Дода шарты бойынша «мектеп – оқушы – ата-ана» үштік одағы бірлесе жұмыс істеуі қажет. Білім ордасында алғаш рет өткен бұл жарыстың басты ерекшелігі – оқушылар 24 сағат бойы өз командаластарымен бірге тоқтаусыз бағдарлама жасаған.
Хакатон дегеніміз не? Бұл – қысқа уақыт ішінде өнімнің прототипін әзірлеуі керек жарыс. Мұндай жарыста талантты бағдарламашылар, компьютерлік дизайндардың технологияларын жақсы меңгерген жастар болашақтың экономикасы үшін маңызды білім мен дағдыларды үйренуге мүмкіндік алады. Астана халықаралық мектебінің 10 жылдығына орай оқушылар арасында осындай ерекше сайыс өтті. Сайысқа 4 оқушыдан тұратын 8 команда қатысты. Олар web-бағдарлама, сайт немесе интерактивті ойындардың шешімін 1 тәуліктің ішінде айтып, өздерінің жауабын ұсынды. Ойы озық, білімі жүйрік жас буынның арасында өткен хакатон жарысының мақсаты – жаңалық ашуға құмар зияткерлердің талабын шыңдау, оқушылардың шығармашылық ойлауын және жобалық топтық жұмыс тәжірибесін дамыту. Қатысушыларға барлық мүмкіндік жасалған, кез келген уақытта су ішіп, тамақтануға рұқсат. Ең бастысы, берілген уақыт ішінде жобаларын дайындап, әділ қазыларға таныстырулары керек. Хакатон 3 сериядан: оқушылардың психологиялық әл-ауқатын қолдау, Jusan қосымшасында инклюзивті өзара әрекеттесу ортасын дамытуға арналған концептуалды шешімін және Arduino арқылы автоматтандырылған түгендеу ортасын анықтаудан тұрды.
Жарыстың ашылу салтанатында мектеп директоры Айдар Булатов: «Біз мектепте осындай іс-шараны алғаш рет өткізіп отырмыз. Жобаны қолға алған кезде «бұл керек пе, керек емес пе?» деп көп ойландық. Мектепте болып, бір күн ұйықтамай, оған қоса қандай да бір өнім ойлап табу – ол оңай шаруа емес. Десе де, уақыт өзгеріп жатыр, қазіргі балалар өз жастарына өте ақылды, тез жетіліп жатыр, сондықтан осындағы балалардың еңбегіне сенеміз», – деді.
Виртуалды жасанды интеллект жарысында Astana Hub жобалық кеңсе директоры Шоқан Әбілқасымов, Jusan Bank өңірлік директоры Ахат Мұхаметқанұлы, Software Engineer kompra.kz бағдарламалық қамтамасыз ету инженері Нұратай Әділет қазылық етті.
Жарыс қатысушыларына IT саласының мамандары өз кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Солардың бірі – Astana Hub.
– Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркінің негізгі мақсаты – IT саласын дамыту, IT стартаптарға қолдау көрсету, IT экожүйені дамыту. Қазір Astana Hub жас мамандарға қолдау көрсетіп жатыр. Себебі сендер – еліміздің IT саласының болашағысыздар. Сондықтан технопарк білім беру бағдарламаларына көп көңіл бөліп келеді. Осындай іс-шаралар өткізіліп жатқанына қуаныштымыз, – деді Astana Hub кеңсесінің жобалық директоры Шоқан Әбілқасымов.
Жарыс нәтижесі бойынша 7-9 сынып және 10-12 сынып аралығындағы 2 жеңімпаз команда анықталды. Жоғары лига оқушыларының арасында «Сабыр» командасы жеңіске жетті. Команда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жасанды интеллект негізінде виртуалды ассистент әзірледі.
– Мектебімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған хакатонның қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Командамыздағы 2 оқушы бағдарламашы болса, қалған 2-еуі – спикер. Әрқайсымыз кейсті шешу жолдарына байланысты түрлі идеялар айттық. Кейін ойымызды саралай келе бір тұжырымға келіп, аутизм синдромы бар балаларға арнайы назар аударатын бағдарламалар құруды шештік. Тіркеуден кейін бірден Jusan Junior қосымшасындағыдай, біз балалар мен олардың ата-аналарына балалардың қандай жағдайда жақсы жұмыс істейтінін анықтау үшін тестілеуді қостық. Тестілеу барысында баланың орта есеппен бір сұраққа жауап беру үшін қанша уақытты қажет ететінін анықтадық. Сондай-ақ баланың назарын бақылау үшін көзді бақылау функциясын орнаттық. Жаттығу кезінде баланың назары ауып кетсе, алдын ала есептелген уақыттан кейін бағдарлама баланың назарын қайтару үшін анимация немесе музыка қосады. Сондай-ақ біз GPT чатына қосылған ботты қолданбаның өзіне қостық, осылайша сізге ыңғайлы уақытта қаржылық сауаттылыққа қатысты кез келген сұрақ қойып, оның жауабын білуге болады, – деді команда мүшесі Назда Смела.
Ал кіші лига оқушыларының арасында Always Cold pillow тобы озық шықты. Топ мүшелері оқушының эмоцияларын талдайтын камера және мұғалімге арналған микропроцессорлармен жабдықталған технологиялық төсбелгіні ұсынды. Ұсынылған жобаның артықшылығы – ата-аналар қашықтықтан баланың эмоционалды жағдайы туралы хабардар бола алады, ықтимал проблемаларды ертерек анықтап, деректерді қауіпсіз сақтауға мүмкіндік көп. Бәсекелес Face motion detection қосымшасы фотосурет арқылы адамның эмоциясын анықтап, оны пайызбен есептеп береді.
Үздік атанған жас стартаперлер келесі жылы наурызда Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өтетін сайысқа қатысады. Ел болашағы – жастардың қолында. Ғылымға енді қадам басып келе жатқан бүгінгі жас өнертапқыштардың беталысы – елімізді әлемнің IT кеңістігінде стандартқа сай жобалар жасауға лайықты екенін дәлелдей түседі.