Орал қаласының іргесінде Серебряков деген аядай ғана кент бар. Сондағы мектептен қазір тыныштық кетіп тұр.
Аудит аңқитып кетті...
671
оқылды

Аядай ауылдың білім ошағы туралы ақпарат қазір бүкіл республикаға жайылды. Мек­теп мұғалімдері бюджетке 57 млн қарыз болып шыққан. Бұл қалай болды? Біз мектеп мұғалімдерімен сөйлесіп, мән-жайды ұғынып көрдік. 

Серебряков мектебінің ұжымы үшін өткен оқу жылы сәтті аяқталмады. Мек­тепте жүргізілген аудит қоры­тын­дысын қолына алған мұғалімдер есеңгіреп қал­ғанын айтады. Мектеп ұжымы үшін 2021-2022 жылғы оқу жылына жүр­гі­зіл­ген аудиттік тексеріс ауырлау тиген. Ауыр болмағанда қайтсін, мектеп ұжы­мы­ның мойнына 57 млн теңге қарыз іліп кеткен. Мектептегі мұғалімдер, кі­ші қызметкерлер, күзетшілер – бәрі ен­ді осы қарызды Үкіметке кері қай­таруы керек. Бір ғана жалақыға өмір сү­ріп отырған мектеп ұжымы үшін бұл қа­рызды қайтару оңайға соқпайтынын айтады. 

– Соңғы аудиттік тексерістің ше­шімі бойынша  бюджетке 1 млн 300 мың теңге қарыз қайтаруым керек. Мен мұ­нымен келіспеймін. Төлемеймін. Біз­де 76 адамға осындай қарыз бар деп шы­ғарып берді. Қазір ұжым болып ақыл­дасып жатырмыз. Тәуелсіз аудит ша­қырдық. Енді соның қорытындысын күте­міз, – дейді мұғалім Анаргүл Кис­ме­това.

Ал Ғалия Жаңабаева осы Серебряков мек­тебінде орыс тілі мен әдебиеті пә­ні­нен сабақ береді. 38 жылдық еңбек өті­лі бар ұстаз үшін мемлекеттің алдын­да қарыз болу үш ұйықтаса түсіне кір­меп­ті. «Ақшамызды ай сайын алып отыр­дық, артық төлем болса көрінер еді ғой», – деп қа­паланады тәжірибелі мұ­ға­лім. 

– 2023 жылдың мамыр айын­да ау­дит­тің шешімі деп «2 млн 800 мың теңге қарызсың» деп шығарып берді. Әрине, тө­бемнен жай түскендей болды. Оны  қалай төлеймін?! Төрт балам бар, не­сием бар. Бір жалақыға өмір сүріп отыр­мын. Өз басым ай сайын жалақым­ды алып жүрдім, артық ақша төленгенін бай­қаған жоқпын. Біз ай сайын жала­қы­мыздың түбіртегін есепшіден сұрай­тынбыз, бірақ ол тек қолмен жазып бе­ріп жүрді, электронды түбіртек алған емеспін, – дейді Ғалия Жаңабаева. 

Бізбен сөйлескен мұғалімдер күнде тер­геушінің табалдырығын тоздырып жүр­генін айтты. «Альфавит бойынша тер­­геуге шақырып жатыр. Күнде бара­мыз» дейді бізбен сөйлескен мұғалім­дер. 

– Қазір біздің жағдайымыз нашар. Өте қиын десек те болады. Жұмысқа кел­генде кәдімгідей ұрысқа шығатын­дай әзірленіп келеміз. Жазғы демалысы­мыз да дұрыс өтпеді, – деп Арай­­лым Мак­позова ұжымның көңіл күйін ай­тып берді. 

Бұл мәселені БҚО Білім бас­қармасы да біліп отыр.

– Олар өндіруге міндетті. Заңға сәй­кес, олар төлейді. Бұл ақша бюджетке қайтарылатын ақша, себебі оларға өткі­зіл­меген сағаттар үшін ақша төленген, – деп жауап берді Білім басқармасы бас­шы­сының орынбасары Клара Меңді­ға­лиева. 

Серебряков мектебінің мұғалімдері ешқандай артық төлем көрмедік де­ген­нен танбай отыр. Ең сорақысы, олар өз атынан бірнеше шоттың ашыл­ғанын көрген. 

«Мұғалімдердің атынан қосалқы шот­ты кім ашуы мүмкін? Бұрынғы бас есеп­ші осындай қадамға баруы мүмкін бе?» деген сұрағымызға Білім басқар­ма­сы басшысының орынбасары былай деді: «Банк болсын, есепші болсын, бі­реу­дің атынан қосымша шот ашпайды. Шот­ты адам тек өзі қол қойып ашады. Мек­теп директоры, есепшісі мұға­лімдер аты­нан шот ашуы мүмкін емес». 

Серебряков мектебінде қазір жаңа бас­шы. Бұрынғы басшы да, бас есепші де қазір жұмыста жоқ. Сол атышулы тек­серістен кейін жұмыстан кетіпті. Ал жаңа басшы болса ештеңені білмейтінін ай­тып құтылды. 

Аудиттік тексеріс Серебряков мек­тебіне 2021-2022 жылғы оқу жылы үшін жүр­­гізілген. Осы тексерістің қорытын­ды­сы бо­йын­ша 76 адамға заңсыз ақша аударылғаны айтылған. 

Экономикалық тергеп-тексеру де­партаментінің аға тергеу­шісі Сереб­ря­ков мектебіндегі мұғалімдерге қатысты еш­қандай қылмыстық іс қозғалмағанын жеткізді. 

– Серебряков жалпы білім беретін мек­тебінің лауазымды тұлғалары мен оқы­тушыларына қатысты біздің өнді­рі­сімізде ешқандай қылмыстық іс жоқ. Бі­р­ақ осы мектептің бас есеп­шісіне қа­­­тысты қылмыстық іс тергеліп, қыр­күйек айында сот­қа жіберілді. Мек­теп­тің бас есеп­шісі 3 млн теңгеден астам қар­жыны жымқырғаны үшін тергеу жүр­гізілді. Қазір сот процесі жүріп жа­тыр, – деді БҚО бойынша Эко­но­ми­ка­лық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Бағдат Жұмағазиев.

Енді осы 57 млн қаржыға қа­тысты іс азаматтық-құқықтық тәртіпте БҚО Бі­лім басқармасына жолданыпты. Эко­номикалық тергеп-тексеру депар­та­мен­ті­нің аға тергеушісі Бағдат Жұмаға­зиев­тің айтуынша, енді 57 млн қаржыға қа­тысты мәселені Білім басқармасы мен мұғалімдер өздері шешеді.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы