Ерте көктемнен егістік алқапта еңбек көрігін қыздыратын диқан қауымы берекелі күзде мол өнімге қол жеткізуді көздейді.
Егінжайдағы еңбек еселеніп қайтты ма?
710
оқылды

Бұл ала жаздай атыз жағалаған ағайынның төккен терінің өтеуі қайтты деген сөз. Алайда соңғы жылдары өңірде су тапшылығы егін шаруашылығын  айтарлықтай тұралатып тұр. 

Биыл да Сыр диқандары су тапшы­лығын сезінбей қалмады. Су үнемдеу мақ­сатында суды аз қажет ететін өнім­дерге бетбұрыс жасап, суарудың түрлі тәсілін қолданысқа енгізген шаруа­шылықтар бой көрсетті. Көкөніс, бақша дақылдарын өсірген ауылдар да болды. Дейтұрғанмен, алқапқа су жетпей, еселі еңбектері зая кеткендер аз болмады. 

Бұл – Сыр өңірінде 2-3 жылдан бері орын алып отырған құбылыс.

Қызылорда облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқар­масының мәлімдеуінше, өткен науқанда Сыр өңірінде 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде картоп, көкөніс, бақша дақылдары 19,8 мың гектарға егілсе,  күріштің көлемі 89 мың гектарды құраған. Бұған қоса, биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы барлығы 872,5 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналас­тырылған. Оның 577,5 гектарына тамшы­латып суару, ал 295 гектарына жаңбыр­латып суару әдісі қолданылған. 

«Биыл егін егу науқаны барысында облыс шаруашылықтары 100 пайызға жоғары репродукциялы тұқыммен және қажетті тыңайтқыш, жанар-жағар маймен қамтамасыз етілді. Бұл тұрғыда егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын оңтайлы мерзімінде агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Негізінен, егілген ауыл шаруашылығы да­қылдарынан жоғары өнім алу мақса­тында  61 мың тонна минералдық тыңайт­қыштар, 80,7 мың тонна гербицидтер сатып алынды. Сондай-ақ  күріш егіс­тіктерінің 58,7 мың гектары арамшөп­теріне қарсы өңделіп, 59,0 мың гектары тыңайтқыштармен үстеп қоректен­дірілді», – дейді бұл жайында басқар­маның егіншілік бөлімінің басшысы Жүсіпбек Әжібеков.

Басқарманың ақпаратына сәйкес, облыста жиын-терім жұмыстары жос­парға сай жүргізілген. Қазір ерте егілген дақылдарды жинау, күрішке орақ салу жұмыстары толығымен аяқталды. Соның ішінде Сырдың басты дақылы– күріштен биыл 503,3 мың тонна өнім жиналғанын алға тартады.

Жалпы, соңғы жылдары құрғақшылық атакәсіптің жағдайын құрғатып жібергені жасырын емес. Сыр бойын жағалай қо­ныс­танған Арал мен Жаңақорған ара­лығында ерте көктемнен еселі еңбектің лебі еседі. Кетпені мен күрегін арқалаған шаруалар жерін жыртып, дәнін сеуіп, берекелі күзде мол өнім күтеді. Бірақ ме­желі өнімге қол жеткізе алмай, шығынға батқан шаруалар аз емес. 

Биылдың өзінде өңірде көкөніс, бақ­ша өнімдерінен мол өнім ала алмай, ең­бегі зая кеткен тұрғындар бой көрсетті. Оған тағы сол су жетіспеушілігі қолбайлау болғаны мәлім. Ол аз десеңіз, кей өңірде кеш егілген күріштің әуресі шаруаларды елең-алаң күйге салды. 

Күріш демекші, күріш дақылына келг­енде тіліміз күрмеле беретін күйге түстік.  Шаруашылықтарды сөзге тарта қалсаңыз, қуаңшылықтың қасіреті, суб­сидия, тех­ника мен дизель отыны мә­селесі өздігінен қылтиып көрініп жатады. 

«Өңірде су мәселесінің қыспаққа алып тұрғанына көп болды. Егін егу нау­қанын шығынсыз аяқтау үшін түрлі тәсілді қолдануға мәжбүрміз. Ала жаздай сорғы қою арқылы және кезектестірумен біраз қиналып шықтық. Сорғының да өздігінен жұмыс істемейтіні белгілі. Оған арнайы жеңілдетілген дизель отыны да қарастырылмаған. Тек егін жинау үшін техникаға жарататын жанар-жағар май ғана жеңілдетілген арзан бағада беріледі. Бұл егістікпен айналысатын шаруаларды шаршатып тұр», – дейді «Абай Дәулет ЖШС директорының орынбасары Марат Сәрсенбай.

Негізінен, өңірде күріш дақылына қатысты мәселе аз емес. Соның ішінде облыс орталығындағы Ы.Жақаев атын­дағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жағдайы әлі күнге дейін мүшкіл. Тарихы тереңнен тамыр тартатын бұл мекеменің өндірісті жаңа сұ­рыптармен толықтырып, күріш шаруа­шылығын өрістетуге ықпалы зор. Алайда білікті ғалымдардың басын біріктірген институттың келешегі бұлыңғыр. Қаржы­лық қиындық құрдымға сүйреп барады. Бұл жайында көпшілікке жыл басында белгілі болды. Сол уақытта бұл мәселе депутаттардың да назарынан тыс қалма­ған еді. Бірақ әлі де еш өзгеріс болмай тұр екен.

«Күріш институты әлі күнге дейін қаржылық көмекке зәру. Жыл басынан бері мекемеден базалық қаржыландыру жүйесін алып тастағаны жайында бұған дейін айттық.  Содан бері ғылыми орта­лық қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қиындап тұр. Соның салдарынан жаңа сұрыптар дайындап, ғылыми жұмыстар­мен айналысуға  орталықтың шамасы жетер емес. Қызметкерлеріміздің мате­риал­дық жағдайы да жұқарып кетті. Сон­дықтан мемлекет тарапынан бұл мәселе қаперге алынып, оңтайлы шеші­мін тап­са», – дейді бұл жайында аталмыш Ғылы­ми-зерттеу институты басқарма төраға­сының ғылыми істер жөніндегі орын­басары Жанар Жұма­ділова.

Жалпы, облыстық басқарма тарапы­нан  биылғы жыл нәтижелі қорытын­дыланғанын тілге тиек етіп отыр. Әрине, бұл қуантарларлық жағдай.  Алайда ша­руалар егін науқанын ептеп жүріп аяқ­тағанын алға тартады. Сол баяғы су тап­шы­лығы мен субсидия мәселесі шар­шатып тұрғанын айтады. Ал күріш ша­руа­шылығы институтын қаржы тап­шы­лығы күмілжітіп тұр. 

Атыз жағалаған ағайынның ендігі үміті келер жыл еншісінде. Жоғарыда аталған кемшіліктер оңтайлы шешімін тапса, алдағы науқанда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізетініне күмән кел­тірмейді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы