Көршілер «қоқысқа» қызығып отыр

Жетісу өңіріне инвестиция салып, пайдасын жергілікті жұртпен бірге көргісі келетіндер қатары көп. Өкінішке қарай, солардың қолға алмаққа ниеттенген жобаларының көбі сөз жүзінде қалады.

Соңғы жылдардың өзінде алыс-жақын шетелдіктері, отандықтары бар, талай инвестордың ойға алған жобалары орта жолдан аспады. Басқаны айтпағанда Талдықорған арнайы экономикалық аймағында салынады деген жылу-энергетикалық орталық, ет комбинаты сияқты жобалардан жылт еткен жаңалық жоқ. 

Осылайша, кезінде БАҚ арқылы ел-жұрттан сүйін­шілеткен жаңалықтардың дені жүзеге аспай жатыр. Басқаны қайдам, арнайы экономикалық ай­мақта тұрғызылатын жылу-энергетикалық орталық отын ретінде Жетісудың сай-саласы мен қаласын, даласын бүлдіріп біткен қоқыстарды пай­даланады, қандай қалдық екеніне қарамайды, еш­теңе талғамайды дегенде қадам бассаң алдан шығатын қоқыстан арылатын болдық деп қуан­ғанымыз әлі есте. 

Жетісу  облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талды­қорғанға арнайы ат арылтып жеткен Қытай Халық Республикасының ШҰАА Іле Қазақ авто­номиялы облысының делегациясымен жолығып, алдағы кездерге жоспарланған іскерлік байла­ныстың жай-жапсары жайлы ақылдасты. Қос тарап өзара ынтымақтастықты арттырудың екі жаққа да тиімді болатынын айта оты­рып, кейбір  мәселелер кеңінен талқылады. 

Шетелдік делегацияны емен-жарқын  қарсы алған облыс басшысы көршілес жатқан мемле­кеттердің  президенттері деңгейінде стратегиялық серіктестік байланыстарға жол ашқан жарқын бастамалар бойынша, елімізде оның ішінде Жетісу жерінде бірқатар  жұмыс атқарылып жатқанын айрықша атап өтті. Әсіресе, соңғы жылдары түрлі кедергіге қарамастан қарқынды түрде дамып отырған «Қорғас» шекаралық аймағында бірлескен жобаларды қолға алуға облыстың аса мүдделі екенін емеурінмен жеткізді. Соның ішінде Қазақ­стан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің мүмкіндігін барынша арттыруға екі тарап та мүдделі болуы керектігіне, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін ілгерілету, тауар экспортының көлемін арттыру сияқты бірқатар бағытқа ерекше тоқталды. Шекаралық аймақта қазірдің өзінде нақты келісімдерге қол жеткізіліп, бірқатар ірі жоба басталып та кетіпті. Мәселен, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да «Қазақстан-Қытай өнеркәсіптік қаласының» құрылысына дайындық жұмыстары қарқын алған. Қазір құрылыс алаңын дайындау, жерді тегістеу жүргізілуде. Сол сияқты Талдықорған қаласында «Гуандун Сучун Қоршаған ортаны қорғау техно­логиясы» компаниясы тұрмыстық, құрылыс және химиялық қалдықтарды терең және кешенді қайта өңдеу жобасын салуды жоспарлапты.  Осыған орай биылғы жылғы 8 қыркүйекте аталған компания мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған.

– Осындай басқа да жобаларды бірлесіп қолға алып, туризм, сауда және ауылшаруашылық өнім­дерін өңдеу саласында ынтымақтастық құруға және жан-жақты қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделіміз және дайынбыз, – деді Б. Исабаев.

ҚХР ШҰАА Іле Қазақ автономиялы облысының губернаторы Ершат Тұрсынбай қос елдің көршілес екі аймағының ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін бұрын қол жеткізілген бірқатар келісімді ілгерілету мақсатында бірнеше ұсыныс айтты. Оның алғашқысы екі облыс арасында Ауыл шаруашылығы ынтымақ­тастығы мен байланыс тетігін құру жөнінде болды. Бұл ретте, жүгері мен бидай өсіру, тамшылатып суару технологиясы, су мен тыңайтқышты біріктіру сияқты істерде өздеріндегі қол жеткізілген озық технология­лармен,  білім-ғылым жетістіктерімен бөлісіп, ақпараттық қолдау көрсете алатындарын жеткізді. Сол сияқты Шыңжаң еркін экономикалық аймағында Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорын­дарының жұмыс істеуі мүмкіндіктерін қарастыру, топтық автобус турлары үшін туристік маршруттар жасау, «Нұрлы жол» бекеті арқылы шекарадан өтудің тиімділігін одан әрі арттыру сияқты бірқатар ұсыныс айтылды. Сонымен бірге жоғарыда айтылған «Гуандун Сучун Қоршаған ортаны қорғау технологиясы» компаниясы арқылы  тұрмыстық, құрылыс және химиялық қалдықтарды терең және кешенді қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруды тағы да қайталап, осы бағытта нақты жұмыстар қолға алуға қызығушылық танытты.  

Кездесу соңында Бейбіт Исабаев Жетісуға инвес­тиция тарту бағытындағы өз ой-толғамдарын бөлісті.

– Бізде 400  мың тоннаға дейін жүгері өсіріледі. Осы жүгеріні экспорттау, қытайлық инвесторларды тарта отырып, жүгері өңдейтін зауыт салу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты үшін Қазақстан шекарасы жағынан қытайлық стандарттарға сай зертхана салу мүмкіндіктері туралы ойлансаңыздар нәтижелі, жобаларыңыз болып жатса, қуанамыз. Бүгінгі кездесуде сіздер тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдаймыз және оларды жан-жақты қарастырамыз. Біздің ел­деріміздің арасындағы екі жақты сенім мен түсіністік әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынастарды дамытуға үлкен серпін беріп отыр. Бүгінгі кездесу іскерлік байланысымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін, – деді облыс басшысы.  

Іле Қазақ автономиялы облысының деле­гациясы бұған дейін Панфилов ауданында болып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Қорғас» ХШЫО-ны аралап көрген. Сапар соңын облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен болған кездесумен түйіндеді.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы