөлуге болар еді. Сырттан келетін су да, іштен өнетін су да – бәрі бір су. Өзіміздің ішкі су пайдалану саясатына да тұжырымды сұрау, табанды міндет қою – ендігі өмір талабы. Табиғат берер ризық 1 сәуірмен ғана шектеліп қалмайды. Жоғарыда айтылған су көлемінен тысқары, «жоспарсыз» түрде келуі ықтимал дария ағыны онан ары да жалғасты болуы мүмкін...
Нәтижесінде, Шардара-Арыс беттен Арал үшін 2,6-3 текше шақырым «таза» су келе алады. Осы көлемге Түркістанның Келес-Шардара, Қызылқұм, Арыс-Түркістан массивтерінен, Қызылорданың Келінтөбе, Түгіскен, Жаңадария, Қараөзек, ең аяғы, Қазалы алаптарынан қайтарымды-қашыртқылы суларды қайтара құю ісін жолға қою қажет. Су қорларымызды тиімді пайдалану жолында осынау үнем көздеріне тиісті мән беріліп жүрген жоқ. Бір кездері Қызылорда облысында Қазалы алабының өзінен 52 шақырымдық арнамен (жобасы: солжағалық Қараарық, Беларық, оңжағалық қашыртқы арықтарымен) біраз қашыртқы-қайтарымды суды дарияға қайтара құю мәселесі айтылып келген. (Әр облыстың өз күшімен-ақ жүзеге асуы мүмкін бұндай шаралар Арал жолындағы арзан да, тиімді, ең бастысы, ақталымды тірлік болмақ; мемлекеттік деңгейде де солай жүзеге асады). Бірақ сол су қайтару идеясы әлі күнге жүзеге асқан емес.
Техникалық жағдайлары сын көтермейтін гидроқұрылғылардағы алтындай қымбат судың рәсуа шығыны 40 пайызды құрайды.
Жоғарыдағы шаралар нәтижесінде, Сыр аяғы үшін, ең аз дегенде 6 текше шақырымнаннан бастап, одан да көп су көлемі құралар еді. Бұл Арал халқы табанды түрде сұрап отырған Солтүстік Арал теңізі суын 50-51 метр жиегіне (НПУ) келтіретін, бірдеңгейлі «Көкарал» бөгеті нұсқасы үшін жетіп-артылатын көлем. Тек бүгінгі күннің өркениетті агрошаруашылық тенденциясы ауанында, егіс танаптары нитрат-пестицид деген заһарлардан таза болуға тиіс. Ендігі салауатты экология талабы сол. Содан қайтқан суды теңіз бен дария өз ағысы, толқыны, жел сапыруымен (аэрация құбылыстары) өздері тазалап алатын қасиетке ие. Мұндай су дария алабындағы жан-жануарға да, теңіз ихтиофауна-флорасына да зиян келтірмесе керек.
Жалпы, қайтарымды су жөнін айтқанда, мұның сыртында, жылдар бойы талқыда келе жатқан су пайдаланудағы ұқыптылық, үнемшілдік, айдалаға кетіп, жер сорландырып жатқан су ысырабына тыйым, экологиялық мәдениет мәселелерін тағы да қоса көтеру қажет болады. Тірлік-тіршіліктегі ескі көзқарастар мен «кешегі» психологиядан құтылып, мемлекеттің бағдарлама-қолдауымен шаруашылықтар дәстүрін әртараптандыру, сусамыр дақылдар гектарын мейлінше азайту, су үнемді дақылдарға бет бұру, агротехникалық заманауи шараларды батыл түрде енгізу, жаңбырлатып, тамшылатып суару сияқты сан тарау жолдары бар. Бұл орайда еліміз-жеріміз мүддесі жолындағы әр адамның ықылас, ізденісіне мемлекеттік қолдау қажет. Үкімет күн тәртібіне қойып отырған су пайдалану тарифтерін көтеру – қолда бар игілікке ұқыптырақ болудың бір тиімді жолы болар еді. Соңғы 30 жылда, «иманды» экологиялық уәждер астарында, Сыр бойында ғана өрескел кеткен күріштік алқабын 30 мың гектар көлем қысқарту 1 миллиард текше метрден астам су үнемдей алады.
Су – мұнайдан да қымбат, ал экология – экономика мен әлеуметтік мүддеден биік құндылық, өмір кепілі екенін әлем мойындай бастаған мына заманда біздің нақты Сырдария үшін түбегейлі, заманауи көзқарас-саясат керек. «Жағасына жата қалып су ішетін» «адал» су көзін бүгін таба алмайсың. Сыр алабындағы ізденістерде ғана емес, еліміз бойынша гидрология, гидротехника мамандарының ділгір қажеттігі күн тәртібіне өткір қойылып тұр. Мұның осы күні әр аудан, тіпті ауылдарға шейін аса қажет мамандық екенін ескермей келгеніміз рас. Елде су шаруашылығы маманының әлеуметтік мәртебесін еселеп көтеру мүддесі бар.
Сырдария суын бірінші кезекте күткен Арал теңізі алабында жаңа су қоймаларын салу қажет пе? Азық-түлік қауіпсіздігі – ел стратегиясы. Бұл стратегия ең алдымен экология салауаттылығын көздеуі тиіс. Сол өз кезегінде, жер құнарын, табиғат берекетін арттырады. Бұл – стратегияның құрамдас бөлігі ауызсу қауіпсіздігі. Жоғарыда біз шолған дария-өзен суларын тиімді ұқсату ойлары – сол келешектің қамы. Өлкеміздің жербетіндік, жерастылық толымды гидрологиясы жолындағы ой. Салауатты экология – бар тірлік кепілі.
Солтүстік Арал теңізін көтеру ісі кешегі керітартпа кеңестік жобаларды («екі деңгейлі теңіз» деген нұсқа) жүзеге асыруға тырысқан біраз кедергі ниеттер себебінен ондаған жыл жоғалтты. Есіл уақыт, Кіші Аралды 1,5 еседей толтыратын 48 миллиард текше метр су, көптеген балық қоры рәсуа болды. Бұл жылдарда республикада миллиардтық жобалар жүзеге асып жатты. Миллиардтар жұтып, жүзеге аспай қалған шаруалар да бар. Ал бүкіл әлем көз тіккен, экологиялық өлке халқы сонша жыл бойы сұрап отырған «Кіші Арал», көтеріңкі ұрандар астында, сөз жүзінде қалумен келді.
Аралға бүгін керек «Мырзас» реттегіш-шлюзі де осы қатардан. Қысқы су да, жазғы су да – бәрі күтулі теңіз үшін бір су. Сыр алабына жаңа қоймалар салу негізсіз. Қоймалардың кебу, жерге сіңу және шаруашылық шығындары бүгін тағы белең алып бара жатқан Арал қиындығын одан сайын асқындыра түседі. Өркениетті әлем үлгісімен Сырдың бар мүмкін ағынын Аралға бағыттау керек.
Біз теңіз ұлтанын өсімдіктермен жабу ісін көршілерден бұрын бастадық. Жерасты суларымен Қаратерең, Қасқақұлан алаптарын абаттандыру өткен ғасырдан бері жалғасып келеді. Бұл ретте теңіз ұлтанынан ашылған, тың су көзіне ғана есептелген өзгенің өнеге-үлгісінің біз үшін қажеттігі аз болар. Жарыс-міндеттемелерге бармай-ақ, біздің өз дәстүрлі жұмыстарымыз солай өз ауанында жалғаса беруі керек. Ал Сырдариядан өнетін, үнемделетін бір тамшы су болса да, еліміз қолға алған Кіші Арал айдынына бағытталуы керек. Ендігі өмір мүддесі бізден соны талап етеді. Ал Қазақстанның мыңжылдарда табиғи консервацияда жиылған жерасты сулары, шүкір, ұтырымен ұқсата алса, ұрпақтар мен ғасырлар шөлін қандыруға жететін мол кеніш. Біз жоғарыда, өз ұғымымызда, гидрология ілімімен айтсақ, жер бетіндегі суларды тиімді ұқсату, олады сақтау жолдарына біршама ой жібердік.
Қытай, Қазақстан, Ресей ортақ күретамыр Ертіс жағдайын бірлесе қолға ала бастады. Бұл бағытта Ертіс-Қарағанды арнасы, Астана су қоймасы, болашақ Бұзылық су тоспасы мәселелері еліміздің су саясатының алдыңғы легінде тұр. Орталық Қазақстанның, Оңтүстік шөлді өлкелердің, соның ішінде Арал теңізінің де үлкен үміті осы шаралар болашағына өмірлік тамыр жалғайтын болады.
Арал және өмірге қайтып оралатын Солтүстік Арал айдынының игі әсері бір өлкемен ғана шектелетін нысандар емес. Орталық Азия экологиясының, демек, біздің экономикалық, әлеуметтік толымды өмір, салауаттылығымыздың бір шарты. Есігіміздің алдындағы егіс құрағы ғана емес, одан да кең, одан да мәнді өмір кепілі, тіршілік кеңістігіміз – ортақ туған табиғатымыз бар екенін ұғынатын кез жетті.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
эколог-жазушы